Фото: Анель Қанатқызы 13 жасар композитор туралы не білеміз? Нұрәли Бейсеқожа кімге еліктейді?&...
“Almaty Series Festival” тұңғыш рет ұйымдастырылды
Ашық дереккөз
«BAIQONYR» кинофестивалі жылдан жылға дамуын тоқтатпай, өзінің тұрақты түрде мәдени және өнер кеңістігіндегі орнын бекітіп келеді, деп жазды madeniportal.kz.
Биылғы он жылдық мерейтой аясында фестиваль жаңа тыныс алды. Сол жаңалықтардың бірі – тұңғыш рет өз шымылдығын ашқан Almaty Series Festival. Бұл қадам қазақстандық және жалпы Орталық Азиядағы сериал өндірісінің жаңа деңгейге көтерілгенін айқындайтын елеулі оқиға болды. Аталған фестивальде 23-26 қыркүйек аралығында Орталық Азиялық сериалдар жәнетәуелсіз пилоттық эпизодтар ұлттық байқауыұсынылып, жаңа туындылар көрермен мен сарапшылар назарына жетті.
Фестивальдің алғашқы күнінен-ақ аудиторияның назарын ерекше аударған сәт – белгілі режиссер Әділхан Ержановтың «Казахские страшные сказки» атты көптен күткен сериалының алғашқы үш бөлімінің көрсетілімі болды. Бұл туындының халықаралық тұсаукесері бұған дейін Канаданың «Фантазия» кинофестивалінде өтіп, онсыз да өзіндік тақырыбы мен жанрлық ерекшелігі арқылы қызығушылық тудырған еді.
Ержановтың режиссерлік қолтаңбасына тән үйреншікті кеңістікте тағы да адам ақылына сыймайтын, тылсымға толы оқиғалар өрбиді. Алайда бұл жолы ол оқиғалар қазақ мифологиясына тікелей қатысты антологиялық желілер арқылы өрістейді. Сюжет желісінде Қаратас ауылына қызметтік міндет бойынша отбасымен бірге қоныс аударған полиция қызметкері Біржан бірден жұмысқа кірісіп, жаңа ортаға бейімделуге тырысады. Бірақ қараңғы түскен сәттен бастап қорқыныш ұялататын жаратылыстар тіріліп, олардың әрекеттері адам өліміне әкеліп жатады. Осы сәттен бастап оқиғаның негізгі арқауы – қалыпты заңдар мен ережелер жүрмейтін ортада басты кейіпкердің қалай аман қалатыны және ол қиыншылықтарға төтеп бере ала ма деген сұрақ төңірегінде өрбиді.

Алғашқы эпизодтың басталуынан-ақ көрермен мифологиялық кейіпкерлердің бейнесімен бетпе-бет келеді. Ауруханада жүкті әйелдердің түсініксіз жағдайда өлім аузында қалуы «Албасты» бейнесін меңзейді. Түркі халықтарының мифологиясында «Албасты» көбіне әйел кейпінде елестейтін демонологиялық кейіпкер ретінде сипатталады. Режиссердің өзі де әйелдердің жәбірленуі мен сол қайғы-қасірет нәтижесінде тылсым күшке иеленуі оның қызығушылығын тудырғанын айтқан болатын. Хоррор жанрында әйел кейіпкердің осындай трансформацияға ұшырап, бір жағынан өш алу, екінші жағынан өзін қорғау қабілетіне ие болуы тұрақты қолданылатын әдіс екені белгілі. Ержанов та бұл дәстүрлі тәсілді қазақи мәдениет пен ұлттық сеттингке ұтымды енгізіп, оны өзіндік интерпретацияда көрсете алған. Сонымен қатар, сериалда бақсылық дәстүрлердің көрініс табуы да назар аудартады. Анна Старченко сомдаған кейіпкер руналық жазулар арқылы рухтармен байланысады. Ал күмістің қару ретінде қолданылуы батыстық хоррор канондарымен үндес болғанымен, қазақи наным-сенім тұрғысынан да өзіндік мотивацияға ие болып, көрініс тапқан.
Сериалдың дамуы барысында Әділхан Ержановтың айқын режиссерлік қолтаңбасы тағы да айқындала түседі. Біріншіден, басты кейіпкердің трансформациясы ерекше мәнге ие. Әділдік жолында күрескен полиция қызметкері Біржанның біртіндеп өз ұстанымдарынан бас тартып, Албастымен бетпе-бет келуі оның ішкі өзгерістерінің ауқымдылығын ашады. Жақсылық пен жамандықтың ара жігінің бұлыңғырлануы режиссердің алдыңғы туындыларындағыдай мәңгілік дилемма ретінде көрінеді. Бұл ретте каннибалистік рәсімдердің болуы да сұрақтың салмағын арттыра түсіп, көрерменді ойландырады. Екіншіден, музыкалық сүйемелдеу де Ержановтың стилін айқындайды. Жазық даланың табиғи көріністерін «Дөрекі» музыкалық тобының композициялары тереңдетіп, қажетті көңіл-күй қалыптастыра білген. Үшіншіден, режиссердің «Кадет» фильміндегі тәсілдерімен ұқсастық байқалатынын ескерген жөн. Егер «Кадет» шумер-аккад мифологиясындағы «Нергал» құдайының төңірегінде өрбіп, алғашқы қадам ретінде қарастырылса, «Казахские страшные сказки» сол бағыттағы сенімді әрі терең ізденістердің жемісі болып көрінеді. Жанр мен тақырыптың үйлесімділігі автордың шеберлігін дәлелдеп, туындының аудиторияның ықыласына бөленуіне себеп болды. Бүгінде сериал Freedom Media онлайн-платформасында көрсетіліп, өзінің тұрақты көрерменін жинай алатыны сөзсіз.
Ендігі кезекте Орталық Азиялық конкурсқа кірген жобаларға тоқталсақ, бұл бағдарлама аймақтық сериал өндірісінің даму деңгейін айқындап, әр елдің өзіндік тақырыптары мен стильдік ерекшеліктерін танытуға мүмкіндік берді. Жалпы аталған конкурсқа алты сериал кірді. Олар: Қазақстаннан «Қара бекіре», «Таргет» пен «Салтанат қонақ үйі», Тәжікстаннан – «Үй», Қырғызстаннан – «Мұз үстіндегі гүлдер», Өзбекстаннан – «Ташкент 94». Әрбірі өзіндік мәнерде көрерменге ұсынылды. Нәтижесінде қазылар шешімі бойынша үздік сериал аталымын «Қара бекіре» иеленсе, қазылар алқасының арнайы атап өтуі «Мұз үстіндегі гүлдер» сериалына бұйырды. Ал көрермен көзайымы жүлдесі көпшіліктің ықыласына бөленген «Ташкент 94» жобасына табысталды. Көрсетілген эпизодтар әр туындының айрықша болмысын нақтылап, олардың арасындағы айырмашылықтарды айқын көрсетті. Осы орайда жүлделі сериалдарды жеке-жеке қарастырған жөн.

Алдымен үздік сериал атанған Берік Жахановтың «Қара бекіресіне» назар аударайық. Бұл қылмыстық драма экологиялық мәселелерді арқау ете отырып, ағайынды Нұрбол мен Азаттың арасындағы қарым-қатынас арқылы отбасылық және әлеуметтік қақтығыстарды ашады. Басты кейіпкер Нұрбол түрмеден босаған соң, өткендегі қателіктерін артта қалдырып, жаңа өмір бастауға ниеттенеді. Ол он жыл бұрын жасаған әрекеттерінің зардабын әлі де тартып жүр. Нұрболдың басты мақсаты – інісі Азатты браконьерліктен сақтап, оны қылмыстық өмірдің жолынан алыстату. Бірақ, өкінішке қарай, ол қамауда отырған уақытта Азат қылмыстық ортаға тым терең еніп кеткен еді.
Оқиға өрбуімен екі түрлі әлем қатар бейнеленеді: біріншісі – браконьерлікпен айналысатын топтардың ішкі қақтығыстары мен территориялық тартыстары, екіншісі – заңды қорғаушылардың күнделікті жұмысы мен олардың жеке өміріндегі қиыншылықтары. Бұл екі әлем бір-біріне қарама-қарсы қойылып қана қоймай, кейіпкерлердің отбасылық мәселелері арқылы тоғысады. Мәселен, Малика әкесіне қамқорлық көрсету мен кәсіби қызметін қатар алып жүрсе, Нұрбол жаңа өмірге қадам басу мен інісін қорғау арасындағы таңдаудың алдында қалады. Осылайша, отбасы ішіндегі қарым-қатынастар қылмыстық драмадағы негізгі қозғаушы күштердің біріне айналып, басты назарды браконьерлік мәселесіне аудартады.
«Қара бекіренің» көркемдік стилистикасы отандық веб-сериалдарда қалыптасқан мәнерге жақын. Оқиғаның динамикасына сай камера қозғалысы өзгеріп, ритмнің қарқынына бейімделеді. Диалог сахналары да классикалық үлгіде орындалған. Режиссер Берік Жахановтың бұған дейін «60 кг» және «Пленники» атты жобаларда жұмыс істегенін ескерсек, мұндағы көркемдік ұқсастықтарды заңдылық деуге болады. Онымен қатар, ортаға алынған тақырып веб-сериалдар өндірісімен айналысатын «Salem Entertainment» медиахолдингінің ұстанымдарына сай келеді. Берік Жахановтың жұлдызы жанған сериалы «Unico Play» жобасы болғанымен де, шешім астындағы мін бір. Жергіліктендіруге негіз қойылып, аудиторияның қызығушылығын оята алатын мәселе енгізілген. Батыс Қазақстан менталитеті төңірегінде оқиғаны ауқымдау – осы ұстанымдардың тәжірибеде қолданылу үлгісі.
Қазылар алқасының арнайы жүлдесін иеленген қырғыз режиссері Нұрғазы Саралаевтың «Мұз үстіндегі гүлдер» сериалы спорттық драма жанрында түсірілген. Туындының негізінде шынайы оқиға жатыр. Оқиға баяндау формасы бірінші жақтан жүргізіліп, көрерменді тікелей кейіпкерлердің өміріне араластырады. Сюжет ауыл балаларының спортқа деген ынтасын суреттейді. Олар хоккей ойнау үшін алыс аймақтарға қатынауға мәжбүр еді. Осыны көрген Саламат ағай жаңа ой түйіп, ешқандай қаржылай қолдаусыз өз ауласында мұз айдынын салуды мақсат етеді. Ақырында ол өзінің хоккей командасын құрып, ауыл балаларына жаңа мүмкіндік сыйлайды.

Сериалдың басты артықшылығы оның шынайылығы мен қарапайымдылығында. Ол жүрекке жақын оқиғаны баяндап қана қоймай, спорттық драманың басты функциясын – сенім ұялату, болашаққа үміт сыйлау, салауатты өмір салтын дәріптеуді орындайды. Сонымен қатар, сериал әлеуметтік-саяси астардан да алшақ емес. Мәселен, мұз айдынының ашылу салтанатында әкімнің ауылдың атауын шатастыруы комедиялық көрініс ретінде берілсе де, шын мәнінде билік пен қоғам арасындағы алшақтықты айқын көрсетеді.
Кинематографиялық тұрғыдан қарағанда, «Мұз үстіндегі гүлдер» кеңістікті кеңінен көрсетуге тырысады. Кадрлардың басым бөлігі жалпы пландардан құралған, мұнда оқиғаның әлеуметтік контексті мен ауыл өмірінің шынайылығы көрініс табады. Ал музыкалық сүйемелдеу үшін таңдалған лирикалық әндер туындының қарапайым әрі жүрекке жақын болмысын толықтыра түсті.
Көрермендердің жүрегін жаулап, көпшіліктің дауыс беруімен арнайы жүлдеге ие болған өзбекстандық «Ташкент 94» комедиялық жанрда түсірілген. Сериалдың ерекшелігі оның сюжетінің абсурдтыққа дейін жететін комедиялық сипатында жатыр. Басты кейіпкер Зокир – театр сахнасында басты рөлге қол жеткізе алмай жүрген актер. Шетелдік экшн-фильмдерге қызығып өскен ол актерлік мансабында арманынан бас тартқысы келмейді. Бір күні оған қылмыс серкесін сомдауға ұсыныс түседі. Алайда кейін белгілі болғандай, бұл ұсынысты жасаған режиссер емес, қылмыстық топты қолға түсірмекші болған детективтер екен.
Сюжет 90-жылдардағы Ташкент аясында өрбиді. Сондықтан сериалдың көркемдік шешімдері сол кезеңнің ерекшеліктерін толықтай сақтайды. Кейіпкерлердің киім үлгілері мен сыртқы бейнесінен бастап, техникалық құралдардың қолданысына дейін сол заманның шындығы беріледі. Бұл өз кезегінде туындының аутентивтілігін сақтауға ықпалдасқан серпін. Сонымен бірге, басты кейіпкердің мінез-құлқының ашылуына да сеп болады. Кішкентай адам трагедиясы драмалық эффекті тудырмай, керісінше сатиралық мазмұнға иеленеді. Сондықтан да кейіпкердің қорытынды нүктеге жетіп, мақсатына қол жеткізуі де қалыпты сипаттан тыс. «Халық әртісі» марапаты театр емес, өмір сахнасындағы ойынына байланысты.
«Ташкент 94» визуалды тұрғыдан да өзіндік шешімдерге жүгінеді. Сериалдағы кейбір кадрлар Зокирдің сүйікті фильмдерінің стилистикасына ұқсас жасалған. Бұл тәсіл көрерменді кейіпкердің көзқарасы арқылы әлемді қабылдауға жетелейді. Субъективті камераның қолданылуы оның қиялы мен шын өмірдің тоғыспауынан туындайтын комедиялық қақтығысты одан сайын күшейтеді. Кейіпкердің ішкі әлеміндегі гиперболизацияланған қиял көріністері мен сыртқы өмір арасындағы айырмашылық күлкілі әрі өткір контраст жасайды.
Осылайша, Орталық Азиялық конкурста жүлделі болған туындылардың әрқайсысы өзіндік ерекшелігімен дараланып, аймақтық киноөндірістің саналуандығын, әр елдің мәдени кодтары мен әлеуметтік мәселелерін, сондай-ақ жанрлық ізденістерін айқын көрсетті.
Ұлттық тәуелсіз пилоттық эпизодтар конкурсы байқаудың ерекше бөлімі болды. Мұнда барлығы жеті жоба көрсетілді. Олар: «Ғажайып күн шуағында», «Рок Беркут», «Зимний спецвыпуск: Новогодняя рапсодия», «Tunba: Левитан», «Молда», және «Коба». Қазылар шешімі бойынша жүлделі орындар мынадай түрде бөлінді: «Үздік пилотты эпизод» атағына «Коба» ие болса, «Қазылар алқасының арнайы атап өтуі» «Рок Беркут» сериалына берілді. Ал «Көрермендер көзайымы жүлдесі» көпшіліктің ықыласын тапқан «Молда» туындысына бұйырды. Әрқайсысы айрықша мәнерде жасалған бұл пилоттық эпизодтарды кезекпен қарастырайық.
Алдымен үздік атанған «Кобаға» тоқталсақ. Бұл туынды көрерменді қылмыстық әлемнің қатал заңдарына жетелейді. Сюжет бойынша басты кейіпкер жүкті әйелімен тыныш өмір кешіп жүргенде, тағдыр оның жолын күрт өзгертеді. Күтпеген жерден әйелінен айырылуы кейіпкердің жаңа мақсатының басталуына себеп болады. Ендігі бар арманы – өзінің кәсіби қызметі арқылы әйелінің өлімінің құпиясын ашу. Осыдан бастап оның өмірі қайшылықтарға, күреске толы жолға түседі.
Режиссер Дәулет Ислямов экран кеңістігін екіге бөледі: бір жағында ұйымдасқан қылмыстық топтардың түнгі тіршілігі, екінші жағында – ведомствоаралық бөлім қызметкерлерінің күрделі қызметі. Бұл екі тарап бір-біріне қарсы қойылғанымен, олардың күресі әділеттілікке емес, қатыгездікке сүйенеді. Жаңа қызметіне кіріскен жас маман үшін мұндай әдістердің бәрі оғаш көрінеді. Бірақ заң мен ережеден аттамай әрекет ету мұнда әлсіздік болып қабылданады. Қатыгездіктің үстемдік құрған ортада адами принциптердің қаншалықты сақталатыны – негізгі сауалдардың бірі. Сериалдың басты ерекшелігі – экшндік сахналардың қарқынды әрі шынайы құрылуында. Әрбір төбелес пен қақтығыс оқиғаны алға жетелейтін драмалық құралға айналған. Мәселенің білек күшімен шешілуі таңдалған жанрдың табиғатына сай келгендігімен ақталған.
Қазылардың арнайы жүлдесін иеленген «Рок Беркут» мүлде басқа сипаттағы жоба. Тамерлан Алманов түсірген бұл музыкалық хикая жас баланың өнерге деген құштарлығын баяндайды. Басты кейіпкер – Бүркіт есімді бала. Ол сахнада өнер көрсетіп жатқан әртістерді көріп, көз алдындағы көріністен ерекше шабыт алады. Анасы ұлының ықыласын байқап, оны түрлі үйірмелерге жетелеп апарады. Бірақ Бүркіттің гиперактивті мінезі кедергі келтіріп, қалаған нәтижені бірден әкелмейді.
Эпизод алғашқы кадрынан-ақ өз символикасын анықтап береді: «бүркіт» сөзінің мағынасы түсіндіріліп, бұл есім иесінің өзгелерден ерекше болатыны айтылды. Бұл көрініс басты кейіпкердің өнер жолында табысқа жету мүмкіндігін ишаралайды. Бүркіттің үйірмелерде өзін сынауы қарқынды ритм арқылы беріліп, көрерменге оның ішкі толқынысын сезіндіреді. Экранның тар форматы мен қанық түстер палитрасы туындыға өзіндік эстетика сыйлаған. Әсіресе, жарық ойыны мен кадрлардағы ырғақ Бүркіттің ашық мінезін айшықтайды. Сюжет көркем әрі спектакулярлы сахналардан құралған, ал соңғы кадрдың алғашқы көрініске сілтеме жасауы – шығармашылық жолдың тұйықталмай, жалғасын табатынын меңзейді. Музыканың көмегімен кейіпкерлер де, көрермен де еркін самғау мүмкіндігін сезінеді.
Көрермендер көзайымы атанған «Молда» болса, мазмұны жағынан өзгеше ой қозғайды. Ернұр Абжапбардың бұл туындысы күнә мен шарасыздық тақырыбына үңілген. Сюжет сәтсіз тонаушылықтан басталады. Ұрлықшы абайсызда үй иесінің өліміне себепкер болып қалады. Жағдайдан қашып, ол мешітке барып паналайды. Бірақ мұнда оны ауыл тұрғындарының қарсылығына тап болған молда қарсы алады. Парақорлыққа байланысты айыпталып жатқан молда өз атын тазарту үшін басты кейіпкерден көмек сұрайды. Ол оған өз орнын уақытша басуды ұсынады.
Сериалдың көркемдік құрылымына келсек, мұнда статикалық кадрлар басым. Табиғат көріністері мен кең жалпы пландар оқиғаның атмосферасын тереңдетіп, кейіпкердің жалғыздығын күшейтеді. Қобыздың мұңды үні мен пейзаж бейнесі оның ішкі күйзелісін бейнелеген сынды. Камераның жиі жоғары нүктеден түсірілуі басты кейіпкердің торға түскендей күйін көрсетеді. Ол молда ретінде марқұмның жаназасын атқарып жатқанда – өз күнәсінің жазасын өтеп жатқандай әсер береді. Қыр беткейіндегі кең дала көрінісі еркіндіктің символы іспетті болса да, кейіпкер үшін ол өзінің ішкі түрмесіне айналған еді. Соңғы сахнадағы мизансцена бұл ойды айшықтайды: алдыңғы қатарда – кейіпкердің өзі, артқы планда – тергеушілер. Бұл шешім оның тағдырындағы қақтығыстарды жинақы көрінісі. Осылайша, ұлттық тәуелсіз пилоттық эпизодтар конкурсына қатысқан жобалар қазіргі тақырыптық пен жанрлық өзектердің мәнін аша білді.
Фестивальдің жалпы мазмұны мен нәтижелеріне кең ауқымды қорытынды жасасақ, ең алдымен «BAIQONYR» кинофестивалінің он жыл ішінде мәдени-өнер кеңістігінде өзіндік беделін қалыптастырып қана қоймай, жаңа ізденістер мен бастамалардың алаңына айналғанын атап өту қажет. Биылғы мерейтойлық шарада алғаш рет өткен Almaty Series Festival – соның айқын дәлелі. Бұл қадам қазақстандық қана емес, бүкіл Орталық Азиядағы сериал өндірісінің сапалық тұрғыдан жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетеді. Әр елден келген туындылар аймақтық сериал өндірісінің өсу динамикасын, жанрлық ізденістердің ауқымын, сондай-ақ ортақ әлеуметтік мәселелерге әртүрлі мәдени кодтар арқылы берілген жауаптарды айқын көрсетті.
Демек, Almaty Series Festival болашақта да тек шығармашылық жарыс емес, сериал өндірісін халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін ірі мәдени платформаға айналары сөзсіз. Бұл қадам аймақтық кино индустриясын жаңа бағыттармен байытып, мәдени интеграцияға серпін беретін белес болып қалмақ.
Қуандық Әзиза
Киносыншы