Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Күнделік» лирикал...
Маралтай Райымбекұлы. Алдында жүзім жарық Жаратқанның
Фотосуреттер автордың жеке мұрағатынан
127
АҢЫРАҚ
Сонда менің жан күйімді қандай аспап шерте алады,
Көрген кезде інім менен қыршын кеткен төрт ағамды.
Алдан анам шығар ма екен құлыным деп өбектеген,
Әкем тұрар мәз боп сонда бір беймәлім себеппенен.
Күйі қашқан домбырамның құлақ күйін бұрап қоям,
Қалың мола арасынан орғып қашты бір ақ қоян.
Ауыл, саған келем ылғи қажығанда, шаршағанда,
Ауыл сырты қалың мола бет сипатқан барша адамға.
Мен де келіп отырамын, жүгінемін (жүгім ауыр...)
Біртүрлі ғой үндемейді... неге суық бүгін ауыл.
Жатам солай ояна алмай, өңім бе бұл, түсім бе деп,
Қобыз кеудем аңырайды төңкеріліп ішімде көк..!
ДЖОКОНДА
Шакизаға
Нұрға малған жанарыңның дымқылы
Көлегейлер езуіңнен күлкіні.
Жанарына жаным қалды байланып,
Ерініңе қарай берем айналып.
Езуіңде ұйып тұрса жымиыс,
Жанарыңа тіке қарау қиын іс…
Жымиғаның – жарты әлемнің байлығы,
Тұнжыр көзің неге сонша қайғылы?
Тұнжыраулы жанарыңмен ұлысың!
Езуіңде бір жұмбақ бар тылсым…
Асып-тасып келген кісі қараса,
Жанарыңнан сабыр табар тамаша.
Қажып-шаршап келген кісі қараса,
Ерініңнен бақыт көрер балаша.
Бүлк-бүлк етіп алқымдағы тамыры,
Өн бойында сөйлеп тұрар жан үні.
Саған ұзақ үңілген жан қызығып,
Көтерілер қан қысымы, қызынып.
Саған ұзақ қараған жан қызығып,
Жүрегінің бір тамыры үзіліп…
Түнде жалғыз жылайды екен қамығып,
Түні бойы әлдекімді сағынып.
Ел көзінше күледі екен жымиып,
Ерінінде ерке-назды күй ұйып.
Жылағаны – жанарында жабырқау,
Қуанғаны – езуінде… таңырқау!
Жан азабы, жан рақаты – кеселі,
Әрбір әйел бір Джоконда деседі..!
Леонардоның қылқаламы сыйлаған
Құдіреттің сырын ұқпай қиналам.
Джоконданың әр жағында мұнардан…
Қарап тұрар қасіретті бір адам!
САҒАТ
Минуттар ұшты сағаттан,
Минуттан секунд шашылып.
Аңдаусыз, ойсыз, ағаттан
Мезеттер өлді асылып.
Бақытсыз, бақсыз, көріксіз
Тағдырдың танып дерегін.
Қуанған кезде еріксіз
Сағатқа қарай беремін.
Махаббат, бақыт жымдасып…
Сорымды менің өлшеп пе?!
Қамыққан кезде мұң басып,
Сағатты маған көрсетпе!
Бақытқа ғана иланам,
Махаббатыма бүтіндей!
Жаныңа рахат сыйлаған
Көкнәрдің аппақ сүтіндей.
Иманым, иба, арымды,
Ұқтырған ұлы ұғымды.
Безбендеп менің барымды,
Мезеттен жинап ғұмырды.
Жанартау құсап гүрсілдеп,
Сен маған тыным бермедің.
Кеудемде тұрған дүрсілдеп,
Сағатым, тоқтай көрмегін.
Жүрегім ғана сезетін
Қай мезгіл, қай жыл, күн екен?
Мөлшерлеп қойған мезетім,
Құдайдың са-ға-ты-мен-ен..!
ДИАЛОГ
– Адам кім?
– Кім демеңіз, не дегейсіз.
Қан құмар, қара жойқын ебедейсіз..!
– Жауабың қызық екен…
– Несі қызық?!
Ескексіз, бағдары жоқ кемедейміз.
– Қан қасап, қорлық-зорлық…
– Мағынасыз!
– Нала боп сонша оған нағыласыз?!
–Тапталып табанына күштілердің,
Ырқына амал бар ма, бағынасыз.
– Санада қалып қойған хайуандық!
– Арсыздық жібереді, ә, айуан ғып.
– Өзінің бақытынан адасқандар
Өзгенің бақытының жайын аңдып…
– Ер жоқ па елін бастар ата көрген?
– Есіл ел ер туғызбай жата ма екен?!
Елім деп еңіреген боздақтарды
Оқтары таусылғанша ата берген…
– Ертеңі адамзаттың таңсық маған…
– Болмысы қу ағаштай қаңсып қалған!
– Адамның асқақ асыл жан әлемін
Адамзат өз қолымен мансұқтаған!
– Беріпті-ау тағдырыңды тамаша қып…
– Сен олай мазақ қылма, аласарып!
– Үстінен моласының мола қазып,
Үстіне моласының мола салып.
– Адам не?
– Адам кім де!
– Санасыз мән…
Шеңберден шыға алмаған Алла сызған.
Іздеген Ол жолаушы өзін өзі,
Ең әлсіз, аянышты, панасыз һәм…
ПЕРІШТЕ
Қиюға қанатымды келіскен кім?!
Қанатын қайтарыңдар періштемнің!
Алдында жүзім жарық Жаратқанның,
Шайтаннан дәтім жұмсақ, мен үстеммін!
Түсермін күні келсе көрге мен де,
Шығармын қай ұшпаққа өлмегенде?!
Қанатым қырқылғанша өлген артық,
Қанатсыз қалай жүрем жерде мүлде?!
Мекенім аспан асты, жер үсті еді,
Өмірім ізгілікпен өрістеді.
Айырып қанатынан, мұнысы не,
Өксітіп, өкпелетіп періштемді.
Сен неге азаптайсың сүйіп тұрып,
Жанымды күйзелдіріп күйікті қып.
Қайтадан қанат бердің, әппақ қанат,
Пенденің барлығынан биік қылып.
Бұл менің, менің таңым! Таң атты анық,
Айналам бара жатты абаттанып.
Беймәлім бір бағытқа бет түзедім,
Икардай Күн астында қанат қағып..!
Жан едім адалдықпен таң атырған,
Ақынның атпаңдаршы қанатынан...
ҮТІР
Сағыну, аңсау, қамығу,
Сарғаю, күту, жабығу,
Тоқырау, тоқтау, аялдау,
Зар болу, зарық- зарығу.
Ізгілік, иба, иілу,
Томырық, толқу, түйілу.
Құйылу, самғау, шарықтау,
Сүю мен күю, сүйіну,
Қозғалу, қоздау, қыбырлау,
Ұлғаю, ұғу, ұғынбау,
Шалқаю, шалқу, томсару,
Тыңаю, тыңдау, сыбырлау…
Азаю, алу, алысу,
Жығылу, тұру, жарысу.
Табалау, күлу, таңырқау,
Қауышу, жылау, табысу!
ЖЕКПЕ - ЖЕК
Айтшы, ажал, қайдасың, мені күтіп тұрсың ба,
Қандай жауап берермін, қалай жауап, бұл сынға?
Айтшы, ажал, қайдасың, маған келе жатсың ба,
Қандай сенің түр-түсің қарасың ба, ақсың ба?
Айтшы, ажал, қайдасың, бір ұрымтал қапталда,
Қарсы шықпа алдымнан аппақ таңым атқанда.
Айтшы, ажал, қайдасың, сөйлесейік, сөз ұғып,
Бақыт кешіп тұрғанда қалмайсың ба кезігіп?
Айтшы, ажал, қайдасың, айтшы, неңді ұрладым,
Үйден шыға бергенде қарсы алдымда тұрмағын.
Айтшы, ажал, қайдасың, қашан сені көремін,
Менен саған не керек, жаным болса керегің…
Айтшы, ажал, қайдасың, ал, айтып қал сырыңды,
Ала алмайсың алайда жаннан қымбат жырымды!
Айтшы, ажал, қайдасың, саған келе жатырмын,
… Жүрегімен күн кешкен мен басы жоқ батырмын..!
СҰЛБА
Тауларды, көлдерді, өзенді, белдерді
Құшақтап кеудеме басқым бір келген-ді...
Шарапқа тойып ап шалқалап құласам,
Әлемді,( бар елді) құшақтап жыласам.
Біреуге ұнамас, біреуге ұнаса
«Мұның не, інім?» деп құмырсқа сұраса.
Қарлығаш ойнаса зеңгірде қалықтап,
Көкбөрі ұлыса сұлбамды танып қап...
Көк майса егілсе,
Жұбатып жалғанды ақ нөсер төгілсе.
Қара жел азынап, бетеге бебеулеп,
Батысқа беттесе күрең Күн өлем деп.
Себебін айта алман, айта алман..!
ҚАЛАМ
Қонып-ұшқан құстай ғұмыр,
Өзек өртер наласы.
Күнәһарға ұқсайды бір
Кейде адам баласы.
– Тәркі қылдың махаббатты,
Ізгіліктің ақ таңын..!
– Жүрекке мұң арқалатты,
Одан опа таппадым.
– Бақыт саған жолдағанбыз!
– Ауыр екен салмағы…
– Байлық саған жолдағанбыз!
– Көңілім қош алмады.
– Адам үшін жаратқам-ды
Он сегіз мың ғаламды!
– Ар кітабы парақталды…
Неге қорлап адамды..?!
Өз көрімді өз қолыммен
Жер бетінде қаздырып.
Өз күнәмді өз қолыммен
Жүрегіме жаздырып…
МАЙДАН
Бір қолымда – қалқаным, бір қолымда – семсерім,
Семсер сілтеп өзіне, түсінеді, көрсе кім?
Бір қолымда – семсерім, бір қолымда – қалқаным,
Қалқаныммен қорғанам таусылғанша талқаным.
Санамда бір соғыс бар шатұр-шұтыр қырқысқан,
Жараланам өзімнен жаға жыртып жұлқысқан.
Қанжарымды алам да, жүрегіме сұғамын,
Өліп бара жатамын... (Ұжмақ болсын тұрағың...)
Өліп бара жатам да, қайта тұрам теңселіп,
Өмірімнің мезеті махаббатпен өлшеніп!
Көтереді биікке қанатымды қақтырып,
О, ізгілік, ізгілік, үміт отын жақтырып.
Өтпейтіндей осы сәт, бітпейтіндей өмір де,
Таңба салған қап-қара ақ қағаздай көңілге.
Бітпейтіндей осы өмір, осы бір сәт... өтер ме,
Қанжар салған қолымды кінәлама бекерге!
АЛЬБОМ
Өткен сәттің елесіне қарайлап,
Альбомды парақтаймын абайлап.
Әр бетінде – өмірімнің әр беті,
Тағдырымның тартқан уы, шәрбеті.
Болмысымда, дидарымда, көзімде…
Тіке қарап біреу отыр өзіме.
Үнсіз парақ ашылғанда алдымда,
Тұрған жанды шырамыта алдым ба?
Мен жоғалтып алған күн ғой мына күн,
Келіп кетті құшақтап бір жылағым.
Жайма шуақ, найзағайлы, түнекті
Тағдырымды танып жүрек дір етті.
Жаз ба, қыс па, әлде көктем, күздегі
Сайрап жатыр жалғыздықтың іздері.
Уақыт – құйын, өрмегімді кетті үзіп,
Көргенімді айта алмаймын жеткізіп.
Мен ажалдан қаймықпаймын, қашпаймын,
Альбомның соңғы бетін ашпаймын..!