1923 жылы «Еңбекшіл қазақ» газетінің № 60 санында 7 бөлімнен тұратын «Басп...
Айгүл Кемелбаева. Ақтоғайдан келген ақын
Фотосурет автордан
Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының Мұқағали Мақатаев залында 6 желтоқсанда жаңа кітап оқырманға жол тартты. Автордың дәл осы күні 70 жасқа толғаны қуаныш энергиясы еселенуі десе болар.
Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ жоқ іздеген халық» деп айтқан екен. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен шыққан жыр жинағы «Жоқшы» деп аталады. Авторы Мүсіркеп Сейдахмет. Үлкен қаладан шалғай, ел ішінде тұратын ақын-жазушылардың көркем туындыларын жариялауға басымдылық берілгені әдеби ортадан алшақ жүрген талант иелерін танытуға мүмкіндік береді.
Ән-күймен көмкерген жыр кешін Қарағандыдан ақын ағасын құрметтеп жеткен, әдебиеттің негізгі қос жанрын қатар ұстаған дарынды жазушы Серік Сағынтай жүргізді.
Мүсіркеп ақын ұлттық өлшемдерді қалт жібермейтіні бірден көрінді. «Менің Махамбетім» атты желдірме толғау ата қазақ дәстүріндегі «қайран жиырма бес» деп келетін жастық дәуренді суреттеу екені өз алдына, қос сөздердің жиі қайталануы таным қаймағы бұзылмаған ежелгі қазақтың өз үні. «Жайраң да жайраң жастықтың, / Жайлауы тозар демедім», «Сайран да, сайран сайрандап», «Кердең де кердең, кердең күн», «Шағыл да, шағыл даладай, / Шалқып бір жүрген шақ екен» деп үдей қосарланып келеді. Расында ақын өзі жазғанындай, «Айта жүрер біз үшін жастық аңыз», «Жоғалған жастық шақ», ««Әу» дегенше жалт беретін, / Жастық дәурен келте неткен», бұл барша маңдайға жазылған жазмыш.
Лирика ақынның өз бейнесі жан сарайын танытады. Абай айтпақшы, «өлең шіркін өсекші». Әйткенмен ақындық жаратылыс жалпақ жұртқа жаяр сөзді елең қыла қоймайды, іркілу қайда, іштегі шерін жасырмайды. Мүсіркеп ақын «Кедейшілік, жоқшылық екі қолы жағамда. / Жаяу ата кеш мені, мен де тестім өкшені» деп Жаяу Мұсаға наз айтқаны замана көрінісі еді. Жазба әдебиет өкілдерінің бірқатары қоғам құндылықтары өзгеріп кеткен өларада жүдеп-жадап тұрмыстық қиындық көргені әбден рас. Бәрібір сол кептен ақын жаны жасымайды, «Өмірім өзімнің амалым. /...Өмірім жамаудан тұрады», «Өкінбеймін сүрінген сәттеріме, / Өкінбеймін түңілген сәттеріме», «Күдеріңді үзбеумен / Өмір өтіп барады», «Жағам жайлау, өз елімде ұлтанмын» деуі соның айғағы. «Ағынан жарылатын ақын ғана» деп дөп айтады.
«Қара жер – тәннің мекені, / Өзіме аян, Һаққа аян, / Жанымның көктік екені. / Жетеді..». Қазіргі позаға жиі ұрынатын боямашы қоғамда мұндай сөзді шығармашылық адамы, оның ішінде арлы-адалы айта алса керек. Ақынның өз портреті: «Үстімен жүргем жоқ ауырдың, / Астымен жүргем жоқ жеңілдің. / Ауырсам шындықпен ауырдым, /Жеңілсем шындықтан жеңілдім».
Ақын кей-кейде құлазып, жын жайлаған қоғам деп налиды. Әдебиет әлемінде де біз сезген шындық осы: «Қара бастың қамын күйттеп жүргенде, / Айыра алмай қалдық, жақсы-жаманды».
«Дінің азған, / Жат ағымдар сыналап, / Тілің жазған босағадан сығалап»; «Дінің ала, қырық құрақ, құрама, / Тілің шала, кекеш, сақау дүбәра. / Ойламасаң қазақ, қазақ болуды, / Құрама мен дүбәралар ұра ма. / ...Ұлттық дәстүр, салт санаңа оралып, / Қазақ болып қалу керек, қалайда»; «Қарын тоқ, қызмет бар, әй, бірақта, / Санада тұрады алаң, «елім» деген»; ««Елімнің түбі бағы жанады» деп, / Үкілі үмітімді үрлеп келем».
Мүсіркеп аға ел болуды қадай айтады, уайымдап айтады. Отан ең киелі ұғым, дүниеде оған тең келер не бар. Оған адам баласы ғана емес, жер-су, аң-құс қоса кіреді. Сондықтан әр ұлт үшін тотемдік белгілерден айрылу қауіпті, өйткені ол да шын мәнісінде киелі эгрегор, елдік символ, иррационалды қорғаныш нысаны болып табылады. «Арқаға киік те оралды, / Жоқ, түздің көкбөрі иесі. / Қырып сап, ұмыттық обалды, / Ұрады түбінде киесі». «Қыс қайтару» атты өлеңде Абаймен үндестік көрініп тұр.
«Қызылтас», «Ақтоғай – шатырша», «Қызыларай келбеті» – туған жерді таңбалаған цикл, тамаша табиғат лирикасы. «Жұпар иіс тебінген, / Елітеді кісіңді», иіс тебіну, иіс толқынын жылқы жануарға телігендей етіп айшықты айту поэзия үшін селт еткізер көрікті әрі эстеттік теңеу. Әсіресе, «Қызылтас» шедевр өлең. Ілияс Жансүгіров Жетісу табиғатын космостық жырға ұшыртып қосқанындай өте көркем, текті жыр, жаратылыстың кескінін зер сала, сүйіне жанды суреттеу анық суреткерлік таңбасы!
«Көк теңбіл тасқа қына рең беріп, / Қойғандай тауға түкті кілем керіп. / Түйенің өркешіндей іркес-тіркес, / Жалғасқан жота-қырат сілемденіп. / Тұяғын құрыш болат басқан қадап, / Тәкәппар арқар биік тастан қарап. / Етектен көз жіберіп қарағанда, / Жарықтық кетеді екен аспандап-ақ».
Ақтоғай ірі таланттар шыққан құнарлы топырақ. Елде тұратын ақын-жазушылардың әдеби орта жүрген топтан шығармашылық артықшылықтары бар. Олар уақыттан ұтады әрі жас буынға, айнала ел-жұртқа көркем сөздің қасиетін таныта береді, жас балаларға дарыта береді. Дара тұлға болу руханиятқа ықылысы айрықша халыққа керек. Сонда барып ел іші алтын бесік болудан айнымайды.
8-9.12.2025.