«Бұрынғыны айтпай, соңғы еске түспейді». Еске алу үшін де айтушының маңызы қаншалықты ек...
Уақытты жеңген «Ревизор»
Фотосурет автордан
Н.В. Гогольдің «Ревизор» пьесасының уақыт пен кеңістікті жеңген классикалық туынды екені даусыз. «Жастар» театрының сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың қойған бұл спектаклінің ерекшелігі – оның жиырма жылдық тарихына қарамастан, өзінің көркемдік формасын, мәні мен қуатын сақтап қалуында. Бұл қойылым жыл сайын бір рет қойылса да, әр жолы жаңа эмоциялар сыйлап, көрерменді қайта-қайта көруге жетелейді. Театртанушы ретінде біз үшін осындай тұрақтылық пен сапа – театр өнеріндегі нағыз феномен.
Спектакльдің алғашқы сәтінен бастап-ақ режиссерлік және көркемдік шешімдердің терең ойластырылғаны байқалады. Сахна ортасында жалғыз қалған Дуанбасы (Әділ Ахмет) бейнесі, сахна сыртынан естілген белгісіз дыбыстан шошып, үрейленген қалпы – алдағы оқиғалардың сипатын айқындайды. Кейін сахнаға шыққан актерлердің сахнадағы қызыл кілемді абыржыған кейіппен тазалап жүруі – қоғамдағы әбігер мен үрейдің, жемқорлықтың «ізін жасыру» әрекетінің аллегориялық көрінісі.
Бұл спектакль – актерлік шеберліктің жоғары үлгісі. Әр актер, тіпті эпизодтық рөлдердің өзінде, кәсіби шеберлік танытады. Актерлердің арасындағы «партнерлік жұмыс» өте күшті дамыған, олар бір-бірін сезініп, сахнадағы әрбір сәтті шынайы ете түседі. Екі актердің арасындағы партнерлік жұмыс – спектакльдің қозғаушы күші. Олардың диалогтары, ішкі драмалары мен комедиялық элементтері керемет үйлесім тапқан. Дәурен Серғазиннің Хлестаков бейнесін сомдауы, алдауға құмарлығы мен өзінің «маңыздылығына» сеніп қалуы – Әділ Ахметтің Дуанбасының үрейі мен ақылсыздығымен ерекше үйлесім табады.
Жандәулет Батайдың Бобчинскийі – жеңіл, көңілді және әдепкі «жарымпаз» мінезімен ерекшеленеді. Оның қимылдарындағы жылдамдық пен бет-әлпетіндегі балаңдық көрерменді бірден өзіне баурап алады. Актер кейіпкердің ішкі әлемін аша түсу үшін әр қимылын, әр мимикасын мұқият ойнайды. Оның әр сәті – трагифарс жанрының ішкі логикасына сай. Актердің ойынында жасандылықтың ізі де жоқ. Ол өз рөліне толықтай еніп, көрерменге шынайы эмоцияларды ұсынады. Бұл – кез келген актердің қолынан келе бермейтін шеберлік. Оның көздеріндегі ұшқын, ішкі энергиясы – өз жұмысына деген сүйіспеншілікті көрсетеді.
Жандәулет Батайдың Бобчинский рөліндегі шеберлігі – спектакльдің ең күшті тұстарының бірі. Оның сахнадағы шынайылығы қойылымның жалпы көркемдік құндылығын арттырады.
Спектакльдің басты кейіпкері – Хлестаков рөлін сомдаған Дәурен Серғазиннің ойыны ерекше атап өтуге тұрарлық. Актер Хлестаковтың жеңіл ойлы, бос сөзді сипатын табиғи қалпында жеткізу арқылы, оның психологиясын тереңнен ашады. Дәуреннің Хлестаковы – тек күлкі тудыратын карикатура емес, ол – өзінің өтірігіне өзі сене бастайтын, билік пен жағымпаздықтың құрбаны болған, соның ішкі драмасын бастан кешіретін кейіпкер. Дәурен Серғазиннің сахнадағы пластикасы мен сөз саптауы – кейіпкердің ішкі өзгерістерін айқын көрсетеді. Бастапқыда Хлестаковтың жеңілдігі, әңгімеге құмарлығы байқалса, оқиға өрбіген сайын, оның бойындағы бос мақтаншақтық бірте-бірте сенімділікке, тіпті, тәкаппарлыққа ұласады. Актер осы ішкі өзгерістерді мимикасы, интонациясы және қимылдары арқылы көрерменге шебер жеткізеді.
Мадина Май сомдаған Мария Антоновна мен Хлестаков арасындағы махаббат сезімі сахналары өте шебер орындалған. Мадина Май сомдаған Мария Антоновна мен Хлестаков арасындағы махаббат сезімі сахналары өте шебер орындалған. Актриса Анна Андреевнаның аңқау, өзімшіл және сәнқой мінезін тартымды әрі қуатты етіп ашқан. Оның сахнадағы энергиясы, Хлестаковқа жағымды көріну үшін жасаған әрекеттері – кейіпкердің ішкі қызығушылығы мен трагифарстық табиғатын толық ашады. Оның қуатты ойыны қойылымға ерекше реңк беріп, көрерменді өзіне тартады.
Пошта бастығы Шпекина рөлін сомдаған Айнұр Рахипованың ойыны ерекше назар аударуға лайық. Актриса өз кейіпкеріне жан бітіріп, оның тек комедиялық элементтерін ғана емес, сонымен бірге ішкі мінезіндегі қызбалық пен энергияны да айқын көрсетіп, сахнадағы ең қуатты тұлғалардың біріне айналдырған. Актриса Шпекина рөліндегі энергиясы, бір деммен бірнеше репликаны айтып шығу шеберлігі – нағыз кәсібиліктің белгісі. Бұл – тыныс алу техникасын жоғары деңгейде игерген актрисаның жұмысы, ол сахнада шынайы театр атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді.
Көпшілік сахнадағы актерлер де өз міндеттерін толық атқарады. Көрерменнің назары тек негізгі кейіпкерлерде емес, сонымен бірге сахнаның кез келген бұрышында болып жатқан оқиғаларда. Бұл – труппаның ансамбльдік жұмысының жоғары деңгейін көрсетеді.
«Жастар» театрының «Ревизор» қойылымындағы көркемдік шешімдердің ішінде костюмдердің дизайны мен стилі ерекше назар аудартады. Біздің байқауымызша, бұл костюмдер – кейіпкерлердің ішкі мәнін аша түсетін маңызды символикалық жүк арқалаған. Актерлердің құмырсқаға немесе басқа жәндіктерге ұқсас стильде жасалған . Бұл – кейіпкерлердің ішкі мәнін, олардың қоғамдағы «жәндіктей» аласұрған тіршілігін меңзейтін метафоралық шешім. Костюмдердің осылай стилизациялануы – билік басындағы адамдардың адамдық қасиеттерін жоғалтып, бір жүйенің «винтиктеріне» айналғанын, яғни «жәндіктендірілгенін» меңзейді. Олардың әдемі, бірақ біртүрлі формалары осы әлеуметтік сыбайластықтың, біркелкіліктің бейнесі іспетті. Костюмдердің бұл әдемі әрі қызықты стилі – қойылымның жалпы эстетикасына сай. Олар тек әдемілік үшін емес, кейіпкерлердің ішкі дүниесін ашуға қызмет етеді. Аяқ киімдердің (кеды, туфли) заманауи үлгіде болуы – қойылымның қазіргі заманмен байланысын, яғни Гоголь заманындағы проблемалардың бүгін де өзекті екенін меңзейді.
Хореография мен актерлердің пластикасы – спектакльдің қозғаушы күші. Бұл элементтер қойылымның жалпы көркемдік кескіндемесінде ерекше орын алады. Актерлердің жас ерекшелігіне қарамастан, сахнадағы қозғалысы таңқаларлықтай жеңіл әрі еркін. Бұл – жылдар бойғы тәжірибенің, физикалық дайындықтың және сахналық мәдениеттің жоғары деңгейін көрсетеді. Қойылымдағы би элементтері мен жаппай сахналардағы қозғалыстар өте қуатты әрі синхронды орындалған. Актерлердің бір-бірін сезініп, бір ырғақта қозғалуы – труппаның ансамбльдік жұмысының жоғары деңгейін көрсетеді. Бұл – көрерменнің көзі тойып, жаны жай табатын сәтті хореографиялық шешім. Пластикалық этюдтер, тіпті үнсіз сәттердегі актерлердің қимылы – кейіпкерлердің сөзбен айтпаған ойын, ішкі күйзелісін жеткізу үшін тиімді қолданылған. Актерлердің осы элементтерге толықтай беріліп, өз жұмыстарын сүйіп істейтіні айқын көрініп тұр.
Біз бұл спектакльді көре отырып, театр өнерінің қуатын, актерлік құрамның жан-тәнімен беріле жұмыс істеуін және режиссерлік концепцияның тереңдігін сезінеміз. Қойылымның көркемдік қуаты мен актерлік шеберлігінің шынайылығы бізді – театртанушыларды – қатты тебірентті, соның нәтижесінде біздің тарапымыздан эмоциялық реакция (көзге жас алу) орын алды. Бұл жағдай қазіргі таңда мұндай сапалы қойылымдардың тапшылығынан туындаған сағыныш пен спектакльдің көркемдік қуатына деген тағзым ретінде бағаланады. Мұндай қойылымдар – ұлттық театр өнерінің байлығы.
Қайрат Нұрсая, Театртану мамандығының ІІІ курс студенті