Сүндет Сейітов. Үш кәмпит, төрт бауырсақ, жеті жаңғақ...

Фотосурет автордың жеке мұрағатынан

ПОЭЗИЯ
2368

Сүндет Сейітов – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1998 жылы 3 қазанда Шыназ ауданында туған. «Ұмытпас» кітабының авторы. Орталық Азия инновациялық университетінің түлегі. Шымкент қаласының «Жыл ақыны» премиясының екі дүркін иегері (2013-2018). 

 

Дедім-ай, ау...

 
Үш кәмпит, төрт бауырсақ, жеті жаңғақ. 
(ауылдың алты ауызынан) 

Үш кәмпит, төрт бауырсақ, жеті жаңғақ, 
Пенденің сыйлы болса аты қалмақ. 
Жегенің кәмпит емес, жантақ болса, 
Дүние танадайын оқыранбақ. 

Дүние кәмпиттейін, жаңғақтайын, 
Мөлшері кетпен шапқан бармақтайын. 
Бармағың бүтін болсын дүниелік дос, 
Жұлыным үзілгенше ардақтайын. 

Маңдайымда тер емес, бес елі сор, 
Бес елі сор, жанымның кеселі сол. 
Мұрнымнан жан ұшқандай шықты-ау бүгін, 
Өлтіре жаздай-тұғын кешегі шер. 

Жүрегім кеуде ішінде ойнақтайды, 
Қайғымды өзегіне бойлатпайды. 
Құдайы өте қоймас бауырсақсыз, 
Кәмпитсіз өн бойыма шай байтпайды. 

Пенденің жақсы болса, аты қалмақ, 
Мекенім жер шарының шеті болмақ. 
Шіркін-ай, көз алдымнан кетпеңдерші, 
Үш кәмпит, төрт бауырсақ, жеті жақ...

 

ҚАР

 
Мәрия! 
Қаламызға қар жауды, ақ ұлпа қар,
Қар бетінде ойнақтап бағым жатар.
Қолым менің жетсе егер сол бір баққа,
Қыр басынан күлімдеп таңым да атар.

Жасағаны құдайдың қандай көркем,
Қарды айтамын; бірақ ол болмайды ертең. 
Мен тұратын қаланың күні қырсық,
Қырсықтығын жасамай қоймайды, еркем!

Қарға аунап ал, асап ал, бүгін сен де,
Енді ол қайта жаумайды үңілсең де.
Енді ол еріп, айналар көктайғаққа,
Қуансаң да құлайсың, түңілсең де.

Қаңтар айы былтырғы, сол болғаны:
Көше жаққа жүгіріп барған бәрі...
Қар орнына оқ жауды аспан жақтан, 
Ел құлаған алаңда ол болмады...

"Қар жаусын!" деп айттың-ау, сен де ұрандап,
Ниетте ме ең өзіңді сендіре алмақ? 
Отқа түсу - ерлік қой отан үшін,
Тоққа түсу - айып па елді қорғап?..

Мейлі, қарды айталық, ақ қар жайлы,
Ақ қар жатқан алаңда оқ болмайды!..
Қаңтар айы - қар айы, боран айы, 
Боранды түн мылтық та оқталмайды!

Қарға аунайық, айтайық "Ақбұлақты",
Шуылдатып ойнайық сақ құлақты.
Биылғы қар - қар ма екен былтырғыдай,
Маңдайыма біртүрлі қатты батты?..

****

Қаңғыған жебе емес-ау, 
Аңдыған жебе секілді. 
Көзіме түскен елес-ау, 
Елестер өлген секілді... 

Көрерге көзім соқыр боп, 
Жеберге әруақ жоғалғыр. 
Омыртқамды кеп опырды оқ, 
Жүрекке мәңгі қамалғыр. 

Әз басындағы аз бағы, 
Бомбадан қашты талайдың. 
Сақалы түсе жаздады, 
Мүсінге айналған Абайдың. 

Өлерміз сәтті күтіп тек, 
Бұған да жаным, сене біл. 
Көйлегім тұрсам үтіктеп, 
Үтіктепті ғой мені өмір. 

Шілдесі келер бұл қыстың, 
Ақпанға бір ай қалғанда... 
Ашуы шықты ілбістің, 
Қаңтар кеп атой салғанда. 

Қаңғыған жебе емес-ау, 
Аңдыған жебе секілді. 
Алаңда өлген елес-ау, 
Сол елес — қазақ секілді...

 

ҒАРЫШТА

Күз жұпары аңқыған дала мынау,
Дала мынау, мен қайда қарадым-ау?
Еркесіне хат жазып, қалам алып,
Хат-хабарсыз жабыққан қарамын-ау!

Сол ерке қыз тұрмысын құрған бәлкім,
Бөксесінен тентек жел ұрған қалпы…
Кім айтады ұрының мекен-жайын,
Жүрегінің кілті ұрланған түн?

Шауқанның жары болған Балқадиша,
Сияқты… түн ортасы салған иша.
зәк шектім, секілденіп мен де сол күн,
Кірешке шегеленген ардақ Иса.

Батыстан ызғырық жел жетті бөтен,
Ызғардың ызасынан кетті көкем…
Қаңбақтай ұшып-қонып жүрген сұлу,
Жел айдап, қай баурайға кеттің екен?

Естігем осы өлкеде сүргеніңді,
Бұрымдар өзің жоқта түрлі өрілді. 
Бәлкім сен мұнда емессің, мен сеземін,
Қазақтың даласында жүргеніңді.

 

АҢСАР

Сағыну - жаман ауру секілді еді, 
Әзірге қарай қоймас бетім бері. 
Сағындырған сұлу жан қай жақта екен?
Үйі де жер шарының шетінде еді. 

Болмайды іздегенге жақын бақыт, 
Ол барда, жоғалмайды басымда құт. 
Сағынамын мен оны әлі күнге, 
Дегелектей таңдайым тақылдатып. 

Ұшсақшы ләйлек құстай жұп болып біз,
Жеті қат кедергіден құтқарып сіз. 
Табылармыз ендеше, баяғыда-ақ, 
Жер бетінен жоғалған Мық болыппыз...

Жарасып-ақ жүруші ек біз ұдайы,
Бозсу бойын жайлаған жылыжайы. 
Бақытты құс болармыз, бұл қазақтың,
Бір тәңірі қолдаса, бір Ұмайы! 

Дариядай су қаным тасып жатып, 
Жүргенімде, қонды бір тосын бақыт.
Сағынамын мен оны, алыстаса, 
Дегелектей таңдайым тақылдатып...

Менің толғауым
Ширек ғасыр бұрында,
Қайтемін дедің ел болсам,
Қайтемін дерсің шөл болсаң? 
Шеңгел де өспей жеріңе,
Көлеңке түспей беліңе,
Кесіртке кеспей шөліңді, 
Қасқалдақ қонбай көліңе, 
Бола да алмассың сүйердей,
Жатарға ғана жарарсың,
Дулығы пішін көр болсаң.

Көрдің де бір сом құны бар,
Адамзат түбі жығылар.
Елсің бе, айтшы, сыры бар,
Жерсің бе, айтшы, жылынар.
Кеудемде дүрс-дүрс еткен бір, 
Емес-ау жүрек - сен деп ем, 
Өзіңе өзімді жөндеп ем,
Ләм-мим десең де, үн қатшы,
Үні бір шықпас не екенсің?
Гүлі бір шықпас мекенсің! 
Айтарсың бір сөз деппін-ау, 
Көрсоқыр, мылқау, мен керең! 

Ақ алтын менен қара алтын, 
Шұқылап тапқан сары алтын.
Кәдеме менің жарар деп, 
Қорғаштап келдім, уа, халқым.
Жарандар жарлы, қараңдар!
Мына бір сойқан адамдар,
Аққұлақ көрсе - саққұлақ,
Зындан көрінсе - желаяқ,
Жатпайды бұлар мені аяп,
Қалмайды бұлар сені аяп,
Жалғызым дейміз мұны да,
Қазақ-ау дейміз мұны да,
Көзіңді ашсаң, әсілі,
Екі аяғы бар - алаяқ! 

Көрінсе бізге күн сонау, 
Басталар көзді тұмшалау. 
Жетпей жүр саған таяқ жеу,
Жетпей жүр бізге бір сабау.
Айналып келіп қазыққа
байлану - біздің жазық па? 
Мұрша бер, Төре, бір терлеп,
Опасыздарды шілтерлеп, 
Аяғын көкке қаратып, 
Маңдайын жерге жалатып, 
Басын шаппасам, шаппайын,
Тобығын кессем, сол жарар,
Өзімен бірге солардың,
Ақырын оқыр молдалар...

Айтатын сөзі осы боп, 
Жауызға атар тасы боп,
Сүндетте ғана тіл бар-ау, 
Шығар да шықпас үн бар-ау, 
Дегенім менің болмаса, 
Қара басыңа қасірет.
Жүрерсің оттың үстімен, 
Көретін күнім осы деп!

 

АТАУСЫЗ ӨЛЕҢ 

Біздің ел, біздің отан, біздің аймақ, 
Әлі күнге жадымда жүр құдайлап. 
Менің бала күндерім осында өтті, 
Жалаңаяқ жүгіріп, суды лайлап. 

Етегінде жүргенмен кей белестің, 
Жүрегіне дақ жұққан пенде емеспін. 
Өгейлігін шешенің білмеппін де, 
Қағайлығын әкенің көрмей өстім. 

Бүй дер едік: 
Біздің басқа тиіп кетіп тас ғұмыр, 
Басым-айлап, айтар едік жақсы жыр: 
"Одам борки, одамларниң накшидур,
Одам борки, хайвон ундан яхшидур"..

...Осы өлеңнің төркінін түсінгенде, 
Иеленер құдайдың күшін пенде. 
Дүниенің нұрланған төрт бұрышы, 
Аспан жақтан төрт кітап түсіргенде. 


Айтарыңыз жоқ шығар сіздің өңге, 
Дүние көп осында біз білерге. 
Біліңізші, шықпасын есіңізден, 
Төрт кітаптың біреуі — біздің елде! 

Кітап деймін, бұл деген — кітап емес, 
Ағаш та емес, шөп те емес, бұтақ емес. 
Құстар да емес, гүл де емес, ол — адам-дүр, 
Ол адам-дүр, қорғансыз, тұсаулы елес. 

Ер туа алмай, әзіз ел сорлаған ба? 
Ел көре алмай, алып ер сорлаған ба? 
Барып-келіп жүрер ем сол ауылға, 
Адамзатқа берерім болмағанда...

*****
Гүлдесте қып саған сыйлық берсем мен,
Жан болармын махаббаттан теңселген.

Жердің бетін жеті қабат тіліп ал,
Сосын одан әтлес көйлек тігіп ал!

Ештеңеге ұқсамайды кескінің, 
Сен - дарасың, болмағандай ешкімің!

Өмірің де көркем болар өзіңдей,
Көркемдігің - өмір болар өзіңдей! 

Көркем болған өміріңді сүрсем мен,
Көркемдікпен сен өмірді сүрсем мен...

...Мойыныңа гүлді қойған кім тағып,
Ол есуас болғаны ма мұншалық? 

Ех, гүлдесте таққан инсан - мен екем, 
Сол есуас инсан болса - мен екем!..

Үзір, қалқам, өкпелеме, сөкпеші,
Гүлдестем мен көйлегіңді шешпеші!..

 

ЖАНКЕШТІ 

Көреген басым көре алғанымен ертеңді, 
Ертең деймін-ау, бүгіннен жаным өртенді. 
Бері тартамын жаурағаннан ба шар басым, 
Ары да тартып, жырымдап алдым көрпемді. 

Төселген бе екен түкті көрпешем жамбасқа, 
Бүгінде мендік береке басқа, бақ басқа. 
Адам бола алмай жүргенім шығар бар кінәм, 
Дәл осы қалпы айналып кетсем көктасқа. 

Мәрия-ау, сен де, дүрия-ау, мен де — бөз ие, 
Бөз иелікті жүремін ылғи сезіне... 
Өмір сүруге болар-ау деймін ермей-ақ, 
Тобықтының бір жаман шалының сөзіне!

 

ОЯТШЫ 


Оянбай қалсам бір күн сен оятшы, 
Құдайға жақын болған ей, айтшы! 

Кеудемде жанып ойнап, қаным қайнап, 
Мен жатсам, басымда тұр барымды ойлап. 

Досыңның түні бұзық, күні қызық, 
Деміне қауырсын тос үзік-үзік. 

Атымды адам емес, құдай қойған, 
Төбеме қорған қылып күн-ай қойған. 

Райхан гүл жұпар аңқып тұрса мен бар, 
Ғажапқа сенбейтіндей мұнша нең бар?! 

Оянбай қалсам бір күн сен оятшы, 
Құдайдан пәрмен күтпей ей, аятшы! 

Қорықпа, ішіңдегі буыңды бас, 
Райхан гүл қайнатылған суыңды шаш... 

Мәрия-ау, сонда ғана оянармын, 
Ағашын мына өмірдің саялармын. 

Ояншы, ояна гөр, мені оятшы, 
Дәл саған айтарым бар ей, аятшы! 


Айтамын көргенімді қанша белгі, 
Түсіме Расул енді, Ғайса да енді... 

*****
Көруге көзім соқыр болмаса екен, 
Сүюге жаным дертті болмаса екен. 

Шұғынық гүлдей реңді, аққұба қыз, 
Өзіңдей жан туғанды жақтырамыз. 

Атыңды сенің Ләйлә қойса деп ем, 
Сыңары ләйлек құстың болса деп ем. 

Ақпанқызыл түнде де сені ойладым, 
Саған жету жайын да көп ойладым. 

Көгіңе сені қорғар бұлт құрадық, 
Дүрия көйлегіңнен жыртып алып. 

Төзбеспін сезім оты күйдіргенге, 
Төзбеспін жете алмауға; сүйдіргенге...
 
Құдай-ау, қайдан, қалай бұл құбылыс, 
Мені оған жеткізбей тұр бір кідіріс? 

Ей, инсан, азаптамай қайтшы маған, 
Ынтызар еттің неге айтшы, маған?!


****
Күзімнің ғана мінезі қырсық,
Болмаса қырсық, не қызық?
Бойжеткен кенет күледі ыңырсып,
Гүл шоғын "сүйемін" деп үзіп.

Сүйеді сұлу, ол сені дәйім, 
Сүймесе сені, бар азап.
Жылағаныңды көрсе құдайым,
Сонда да тағы бар азап! 

Жылағаныңды адамдар көрсе,
Ұят-ай дейді бет шымшып.
Құзырыңа кеп жарандар менше,
Жығылар ма екен жеттім-сіп?..

Аршын төс қандай!
...таңданыс менде, 
Алма ағаш сынды бүрлеппін.
Деппін-ау, күзде алма піскен бе,
Барыңды сенің білмеппін...

Күз бенен сенің мінезің қырсық,
Болмасаң қырсық, не қызық?
Соқса екен деймін жүрегің тыншып,
Гүл шоғын "сүйеді" деп үзіп...

 

ҚАҢТАР ЖЫРЫ

Жыладым мен де, жыладың сен де сол күні,
Жаныңа батып, қаңтардың сонау қорлығы.
Айрық айында қабырғасы қарс айырылған,
Ертеңгі күні “жылайрық” дейді ел мұны.

Әлі де менің көңілімде титтей қылау бар,
Мазалай берді “Жаңа Қазақстан” дейтін ұрандар.
Ей, тірі құрбым, дұғаңды жаса сол күні, 
Дәмете келген әруақтарың да бір аунар…

Көздерден ащы тұрғаныменен жас ағып,
Шаш ал дегеннің орнына олар бас алып,
Өкіріп жатып, шыңғырып жатып түрмеде,
Жаңа Қазақстанды жасадық! 

Ержігіт сол күн құшақтап тұрып ғашығын,
Бойжеткен сол күн аялап тұрып асылын.
Кемпір-шал сонда қырылған елді көрді де,
“Астапыралла, обал-ай” деді жасырын.

Обалы кімге? 
Осы еді бізге жетпеген,
Қаңтарды енді шілдеден бетер жек көрем.
“Айналайын” деп айтатын жұрт қой, жазған-ау,
…Айналма жолда айналып қана кеткен ел!


*****

Қарғалар айрық айы қан жалады, 
Адамдар қызыл түсті қар жалады... 

Көргенім өңім бе еді, түс емес пе? 
Түс көргендей болған жұрт түседі еске. 

Анамның еккен гүлі солмай-тұғын, 
Сол күні солып қалды болмай тыным. 

Жан берген адамдарға қарайладым, 
Хафиздің өліміндей деп ойладым. 

Бұл күннің сен тыңдама, ауыр — шыны, 
Мүрдеде қарғаның тұр қауырсыны... 

Ызғарлы болғаннан соң айрық айы, 
Халықпен жан тапсырды ар құдайы. 

Бұл ызғар өткір болды, қорласын бір, 
Жебе емес, жүрегімде қорғасын тұр. 

Не жазық пенде менен жаратқанда, 
Қашып та құтылмассың тозақтан да!

**

Түспей жүр бір нұр маған, бір нұр маған, 
Нұр жарата алмаған құрғыр ғалам. 

Жетпейтін бұл қандай нұр, кімнің нұры, 
Хақтың нұры ма әлде күннің нұры? 

Екі мың да тоғыз жүз тоқсан тоғыз, 
Ғаламзатты көрерсің тапсаң қоныс. 

- Уақыт соншалық тез өтті неге? 
- Үш мың бірінші материя жоқ дүниеде! 

Сусап өлер күйдемін содан да, Арзу, 
Сол нұр түспей жүр ме екен саған да, Арзу?

Бастаусыз, шексіз, шетсіз, бұл не екен деп, 
Адамзат көкті тінтіп, жүр мекендеп.

Баласы адамзаттың соны білмей, 
Жүргені маған қызық көзін ілмей. 

Мен айтсам, естіген жұрт құлай күлер, 
Бір білсе, сіз іздеген құдай білер...

 

ҚҰДАЙ 

Берсең бер, бермесең қой несібеңді, 
Өлген соң, жазалайсың несін енді? 

Сұрама еш нәрсені көрде менен, 
Шар басым өзіңді іздеп, дөңгелеген... 

Сұрама, жауап бермен, жазалама! 
Шаршаған бұл пендеңді мазалама! 

Сының ба, азабың ба, мазағың ба? 
Мен байғұс жанады екем тозағыңда... 

Пейіш те қажет емес бұдан бұлай, 
Тозақ та қажет емес бұдан бұлай! 

Берсең бер, бермесең қой береріңді, 
Өзім-ақ жаратармын көрерімді. 

Ермегің мен емеспін, күлесің бе? 
Қазақстанда сен жоқсың, білесің бе? 

Дегенмен, бір өзіңді бар деп сенем, 
Тым қатігез болсаң да, бар деп келем... 

Білгішсің, көрегенсің, ақкөңілсің, 
Ендеше құдіретің де пәк көрінсін! 

Діндар да білгір-ділгір құлдарыңды, 
Алып кет, әпербақан тұлдарыңды. 

Сен мені күнәһар деп жазалама, 
Бейкүнә бұл пендеңді мазалама!

**

Ей, Хафиз, мұнарадан құлаған сол сен бе едің? 
Тас басқандай түсті кеп еңсем менің. 

Ұлы ақын мен тақуа өлсе солай, 
Ажал деген бізге де келмес оңай... 

Сол күні ішкенсің бе жүзім шарап, 
Мұныңды хаққа деген үзір санап. 

Дауысың қандай ғажап еді сенің, 
Біләлдің қайта піспес жемісі едің. 

Сол күні өзіңменен ғарыш бітті, 
Азаннан айғайлаған дауыс шықты... 

Кеудеңнен жаның шыға өкірді аспан, 
Шатырдың жындысың ғой шетін басқан. 

Жоқтап жүр сан ғасырдан халқың мұнда, 
Алланың қалауы-дүр бәлкім бұл да... 

Ей, ақымақ, ақын дос, ақын көршім, 
Сенсіз өткен уақыт бақұл болсын!

Жаңалықтар

Ташкент қаласының Янгихает ауданында ер адам әйелін 25 рет пышақтады, деп хабарлайды madeniportal.kz...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде жақсы танымал имам, дінтанушы, теолог, психолог Нұрлан Байжігітұлы АҚШ-та Ақ үй...