Сүндет Сейітов – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1998 жылы 3 қазанда Шыназ ауданы...
Арман Шеризат. Жапырақтай күрсінер жалғыз жүрек
Фотосурет автордың әлеуметтік желісінен алынды
БҰЛ ҚАЛАДА
Бұл қалаға кеп жоғалғандар бар,
Тоналғандар бар адасып.
Сағынып қайта оралғандар бар,
Болашағына бал ашып.
Жүрегін ұстап жылағандар бар,
Құлағандар бар биіктен.
Тәңірден медет сұрағандар бар,
Ішетіндер бар күйіктен.
Бұл қалада асқақ ғашықтар да бар,
Бақыт бар және баянсыз.
Парасаттылар мен пасықтар да бар,
Сатқындықтар бар аяусыз.
Бұл қалада жалған ұрандар да бар,
Қырандар да бар тағдырлы.
Білдірмей шағар жыландар да бар,
Есімнен талай тандырды.
Ауылдан келген көздер бар жаутаң,
Көрмесем қайғы жемес ем...
Не керек мұнда бәрі бар, қалқам,
Тек мейірімі аздау демесең.
ЖАН
Жап-жарық нұр берілген жан Құдайдан.
Сәуле іздейтін сәтіңде сәл мұңайған.
Жанды ұмытып бергенмен тәнге билік,
Жұмыр жерде бітпейді мәңгі майдан.
Тіршілікте таппаса жан жарасым,
Қызығына аз күннің алданасың.
Жапырақтай күрсінер жалғыз жүрек,
Хақтың жолын әуелден таңдағасын.
Естігенде адамзат жан күбірін,
Шешіледі күрмеуі тағдырының.
Құпясын әлемнің ұстап тұрған,
Жұмбағы көп осынау жалғыз ұғым.
КҮН ҚАЙДА?!
Анау да қашты Дубайға,
Мынау да қашты Дубайға.
Ұрланған қазынамыздың,
Есебін сұрар күн қайда?!
Қуанып едік қала сап,
Болардай бәрі қаласақ.
Тоналды неге сенімім?
Тоналды неге болашақ?..
Сатқындыққа да ет өлер...
Келер күн алға жетелер.
Қарызға батқан қоғамның
Қайғысын кім бар көтерер?!
Қазақты Құдай қолдаса,
Қорқыныш емес ол да аса.
Алданған Отан-ананың,
Обалы ғана болмаса...
АҚ КЕПТЕР
Ау, ақ кептер, ақ кептер,
Өміріңді жақсы өткер.
Бейбітшілік құсы деп,
Сені де жұрт әспеттер.
Аппақ қардай ақтығың,
Жоқ ешкімге жаттығың.
Дәл өзіңдей беймарал,
Тіршілікті тапты кім?..
Қарап қақпай кірпікті,
Жан-жүрегім ынтықты.
Қар үстінде отырсың
Суға шылап тұмсықты.
Қарағанмен біз күле,
Өмір сендей ізгі ме?
Қиянатшыл қырғилар,
Айналып жүр бізді де.
Ақ құшағын жайып таң,
Келгендейсің ғайыптан.
Тұманынан дүниенің,
Сәтінде сәл айыққан.
Өңім бе әлде түсім бе,
Қарап аппақ мүсінге.
Ақ кептермен сырласып
Тулады жыр ішімде.
Ей, жүрегім мұңданба,
Қамалдым деп зынданға.
Ақ кептердей сені ешкім,
Түсінбейді бұл маңда.
Жүрек патша
Шығып күндей шұғылалы Шығыстан,
Сыры жұмбақ дүниемен ұғысқан.
Мағжан сүйген: «Алтын хәкім – Абайға»,
Адамзаттың барлығы да туысқан.
Тірі адамға танытпаған бөтендік.
Хәкім ойы жетемізге жетерлік,
Тәуелсіздік алған шақта көк тумен,
Төбемізге баба сөзін көтердік.
«Аулақ бол»-деп қулық, жалған, есептен,
Ойшыл жыры – бізді әлемге дос еткен.
Еркіндігін еншілеген қазақты
Ешкім енді баса алмайды етектен.
Ұмытқасын жылы жүрек қалауын,
Суық соғыс көтеруде жалауын.
Өшпенділік у-ын жайған кеуденің,
Өшіре алмай жүрміз бүгін алауын.
Ақыл арам – елді айламен алдасақ,
Жанжалменен дүниені жалмасақ.
Шын сүюді ұға алмаймыз жүрекке,
Дана Абайдай терең бойлай алмасақ.
Күні түсіп күйлемейтін заманға,
Хәкім терең ой салады адамға,
Жайылады бар әлемнің құшағы,
Жүрек патша болған күні ғаламға.
ЗАРЫҚ
«Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды...»
Қасым Аманжолов
Қайырсыз бай алшаңдасаң, алшаңда.
Қайыршылық ыңырсыйды қалтамда..
Баспанасыз үрейімнің ішіне,
Үмітімнен үй тұрғызып алсам ба?!
Ертеңімді сөйлеп берші, ей бақсы..
Тар кеудеме зарым сыймас кейде ащы.
Көкте Құдай есіркеуі мүмкін бе?.
Жерден тұрақ таба алмаған бейбақты..
Айдан-айға жете алмаған айлығым,
Қайыр сұрап кетер екем қай күні?..
Жерұйықты іздеп өткен Асандай,
Жоқшылықта жел айдаған қайғымын.
Солай жайым білгің келсе күйімді ұқ,
«Жаратқан жар!» деп қоямын ырым ғып.
Жетімдердің көз-жасын да бояған
Жер беті бұл ашылмаған шымылдық.
Пейілдердің арасында тартыстық
Барімізді ойнатып жүр әртіс қып.
Арыменен боқ күреп жүр ақша үшін,
Кетпегендер бұл өмірді мансұқ қып.
Байғұстар-ай бойы аласа жерден де,
Намыс оты өртенбей ме кеудеңде.
Ең арғысы күмәндімін ертеңгі
Бір қуыс көр бұйырар ма өлгенде.
Бұйырмаса,
бұйырмасын жасыман,
Мен де бір күн аспан болып ашылам..
Қара өлеңмен қарғыс жазам қоғамға
Қаңғып қалған ақындардың атынан.
ДЕЖАВЮ
Бұл өмірді сүргендеймін мен бұрын,
Бұл көшеде жүргендеймін мен кеше.
Неге қаша береді екен дегбірім,
Өң мен түсін шатастырған пендеше.
Кірпік ілмей ой кешемін түнімен,
Жолдар бізді қай қиырға апарды.
Жалғастырып жүргендеймін шынымен,
Аяқталмай қалып қойған сапарды.
Жолаушымыз тіршілікте аз күнгі,
Тағдыр бізге берілетін аяндай,
Ғұмырыңның ашылардай мазмұны,
Төсегіңнен қалған күні оянбай.
***
Төніп бұлттай төбесіне бар қайғы,
Тағы бір Күз сағыныштан сарғайды.
Жан ұшыра жазды аңсаған жапырақ,
Желге ілесіп дүниені шарлайды.
Соңғы үмітін жапырақтың үзді де,
Өз тағына мінді тағы Күз міне,
Жастық дәурен төбемізден тайғасын,
Тағдыр желі көшіреді бізді де.
Жазды аңсаумен өтер дәурен күзден де,
Қатал қыста сезім жоқ-ау мұз кеуде.
Құс боп ұшып көктем қайтып келгенмен,
Қысқа ғұмыр қайырылмайды біздерге.
***
Өмірде осы
сүйе алмай,сағыныспай,
Қоштасамыз біреумен тағы ұғыспай...
Келген таза мекенге ғайыптағы,
Кетеді ұшып адамның жаны құстай..
Кетеді ұшып,
Қалдырып бір ғұмырды,
Әкетеді өзімен сырды құнды.
Жерде біздер қаламыз жетім көңіл,
Жалғыздықпен арқалап күзгі мұңды.
Мағынасыз түндерде мазалап Ар.
Адам солай бәрінен тазаланар.
Жанымызда жалғыз-ақ өкінішпен,
Жауабы жоқ сұрақтар ғана қалар....
МЕНІҢ ӘКЕМ
Жүргесін бе ауылдан қалада алшақ,
Менің әкем тұрады даланы аңсап.
Жүрер ме еді көңілі құлазымай,
Туған жерде түлеген бала болсақ?!
«Оқу» дедік, үйлендік, «жұмыс» дедік,
Одан бірақ кетпеді тыныс кеңіп.
Жалғыз ұлын қимады Астанаға,
Тыныш кетіп жүргенмен тыныш келіп.
Сағынғасын баласын, немересін,
Кеңге жайып жата алмай керегесін.
Көш түзеді ақыры Астанаға,
Не табамыз демей-ақ, не бересің?!
...Шыңғыстау мен Шұнайдың арасында.
Жастығы өткен жайқалып жарасымда,
Орынын ғана сипайсың енді бүгін,
Оразбайдың жұртына барасыңда.
Құлазиды көңілің қу далада,
Жазылғандай сол тарих құмға ғана.
Ұлтарақтай ғана ауыл қалды қазір,
Уысында уақыттың жұлмалана.
Орыс келіп орнатқан озбыр қоғам,
Әлі ашылмай келеді сол бір заман.
Елдің құты боп өткен «Алашым» деп,
Оразбайдың Медеуін оңдырмаған.
«Бай», «қажы» деп болса да шетке қаққан,
Қасиет жоғалар ма текте жатқан.
Тұңғыш рет сол жерде бала оқытып,
Оразбайдың баласы мектеп ашқан.
Таусылар ма несібе талапты ерден,
Сан тұлғалар сол жерде сабақ берген.
Аршып алды уақыт бар шындықты,
Зынданынан тарихтың қамап келген.
Есімінде тұр қазір жаңа мектеп,
Көшіп кетті жұмыссыз «қала» деп көп.
Өскелең қарап қалды аз балаға,
Өртеңнен шыққан шөптей ғана көктеп.
Тіріліктің түскеннен соң тарлығына,
Алыстан алаңдаймыз тағдырына.
Бір үйдің баласындай қарайды әкем,
Бірге өскен жақындардың барлығына.
Жасынан бұрған өлең-жырға бетті,
Атамды «Шекең» деп ел сыйлап өтті,
Құбылған көз алдында дүниені,
Жүрегі тоқтағанша жырлап өтті.
Сыйынып жаратқанға еткен дұға,
Бабадан бізге ақындық жеткен мұра,
Адаспай ата жолда жүргеніміз,
Ала алсақ құлақ түріп өткенді ұға.
Аңыз ғып шежіремді ел айтады,
«Отызы Отынбайдың» деп айтады.
Тарғыл жон – Тарбағатай күнгейінде,
Тарихы жатыр тұнып талай тағы.
Қанменен сол қасиет тарады ма?
Әкемнің нұр төгіліп жанарына.
Қызықтың барлығын да ұмытады,
Қыдырдың бауырына барады да.
Көзді арбап көрінсе де көп шырағы,
Сөгілмей шөгіп жатар көк тұманы.
Далада өскен дархан әкем бүгін,
Қалаға қамалғандай боп тұрады.
...Кеткендей қанат бітіп құлшынысқа,
Жүрегі айналғандай жыршы құсқа.
Тағы да тұра салып ұйқысынан,
Қарап тұр терезеден күншығысқа.
ҚАЙРАН, АЛАШ!..
Ұйқышыл һәм осы жұрттан үрейшіл,
Еркін ойлы туар ма екен бір ойшыл?!
Аңсап күткен азаттықтың таңы да,
Қайран, Алаш, тойды-ау сенің қаныңа.
Тобырлықтан оятуға саналарды урашыл,
Бодандықтан арылтуға керек әлі бір ғасыр.
Қапастағы қараңғы елге таба алмаған нұр, жарық.
Бір топ Алаш арыстары келе жатты күнді алып.
Алтын күнді қондырмақ ед ақиқаттың тауына,
Азып-тозып кеткен елі айналды алғаш жауына.
Өз қанына өзі тоймай, қарап тұрды қырып сап,
Жауыздықтың жалғыз қолы берген кезде рұқсат ...
Содан бері қара жерде көлеңкелер сүргіні ...
Ал, арыстар анау көкте мәңгіліктің тұрғыны.
Бізді бүгін оятады мың періште болып таң,
Атын атап айтпақ түгел, ойлауғада ел қорыққан.
Халық жауы боп кетті олар, ал шынында дұшпан
кім?
Алты Алашқа нұр шашып тұр, солар алып шыққан
күн.