Нұрғиса Тілендиевті ұрған кім?

Фотосурет ашық дереккөзден

ҚАЛАМГЕР
236

«Ағалар еске түскенде» дестесінен

 Бұл бір ғажап кезең еді. Қазақ ұлттық өнерінің небір дарындарының шығармашылық шырайы қазақ даласын тамсантып та, табындырып та тұрған шағы. Руханияттың айдарынан жел есіп, аспан мен жердей кеңесіп, ән саласында аспаны биіктеп, күй өнерінде теңізі шалқып, поэзия пырағында жалынды жырлардың жалы төгіліп, ертеңге көз тастап, өкше көтерген арман мен үміттің көгілдір көкжиектен көгілжім сәулесін себездеген шағында ұлттық өреннің ұландары да бауырын жазып, барын жайып жатты. Сол бір сұлудай сыланған сүмбіле кезеңде жұртымыздың жан жүрегін әлдилеген әндер де қанатын жазып, қазақ даласының ұлан қиырын тербетіп жататын. Бұлбұл әндер, дүбірлі күйлер, өмірдің өз бояуындай өлеңдер қазақ руханиятының қанатын кеңге жайған. Байтақ даламызды әйгерім әндер көркемдеп тұрды.

 Қайталанбас әншілер Нұрғали Нүсіпжанов пен Бақыт Әшімова алғаш орындаған Нұрғиса Тілендиевтің ұлы шайыр Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Саржайлау» әні әр қазақтың көңілінде көркем саз болып, дауысы келген де, келмеген де «Саржайлауға» салатын еді. Саржайлау байтақ елдің бағы мен ұранындай, теңіз кешсе айдынындай, аспан көшсе қыранындай, ұлт мүддесінің гимніндей болып тұрған шағында Нұрғиса көкемнің де айдарынан ай есіп, көңілінен күн есіп, жалаңаш қолымен жұлдыз шашқан кезеңінде ғаламға сәлемдей болып, ғажайып әндері туындап жатты. «Құстар қайтып барады» деп салтанат пен сағынышқа, мархабат мен мұңға бөленген әнінің өлеңін жазған тума талант Тұманбай ағамыздың да мәртебесін меншіктеп беріп еді. Алаш жұртын былай қойғанда Африка құрлығын тербеген, Еуропаны елеңдеткен бұл әнді студент кезімізде сәні жарасқан София қаласында Болғар радиосының алтын қорына жаздырған біздердің де мақтангерлік мерейіміз бір өскен болатын. Бұл енді кейін бір реті келгенде қағазға түсер басқа әңгіменің бір сәті.

 Сол кезеңде өркен жайған, Мәскеуді шулатып, әр қазақтың қанын дулатып, Кәкімбек Салықов ағамыздың ерекше тебіренген жүрегінен «Отырар сазы» атты дастан болып төгілген шақ. Оның ән шымылдығын ашатын «Саржайлау» туындының туын ту биікке көтеріп, ансамбльдің ариясындай, дауылды саздың дариясындай болған сәтінде Нұрғиса ағаммен етене танысып, оның оркестрді дайындау машығына бірнеше күндер бойы куә болып, ол асқақ аға, мен басқақ іні болып, сырласып, сыйласып кеткен шақ бүгін, әлем желіде сыңары сирек сазгер, әнші, гитарасын ала өгіздей мөңіреткен, аққудың сұңқылындай еңіреткен Ержан Белгозиевтің орындауында «Құстар әнін» шіркін-шіркін деп, дүркін-дүркін тыңдап отырғанда, Нұрғиса ағамды қатты сағынып кеттім. Кезінде аға туралы «Лениншіл жас» газетінде «Сағындырған Саржайлау» деген мақала жазып, Нұр ағамның ағыл-тегіл батасын алғаным есіме түсіп, жанарым боталап та кетті.

 Сондай бір сырласу кезінде ағадан «мына қызба мінезіңізбен талай оқыс жағдайды бастан кешкен боларсыз, бірер жайтты айта отырсаңыз» деп өтіндім. «Болды ғой ондай жағдайлар, қайсы бірін айтарсың» деп қарлығыңқы даусымен бір күліп алып: «ендеше тыңда, Баукеңмен (Бауыржан Момышұлы) шекісіп қалып, көрген қызығымды айтайын деп бір жөткірініп алды. «Бірде Баукеңмен бірге Қызылордада қонақта болдым. Ағыл-тегіл дастархан, ішпесіңе бола ма, көңіл деген аспанда. Содан артықтау кетіп қалыппын. Баукең ағалығына салып, қатты-қатты сөз айтты. Асау кезім, масаң мінез алды да кетті. Үйден есік аузында жатқан бір тәпішкені киіп, шаужайға жармасқандарды қағып тастап, шығып жүре бердім. Вокзалға келіппін, бір поезд келе қалды, соған міндім де кеттім. Бір қызығы бір купеге тап болдым, үстіңгі жағында бір орын бар екен, соған жата кетіп, ұйықтап кеттім.

 Оянсам таң атыпты. Төменге қарасам екі адам отыр. Біреуі Алатаудың жартасындай алып та, екіншісі киіктің сақасындай шағын біреу. «Інім, кел, түс төменге, таңғы ас ішелік» деді әлгі алыбы. Үстімде спорттық жеңіл костюм, ешқандай құжатым жоқ. Тәпішкем жерде жатыр. Сырғып түстім. Отырдым. Дәу әлгі кішкентайға иек қақты. Ол стол астынан «Қазақстан» коньягін шығарып ашып, үш стаханға толтыра құйды. «Ал, танысып қоялық, менің аты-жөнім пәленше, «Аралтұз» зауытының директорымын, сен кімсің деді өктем үнмен. «Мен Нұрғиса Тілендиевпін» дедім де коньякті қағып салдым. «Жөн, жөн, сен сонда композитор Нұрғиса Тілендиевтің кімі боласың деді гүрілдеп». «Өзімін» дедім қасқайып отырып. Кішкентайға иек қағып еді, ол тағы бір шөлмек шығарып, үшеумізге толтыра құйды. «Мына ағаң сол зауыттың бас бухгалтері, аты-жөні пәленше» деді. «Ал сен кімсің деді тағы тіктене сөйлеп. «Нұрғиса Тілендиевпін дедім тайсалмай». «Жөн, жөн, сен сонда дирижер Нұрғиса Тілендиевтің кімі боласың» деді. «Тап өзімін дедім.» Әлгі кішкентайға тағы да иек қағып еді, ол үшінші бөтелкені ашып, толтыра құйып қойды. «Аты-жөніңді жасырмай ашып айтшы, атақты домбырашы Нұрғисаның кімі боласың» деді бұл жолы ашулана сөйлеп».

 «Сол Нұрғисаның өзі боламын» дедім мен де ширыға түсіп. Бұл жолы ішпедік. Ол кішкентайға жина мына жерді, деп бұйырды. Жинап болған бойда: мені бір қолымен қаңбақ құрлы көрмей көтеріп алып, жеті атамнан бір сыбап, екінші қолымен мұрнымнан оңдырмай ұрды. Қан ағыл-тегіл кетті. Дәуге әлім келмейтінін білдім, ызадан айқайлап жылап жібердім. «Оңбаған, алаяқ, Нұрғиса Тілендиев секілді асыл адамның атын жамылып, не істеп жүрсің, саңлақтан садаға кеткір, терезеден лақтырып жіберсем, өлімтігің сұраусыз, бұдан кейін мұндай өтірік айтсаң, қолымда өлесің» деді даусы гүрілдеп. Мен жылап отырмын. Көрсететін құжатым жоқ, өршелене айтайын десем, тағы да оңдырмай ұратын түрі бар. Осы кезде поезд да Алматыға келіп тоқтады. Аяқта тәпішке, қиралаңдап түссем, перронда Ыдырыс Ноғайбаев інім тұр. Шамасы қонақта отырғандар менің поезға мініп кеткенімді айтса керек. Бойымды ыза кернеп, аңқылдап алдымнан шыққан Ыдырысты бас-көзге төпеп ұрып жатырмын. Ол кеңкілдеп күле береді. Содан мені тымақ құрлы көрмей лып еткізіп, арқасына салып алды. Сонда да арқасынан төпеп ұрып келемін. Кеңкілдеп күліп жүріп, көлігіне отырғызды. Үйге әкеліп, үрпиісіп тұрған жеңгесінің қолына тапсырып кетті.

 Содан бір жыл өткенде Қызылорда облысында әншілердің байқауы болып, жарысқа төраға болып келдім. Байқаудың басталуына әлі бір күн бар екен, бізді қыдыртуға Аралға алып келді. Аудандық Мәдениет үйінің іші лық толы. Төрге отырғызды. Жан-жағыма қарасам мені ұрған дәу де төралқада отыр. Мені байқамай қалған секілді. Аудан басшысы әуелі мені таныстырды. Сол кезде әлгі дәу орнынан тұра сала далаға қарай қашты. Танып отырмын ғой, мен соңынан тұра қудым. Жұрт азан-қазан. Хатшы да менің соңымнан жүгіріп келе жатыр. Бір сұмдық болатын болды деп қорықса керек. Дәу жеткізер емес, мен қатты жүгіретін адаммын. Аулақта қуып жетіп, құшақтай құладым. Ол бетін басып жатыр. Мен оны құшақтап сүйіп жатырмын. Хатшы қасымызда аңтарылып тұр. Дәу бір кезде орнынан тұрып, маған еңкейе ұмсынып: Нұр аға, кешір мені, кешір мені дей берді. Өзі қаратерге түсіп кеткен. Мен жоқ, сен кешір мені, бауырым, деп құшақтап жатырмын.

 Біршама жөнге келгесін дәу ағам гүрілдеген даусымен: Нұр аға, қазір жиылыс біткесін үйге барамыз, қадірлі қонағым боласың, болған жайды сол жерде жата-жастана айтамыз деп алға түсті. Кездесу де сәтті өтті, бір қора адам болып дәудің үйіне бардық. Келіскен үлкен үй, кең зал, ас та төк дастархан, туған бауыры алыстан келгендей болып, алдымнан шығып, ақ маралдай жеңгем бетімнен сүйіп қарсы алды. Содан отырыс қызды. Болған оқиғаны екеулеп жеріне жеткізе айтып шықтық. Содан кейін орнымнан тұрып, менің абыройымды ойлаған, ағалық қамқорлығын көрсеткен, ең бастысы тентек інісін сабасына түсіріп сабаған ағамның бетінен сүйейін деп көзіме жас алып, құшақтап бетінен сүйдім, ақ жеңгемнің қолынан сүйіп, иіліп тәжім еттім. Жұртшылық ду-ду, көңіл көк аспанға көтерілді. Дәу ағам да арсы-күрсі қозғалып, күлкісі үйдің шамшырағын тербетіп, арқа-жарқа болып, арнайы сойылған тайдың шекесін өзі баппен әкеліп, алдыма қойды. Көңіл құсы шартарапқа шалқыды. Ақшам жамырай бастағанда маған ақын керек деп айқайладым. Мына ғажайып жеңгеме арнап ән туды, енді оның сөзін жазатын ақын керек, әй, хатшы, ақын тап дедім. Хатшы жанындағыларды үйіре жөнелді, кім бар, қайсың бар деп жан-жағын қуырып барады. Қапелімде ақын табыла ма, отырғандар арасында, есік жақта шашы жалбыраған ұзын бойлы, қысаң көзді жігітті біреулер орнынан көтерді. Мына жігіт журналист, жазушы, әрине ақын емес, осыдан басқа адамның реті жоқ деді хатшының орынбасары күмілжіп. Анау шыр-пыр болып шоршып түсті. Мен ақын емеспін, жазушымын, онда да әлі таныла қоймаған пендемін, өлеңге өмірі сөз жазып көрген жоқпын деп жылағандай болды.

 Қасыма шақырдым. Бізге бөлек бөлме керек дедім. Бүйірдегі бір бөлмеге кіргесін, ыңылдап әннің сазын бірнеше рет қайталап, құлағына құйғандай болдым. Жазасың, осы жерден жазбай шықпайсың дедім нығарлап. Оның жүзі одан сайын күреңітіп, бүрісіп қалды. Айналайын, бұл ән осы үйдегі жеңгеме арналған туынды, оған деген мархабатым мен құрметім, шалқыған, салтанатты, көңілді көкке көтеретін рух болу керек, ал, баста, отыр, деп жігер бердім. Көзі жыпылықтап қалды. Бір сағаттың шамасында жазушым алабұртып шықты, қолында шимайланған қағаз. Оқып шықтым, келіп тұр. Сол жерде домбыра алдырып, төгілте тартып, әуелі әуенін ойнап шықтым да, сосын текст бойынша қарлығыңқы даусыммен әнге бастым. Тамаша ән шықты, сөзі де көңілімнен орын алды. Сол жерде жүрген Арал өнерпаздары әнді бірден іліп әкетті. Осылайша, «Аралдағы жеңеше-ай» деген ән дүниеге келді. Бұл ән қазақ даласына кең тарап, шалқып, шаттыққа бөлеп талай жеңгелердің жүрегіне нұр болып құйылды. Сөзін жазған Адам Мекебаев кейін күллі қазақ оқырмандарына кең таныс қаламгер болды, талай романдарымен оқырмандарын қуантты. Бірақ өмірінде жазған жалғыз өлеңі қазақ әндері тарихында өлмес мұра болып қалды.

 Ал мені ұрған аға Арал өңірінің айтулы азаматы, «Аралтұз» зауытының алғашқы директоры, 1965 жылдан 1985 жылға дейін осы ұжымды басқарған, артында аңыздай ісі, андыздай жолы қалған Сейітжан Қисықұлы Досжанов деген азамат еді. Ол маған туған ағамдай, мен бірге туған бауырындай болып сыйластық. Ақ борықтай жеңгем де әйгерім әннің кейіпкері болып тарихта қалды».

 Осыны айтқан Нұр ағам сол бір шақты тағы да көз алдынан өткізгендей болып, терезеге қарап ойланып отырып қалды. Содан кейін академик Ахмет Жұбанов сыйлаған, ешкімге қол тигізуге де бермейтін тарихи домбырасын қолына алып, шертіп жіберіп, «Аралдағы жеңеше-ай» әнін құйқылжыта тартты. Мен іштей қосылып отырдым. Көзімнің алдында көк теңіз көлбеп, соның жағасында ақ орамалы теңіз самалынан желбіреген ақ борық жеңгемнің бейнесі көрінгендей болып, бір сәт Аралдан әрі қарай қиялым самғап, Каспий теңізінің – туған теңізімнің жағасында жалаңаяқ жүгіріп бара жатқандай болдым. Анау ақ сағым алыстан ақ орамалын маған қарай желбірете бұлғап тұрған жеңешемдей болып, сол сағымға жанарым талғанша қарадым.

Өтеген Оралбайұлы

author

Өтеген Оралбаев

ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ

Сақал өсіру — қиямет, ал сүйгеніңмен кездесе алмай сарғаю — қасірет. Жастардың бақытына...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Әнші Еңлік Құрарбек Coolers жобасына шақырту алды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.  Бұл туралы...