Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ – 1986 жылы 10 қаңтарда Қарақалпақстан автономиялық республикасы, Беруний а...
Тұрдыхан Айдарханұлы. Ес ішінде есінейді бұл ғұмыр...
Фотосурет ашық дереккөз
1. Алма және әлем
Көктемде алма ағашы,
Бүршік ашып,
Үмітпен көкке бой созады.
Жазға қарай ағаштардың басында,
Толысып келе жатқан алмаларды көресің.
Олар бейне бір-бір жер шары сияқты,
Кеңістікте тербеліп тұрады.
Күзде нарттай қызарып піскен алмалар,
Қып-қызыл нәпсіге айналады.
Олардың өз кеңістігінен,
Жерге топ етіп түсуі,
Әлдебір үзілген үмітке ұқсай ма?
Жоқ!
Ал біз тағат қылмай бірден үзіп аламыз.
Тартылыс күш пен алманың арасында,
Не өмір сүреді?
Бұл бізге мәңгілік жұмбақ.
Ал егер Ньютон да нәпсісіне еріп,
Алманы алдын ала үзіп алған болса,
Онда не болар еді?
Әбден толысып піскен алма,
Толғақты ой.
Ол әлемді қозғайды.
2. Ымырт
Ымырт үйіріліп келеді,
Мен мәңгілік ұйқы алдында тұрдым.
Аулада суық торғайлар,
Көктем туралы жылы әуен төгеді.
Мен ояумын,
Ауыр түс көремін,
Түсімде әлем алып кітапқа айналыпты.
Ал менің ауылым,
Кішкентай, сүйкімді,
Ақ тысты кітапқа айналыпты.
Қараңғы қоюланып келеді,
Ұлылы-кішілі екі кітап,
Алдымда жатты.
Мен қайсысын оқитынымды
Білмей,
Аңтарылып тұрмын.
3. Теңіз
(Ардақ Нұрғазыға)
Түн...
Ойлардың шуылын бөгер кім?
Терезе сыртында сумақы жел есер.
Тал-терек теңселіп,
Еркіндік жайында кеңесер.
Аядай бөлмеде,
Күбірлеп көп күмән,
Тек іштен тынады сол ақын,
Қиялын жетелеп қиырға ақ тұман!
Теңізді аңсайды бәp біреу,
Шексіз бір ой кешіп,
Айкезбе сезіммен,
Жындармен тілдесіп,
Өзімен сөйлесіп.
Аңсамайды ол теңізді,
Теңіз тек оның ішінде тулайды.
Қасқайған жартастай денесін,
Толқындар соққылап,
Акула ойларға жұтылып,
Кетеді құрдымға шым батып.
Далада сұр тұман,
Еңсесін басады әлемнің.
Ақбұлақ арманы суалып,
Қасірет теңізін көп кешкен,
Сол ақын,
Аңсамайды ол теңізді.
4. Лашық
Айдалада жалғыз лашық тұр,
Оның іші тәтті түстермен, қиялдарға толы.
Шексіз де шетсіз көбелек сезімдер,
Өлеусіреген майшамға ұмтылады.
Мен оның алдында тұрмын.
Лашықтың төбесінен сенімсіз күбірлер,
Әуеге көтеріліп жатыр.
Жалғыздық үні жанды тербейді.
Оның ішіне кіргім кеп жақындадым,
Алайда ол мені жұтып кете ме деп
Қатты қобалжып тұрмын.
5. Ақырзаман
Қабырғада ақырзаман туралы сурет ілулі тұр,
Шым-шытырық бояулар көз сүріндіреді.
Сол бояулардан мұрныма өлімнің иісі келеді.
Жасыл шөптер мен гүлдің иісі аңқыған дала,
Көкірегімде ескі сурет сияқты қалқып жүр.
Неге екен?
Қабырғадағы сурет мені өзіне тарта береді.
Қалада қайшалысқан мотордың үні
Ойымды бөліп жіберді.
Есіктен шықтым да қара нөпір адамдардың ішіне
Сүңгіп кеттім.
Ақырзаман туралы сурет,
Ту сыртымнан баспалап келе жатқандай,
Артыма жалтақтай бердім.
6. Құмыра
Көкжиектің жанарында қан ұйып,
Батып барам тамшылаған мұңдарға.
Таңдайында уақыттың,
Тасқа айналған тарих.
Аспан жерге дәтін айтар күн бар ма?
Қара барқын бейуақтың сұлбасы,
Аңдып басып алға қарай жылжыған,
Есінейді ес ішінде бұл ғұмыр.
Түн тәңірі қылғыған.
Сүлейменнің мөрін басып бетіне,
Ықылымда көк теңізге тасталған.
Дию сезім мекендеген сан ғасыр,
Бақ ішінде шөлмек жатты бос қалған.
Мен ғаламның көз жасына байланам,
Ескі дүние — ештеңе жоқ жаңарған.
Жаса еркіндік!
Ақ түтінге айналып,
Сол диюдай қашып шыққан қамаудан.
7. Уағыз
Көзімді жұмдым,
Алдымда аспанмен тірескен қара сақал тұр.
Күңіренген азан дауысы жан-дүниемді аралап жүр.
Аптап ыстық қуырып барады,
Тозақтың отына күйгендер
Жалынышты жанарларымен кемсеңдей қарайды.
Жанымның шырылы
Қара шыбындарға айналып,
Өлексе санамда үймелеп жүр.
Қанаты қырқылған періштелер,
Аспандап ұша алмай әлекке түседі.
Көзімді аштым,
Мәйхана төрінде отыр екенмін.
Қызылды-жасылды шырақтар
Бұрала биге басқан кәнизектердің
Қимылына елітіп билегім келді.
Досым маған шарап ұсынды,
«Көбей сиырларым, көбей, өмір қысқа».