Ділдәнің «Дегелеңі»

Фотосуретті автор ұсынды

ПОЭЗИЯ
148

Өткен жылдың жаз айында Астанадағы «Sintez» театрында кілең жас ақындардың жыр оқыған сәтіне куә болдық. Өлеңмен өрілген кештен өзгеше леп, кең тыныс сезіліп тұрды. Жастардың бойынан поэзияға деген іңкәр құштарлық, ілкімді ізденіс айқын аңғарылды. Шынын айту керек, көпшілігінің өзімен де, сөзімен де алғаш рет сонда таныстым.

Өз басым алған әсерімнен көпке дейін арыла алмай жүремін. Ол әсер, тіпті, жылдарға жалғасып кетуі де мүмкін. Жылт еткен жақсы жаңалық жанымды ерекше күйге бөлейді. Оны өзгелерге жеткізуге асығамын. Сол жолғы кештен бір ақын қыз менің есімде ерекше қалып қойды. Ол – Дәлдә Уәлибек.

Сахнада Ділдә екі өлең оқыды. Жасандылықтан ада, күйреуік мұңға батып, драматикалық күйге бой алдырмайтын өлеңдер. Тілі таза, эмоциялық-эстетикалық реңк бар. Қазақтың классик ақыны Есенғали Раушанов айтпақшы, «...әйелі бар кісіге ғашық болып, соған «сіз» деп жылай салатын» өлеңдер емес, терең ой мен нәзік сезім үйлесім тапқан жырлар.

Кейін әлеуметтік желіден Ділдәнің өлеңдерін індетіп іздейтін әдет пайда болды. Жақсы өлең оқыған жақсы, ә!..

Сөйтіп Ділдәнің өлеңіне шөліркеп жүргенде «Дегелеңі» қолыма тиді. «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырыспен кітабы жарық көрген 20 жас қаламгердің қатарына кіріпті. Бір автор Алматы қаласы жайлы, енді бір автор Қарағанды облысы туралы қалам тербеген туындылар. Қысқасы, еліміздегі 17 облыс пен 3 қаланы жас ақын-жазушылардың көзімен көргіңіз келсе, сол кітаптарды оқуға кеңес беремін.

Есенғали ақын: «Өлеңде бүгінгі прозадағыдай, бүгінгі журналистикадағыдай, не заманауи әдебиеттанудағыдай орта тұс деген болмайды. Өлең не бар, не жоқ» дейді. Біздің Ділдәнің «Дегелеңінде» өлең бар. Ақын ретінде де, оқырман ретінде де мен соған қуандым.

Тегінде Ділдәға туған жер тақырыбы әрі оңай, әрі қиын болған сыңайлы. Оңайы – осы өңірден түлеп ұшқан ұлы тұлғалардың рухани мұрасы мен салған сара жолы бойына қуат құйып, шабытын шалқытса, қиыны – сол кеңістікте өз деңгейін көрсете алмаса, киелі топырақтың аманатына қиянат жасап алу қаупі тұрды. Ал аманатқа қиянат жүрмейді. Біздіңше, Ділдә бұл үдеден шыға білген.

Ақынның өлеңдері, балладалары мен поэмалары кірген кітаптың алғашқы бөлімі «Шыңғыстау» деп аталады. Әлқиссасы «Абай жолы» өлеңімен басталған бұл бөлімді парақтағаннан-ақ тақымыңды қысып отырасың. Оған себеп, қарт Шыңғыстау Ділдәға дейін де қағазға түскен. Бәрімізге «Абай жолынан» таныс. Небір сөз сүлейлері майын тамызып-ақ жырлаған. Осыны ойласаң, ақынның жауапкершілігі өз иығыңа түскендей ауыр күрсінесің. Тілек біреу: тек бір жерден сүрініп кетпесе екен.

Енді бір сәт ақын қыздың «қасқа жолына» өзің де бірге түсіп кеткеніңді сезбей қаласың. Уақыт пен кеңістіктің арасын жалғап тұрған «Өзге әлемнің шекарасы сияқты бұлдыр-бұлдыр, бұйра-бұйра ақ сағым» сені де толғанысқа түсіреді. Олай болса өлеңнің алғашқы шумақтарынан бастайық:

Сары дала,

аласа тау,

биік қыр,

Бөгіп жатқан шежірені жиып кіл.

Үш күндік жол сол кездегі

тек қазір,

Екі-үш сағат ең арысы,

тиіп тұр.

 

Көк аспанның төңкерілген тостағын,

Толтырады қиқу-қиқу тоқсан үн.

Өзге әлемнің шекарасы сияқты,

бұлдыр-бұлдыр,

бұйра-бұйра ақ сағым.

 

Жасыл қырат,

түпсіз аспан,

топырақ,

Көкжиекпен ұштасқан бар атырап.

Өзгергені –

қара,

қасқа жол ғана,

Сол жалғыз күн тұр төбеден бақылап.

Былай қарасаң, қарапайым ғана шумақтар. Бірақ көтеріп тұрған жүгі салмақты. Өлеңнің суреті боямасыз – шынайы. Жалпы, Ділдәнің поэзиясына қарапайымдылық тән. Ол жасанды образ, тыраш теңеулер іздеп, әуре болмайды. Сөз саптасы табиғи. Сонысымен әсерлі.

Өмірде бәрі салыстырмалы. Автор Семейден Жидебайға апаратын тас жолды материалдық игілік ретінде ғана атап өтсе де, өз басым «өзгерген, қара, қасқа жолдан» сапарлап бара жатқан Ділдәнің өзін көргендей боламын. Бұл жол – парасатты поэзияның шеруіндей. Ал Ділдә Хакім атасының қасқа жолына қанат қаққан қара өлеңнің қарлығашы секілді.

Жалпы, бұл өлеңде өр мінез, асқақ рух һәм тағдыр бар. Небір зұлматқа суарылған талай керзаманды басынан өткерсе де, жасымаған, рухы сынбаған жұрттың бейнесі көз алдыңа келеді.

Өзгермеген.

Өтпегендей уақыт,

Жылдар салған бар белгіні уатып,

Маңғаз,

асқақ,

өр қалпында әлі тұр

қияқ дала шыққа бойын шылатып.

 

Дағдарыстар,

арпалыстар,

майдан, өрт,

Топырағына уыт-уын жайған дерт,

бұл өлкенің қасиеті мен киесін

Зәредей де жоя алған жоқ,

Жойған жоқ.

 

Қалпы да – осы,

Парқы да – осы,

өр, биік,  

кемеңгер,

кең,

кербез,

кесек,

кермиық,

Білінбейді наласы да,

жарасы,

шермен болып қатып қалған шер-күйік.

Академик жазушы Зейнолла Қабдолов «Сөз өнері» кітабында талант табиғатына тоқтала отырып, суреткерге тән қасиеттерді былайша сипаттайды: «Біріншіден, сезім. Нәзік сезімталдық. Өзін қоршаған өмірден әрқашан тың құпиялар іздеп, айрықша әсер алу, көз алдындағы құбылыстарды ерекше сезіну, нәзік түйсіну, сезінген-түйсінген шындығына бейтарап қала алмай, тербеле тебірену, көкірегінде көл-көсір сыр ұялату, – бәрінен бұрын, – ақынға тән қасиет. Ал суреткер, – бәрінен бұрын, – ақын...».

Осы бөлімге енген «Балта-Орақ», «Күшікбай асуы», «Мұңлы қоңыр», «Аралтөбе», «Бес Қасқабұлақ», «Ералы жазығы», «Ақшоқы», «Жидебай», «Арқат», «Қарауыл», «Қарауыл төбе», «Қоңыр әулие» т.б. секілді өлеңдер ұстазымыз айтқан осы қасиеттерден кенде емес.

Абай туған Шыңғыстау өңірінің терең тарихынан сыр шертетін бұл атаулар бізге де бала күннен таныс. «Абай жолынан» оқып өстік, санамызға сіңірдік. Тіпті, Күшікбай асуындағы бұлақтың суын өзіміз де екі рет ішкенбіз.

Меніңше, Ділдәнің «Дегелеңін» өлкетануға қосылған тың дүние деп қабылдау керек. Ақын туған жерін жай ғана географиялық аймақ ретінде емес, тарихи жады мен рухани кеңістігі бар тұтас әлем ретінде бейнелейді. Ол үшін туған жерінің тау-тасы, «шыққа бойын шылатқан қияқ даласы» – өткеннің ізі, ұлт мінезі мен тағдырының белгісі. Осы арқылы Ділдә поэзиясы киелі өлкенің табиғатын ғана емес, оның ішкі болмысын, уақытпен бірге жасасқан рухын сөйлете алған.

Жинақтағы сіңірлі дүниелердің бірі – «Шәкәрімнің суреті» поэмасы. Жаңа жылдың қарсаңында Ділдәмен хабарласып, қанға сіңген әдетпен бұл поэманың маған ерекше әсер еткенін жеткіздім. Сонда ол: «Шәукенді ата-анамыз көрген екен. Сол кісілердің естелігінен естіп өстім. Содан ба, осы поэманы жазуға отырғанда өзіме сенімді болдым. Оның үстіне, бар болғаны екі күн ғана уақытым кетті», – деген еді.

Шынын айту керек, бұл – жүрекпен жазылған, өзінен-өзі құйылып түскен сәтті туынды. Поэманың өн бойынан артық-кем сөзді табу қиын, әр сөйлем, тіпті әрбір сөз өз орнын дәл тауып тұр. Әр бөлімде оқиға жаңа қырынан өрбіп, мәтіннің ішкі серпінін жоғалтпай, оқырманды өзіне жетелей береді.

Поэманың үш бөлімінің басында қайталанып келетін «Тасұр-тұсыр дыбыстар, дүңк-дүңк еткен адымдар» деген жолдар – Ділдәнің поэтикалық шеберлігін айқын танытатын шешім. Бұл қайталау тек ырғақ үшін емес, тарихи салмақты, үрей мен қысымды сезіндіретін көркем құрал ретінде қызмет атқарып тұр.

Бас кейіпкер Шәукен қанша жерден өмірде болған нақты тұлға десек те, ол поэмада бір адамның ғана емес, тұтас бір кезеңнің бейнесіне айналып кеткен. Шәукен қазақ қоғамының «естуге құлағы, сөйлеуге тілі жоқ» зұлмат заманды бастан кешкен тұстағы үнсіздігі мен тұншыққан тағдырының тірі символы іспетті. Осы арқылы поэма жеке тағдырдан ұлт трагедиясына ұласатын биік көркемдік деңгейге көтеріліп тұр десек, артық айтқандық емес.

Кітаптың «Дегелең» деп аталатын екінші бөлімі «Жарық» деген көлемді  поэмадан басталады. Шығарманың формасы да жаңаша. Дәстүрлі поэзиядан ерекшеленіп, соны соқпақ іздегені байқалады. Анау «Солақай ақындардың» да әсері сезіледі. Бастысы, өлең үлгісінде ізденіс пен эксперимент бар сияқты. Оны енді сыншылардың үлесіне қалдырдық.

Бүгінде жас ақындар сүйекті дүниеге сирек барады. Ал Ділдәнің жинағында екі көлемді поэма бар: бірі – жоғарыдағы «Шәкәрімнің суреті», екіншісі – тынысы кең, көркемдік мәні зор, әрі ойы терең «Жарық» поэмасы.

Шығарма 40 жыл ядролық сынақ өткізген Семей полигонының зардабына арналған. Прологынан-ақ «... бірақ, бір күні таң алды жердің жүрегіне ине қадалды, Уға матырылған ине. Тамыр сыздады, өзек өртенді, өртеніп тұрып мұздады. Сол сәттен өмір өзге өлшеммен өлшенді» деп басталатын поэманы жүрегіңді сыздатпай оқу мүмкін емес.

Өлеңнің өн бойында қазақтың қасіреті нәзік әрі әсерлі суреттер арқылы өріледі. Тас, топырақ, дала, бұлт, найзағай, гүл, су, балық, ағаш, құс, күн, тау – бәрі сынақ зардабын тартқан, тағдырмен ұштасқан бейнелер ретінде көрінеді.

Поэманың үшінші бөліміндегі «Ең алғаш анасын емес, ажалды көрген, табаны емес, жерге алғаш жамбасы тиген, жөргекке емес, ең алғаш кебінге оранған, дүниені көрместен қабірге қамалған» деген жолдарды оқығанда көзіңнен үзіліп түскен жасты байқамай қаласың. Бұл – «жарық жаратқан» бейкүнә ұрпақтың тағдыры, қазақ қоғамының тарихи трагедиясы, тартқан ауыр зардабы.

Кітаптағы «Мыс іздегендер», «Қырық жігіт» балладалары мен «Атылған көл», «Қайнар синдромы» өлеңдері сынақ салған сойқанның, ауыр зардабы мен қасіретінің әсерін өткір бейнелейді. Олар оқырманға тек тарихи фактіні емес, адам тағдыры мен ұлт тағдырын терең сезіндіретін поэзиялық сурет ретінде әсер етеді. Автор әр баллада мен өлеңде оқиғаның трагизмін көркем тілмен жеткізе білген.

Мысал ма? Мыс іздеп шахтаға түскен атпалдай төрт азаматтың ішінен аман қалған жігіттің тағдыры осылай аяқталады:

...Содан соң тәуір бопты,

сауығыпты,

деп жүргенде жаны сау,

тәні мықты

мойнында – өзі әкелген кабель сымы,

салбырап тұрған күйі табылыпты.

Өлеңнің жүрекке салар салмағын соңғы шумақтың өзіне қалдырдық.

Аштықта,

соғыста да тайсалмады,

Бұл елдің рухы өшпеген, қайсар бәрі.

Тек қана бертін келе күрт көбейді

жастардың жанын жіппен қайтарғаны.

Белгісіз не көрініп,

не болғаны,

Себебін сол күйі ешкім айта алмады...

Алғашқы сынақтың алдындағы әскерилердің зұлымдығы жағаңды ұстатады. Денең түршікпей оқу мүмкін емес. Қаламгер Сұлтан Оразалының айтуынша, жауыздар осы өңірдің қырық жігітін таңдап алып, әртүрлі сылтау айтып, сынақ аймағында ұстапты. Сол арқылы атом сәулелерінің адам ағзасына қалай әсер ететінін білгісі келген.

Балладаның эпиграфына қойылған бұл дерек өлеңде қырық тағдырдың трагизмін ары қарай аша түседі. Әр кейіпкердің өмірі қысқа, бірақ ауыр сынаққа толы болған.

...Қырық жігіт тозақта қалып қалған,

Оларға азапсыз күн болыпты арман.

Бұрын-соңды білмеген,

естімеген,

дерт-бәлеге ұшырап ғаріп болған.

Осы жолдардан олардың қайғысы мен күресін сезініп, әр тағдырдың артында жатқан адамзат тарихының ауыр салмағын күрсіне түсінесің.

...Қырық шырақ жарқырап жанар ма еді,

Қырық рулы қауым ел болар ма еді?

Қырықтың бірі – Қыдыр

кие дарып,

солардың біреуіне қонар ма еді?

Бәлкім, қазір бірге жүр аспанда олар,

Бірін-бірі іздеп те тапқан болар.

Бәлкім, мұнда,

тек басқа кеңістікте,

тып-тыныш,

тірлігінен бақыт тауып,

Қырық ауыл күн кешіп жатқан болар...

Бұл балладада Ділдә өз халқының азапты тағдырын терең сезіммен жеткізеді. Оның шеберлігі – тек қасіретті суреттеу емес, оқырманның жанын тебірентіп, әр сөздің салмағын, әр бейненің күшін сезіндіруінде жатыр. Осы жерде Ділдә өлеңдері тарих пен тағдырды жүрекпен қабылдауды үйрететін шынайы шығармашылық үлгісі екенін тағы бір қайталап айтқан артық етпейді.

Кітаптың «Туған жер этюдтері» және «Шеңбер» деп аталатын үшінші, төртінші бөлімдеріне енген өлеңдері де осал емес. Үшінші бөлімді жабатын мына бір өлеңнің әр жолында шындық бар, әр жолынан жүрек үнін тыңдайсың.

Көтергенде ару күн

алтын сәуле – кірпігін,

Үміттеніп оянам бермесе деп жыр тыным.

Бірте-бірте өлеңнен алыс қалып барамын,

Айналдырам деп жүріп

күйбең тірлік ұршығын.

 

Өлең іздеп осылай,

келер деп бір сенемін.

Толтырар деп толқын-жыр кепкен ойдың кемерін.

Күн соңында сонан соң

қалып бара жатады

Кірпігімнің ұшында жазылмаған өлеңім.

Қандай көркем образ! Жазылмаған өлеңді кірпігінің ұшына қондыруды Ділдә Уәлибектің поэзиясындағы нәзіктік пен рухани тереңдіктің айқын көрінісі деп қабылдадым. Тек ақын қыздың жазылмаған өлеңінен жазылатын өлеңі көп болғай деп тілейікші. Әр жаңа шумағы уақытқа айқын із қалдыра берсін.

Төртінші бөлім түгелдей жас ақынның шығармашылық ізденісінен туған өлеңдерден құралған. Мұнда сөзге де, өлеңнің техникасына да батыл эксперимент жасалғаны аңғарылады. Ақ өлең үлгісіндегі туындылардың өзінен әуез сезіледі, ішкі ұйқастар көзге де, көңілге де анық байқалады. Ең бастысы – өлеңдер күрделі емес, оқырманға түсінікті, қабылдауға жеңіл.

Осындайда ақын Әбубәкір Смайыловтың мына бір өлең жолдары еріксіз еске түседі:

«…Түсініксіз өлең жаз одан қалса,
Сағы сынсын, сыншының тісі батпай!

Оқасы жоқ, өзің де түсінбесең,
Ең бастысы, бәсіңді түсірмесең.
Бәс тігемін – ілігіп, тізімдерге,
Ірілердің жүресің ішінде, сен!»

Иә, Ділдәнің өлеңдері дәл сол Әбіш көкем айтқан түсініксіз өлең жазып, атақ қуып, жүлде дәметкендердің шимайынан әлдеқайда биік тұр. Оның поэзиясы – ой мен сезімнің шынайы тоғысы, әр оқырманға жүрекпен жететін шеберлік үлгісі.

 

Мұхарбек Жәкейұлы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

ЖАҢАЛЫҚТАР

2020-2023 жылдар аралығында жедел медициналық жәрдем станциясының бюджет қаражаты ұрланған, деп хаба...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында екі жергілікті тұрғын арасында жанжал туындап, салд...