Тоқаев әлеуметтік төлемдерге қатысты маңызды мәлімдеме жасады

Фото: Ақорда

ЖАҢАЛЫҚТАР
148

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібі, мемлекеттік қолдаудың тиімділігі және әлеуметтік реформаларды жүзеге асыру мәселелеріне тоқталды. Президент көмектің шын мұқтаж азаматтарға берілуі керектігін айтып, кез келген өзгеріс халықтың жағдайын ескере отырып жүргізілуге тиіс екенін айтты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, мемлекеттік көмекті кімдерге беру керектігіне ерекше назар аудару қажет. Үкіметтің басты міндеттерінің бірі – қолдауды шынымен мұқтаж адамдарға бағыттау.

«Қайталап айтамын: мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс. Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі – осы.

Жалпы, бұл салада өзекті мәселелер аз емес, соған байланысты Үкімет өз ұсынысын, шешімдерін беруде».

Президент әлеуметтік көмек саласында шешімін табуды қажет ететін мәселелер бар екенін жеткізді. Қазір Үкімет осы бағытта ұсыныстар әзірлеп, тиісті шешімдерді қарастырып жатыр.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік қолдау мәселесінің қоғамда кеңінен талқыланып жатқанын атап өтті. Азаматтар өздерін алаңдатқан мәселелерді ашық айтып отырғандықтан, қабылданатын шешімдерде халықтың пікірін ескеру маңызды.

«Қазір қоғамда осы мәселелер бойынша қызу талқы жүріп жатыр. Азаматтар өздерін алаңдатқан мәселелерді ашық айтуда.

Сондықтан бұл күрделі мәселені «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай», байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды».

Мемлекет басшысы әлеуметтік көмекке қатысты өзгерістерді асығыс қабылдауға болмайтынын ескертті. Оның сөзінше, реформалар жан-жақты ойластырылып, азаматтардың тұрмыс жағдайына кері әсер етпейтіндей етіп жүзеге асырылуы керек.

Президент кез келген реформаны енгізбес бұрын оның ықтимал салдарын мұқият зерттеу қажеттігін айтты. Әсіресе, әлеуметтік саладағы өзгерістер халықтың жағдайына тікелей әсер ететіндіктен, шешімдер терең сараптамаға негізделуге тиіс.

«Кез келген реформа терең сарапталып, мұқият зерттеліп, азаматтардың жағдайын мейлінше ескере отырып жүргізілуге тиіс.

Әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдерін, соған қатысты ақпараттық жүйелердің қызметін алдын ала мұқият тексерістен өткізу қажет. Ең дұрысы, ондай жобаларды әуелі пилоттық режимде іске қосып, тиімділігі расталған соң ғана кең ауқымда қолдану керек». 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы әлеуметтік мемлекеттің негізгі мақсатына тоқталды. Оның пікірінше, мемлекеттік қолдау азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді етумен шектелмеуі керек. Ең бастысы – халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру.

«Түптеп келгенде, әлеуметтік мемлекет дегеніміз – азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, бұл, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын, әл-ауқатын арттыру деген сөз.

Сондықтан біз адам капиталының сапасын жақсартуға және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға баса мән беріп отырмыз».

Президенттің айтуынша, әлеуметтік саясаттың түпкі мақсаты – азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және олардың мүмкіндіктерін кеңейту. Осыған байланысты адам капиталын дамытуға, сондай-ақ өскелең ұрпақтың жан-жақты қалыптасуына қолайлы жағдай жасауға басымдық беріліп отыр.