Миң Ди – қытай ақыны, аудармашы. Қазір Калифорния штатында тұрады. Американың «Бүлдірген...
Маржан ЕРШУ: Мен кейіпкерімді іздедім...
Фото: pricom.kz
- Маржан, жақында жарық көрген «Жалғыз қол» атты жаңа жыр кітабың туралы айтсаң. Бұл шығарманы жазуға не себеп болды?
- Ел басшысы Қ. К.Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл бір жақсы бастама болды. Адамды адам еткен- еңбек емес пе?! Халқымыз «Еңбек ер атандырады» деп бекерге айтпаса керек. Еңбек адамының ерен тұлғасы жырлануы керек деп ойладым. Мәдениет және ақпарат министрлігі «Жұмысшы мамандықтары жылы -2025» аясында еңбек мамандықтарын насихаттауға бағытталған «Ерлік пен еңбек дастаны» байқауын жариялаған болатын. Бұл бір тың жоба екен деп ойладым да, кейіпкер іздедім.Тапқан кейіпкерім - еңбекте ерліктің үлгісін көрсеткен, соғыс және еңбек ардагері, Қазақ ССР-нің ауыл шаруашылығына еңбегі сіңірген қызметкер, орденді директор Тұрдығали Мәмбетов болды. Поэма Тұрдығали Мәмбетовтың 100 жылдығына орай жазылды десем де болады. Бізде байқаулар жарияланады бірақ мерзімі өте қысқа болады. Мен бұл поэмамды байқауға арнап жазуды бастағанмен, біту мерзіміне дейін жазып аяқтай алмадым. Сондықтан бұл байқауға арнап, Социалистік Еңбек Ері, атақты жылқышы, әйгілі «Маржан қыз» әнінің прототиві - Маржан Енбаева туралы «Маржан қыз» атты эссемді жібердім де, поэмамды жаза бердім. Шығарма жазу деген үй сырлап шығу не шемешкі шағу емес қой, ұзаққа созылатын процесс.
- Кітабыңның аты ерекше екен. Неліктен «Жалғыз қол»?
- Тұрдығали Мәмбетовтың өнегелі өмір жолы, еңбектегі ерен үлгісі, кісілік парасаты мен қарапайым адамгершілік қасиеттері, жастарға өсиеті жырға арқау болды. Тұрдығали аға 1943 жылғы әйгілі Курск доғасы шайқасында оң қолынан ауыр жараланып, госпитальда оң қолын иығынан кесіп тастайды. Соғыс мүгедегі боп елге оралған жиырма екі жасар жігіт ел шаруашылығына белсенді араласып, өзінің білімі мен білігі, күш-қайратын көрсетіп, Атырау облысындағы Жылыой өңірінің экономикасы мен мәдениетін, халықтың әлеуметтік жағдайларын жақсартып, жан жақты дамытуға сүбелі үлес қосады. Тұрдығали Мәмбетовтың тағы бір ерекшелігі: есепке өте жүйрік, ауызша кез келген күрделі есептерді тез шеше беретін және ұмытпай есінде сақтайтын қасиеті елге аңыз болған. «Коммунизм таңы» совхозының директоры болған кезінде 1973 жылы Гурьев облыстық партия комитетінің секретары А.А Погорелов пен бірге Мәскеуден «Правда» газетінің тілшісі В. Фомин келіп, бірнеше күн шаруашылықты аралайды. Сонда корреспондент В.Фомин кейбір деректерге күмән келтіріп, бухгалтерлік есептермен салыстырғанда дәл келгеніне риза болып, «Тұрдығали Мәмбетов көреген басшы екен, шаруашылықты біліп, жалғыз қолымен совхозды шырқ үйіріп басқарып отыр» деп баға берген екен. Кезінде Жылыой (Ембі) ауданы мен Гурьев облысы партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесі төрағасы болған Саламат Мұқашевтың мынандай естелігі бар архивте: «1964 жылға дейін «Коммунизм таңы» совхозын шебер басқарған Шафих Ізбасовқа аудан ауылшаруашылығын басқаруды тапсырдық. Осы ұсынысты естігенде Шәкеңнің: «Совхоз директоры дәрменсіз болса, бүкіл ауданның күштері жабылып қолдаса да, ол шаруашылықты жақсарта алмайды. Сондықтан егер орныма Тұрдығали Мәмбетовты жіберсеңіз, қарсылығым жоқ»,- деп кесіп айтты. Пайдалы пікір қабылданып, аудандық жоспарлау бөлімінің төрағасы Т.Мәмбетов совхоз директоры боп шыға келді. Тұрдығали Оңдасұлы жаңа қызметке қызу кірісіп кетті. Есепті күшейтті, тәртіпті нығайтты. Орынсыз шығын болдырмау, өнімнің сапасын арттыру, техниканы ұқыпты пайдалану, малдың басын өз төлімен көбейту, тағы басқа тиімді шараларды тез іске енгізді. Ол жұмысқа жан-тәнімен берілген адал адам еді. Қой фермаларының экономикалық көрсеткіштері облыс көлемінде жоғары дәрежеге көтерілді. Мәмбетовтың өзі және көптеген жұмысшылар мен мамандар орден-медальдармен марапатталып, есімдері республиканың «Құрмет Кітабына» енді. Бүкілодақтық Көрменің төрінен орын алды. 1976 жылы облыстағы «Құрмет белгісі» орденін алған алғашқы совхоз - «Коммунизм таңы» болса, совхозды басқарған директор Тұрдығали Мәмбетов еді. Шынымды айтайын, келесі кезекте Тұрекеңнің өзін «Социалистік Еңбек Ері» деген құрметті атаққа ұсынсақ деген ойым болып еді. Өкінішке орай елу үш жасында өмірден ерте кетті. Жақсының ізі қалды, іскерлік-қайраткерлік қолтаңбасы қалды артында». Білсеңіз, бұл - бір шындық, бұл –аңыз, Тұрар дәйім таңдайда. Еңбекте ерліктің үлгісін көрсеткен, соғыс және еңбек ардагері, ел білетін Тұрдығали Мәмбетов осындай жан. Жүрген жолы - шындық, аты-аңыз. Бұл күнде екі қолымен қызмет етуге ерініп, аузымен орақ орып жүргендер көп-ақ. Сол тұрғыдан ойласақ, жалғыз қолмен көпке пайдасын тигізіп, адал еңбек етіп, шаруашылықты алға сүйреген Тұрдығалидай батыр ағаның атын жаңғыртып, ел есіне салғым келді.
- Деректі шығарманы саусақ сорып жаза алмайсың. Деректерді қайдан, қалай жинадың?
- Былтыр ауылға барғанымда үйдегі кітаптар жиналған шкафтан «Жұлдызды ғұмыр» деген кітапты алып келген едім. Бұл кітап мені қатты қызықтырды. Оқып отырып, ойға берілдім. Нағыз еңбек адамының тұлғасы осындай болар деп. Бұл кітап жиырма жылдан бері сол шкафта тұратын. Неге екені белгісіз, бұрын ақтарып қарағанмен оқуға ықыласым болмаған екен. Кітап 2004 жылы Алматының «Зерде» баспасынан шыққан. Кітап желісі Тұрдығали Мәмбетовке арналған естеліктер мен баспасөз материалдарын мен арнау өлеңдерден тұрады. 2004 жылы Тұрдығали ағамыздың жұбайы Үмітжан апамыз жан жақта қызметте жүрген тоғыз баласын Құлсарыға жинап, жиын өткізеді. «Тоғызыңды өсірдім, бақтым-қақтым, оқыттым. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдым. Әке орнына әке болдым, шеше орнына шеше болдым. Менің Тұрдығалидың алдындағы соңғы борыш-парызым қалды. Сендерге берер соңғы тапсырмам, әкелеріңнің 80 жылдығына орай көзкөргендердің естелік –сөзін жинап, кітап шығарыңдар» деп ақ тілегін айтады. Осылайша «Жұлдызды ғұмыр» естеліктер кітабы жарық көреді. Үмітжан апайдың бойынан ерінің абыройы, беделі, даңқы үшін өмір сүрген қазақтың дана әйелінің бейнесін көреміз. «Қайран біздің аналар, Арды ойлаған» деген Мұқағали жырының нағыз кейіпкерлері де - осы Үмітжандай асыл аналарымыз ғой. Кітап баспадан шыққанда, Үмітжан апамыз қатты қуаныпты. Кітапты бауырына басып, кітап парақтарын алақанымен аялап-сипап оқып, үш күн басына жастанып жатады да, бақиға ризалықпен аттанып кеткен екен. Осылайша ол өзінің сүйікті жұбайы алдындағы асыл парызын орындағандай. Бұл кітап маған қатты әсер етті. Поэма жазғым келді. Мені жер мен ердің киесі қолдайтындай үлкен сенім тұрды жүрегімде. Құдайға шүкір, сенімім алдамаған екен. Поэмамды бітірген соң, Тұрдығали Мәмбетовтың ұрпақтарына жолдап, оқып, пікір айтарсыздар деген едім. «Толқытты, тебірентті. Рахмет, Маржан! Жолың ашық болсын!» деп ақ көңілден алғыс айтты олар. Осы поэманы жазу барысында біздің ауылдың тарихымен, жер жағдайымен танысып, адамдар өмірін зерттеп шықтым. Тұрдығали Мәмбетов директор болған тұста біздің ауыл нағыз миллионер совхоз болған екен. Мал шаруашылығы өте жақсы дамыған. Тіпті Социалистік Еңбек Ері, атақты шопан Әбді Дүйсенбековтың озат тәжірибе мектебі ұйымдастырылып, іс-тәжірибесі бойынша облыста мектеп ашылған. Әбді ақсақал мал өсіру тәжірибесінен дәріс берген екен. Еңбек өнімдігін арттыру үшін осындай әдісті де ойлап тапқан Тұрдығали ағамыз көрінеді. Тұрдығали Мәмбетов - Ақкиізтоғай ауылының жұлдызын жаққан басшы. Қазақ мұндай кісіні елдің бағына туған адам деп айтады. Еліміз тәуелсіздік алған тұста совхозымыздың шаруашылығы қожырап, күштілердің қолымен жекешеленіп кетті. Халыққа қалың малдан тышқақ лақ та бұйырмады. Пай да берілмеді. Сонша мың малынан айырылған совхоздың күйі туралы тоқсаныншы жылдарда жазған өлеңімде былай деп суреттеппін:
«...Нарығыңның нар маясын идіріп,
Сауып ішу сауап әрі игілік.
Тоқшылықтың көмейіне құм құйып
Жоқшылығың жасап жатыр қиғылық.
Боз далада құрығасын мал саны,
Боз жусан да төрт түлігін аңсады.
Ордендері сыңғырлаған шопандар
Сатып жатыр сағыз бенен самсаны.
Жарлы болса жарты үзім нанға зар,
Ауқаттылар таспа таңдап ән жазар!
Ит- тірліктің төгіп-шашпай іркітін
Битін сатқан бейкүнә жұрт. Ханбазар.
Заман - түлкі. Алағай да былағай,
Түн-түнекті жарқыратар шырақ- ай.
Келіп жетті жалғыз қойын жіліктеп
Азық-түлік алу үшін бір ағай».
Бұл – тоқсаныншы жылдардағы заман шындығы. Өлең өмірдің суретін салады. Әсірелеп немесе әдемі бояу жағып оны қайта өзгерте алмайсың. Менің Ақкиізтоғай ауылым да (бұрынғы «Коммунизм таңы» совхозы) заман көшінен қалмай өз тірлігін күйттеп келеді. Заман да жақсарып келеді.Тұрдығали ағамыз совхоз директоры болған кезінде салдырған кітапхана, клуб үйі керексіз деп есептеліп, тоқсаныншы жылдары сүріліп қалған болатын. Ол кезде ауылға мәдениет деген неге керек деген пікірлер болған шығар. Қазір елдің санасы өсті, рухани құндылықтарын іздей бастады. Жақында Ақкиізтоғайда жаңадан Мәдениет үйінің іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары басталды. Бұл бір жан жадыратар жақсы жаңалық емес пе?! Осы Мәдениет үйіне Тұрдығали Мәмбетов есімі берілсе, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын. Халық та бұл ұсынысты қолдайды. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, жасалған іс те, атқарылған қызмет те, тәлімді тәрбие де, ата-бабаның рухы да ұрпақтар көшімен алға қарай жалғаса береді.
- Жаңа кітабың қай баспадан шықты? Тиражы қанша? Тұсаукесері қашан өтеді?
- «Жалғыз қол» атты жыр кітабым «Фолиант» баспасынан мың данамен оқырманға жол тартты. Қолдау көрсеткен Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновке, Тұрдығали ағаның ұрпақтарына алғыс айтамын. Кітабымның тұсаукесері осы айдың аяғында өтеді деп жоспарланып отыр.
- Маржан, ашық әңгімеңе рахмет. Шығармашылық табыстар тілеймін.
Сұхбаттасқан: Анар ҚАБДУЛЛИНА