Гүлмира Әжіханова. Аққуыс

Фотосурет автордың жеке мұрағатынан

ҚАЛАМГЕР
110

Уақыт... Әрбір сәттің, әрбір демнің өлшемі – Жаратушының «уақыт» деген патшалығының әміріндегі ақиқат пен айғақ. Кейде адамның саналы ойлануының, келмеске кеткен өткен күндері мен келешегінің ар таразысындағы ұлы ұстазы іспетті.

Қарақуыс... Сергелдең сезімнің емес, қос жүректің бақытты сәттердегі өлшемге сыймас сағынышының баяны – бәлкім, тарихы.

Аққуыс... Үмітпен үкілеген шынайы, кінәсіз сезімнің мәңгілік тұрағы. Бұл – сенің сезім патшалығыңда мекендеген арманыңның елесі еді... «Екеуміз бірге қарақуыстан өттік, енді “аққуысқа” бірге кетеміз» деген сөзің қаншалықты салмақты болды? Ертеңімді бере көр... деп бастаған бөлімнің аяқсыз, баянсыз қалуы, сияңның сырымен жұмбақ әлемге сапар шеккеніңе және оның жауабын менің түйсігімнің еншісіне қалдырғаныңа қайранмын...

Биыл жазушы, журналист, өлкетанушы, аудармашы Төлеуов Заман Самалбекұлының бұл фәниден өткеніне аттай 5 жыл өтті. Артыңда қалған асыл жарың, мәңгілік сағынышың енді тек рухыңмен осылай тілдеседі, сырласады. Өзіңсіз өткен жылдардың сыры мен сыны сенің тау тұлғаңды биіктетіп, жылдан-жылға жұмбақ жаныңның жауабын тапшы дегендей өзіне баурап барады. Артыңда қалған қаншама еңбектерің ұлт алдындағы перзенттік парызыңның өтелуі тиіс салмағын да сездіреді. Рухыңның асқақтығы Жаратушының құзіретіндегі адами борышыңмен өтелмек.

Жай ғана адам емес, ерекше феномен екеніңді тарих сахнасындағы тұлғалық бейнеңмен де дәлелдеп кеттің. Сенсіз өткен 5 жылдың ішінде не өзгерді, не түсіндім, не сездім, не білдім?.. Рухы мықты жандар өлімнің де өзін өнерімен бағындыратынына сан мәрте көз жеткіздім. Екі адамның сана деңгейінде жолығуының өзі – бүкіл адамзаттық құндылықтың тоғысуындағы алтын көпір.

Шын мәнінде, сенің адами тұлғаң адамдар арасынан алыстаған сайын шынайылығыңды, қарапайымдылығыңды, шын жанашыр дос бола алатын қасиетіңді, сезіміңнің тереңдігі мен тектілігіңді ерекшелендіріп тұрғандай. Бәлкім, мына қым-қуыт, мазасыз тіршіліктің мойын бұрғызбас тәкаппарлығы адамдар арасында жүріп жалғызсыраған шақта жүрек түкпіріне тығып қойған аяулы сезімімнің сыры да шығар.

Тау тұлғаңның биіктігін жүріп өткен сан шиыр соқпақты асуларыңнан іздеймін. Болмысыңнан сыр ашуға бейім емес едің. Сырттай томаға-тұйық, өзіндік сырға берік жан болып көрінгеніңмен, шын өнердің тасқыны ішіңдегі алапат сезіммен астасқанда кейде төгіліп түсуші еді. Өзіңдей жанның сезіміне, ой-өрісіне, талғамы мен танымына сыңар бола алуым – ол да Жаратқанның еншісіндегі жұмбақ сыр.

Тағдырыңды қаламмен өрнектеген ішкі болмысыңның бір сыры халыққа жасаған қызметіңнің өміршеңдігімен өлшенбек. Тірі жанның тағдыр тақтасындағы соңғы нүктесінің қойыларын білсе де, үмітінің өзегі: «Кім болып қалмақпын? Тіршілігімнің мәні не? Соңым не болмақ?» – деп есепке алса керек. Сендегі бір өлшем – осы ұғымның аясындағы тазалығың.

Себебі кейде ең жақын адамдардан үмітіңді үзген шақтарда сені ұстап тұрған бір алданыш, бір үміт – халық үшін жасаған адал қызметің, шығармашылық тұғырың еді. Сол биігіңде қалуды мұрат тұтқаның да азаматтығың деп білемін. Артыңда қалып, ұшталмай қалған қаламыңның жетімсіреген парақтардағы мұң мен назын жұбатар менде құдірет бар ма?..

Өз ойыммен сені мүсіркеуден емес, жоқтаудың салмағымен санама түскен естелік шақтардың қайталанбас сырымен мүлде қоштаса алмай сансырап кеткен кіршіксіз көңілдің көрінісі осы еді. Өзіңнен қалған қолжазба, еңбектеріңді ақтарып отырып, арамызда болсаң әлі қаншама туындыңның куәсі болар ма едім?..

Сені ұлы сапарға аттандырған күннен бастап, ардақты есіміңді халқыңа аманаттау, шамам жетсе, ұлықтау – азаматтық міндетім болды. Өзіңнің туған өлкеңе, киелі топырағыңа барып, мектеп ішінен арнайы «Замантану» кабинетін ашып, мұраларың мен еңбектеріңді жас ұрпаққа аманаттап келдім.

Көзімнен кетсең де, көңіл патшалығындағы ұлы тұғырың жылдан-жылға биіктеп барады. Сол биіктігің халқыңның да мұратына айналса екен деген ізгі тілекпен еске алып отырмын.

Сенімен бірге өткен алаңсыз шақтарымның естелігі ұлы сезім патшалығындағы қаншама еңбектерге сұранып тұр. Бүгінгі сағынышым осы өлшеммен алғанда ғасырға тең.

Көңілге «Қош!» деуге қимас өксік пен өкініш ұяласа, үміт пен сенім күш береді. Сол күш мені әлі де алға сүйреп келеді. Ал үмітім – сенің шығармашылығыңды әлі де тереңдетіп, ұлы мұраға айналдыру.

Сен мені қолда, аққуыс! Қорға! Жаныма мәңгі серік бол! Ал мен сендік махаббаттың өміршеңдігімен қазірше өмір атты бұралаң жолдарымның иесі бола тұрайын...

Жаратқан Ием, періште көңіл серігімнің мәңгілік сапарын жұмақтан бұйырғай! Әумин.

Сағынышпен, сенің Қырмызың

Мақала авторы: Гүлмира Әжіханова

 

author

Заман Төлеуов

ДРАМАТУРГ

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ

Қазақстанда дәрігерлерді даярлау жүйесі өзгереді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Жаңа жүйе...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Шымкент полицейлері қала көшелерінде жарыс ұйымдастырып, жол қозғалысына қауіп төндірген ұрыны дер к...