Қазақта дарынды, мықты ақын көп. Сөз қадірін білетін әдебиетсүйер қауым олардың өлеңін жаттап, айтып...
Абдул Рахметов. Мен тау ұлы емеспін, дала ұлымын
Фотосурет автордың жеке мұрағатынан
Абдул Ғабитұлы Рахметов – 1986 жылы 15 сәуірде Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Көпжасар ауылында дүниеге келген. М. Өтемісов атындағы БҚМУ «Мәдениет және өнер» институтын бітірген. Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі. ҚР мәдениет және спорт министрлігінің «Құрмет» грамотасымен және «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған. 2023 жылы өлеңдері мен ән мәтіндерінен құралған тұңғыш «АР» жинағы жарық көрді.
***
Уа, қазақ, өлең қуған балаң бұл да,
Сәуле түсіп, бөленді санам нұрға.
Тәңірден сөз бергесін аманат қып,
Биік болу керекпін ар алдында.
Адамдықтан кетпесін алшақ балаң,
Ғажап өлең жазсам деп аңсап та алам.
Нан табам деп кей кезде сөз сатқанмен,
Аш қалсам да ешкімге ар сатпағам.
Көтермедім көк тіреп көп еңсені,
Лаулап жатып кей кезде сөнем кері.
Жұрт алдына сұранып көп шықпадым,
Арым биік болсын деп өлеңдегі.
Айтпасам да айқайлап татымды ұғым,
Ағалыққа жасым да жақын бүгін.
Барым менің сөзім ғой өз бағамдай,
Арым менің Тәңірден ақындығым.
Болмаса да бұл күнде шамам мықты,
Ағаларым сөзімнен бағамды ұқты.
Сақтайын өлеңдегі тазалықты,
Сатпайын ар алдында адалдықты.
***
Алмасып жатқан күннің көп,
Бітетін тұсы әп сәтте.
«Өмірде мынау кіммін?» деп
Ойланып көрші бір сәтке.
Сен кімсің өзі, бауырым,
Құр асқа жүрме ортақ боп.
Естіле қалса ауыр үн,
Жалтақтап жүрме, қорқақ боп.
Азамат болып келгесін,
Ар алдындағы хақыңды ұқ.
Ез болып жүру ерге сын,
Бойыңда болсын батырлық.
Әкеден сен де жаралдың,
Жаратты сені адам қып.
Ақ сүтін емсең анаңның,
Танытшы көпке адалдық.
Ту ұстап қолға топқа кір,
Пікірің болсын мен деген.
Бола біл адал Һаққа құл,
Беделің болар елменен,
Еңбек қыл, терлеп, шаршама,
Бақыт кеп басын иеді.
Жалған сөйлеуді ар сана,
Адалды Алла сүйеді.
Еркексің қайсар, намысты,
Бауырым сенде үміт мол.
Ойланып жаса әр істі,
Еліңе керек жігіт бол!
* * *
Менің бір ағам бар,
Өзі сондай баладай аңғал адам,
Жүрегін жамандыққа жалғамаған.
Құра құшып ұшады көріп қалса,
Құшағын айқара ашып маң даладан.
Енді тағы ағам бар,
Шаруа керім, кәсібі бәлен жерден,
Ұшып-қонып жүреді, әлем көрген.
Амандасып, қал сұрап бара қалсаң,
Саусағының ұшын да әрең берген.
Ал, енді, бір інім бар,
Ағатайлап тұрады, алдаса да,
Жағдайымды сұрайды анда-санда.
Балама әкеп береді қолындағын,
Өзінде түк ештеңе қалмаса да.
Інім бар, өзі бөлек,
Көретінмін бір енді өзгерердей,
Жүре алмайды тыныш бір сөзге келмей.
Әлділермен туыс ол, әлсіздерді,
Өтіп кетіп жүреді көзге де ілмей.
Ал менің,
Көңілімде бір күдік тұр кетпеген,
Күндерім аз олармен бірге өтпеген.
Басқа менің кімім бар, солар қымбат,
Сосын да қараймын ғой құрметпенен.
***
Мен таулық ұл емеспін, далалықпын,
Аңсап жүрген бал дәмін балалықтың.
Дархандықты даламнан сіңіргесін,
Кермесі жоқ кеңдіктен жаралыппын.
Далалықпын, айт солай таныстарға,
Тұлпардай тарпып өтер шабысқанда.
Сайын дала төсінде еркіндікпен,
Көз тастаймын шегі жоқ алыстарға.
Ия мен тау көрмедім асқары шың,
Дала бардым, дауыл жыр бастау үшін.
Сағымдарың жетектеп қиялымды,
Қырда хаттар, тұрғандай таста мүсін.
Мен тау ұлы емеспін, дала ұлымын,
Далам сынды дарханмын, бағалымын.
Күйлердің сіңген талай күмбір үні,
Ізі қалған һас тұлпар, тағалының.
Құмартып аңсап тұрам қырларыңды,
Оқып бергім кеп саған жырларымды.
Ал сен үнсіз жатырсың кең төселіп,
Құмдарыңа жасырып сырларыңды.
Мен тау ұлы емеспін, далалықпын,
Мекені болған талай бар алыптың.
Қаладан қарайлаймын ауыл жаққа,
Себебі, мен ЖАҢАҚАЛАЛЫҚПЫН.
Мендегі аңқылдаған балалықты,
Даңғылдары шулаған қала құртты.
Кіршіксіз сол кездегі мөлдір көңіл,
Лай басқан, суық демді, ала бұлтты.
Түңгі айға алқа боп ақ арманы,
Құс жолында жастығым қала алмады.
Жұлдыздардың сиқырлы сәулелерін,
Шаша алмай жүр қаланың фонарлары.
Қалада тірлік басқа, жалған бәрі,
Адал пейіл ауылда қалған ба әлі?
Құрсауында қалғандай этаждардың,
Асқақ бала күнімнің армандары.
Бала күнім сығалап шетте менің,
Мен қалада есейіп кеткен едім.
Кімге керек жылусыз отты өлеңім.
Менің бала кезімді ұрлап алған,
Қаланы жек көремін!
* * *
Ақ Жайық, қайран Жайық, бар ма Жайық,
Басыңа күн туған ба алмағайып?
Асау толқын дәуренің өтті ме екен,
Бір керемет таппадым жанға лайық.
Куәсі едің сан тарих, қанша жырдың,
Ал, бүгін көрінісі барша мұңның.
Суың кеуіп табаннан, жағаң жетім,
Туар ма екен көркіңе тамсанар күн?!
Сен бізді кінәлама, кешір Жайық,
Үміттенем, табылар шешім лайық.
Ертеңіңді ойламай тойлай бердім,
Есімді айналдырған "Есілге" айып.
Ештеңесін бермесін Есіл мейлі,
(Ол жақта көп жағдайлар шешілмейді.)
Жоғалтып алсақ егер Ақ Жайықты,
Болашақ бізді ешқашан кешірмейді.
***
Мен біреуді жек көрдім,
Кең біреуді ұнаттым.
Бәз біреуді қуантып,
Мәз біреуді жылаттым.
Шауып жүріп ауырдым,
Бәсін білдім тәуірдің.
Мен осылай келемін,
Кемесімен дәуірдің.
Тарылғандай бар ғалам,
Қолымды кеш қармағам.
Әр сынаққа бір рахат,
Тек Тәңірден, Алладан.
Бауыр соны ұмытпа,
Келдің біліп, ұғып та.
Ең әуелі жүректі
Иманменен құлыпта.
Сынақ көп қой пендеге,
Қызығасың әр неге.
Кейін соғып саныңды,
Кеш келесің тәубеңе.
Ағат кетсе амалдар,
Теріс кетсе қадамдар.
Періште емес, пендемін,
Кешіріңдер адамдар!
***
Жаз да өтіп барады тамыз бітіп,
Елеместен мен айтқан арызды түк.
Отырғаным елеңдеп келер күзге,
Саудагердей сарғайған қарыз күтіп.
Маусымдағы бархыт түн, жұлдыз, айым,
Шілденің шалғынына жүз құлайын.
Жадыраған күндерді жаздағы өткен,
Көңілсіз қып кетпесін күзгі уайым.
Жапырақ жанымды өртеп әлдекімдер,
Азынақ күндер мейлі әуре етіңдер.
Толқындалып Жайықтың бетіменен,
Сырғып өтіп барады сәуле күндер.
Табылғандай тағдырда іздегені,
Ертең енді Жайыққа күз келеді.
Сары түсті сылқым күз сарқытына,
Сыйлар екен сый қылып бізге нені?
***
Көз тастасам өткеніме сірә мен,
Ештеңе де тындырмадым, білемін.
Бірақ менің ішімде бар бір әлем,
Сол әлемде бақытты өмір сүремін.
Қызық өмір, қызық менің тағдырым,
Бірде шаттық, бірде аяусыз мұң кешем.
Мұң кешем де, бұл тірліктің барлығын
Тастаймын да, жүрегіммен тілдесем.
Жүрегіммен тілдесемін оңаша,
Ақжайықтың толқынына үңіліп.
Шаттанамын сосын келіп балаша,
Шақырады ақ желкен боп бір үміт.
Сол үмітім алдамайды сеземін,
Қол созамын сосын келіп аспанға.
Көк аспанды қиялыммен кеземін,
Жайыққа кеп күн сәулесін шашқанда.
Аспаннан кеп тамшы болып құлаймын,
Маза бермей аласұрған көңілім.
Ақжайықтан жанға медет сұраймын,
Толқын болып өтіп жатыр өмірім.
Түсініксіз ішімде бар бір әлем,
Сол әлемде бақытты өмір сүремін.
Жайық қалар, кетемін ғой сірә мен,
Өлең қалар толқынында білемін.
***
Қабағыңды жаппаса екен қалың мұң,
Жанарыңда сәулесі бар жалынның.
Куәсі өзің ең бақытты шағымның,
Жаным сені сағындым.
Күлкісіне ұқсамайтын басқаның,
Жымиғаның күміс сәуле шашқаның.
Жұпар сіңген сенің сүмбіл шаштарың,
Шын сағына бастадым.
Жүрегіммен жүрегіңнің әні бір,
Мінез мақпал, жаны көктем, тәні гүл.
Сен қасымда жүргенде де жарығым,
Сағынамын бәрі бір.
***
Дұғама қоса бердім сәресінде,
Сенің сұлу күлгенің, бәрі есімде.
Жүрегіңнің алауы жанып тұрып,
Кететінсің көріктім зарықтырып.
Күтуменен өтсе де сірә күнім,
Батылсыздау өзім де кінәлімін.
Сағындырып бұл сезім салса мұңға,
Өзің болып қаласың аңсарым да.
Әлем қарсы тұрса да күдіктенген,
Сен күнімсің арайлы күліп келген.
Ақын емес мен неге ақымақпын,
Жырын жазған күздегі жапырақтың.
Ұялшақ сезім енді үн қатқанда,
Сен қол бұлғап кеттің ғой күн батқанда.
Дей алмаймын қазіргі жайым бүтін,
Сағынышым, аңсарым,Қайырлы түн!
***
«Осы ауылда болып жатқан бақ пенен тақ таласы,
Маған онын бәрібір ғой ағы менен қарасы.»
Есенқұл Жақыпбек.
Әй, бауырым, мен де отырғам сен отырған тақта анау,
Бірақ менде болмап еді адамдыққа жат қарау.
Пайда көріп қалу үшін айға шауып жатқан ең,
Сен сияқты қызықпаймын сатылатын таққа мен.
Ойлайсың ба бәрі сенің болады деп қолыңда,
Қорқып жүріп құрдай сосын жорғалайд(ы) деп жолыңда?
Қоғам түгел соқыр емес ақыл болса бағамдар,
Бәрі бірдей сен сияқты надан емес адамдар.
Бағы жанып кеткенімен билікқұмар надандар,
Болса жақсы қазағы үшін кейде аз-кем алаңдар.
Бізде қасқа аға да жоқ, апа да жоқ, көкем де,
Түлкімінез тағы да жоқ, кіріп кетер көтенге.
Осы күнге шүкір етіп бәріне де көнермін,
Директоры болсам болды өзім жазған өлеңнің.
Мәскеу сапары
Дәлел болсын дәйегіме жер мен көк,
Мәскеу саған қызық қуып келгем жоқ.
Бұл жақтағы қандастарға өлеңмен,
Сарқытымды алып келдім елден көп.
Сәтте Мәскеу, мұнар бейнең көрінген,
Таң бозарып, түн көрпесі сөгілген.
Қызыл алаң қайран қалып тыңдады,
Өлеңімді өрілген.
Түн ұйқысын толғақ өлең ұрлап ап,
Шайыр үшін шабыт қонған күн ғажап.
Бауырларды құшақтайын өлеңмен,
Москвада мауқын бассын мың қазақ.
Теке жақтан жетіп едім толғана,
Тебіреніп қаламымды қолға ала.
Ақжайықтың ала келдім тасқынын,
Сәлем етіп Волгаға.
Шабытымнан пырақ мініп астыма,
Аттап өтіп дала, тау мен тасты да.
Қазағыма өлең оқып берейін,
Төріңді бер, Москва!