Қазіргі таңда қазақ оқырмандары мен зерттеушілері арасында дәстүршіл және жаңашыл қазақ поэзиясы тақ...
Еркеғали Бейсенов. Әдемі ғой, ауылдың суреттері!
Фотосурет автордың жеке мұрағатынан
Ауыл суреттері
Қос қарашық қыраттан жер аңдайды,
Кірпік қақсам, ішінде бел аунайды...
Ауылымның аумағы – ұлы пейзаж,
Еш суретші көшіріп бере алмайды!
Судан маржан сүзгендей күміс терек,
Ал, мүкті шың – бейне бір пүліш дер ек...
Жыбырлайды әртүрлі жапырақтар,
Әріптеліп жатқандай кіріспе бет.
Кенет жиып алғандай сай асыға,
Ортақ боп тұр тал, қайың саясы да.
Ортасында созылып өзен жатыр,
Сыйған бәрі мүкті шың аясына.
Сары өрнекке толғандай түрлі кілем,
Жолдар жосып, жондарды тілгілеген.
Көлденеңдеп көлеңке зымырады,
Нұр түскендей алып үй түндігінен.
Ойға маза бермеген ояу дала-ай!
Ашқарақ көз көркіңе тояр қалай?!
Шөп түстері аспаннан жауған сынды,
Картинаға жұқпаған бояуға бай!
Тобылғылы төбелер бұйраланып,
Тұс-тұсымда тұрғандай қи қаланып...
Сөйтсем, шіркін, бұл тәуір табиғатты
Тастапты ғой Тәңірім сыйға малып!
***
Қырдан төмен тамсана қарағанда,
Тұңғиық-ау, туған жер әр адамға?!.
Жаутаң-жаутаң етеді екі көзім,
Талтаң-талтаң еткенде қара қарға.
Өксік қысып барады өр кеудені...
(Көрмес мұнда қам көңіл төрден мені!).
Иттің өзін марқайтты, өз жерінде
Аяқ ізі соңынан мөрленгені!
Бұл қалалық ақынның жыры – нала,
Ауылында қонақтың бірі ғана.
Өріс жақтан шермиіп келе жатып,
Көз алартты сиырлар ыңырана.
Нұрлантпайды жүзімді неге күнгей?!
Шуағын күн басқаға себетіндей.
Көкжиекке ілініп тұрды біраз,
Құбыладан шыққысы келетіндей.
Кеткен шақта көшеге сам жамырап,
Тағы шықтым үйлерден аулағырақ.
Жетім көңіл үркіткен жетім қозы
Тұра қашты! Не болды, ау, маңырақ?!
Сағыныштан сарғаймай шағыл реңі,
Бұрынғыша көшуде әлі ілгері.
Ақсаусақ боп, астамсып кеткендіктен,
Шын жатырқап қалыпты ауыл мені!
***
Жә, жігерім, тиіссің мұқалмауға!
Түйдектеліп төбемде бұлт аунауда...
Жаңбырдан соң, не жетсін, кеуде керіп,
Жұпарынан даланың жұта алғанға!!!
Шегіртке мен бақаның ұнап шуы,
Көп сыбырға көмілді құрақ сыры.
Маңдайымнан бұршақтап шығып жатыр,
Таңдайыма татыған бұлақ суы.
Айдалада сүйсінтті дара мекен,
Айналада ешкім жоқ алабөтен.
Көк цементке қажалған ұлттық рухың,
Қара тасқа қайралып алады екен!
Таза ауа, көк майса... Ай-хай, дәурен!
Дүниені сілкінттім «пай-пайлаумен».
Енді міне, көкке көз сығырайтып,
Ши тістелеп жатырмын шалқамнан мен.
Ми қатпарын қарық қып әуенге мың,
Құстар төкті тұмсаға тәуелді үнін.
Сағымданып самалға сіңіп кетті,
Пәк пейілден ажырап әуелгі мұң.
Тұнығына тартқандай жырды ыңғайлы,
Өрім ағыс өткелде сыңғырлайды.
Шабақ шоршып, жылан да жылмаңдауда,
Сүйіншілеп жүргендей бұл бір жайды.
***
Бүлдірген мен шөңгесін табан езіп,
Келдім ауыл ішіне дала кезіп.
Көрші үйдің кенжесі ұшырасты,
Ұстап алған қолына таға мен жіп.
Баған сымы «үлде мен бүлдеге» тең,
Тағаны да лақтырып ілмек екен.
Солай өтер ауылда балалық шақ,
Қожа, Сұлтан қылығы кімге бөтен?..
Әне, бір топ ұтысса асықтарын,
Құртқа малып бір топ жүр қасықтарын.
Қараңдайды бозбала, бойжеткендер,
Тымық іңір ашардай ғашық бағын.
Тастай салып сүйекті тіске батқан,
Ит қарсы алды иесін түскен аттан.
Ақ білекті келінге тәнті болдым,
Тызылдатып шелекті сүтпен атқан.
Сәнқой жандай қойлардың түлегені,
Күн емеді қозы-лақ, түн емеді.
Қатты түртіп тұмсықпен, енесінің
Артқы аяғын көтеріп жібереді.
Жас жігіттің елемей еркі көпті,
Еркелетіп, зайыбын еркін өпті.
Жұрт назарын басқаға бұрмақ қырғи,
Самаурынның түтінін желпіп өтті.
***
«Ауыл түбі – бірлік» деп желпінеміз,
«Қауым түбі – тірлік» пен сертім – егіз!
«Ауыл» атты партия мүшелерін
Ауыртайық ақынның дертімен біз!
Ақын дерті – шын сүю атырабын!
Бойға дауыл дарытқан батыл арын!
Тасқыны бар жүректе тау суының!
Нәзік ұлы сынды емес сахнаның!
Таудан алған тұлғалық қабілетті,
Ауыл халқы – тірлікте тәуір, епті.
Ұлы қарттар ұлтымның ұл-қызына,
Тек табиғат сырларын тәлім етті.
Қымыз, шұбат іштік те, атқа міндік,
Ертегі мен қиссаны жатқа білдік.
Ұлтсыздарды амалсыз алға оздырып,
Ез емеспіз, еретін арттан ілбіп!
Шеттетсе де ауылға өш кереңдер,
Қалпын сақтар қалаға көшкен елдер?..
Қазақтық пен ұқпайды Азаттықты,
Қи иісін иіскеп өспегендер!
Барлық бабам соғымын сүрлеп тегі,
Сондай өмір далада сүрмеп пе еді?!.
Әрі сіңсін әр ұрпақ ұжданына,
Әдемі ғой, ауылдың суреттері!
Еркеғали БЕЙСЕНОВ