Сайлау Байбосын. Қыр үстiнде кешқұрым мұң iштiм бе...

Фотосурет автордың жеке мұрағатынан

ПОЭЗИЯ
104

Ақын Сайлау Байбосын


Ақындар

 

Басымызды мұнарлаған мұң егіз,

Бәрі жалған екенін де білеміз.

Біреулерге ұқсағымыз келмейді,

Біреулерге ұқсай алмай жүреміз.

 

Ешкімнің де қызықпаймыз бағына,

Ешкімнің де қызықпаймыз тағына.

Желік қуған жынды демес бізді ешкім,

Сау дейтұған сау емеспіз тағы да.

 

Періште ме, пері ме екен иеміз,

Ақпанда да алау атып күйеміз.

Кимейтұған киім алып кей кезде,

Сүймейтұған біреулерді сүйеміз.

 

Жұрттан  артық болмаса да халымыз,

Жасымайды тек әйтеуір жанымыз.

Даналарша кей кездері ой толғап,

Балаларша іс жасайтын тағы біз.

 

Жапырақты жырға қосып күзге ерген,

Адамдаймыз жұмағыңды жүз көрген.

Өмір өтіп бара жатыр, қайтейін,

Танымайтын біреулерге ғашық боп,

Табылмайтын бірдеңені іздеумен.

 

Естелік

 

Санасында шарқ ұрып бір шағала,

Саумал өлең шымырлап жыр-сабада...

Бөктердегі ауылда белгісіздеу,

Болушы еді арманшыл сұрша бала.

 

Кеш те нұрлы,

Дариға-ай, таң да жарық,

Құс жолымен жататын арман ағып.

Қырды кезіп сол бала жүретұғын,

Қиялымен ғарышты жалғап алып.

 

Өрнектеген өзендер жон, даланы,

Өзгеше еді өмірдің сондағы әні.

Арман ба екен...

әйтеуір аппақ сезім,

Әкететін алысқа сол баланы.

 

Шарлағанмен қиялы шыңнан асып,

Шеттеу қалды балалық жыл да қашық.

Ақыны жоқ ауылда

(сенесіз бе?)

Болып өсті сол бала жырға ғашық.

 

Көктем өтіп, жететін күз аңырап,

Күн бататын сонан соң қызарып ап.

Ақыны көп Алматы қайда екен деп,

Көкжиекке қарайтын ұза-а-ақ, ұзақ!

 

Күндер көшсе,

Қаңбақтай жылды ұшырған,

Хабар күтіп қарайтын жыл құсынан.

Ақынсың деп айтатын сол балаға,

Табылмады ауылдан бір «мұсылман»!

 

Жылдар өтті,

жұп болмай өлең енді,

Тұрмыс жеңді, тұсалды, өреленді.

Өлең деген жұлдызы сол баланың,

Өле берді...

ақырын сөне берді.

 

Жүрегінде шарқ ұрмай жыр шағала,

Жиі-жиі қол созды ол мұң шараға.

...Бөктердегі белгісіз ауылда сол,

Болушы еді арманшыл сұрша бала!

 

Аңсау

 

Қыл шылбыр секілденіп лақтырған,

Қара жол шұбатылып құлап қырдан.

Жататын біздің ауыл жайбарақат,

Жағасын Өлеңтінің тұрақ қылған.

 

Балық-күн аспан деген табада аунап,

Беткейде сағым ірге салады аулақ.

Балалық сонда қалды, жүретұғын,

Балақты түріп алып шабақ аулап.

 

Күндер-ай, ататұғын таңы үмітпен,

Отырам өздеріңді сағынып мен.

Сол өзен-өлең өскен жағасында,

Сол дала-көкжиекте сағым үрккен.

 

Жалғын-күн жабы-мұңды жетім жегіп,

Жөнелді бесін асып, бетін беріп.

Сол ауыл, сол бір кезді жиі еске алам,

Бірдеңем ұмыт қалған секілденіп...

 

Өкiнiш

 

Сұлу қыз, көркем жiгiт бәрi сонда,

Апырмай, неге кеттiм сол арадан!

Халық әнi

 

Ана қыр ма екен, мына қыр ма екен,

Жастықтың қалған iздерi.

Құбақан төбе, құла бiр мекен,

Еске аласыз ба сiз менi?!

 

Еркелеп өзiңе есейiп едiм,

Кереге қаптал кер белең.

Күндерден қымбат кешегi, керiм,

Жаныма жақын сендер ең!

 

Байқасам, сiрә, ұмытқан бәрi,

Кездердi сонау жыр-дастан.

Өзгерiп тiптi шыбық-талдары,

Құрбымдай болып сырласқан.

 

Тұр менi сонау кезеңде бағып,

Сазарған Күн де сепкiл бет.

Өкпемдi төктiм, өзенге барып,

Өзгерiп неге кеттiң деп.

 

Егiз қозыдай етене жастан,

Келiп ед саған сыр айтқым.

Бөтеге төбе бетеге басқан,

Бөтенсiп қарап, мұңайттың!

 

Ылдида тоғай, ызғыма белес,

Ана бiр аспан көпкеңбек

Шулады бәрi: «Бiз кiнәлi емес,

өзiңсiң тастап кеткен!»- деп.

 

Биiгiм де жоқ, мұратқа жеткен,

Бастағанменен жол мына.

Сендердi тастап, жыраққа кеткен,

Не дерсiң мендей сорлыға?!

 

Аңқиған таулар, аңқаусыңдар ма,

Шуаққа шомған құбылаң?

..Тiрлiкте бiр күн дәм таусылғанда,

Ортаңа келiп жығылам!

 

***

 

Көсiлткен бiр кез көңiл дөнендi,

Кейiндеу қалды арман-күн.

Бет жағы жылтыр өмiр дегендi,                                      

Бiтпейтiн той деп алдандым!

 

Дүрiлдеп сосын, тойдыртып құмар,

Жасадық талай күпiрлiк.

Бiр мәрте кiрiп, бой жылтып шығар,

Шарапхана деп бұ тiрлiк!

 

Әрiнен жұтап ән ұшқан бағым,

Қалғандай босап бар әлем.

Керектiң бәрi алыс қалғанын,

Жатырмын бiлiп жаңа мен!

 

Сарғайып келген тамызды көрiп,

Сарғайды бүгiн көңiл де.

Босаған шиша тәрiздi болып,

Арзандайды екен өмiр де.

 

Мәреге жетпей, шалдыққан атай,

Шаршадық сәл-сәл бүгiнде.

...Қалған ғұмырың – қалдық шараптай,

Тостақтың мынау түбiнде!

 

***

 

Құйрығың – жез, сары алтыннан – кірпігің,

Көкжиектен асып кеттің түлкі – Күн.

Жамаймын деп көңілімнің жыртығын,

Жыр құраумен тағы да өтті бір күнім!

 

Бақыт - қымбат,

Үміт - құнсыз

Ой - тегін.

Өзің, өлең, өкініштің айт емін.

Қасиетіңді қалтаңменен өлшейтін,

Кещелерге құнсыз болсам қайтемін?!.

 

Қой, бауырым, қабағыңды аш, түнерме,

Тірлік мәнсіз, жұп болмаса мұң ерге.

Құны жоқ деп қызыл сөздің қамықпа,

Ақыны мен әкімі көп мына елде!

 

Сырты - сылаң,

Іші - жылан жалғанда,

Ажалдай боп көрінеді арман да.

Бұқар айтқан ой түбінде жатқан сөз,

Шығар болса, құлақ асар жан бар ма?!

 

Қарағаш, Қазақ және «Қызыл кiтап»

 

 Қарағаш – Ерейментау жерiнде өсетiн, “Қызыл кiтапқа” енген ағаштың сирек кездесетiн түрi. Ол таза сулы бұлақтардың жағасына ғана шығады. Егер бұлақ тартылса, қарағаш та қурап қалады.

Ғылыми анықтамалықтан

 

Қара орманда осынау бiрге өстiм деп,

Ей, Қарағаш, өзiңмен мұң кештiм көп.

Сиреп қалған қатары сенi көрсем,

Сенi көрсем тұрады тiлдескiм кеп!

 

Сәл ырғалып, неге ойға берiлесiң,

Қарағаш-тал, бiрақ та не бiлесiң?

Қарапайым күн кешкен қара қазақ,

Секiлдi боп көзiме көрiнесiң.

 

Мазаласа жанымды мұң лебi

Жыр шiркiндi құлаққа кiм iледi?

Сенiң нәрiң - бұлағың.

Менiң нәрiм -

екi талай тағдыры тiлiм едi!

 

Беу, Қарағаш, сенiң де қайғың бар ма,

Екеумiздi тағдырым сай қылған ба?!

Сен өлесiң, тартылса бұлақ-нәрiң,

Мен құримын, тiлiмнен айырылғанда!

 

Осы бiр ой мазалап күнде менi,

Тоғай жаққа қараймын iргедегi.

Сенi «Қызыл кiтапқа» кiргiзгенде,

Бiлген шығар ғалымдар бiрдеңенi.

 

Мақсатым да, мұңым да бөлек едi,

Келетiн күн бiлмеймiн, не бередi?

Қарағашты кiргiзген сол кiтапқа,

Қазақты да кiргiзу керек едi!

 

Басымызда болғанмен парыз неше,

Нанар бiреу осыны аңыз десе.

Қызыл қоғам бiр кезде қанын iшкен,

Қазақ «Қызыл кiтаптан» пана iздесе!

 

Мекен болған таусылмас сан аңызға,

Сен де, мен де перзентпiз даламызға.

Қазақ пенен Қарағаш бiр күндерi,

«Қызыл кiтап» бетiнде қаламыз ба?!

              

Бұлтқа батса бұлданып қырыс күн де,                                                                                                                     

Қыр үстiнде кешқұрым мұң iштiм бе...

Қара Қазақ, Қарағаш, сенi ойлаймын,

Қалтыраған бейуақ қыл үстiнде.

 

Не қыламын, апырмау, ендi не етем,

Буамыз ба бәрiне белдi бекем?

«Қызыл кiтап» Қазақ пен Қарағашқа,

Боп жүрмесiн әйтеуiр соңғы мекен!

 

Жалғыздық

 

Құштарымның құрығын ала қашқан,

Бір жыр оқып берейін саған, Аспан.

Бір жыр оқып берейін, саған бүгін,

Қуанышы мұңымен араласқан!

 

Желқайықтай жанымнан күн зыр етіп,

Жеткізбейтін бір арман жүр жүдетіп.

Тұман кешіп түнеріп тұрған таулар,

Сендерге де берейін бір жыр оқып!

 

Сері самал асып кеп қырдан аман,

Сергітеді жанымды мұң қамаған.

Бір өлеңім бар еді сақтап жүрген,

Сонымды оқып берейін тыңда, Далам!

 

Жүрегімнің қаны мен тамған нәрі,

Бар байлығым осы еді жалғандағы.

Сендерге оқып берейін, себебі оны,

Ерейменде тыңдайтын жан қалмады!

 

Сайлау БАЙБОСЫН, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы сыйлығының иегері

 

 

author

Сайлау Байбосын

ЖАҢАЛЫҚТАР

Әлеуметтік желіде Джеки Чанның командасының Ақтауға келгені туралы ақпарат берілген видео пайда болд...

ЖАҢАЛЫҚТАР

2026 жылғы 29 қаңтарда Санкт-Петербургтің Ленин аудандық сотында танымал боксшы Дмитрий Биволдыңбұры...