Өнер қырандары" театры арқылы халыққа танылған актер Жанболат Найзабеков киноиндустрияға бет бұруға...
Жақсылықтың жаршысы болған газет
фотосурет: ашық дереккөзден алынды
Интернет заманында жұртшылықтың дәстүрлі баспа материалдарына, яғни газет-журнал мен қағаз кітапқа деген қызығушылығы азаяды деген пікір белең алып жүр. Бірақ, шынтуайтында, тасқа басылған тарихтың мәні ешқашан жоғалмайтынын, қайта уақыт өткен сайын оның құны арта түсетінін өмірдің өзің дәлелдеп берді, деп жазды madeniportal.kz.
Адамзат тарихындағы өркениет әу баста тасқа қашалған жазу-сызудан басталған. Бұл мұралар сонау есте жоқ ескі замандардан бері үзілмей, ғасырлар көшіне ілесіп, дамып, жетіліп, бүгінгі күнге жетті. Тастағы таңбаларда әр өңірді мекендеген тайпалардың тіршілік-тұрмысы, арман-мақсаты, салт-дәстүрі бейнеленген. Мұндай тарих көптеген жұрттарда бар. Ал біздің тарихқа қатысты жазба VII-VIII ғасырларда қашалған орхон-енесей ескерткіштері арқылы ғылымға белгілі болды. Бұл өз заманына сай ақпарат ұсынудың өзіндік бір түрі.
Газет – сонау бабалар дәстүрімен үзілмей-жоғалмай келе жатқан, тек өз заманына қарай ақпарат беру формасы өзгерген тасқа басқан тарих. Рас, уақыт ағымына сайоған деген қажеттілік бірде бәсеңсіп, бірде қайта үдеуі мүмкін, бірақ енді баспа материалдары ешкімге керексіз болып қалады деу бекершілік.
Қай заманда да адамзат баласы өзі өмір сүріп жатқан ортаның, қоғамның жоғарғы саналы болуына ұмтылады. Осы жолда еңбек етті. Басқасын айтпағанда, күні кешегі ХХ ғасырда ұлт зиялылары орыс отаршыларына қарсы күресу үшін баспа өнімдерін дайындап, газет шығару ісіне ден қойғанын қалай ұмытамыз?! Бұл да біздің тарих. Ұлт ұстазы Ахаңның – Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы Һәм тілі» деген сөзі әлі күнге өз мағынасын жойған жоқ.
Кезінде клубтарда таспамен фильмдер көрсетіле бастағанда, енді театрларға ешкім бармайды, оның қажеті қанша деушілер шыққан. Бірақ кинотуындылар көрсетіледі екен деп, театрлар жабылып қалған жоқ, қайта жаңғырды, түрленді, өз көрерменін жоғалтып алмады. Баспа өнімдеріне, оның ішінде газет-журналға да қатысты осыны айтуға болады. Қайта кейінгі кезде салауатты қоғамның газет-журналға деген қызығушылығы қайтадан артып келе жатқан сияқты.
Мәселен, 2016 жылы Қазақстанда 2 мыңға жуық БАҚ тіркелсе, қазір олардың саны 5,5 мыңнан асқан. Бұлардың 70 пайызы – мерзімдік басылымдар. Осы жайттың өзі-ақ медиа саласының даму әлеуеті өсе түскенін және алдағы уақыттарда олардың болашағы баянды болатынын меңзейді.
Отандық медианың қарым-қабілетін одан әрі дамыту үшін алда талай-талай ауқымды істер күтіп тұр. Мемлекет Басшысы Қ-Ж. Тоқаев сайлауалды бағдарламасында еліміздегі ақпараттық саясатты, жастар саясатын, азаматтық қоғаммен байланыс құралдарын жақсарту бойынша қадау-қадау міндеттер қойды. Оның ішінде өңірлік БАҚ-тардың ахуалын жақсарту, қаржыландыру және техникалық жабдықтау, оқырман мен басылым таралымын көбейту және газет-журналдың оқырмандарға уақытылы жеткізілуі бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Мемлекет басшысының 2021 жылы 27 шілдедегі «Ақмола облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» жарлығына сәйкес, Қосшы ауылына облыстық маңыздағы қала мәртебесі берілді. Осыған орай жаңа қаламен бірге қалалық әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси «Jana bastau» газеті мен Janabastau.kz интернет ресурсы дүниеге келді.
Жас қаламызда жаңа басылымның дүниеге келуінің өзі тарихи оқиға әрі жақсылықтың жаршысы. «Jana bastau» – өзінің атауы айтып тұрғандай, Қосшы қаласында жасалып жатқан жақсылықтардың, атқарылып жатқан игі істердің бастауы, көзі, жаршысы болсын деген ниеттен туындаған лебіз.
Ұзақ сапарлар алғашқы қадамнан басталатыны сияқты мерзімдік басылымның 2,5 жыл бойы жарық көріп келе жатқан әрбір нөмірін газет тарихының бастапқы тарауларының бірі деп түсінген абзал.