Ұлытау облысы Жаңарқа ауданындағы мәселені Парламентте депутат Аманжол Әлтаев көтерді, деп хабар...
5 миллиард теңгеге салынған екі жаңа зауыт жұмыс істемейді – сенатор
Елімізде жыл сайын шамамен 4,5 млн тонна коммуналдық қалдық пайда болады. Өткен жылы елімізде 5,5 мыңнан астам заңсыз полигон бар екені белгілі болды. Сенатор Закиржан Кузиевтің айтуынша, қазір қоқыс мәселесімен күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар тиісті нәтиже бермей келеді, деп хабарлайды madeniportal.kz.
«Қауіпті және медициналық қалдықтарды кәдеге жарату кезінде қолдаланылатын технология нормативке сәйкес келмейді. Дегенмен бұл ретте ауқымды бюджет қаржысы игеріліп жатыр. Қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі Орталық Азиядағы ірі зауыт құрылысының Алматыда салынуы бірден-бір маңызды жетістік екені белгілі. Алайда, қазір, өкінішке қарай, ол жабылып қалды. Ақтөбе мен Семейде бес миллиард теңгеге салынған екі жаңа зауыт та тоқтап тұр. Экология министрлігінің қоқыстарды сұрыптаудағы табыс жөніндегі есебі үміт отын жағады, алайда шындықтың ауылы алыста жатыр», деді сенатор.
Депутаттың ақпараты бойынша, межеленген 18-20% қалдықтың орнына шамамен 5-6% ғана сұрыпталады, қалғаны полигонға жіберіледі. Депутат мысал ретінде Еуропа елдерінің тәжірибесін атап өтті. Олардың принципі қалдықтарды азайту, оларды қайта өңдеу және қайта пайдалану болып табылады. Сенатор Германия 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды көметін полигондардан бас тартуды жоспарлап отырғанын және оларды қайта өңдеуді ынталандыратынын атап өтті.
«Қоқыспен жұмыс істеу жағдайын жақсарту үшін бұдан былай қайта өңдеуге жатпайтын қаптаманы пайдалануға тыйым салуды, қоқысты ең алғаш жинақтау орындарында қалдықты сұрыптау жүйесін енгізуді, қоқысты уақтылы шығармағаны және рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі үшін айыппұлды ұлғайтуды, сондай-ақ шетелдік инвесторларды белсенді тарта отырып және әлемдік тәжірибені пайдалану, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және сұрыптау зауыттарын салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», деді сенатор Закиржан Кузиев өзінің депутаттық сауалында.