МАКСИМАЛ ӨМІР

Жеке архивінен

Қоғам
2495

(естелік эссе)

Қаржаубай (Сартқожаұлы) ағамның  бақи дүниеге өткенін өте алыста жүріп естідім. Нақтылап айтқанда, ол кісінің кіндік қаны тамған туған жері Хұжырты-Бұлғынның бір қиян түкпірінде. Бұл Моңғолияның астанасынан екі мың шақырым, Баян-Өлгий аймағының орталығынан үш жүз шақырым қашықтағы Алтайдың шыңырау шатқалды шекаралық  өңірі.

Қазаны естіген сәтте көкіректі шарпыған қимастық  сезіммен қатар Қаржаубай ағамның  бүкіл өмірі көз алдымнан сағымдай шұбырып өтті. Ғұмыр деген осындай жалт етпе жылдам ба, еді?! Ұшқыр оймен шолып шықсам айтып тауыса алмас  қаншама  оқиғалар қалай тез өте шықты? Сонда ұқтым, қазақтың «өткен өмір көрген түстей ғана»  деген сөзін. Жүйрік көңіл екен ғой, жадыда өшпестей жазылғандарды  шарлап кеткен.

Расында, марқұм ағамызбен бірге өткізген өмір кезеңдерінің бәрін тізіп жазсам кең-мол бір кітапты қамтыр еді. Тіпті, жерлестікке қатысты жайлар, Хангелді қандас туыстыққа байланысты әңгімелер, бозбала кезімде Өлгийдегі мектепте өзіме ұстаз болған шағы, студенттік кезімдегі Уланбатырдағы талай қызықты кездесулер, Моңғолиядағы тоқсаныншы жылдарғы қоғамдық демократиялық  атақты өзгеріс  тұсындағы  қым-қуыт оқиғаларды бірге талқылаған күндер, Қазақстанға көші-қон басталғанда болған сан түрлі жайларды қатар бастан кешкеніміз... осы тақырыптардың өзі-ақ кіші-гірім кітапқа жүк болар еді-ау!

Дегенмен, қаза қайғысы тұсында осылардан бір-бір көріністі ғана еске түсірсем де тақырыптағы «МАКСИМАЛ ӨМІР» деген сөздің мәнісі ашылатын шығар дедім. Өйткені, Қаржаубай ағамның «өмір соғысында» да алдыңғы фронтта, соның ішінде «қазақ ұлтын қорғау» шайқасында да атаканың алдында, ең соңында ғылымдағы күресте де ең ілгергі шепті көздеген... максималдықпен кешкен ғұмыры  көз алдыға келеді.

Сонда, мұның соншама қозғаушы күші неде десем, Хұжыртыдай туған жердің киелі топырақ-суы, бүкіл жерлестерінің азат өмір үшін арпалысқан ғаламат күресі, қанды жасы мен қуаныш жасы қатар аққан адал адамдарының рухын бойына сіңірген азаматтығы дер едім.

Хұжырты-Бұлғын халқының бастан кешкен қасіреті қанша көп болса, елдігі мен ерлігі одан да асып түсетін ерекше қауым. Өр Алтайдан асып келіп, «Қобда беті» деп аталатын Шіңгілдің басы саналатын Бұлғын өзенін мекен еткен елдің басынан «Жалама айдаған жыл» (Дамбижанцан деген Қалмақиялық  диверсант Қобда қазақтарын зорлықпен ішкі аймақтарға айдаған, қазақтарды қорқыту үшін тірідей адам сойып, омыраудағы балаларды туырдыққа орап тірідей жұртқа қалдырған. Сонда, Хұжыртылық Көрімбай батыр Дамбижанцанның айдаушы қосынын қырып елді аман алып қалған), отызыншы жылдарғы «Кенжебек айдаған жыл» (Коминтеріннің арнайы өкілі Кенжебек Қосжанов  хұжыртылықтарды  шекарадан алыстату үшін тағы да әскери күш қолданып елді айдап, ақыры өзін Тасбике руының жігіттері өлтіріп қуғындалған ел жұртына оралады),  отыз сегізінші жылы «Эсэргу ұстау» репрессиясында  аймақ бойынша имам-молдасы мен  ауыл басы ең көп ұсталып атылғаны туралы  қалдамгер Сұраған Рахметұлы «Хұжырты құрбандары» деген тарихи-монография жазды. 1943-жылы  Хұжырты халқының жартысы  арғы Алтай бетіне асып қашады. Бұл көптеген саяси қуғындау және шекаралық ұрлық-қарлыққа қатысты  жала жабылған ел басшыларының өздері ұйымдастырған іс еді. Сонда,  ішкі істер өкілі Зия мен бақ бастығы Өткерме өлтіріліп, шекара асқан кезде қарапайым халық қоса оққа ұшқан қанды оқиға болды. (Моңғолияға танымал ғалым-жазушы Ислам Қабышұлының шешесі оқ тиіп аттан жығылса да бесіктегі баласын емізген қалпы  қансырап өлген екен). Міне, осыған байланысты Моңғолияның МАХН партиясы (коммунистік партия) «Хужиртын хэрэг» (Хұжырты ісі) деген төтенше қаулы шығарып көп жыл бойы сұмын халқы Ішкі істердің арнайы бақылауында қалған.  Елдің қашуын ұйымдастырған басты адамдар түгел атылып,  он екі бөліктен тұратын  үлкен Хұжырты сұмыны  бөлшектеліп  Бұлғын өзеннің төменгі жағындағы екі бақ Қобда аймағына беріліп, өзеннің басындағы екі бақ Дэлүүн сұмынынының әкімшілігіне өтіп кетті.  Және көптеген жеке ауылдарды Қобда дариясының арғы жағындағы Ногоннур, Баяннур деген сұмындарға жер аударды.

(Моңғолия бойынша екі төтенше партиялық қаулы «Архангайн хэрэг» деп аталған сол аймақтағы ламалардың  ереуіліне қатысты болғанын ескерсек, Хұжыртылықтардың саяси репрессияға қарсы еркіндік үшін бас тіккенін байқаймыз.)

Мұны еске түсіріп атау себебім, Қаржаубай ағам жетпісінші жылдардың ортасында осы тарихи оқиғаларды жазуға дерек жинағаны есімде, әкеміз Мауқара бір дәптер жазып берген еді. (Шешейдің Қаражаубай ағамды бірінші класқа Жолтының мектебіне әкелгені туралы айтқан әңгімесі де бар. Жолты бүкіл оқиғаның өрбіген  жері, сондықтан құрбандар мемориалы  осында орнатылған, Египеттегі кіші пирамидамен теңесетін ең биік түркі-обасы да осында)

Егер, Қаржаубай ағам ғылымға кетпегенде ақиқаттың қаны тамған тамаша роман жазуы кәміл болатын. Әйтседе, туған халқының алапат рухты тағдырын кітап етіп жазуға қолы тимесе де, солардың бәрі бұлқынған қалпы санасында күш-қуат болып жүргені күмәнсіз дер едім.

Сондай еркіндікті аңсаған, азатшыл рухты, бодандыққа көнбейтін, төмендікке түспейтін күрескер қауымнан маңдай алды азаматтар туып  Моңғолияның әйгілі адамдары атанғаны соның дәлелі. Қазақтан шыққан бірден бір Соғыс Батыры Ікей, жиһангез әрі исламтанушы Халифа Алтай, аңыз балуан Қожағапан, ең алғашқы Еңбек Ерлері Солтан, Шоя, Ақыт қажы жырын жадында сақтап түгел жеткізген имам Мұзбай, алғашқы Моңғолияның Халық Жазушысы  Мағауия, Моңғолияның Халық Артисі Қайынжамал, композитор Қабыкей,  Әйгілі нейрохирург Хайрулла,  елбасқарған Әбділ Жәлел, Сәтей Нұртаза, даңқты актер Ләтіф, ақын Кәкей, өнертанушы Жанатхан Сағидан... (бәрі марқұм болды)

Осы адамдардың ортасында Қаржаубай ағамның да орны ерекше, қай қатарға қойсам да жарасатын секілді. Өз басым Қазақстанға келіп журналист қызметін атқарғаннан бері Ұлттық апталық Ана Тілі, Еларалық  Қазақ Елі, Халықаралық Қазақстан-Заман т.б. басылымдарда Қаржаубай ағам туралы «Таскітапхананы сөйлеткен», «Нөмірі бірінші ұлштыл қазақ» т.т. көптеген мақалалар жазсам да көбі бұл тұлғаның бір қырын ғана ашты, өйткені басында айтқанымдай ол кісінің өмірі тарихтан саясатқа, саясаттан ғылымға бір-біріне ауыса беретін күрделі жол кешті.

Ал, өзгеге ұқсамайтын  қайсар мінезді бола тұра бала секілді көңіліндегісін жайып салатын аңқылдақ жайсаң, ғылым ісіне тастүйін ұқыпты бола тұра тіршілік мәселесінде жадағай, әртүрлі бақталастарынан болып басы дауға түсіп артынан сөз көп еретін дулы, денсаулығы қиын жағдайда жүрсе де емделу қаперіне кірмейтін жанкешті...

Бұл анықтамалардың бәріне бір-бір қызықты жайларды жазсам болар еді, сөз ұзап жазбамның шартты шеңберінен аспасын деп, екі-үш қана мысал айта кетейін:

1986-жылғы  Алматыда болған  «Желтоқсан көтерілісі» кезінде Қаржаубай ағам осында ғылыми еңбек қорғап жүрген болатын. Сонда, шетелден жүргендерді Алматыдан дереу шығарды, бір кнб менің артымнан ерген қалпы Иркутскіден пойзға отырғанша қалмай қойды, деп айтқан әңгімесі есімде.

1991-жылғы Моңғолиядағы болған алғашқы демократиялық  еркін сайлауда Баян-Өлгий аймағынан  Моңғолияның Ұлттық Құрылтайының депутаты болып Қаржаубай жеңіске жетті. (екі кезеңмен өткен өте көп кандидаттар қатысқан аса тартысты сайлау болды). Сонымен, депутаттық мандатты бекіту кезінде дау шығып «Сартхожын Харжаубайн  мандатыг  хэлэлцэх» (Сартқожаұлы Қаржаубайдың мандатын талқылау) деген мәселе шықты. Дәл осы кезде Баян-Өлгий аймағының орталығында  Қаржаубайды қолдаған үлкен ереуіл басталып кетті. Уланбатыр абдырап қалды, қазаққа қатысты ұлттық дау шығып кетуден сақтанып, бұл ереуілді тыныштандыруға сол кездегі Моңғолияның ең беделді лидерлерінің қатарында жүрген Зардыхан Қинаятұлын жіберді, мәселе оңынан шешіліп Қаржаубай ағам Ұлы Хұрал депутаты болған еді.  

Тоқсаныншы жылдары Қаржаубай ағам Баян-Өлгий аймағындағы Ғылыми орталықта қызмет етіп жүрді. Уланбатырдағы атақты өнертанушы сырлас досы Жанатхан (бұл кісі де бүкіл тірлігінде максимал еді, әлемдік деңгейдегі сурет өнерінде танылған ұлы Ойланның картиналары қазір дүниежүзілік сұраныста, кіші ұлы Толғау үш жыл уақытта үш шақырымға жететін рулон қағазға фантазиялық сурет салған,  өзі бір досына алты метр ұзын қағазға хат жазған еді, сол менде сақтаулы)  екеуі бір ортақ бизнес бастайды.


Сонда, Жанатхан «Төв шуудан» (орталық пошта) линиясы арқылы Қаржаубайға телефон жалғайды, әңгімелері бітпейді, жалғаса береді, ұйықтамай сөйлеседі, сонда да тоқтамайды, сөйте-сөйте 47 сағат бойы сөйлесіпті, шыққан ақша миллиондаған төгрөг болған, дейді. Бәлки, әлдебір жанкүйер мұны тексеріп жарыққа шығарса «Ең көп сөйлескен телефон ретінде «Гинесс кітабына» кіретін шығар деймін.

Қаржаубай ағам отыз жасқа жете бере «Бронхы астымасымен» ауыра бастаған-ды. Міне, содан елу жылға таяу бір қалтасынан пыш еткізетін арнайы дәрісі түспеді, ал, бір қалтасынан...

Иә, нақ шындығында ең максимал өмір дегеніміз, өмірін ғылымға арнаған адамның  өмірі. Олай десек, Қаржаубай ағамның өмірінің бастауы «Орхон-Енисей» түркілердің төл жазуымен жасты дер едім. Ал, ол жазу бүкіл түркі тілділердің рухани өмірімен әлі де жасай береді, бәлки сәті түскен кезде оны кәдімгі қолданысқа да әкелерміз. Онда, осы жазудың ғылымдағы оқылуына өмірін арнаған осы қазақ ғалымының бұ дүниелік ғұмыры алда да ұмытылмай жалғаса берері сөзсіз.

Марқұм ағамыз да өзінің бұл дүниелік мақсатының орындалғанын былайша жазып кеткен екен:

«Көк Түріктің  Көк тіреген Күлтегін рухын Арқаға әкеп қоныстандырдым. Өкінбен!  Қ. Сартқожаұлы  12-06-2020  Астана.»

«Қарлы Алтайдың – Қаһарлы Алтайдың  Тәңірлік рухты ұлы едім. Арқаға қонып ту тіктім! Өкінбен! Қ. Сартқожаұлы 12-06-2020»

Ағаммен жарты ғасыр бойы жарасып жары болған Жәлей жеңешем жіберген екен, екеуінен өрбіген бала-шаға, үрім-бұтағының аты-жөндері де Көк Түріктердің даңқты нысыпын әйгілеп тұр!  

Балалары: Толқын, Есіл, Бүбүбегім, Жантегін, Елтегін. Немерелері: Айбибі, Бұлатегін, Ертегін, Назбегім, Айтегін, Назбибі, Айбартегін, Әміртегін. Жиендері: Айбүбі, Исрафил, Ажар, Хантегін, Есүйбегім, Орхонбегім.

Әрине, қазақ «ұрпағымен мың жасау деп осыны айтады», бұл да көңілге демеу. Қаржаубай ағамыз жыл қайыру есебі бойынша да сексенге келген адам, дегенмен ғалымға бұл дүниелік жас көптік етпейді ғой, тағы да біраз ғұмыр кешсе «Тоныкөк» жайлы романын да жазып кетер ме, еді дейсің...

Адам пенденің осы өмірдегі арманы таусылмайды, алайда, мәңгі бітпейтін ақырет дүниесінің арманы туралы ештеңе айта алмаймыз ғой...

Абай Мауқараұлы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...