Бекен Қайратұлы. Қақ бөлінген бүркіт

Фотосурет ашық дереккөзден

ҚАЛАМГЕР
292

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Алтайдың Қаба өлкесінде өмір сүрген Кеңтанау деген құсбегі болыпты. Елдің айтуына қарағанда, Кеңтанау қыран құстің тілін біледі екен. Ол кісі қанша құс ұстап, баптағанын кім білсін, әйтеу елге аты шыққан қыран сары деген атақты қыран құсы болыпты. Бұл құс түлкі, қарсақ қана емес, қасқыр да алған. Сары құс біткеннен кейін қорасына қой, өрісіне жылқы біткен екен.  

Бір жылы қыста Кеңтанау құбының құмындағы Көксүн тауына жылқы отарлатып жатқан бақташыларға барып, саятшылық құрады. Бірде Көксүннің күнгей бетіндегі қойтастан қара түлкі көріп, томаға тартса, әккі түлкі тасқа кіріп алғызбапты. Тас қуысының іші өте терең болса керек, аузына адам барса түлкі ары кетіп, адам алыстаса үңгірден басын шығарып қарап тұрады екен. Шыбық салса, үңгірдің түбіне жетпейді. Қазуға қорым тас, түтін салуға үңгір өте үлкен. Енді не істеу керек?

Қара түлкіге бірнеше рет томаға тартып алғыза алмағаннан кейін, саятшы, «аңнан қулығымды асырмасам адаммын ба?» деп, қасындағы қағушы жігітке бір жемқалта түйенің құмалағын тергізіп, «сен бар да, түлкі кіріп кеткен үңгірдің желкесіндегі жалпақ тасқа жасырынып жат. Түлкі кірген үңгірдің аузына ылдилатып түйенің құмалағын қардың үстімен домалат, бастабында іннің аузына жақын, жайлап домалат, түлкінің құлағы қуыстан көрінген кезде құмалақта ұзатыңқыратып, қаттырақ домалат» дейді де, өзі қалтарыстағы қақпа тастың желкесінде қыран сарының томағасын тартып дайын тұрады.

Қағушы құсбегінің айтуы бойынша жасырынып отырып құмалақты бір-бірден домалатады. Көбік қарды бүлкілдете домалаған құмалақтарды тышқан екен деп ойлаған түлкі үңгірден басын шығарады. Осы кезде құмалақты көбік қардан ұзатыңқырап домалатады. Бір сәтте құмалаққа атылған аш түлкіні дайын тұрған қыран таңнан іліп, тұмсығынан қайырған екен.

Кеңтанау құсбегі тағы бірде саятқа шығып, құс салып жүрсе, аппақ қардай бір түлкі кез болып, томаға тартса бүркіті қайта-қайта түлкіден ауып барып бос жерге түсіп қала береді. Саятшы мұның себебін бастабында сезе алмай, құсын қалай қайырып баптаса да ақ түлкіні алдыра алмай, құсы жер қауып жүріпті. Сүйтсе, түлкі шымақай ақ болғандықтан ақша қарға түскен күн нұрымен шағылысып, жүнінен шағыл сағым тарап, құстың көзін қарлықтырып, ұстатпайды екен. Мұны сезген құсбегі ертеңінде құсының көзін тұзды сумен жуып, қарлығын кетіріп, томаға тартқанда, қыран сары ақ түлкіні екі аттатпай іліп түскен екен.

****

Бір жылдары қар қалың түскен, қатты аязды болыпты. Кеңтанау құсбегі Сауыр тауында саятшылық қылып жүріп, күн еңкейе үйіккен қасқырдың үйіріне кез болыпты. Күн қатты аяз, қыран сары да ширығып тұрса керек. Тіленіп болмаған соң аяқ бауын ағытқан екен, тік көтеріліп ұшады да, үйір қасқырдың соңында кетіп бара жатқан өлекшіннің құлақ шекесінен тебе ұстапты. Омақаса жығылған қаншық қасқыр артқы аяғымен қарды тепкілей бастапты.

Үйірді бастап бара жатқан арлан қайта бұрылып бүркітке ұмтылғанда, қыран сары бір шеңгелін арланға салған екен. Құлақ шекеден бүркіт бүрген екі қасқыр құйрықтарын сабалап, құмға қарай қашыпты. Қыран сары екеуін де босатпай қос қасқырдың басына мініп кетіпті. Екі қасқырдың басын қоса шеңгелдеп алып, реті келгенде қанатын қағып-қағып жіберіп көтерілгенде, екі қасқырдың басы бір-біріне соғылады екен.

Құсынан көз жазып қалмайын деп алыстан қарап тұрған Кеңтанау мен қағушылар аттарын борбайлап соңынан шауыпты. Қасқырлар бүркітті көтерген бойы тораңғыға кіріпті. Кеңтанауда атына қамшы басып, ұмтылады. Жанұшыра қашқан екі қасқыр бір тұп тораңғының екі жағынан өте шыққанда, бүркіттің денесі қақ бөлініп, бір шеңгелі арланның, екіншісі өлікшіннің құлақ шекесінде кетіпті.

Ізіне түскен аңшылар арланды көп ұзамай жығылған жерінен соғып алыпты. Ал, өлекшін із жаздырып табылмапты. Саятшылар сол маңға түнеп, жерге жарық түсе кеткен қасқырдың ізін барласа, көп ұзамапты. Басы ісіп, сенделіп жүрген жерінен атпен қуып, ұрып алыпты. Қыран сарының шеңгелі қасқырдың басында алынбастай болып сіресіп қатып қалған екен.

Б.Қайратұлының «Құмайторы» кітабынан алынды.

 

 

 

author

Бекен Қайратұлы

АҚЫН

КИНО

Танымал актер Кэри-Хироюки Тагава 76 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Актер...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...