Кісі өлтірудің түсінігі және сипаттамасы
ЖОСПАР
КІРІСПЕ
І БӨЛІМ. Кісі өлтірудің түсінігі және сипаттамасы.
1.1. Кісі өлтірудің түсінігі
1.2. Кісі өлтірудің құқықтық сипаттамасы
ҚОРЫТЫНДЫ
КІРІСПЕ
Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабында «ең қымбат қазына – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», - деп жарияланған. Осыған орай Қазақстан Республикасындағы барлық құқық салалары, оның ішінде Қылмыстық құқықта адамды қорғауды өзінің міндеті деп санайды.
Қылмысты іс - әрекеттер заң шығару жұмысында тәжірбиеден, яғни қоғам өмірінен алынады, себебі қылмыстар қоғамға таралған әрекеттер болып табылады. Қылмысты іс - әрекеттер қатарында тәжірбиеде әлі кездеспесе де алдағы уақыттарда кездесуі мүмкін деген болжамымен заң шығарушының қылмысты деп таныған әрекеттері болуы мүмкін. Бұл өте сирек кездесетін жағдай. Мысалы Қазақстан Республикасының Қылмыстық заңының 96 бабы 2 бөлімінің «м» тармағы қарастырылған «жәбірленушінің мүшелерін немесе тінін пайдалану мақсатымен жасалған» кісі өлтіру Қылмыстық кодекс 1997 жылы бекітілгенге дейін сот – тергеу тәжірбиесінде кездескен жоқ. Бірақ заң шығарушы мұндай кісі өлтіру түрі шетелдердің тәжірбиесінде бар, алдағы уақыттарда бізде кездесуі мүмкін деген болжаммен заңға енгізді.
Қылмыскердің қылмысқа дайындығы, оны жасау және жасыру әрекеттері өзара тығыз байланыста болады және тұтастай алғанда, нақты қылмыстың тәсілін құрайды. Қасақана адам өлтіру қылмысы кезінде қылмысты жасыру ойы қылмыскерде қылмысты жасауға дейін туындайды және әртүрлі дәрежеде көрініс табады. Сондықтан кез келген адам өлтіру қылмысы кезінде ол абайсыздан жасалды ма, әлде ауырлатылған немесе жеңілдетілген жағдайда жасалды ма соны анықтау және бұл қылмыстық әрекетті саралау үлкен қиыншылыққа әкеледі.
І БӨЛІМ. Кісі өлтірудің түсінігі және сипаттамасы.
1.1. Кісі өлтірудің түсінігі
Ең басты, ең қорқынышты адамға төнетін қауіп – соғыс. Екіншіден, ол – адамды өлтіру. Бұл қылмыстардың бәрі ашылды деп айтуға болмайды, тіпті тіркелмеген адам өлтіру қылмыстары бар. Сонымен қатар хабарсыз кеткен адамдар саны қаншама, ал жиі кездесетін өзін - өзі өлтіру қылмысын инсценировкалау. Алдын – ала тергеу органдарының тергеу тәжірбиесінде өзін - өзі өлтіру инсценировкасын жасау көп кездеседі. Бұл мынамен түсіндіріледі: өзін- өзі өлтіру куәларсыз жасалады, сондықтан қылмыскер оқиға болған кезде жәбірленушінің жанында болмағанын айтады, өз-өзіне қиянат жасау инсценировкасында өлікті оқиға болған жерден тасымалдаудың қажеті жоқ, қылмыскер оқиға болған жердің қоршаған ортасын өзгерте алады. Қылмыскер әртүрлі себептермен өзін-өзі өлтіру инсценировкасына жүгіне алмаса, инсценировкалардаң басқа түрлерін былай келтіреді: тұрмыстағы, құрылыстағы немесе көліктегі жазатайым оқиғалар.
Инсценировкалардың түрлерін білу оларды куәландыратын белгілерді табуға және оларды әшкерелеуге қажет. Кісі өлтіру қылмыстық істері бойынша инсценировкалардың келесідей түрлері болуы мүмкін:
1. Кісі өлтіру қылмысын жасыру.
2. Қылмыстық емес сипаттағы оқиғаны жасыру.
Өз жғынан кісі өлтіру қылмысын жасыру инсценировкаларының келесі түрлері болуы мүмкін:
1. Өзін - өзі өлтіру инсценировкасы.
2. Жазатайым оқиғаның инценировкасы.
3. Кісі өлтіру қылмысын жасау инсценировкасы.
Адамға қарсы қылмыстар – бұл азаматтардың жеке құқықтарына қарсы бағытталған, қылмыстық кодексте көрсетілген қоғамға қауіпті іс - әрекеттер жиынтығы. Объектіге байланысты тұлғаға қарсы қылмыстар 6 түрге бөлінеді: өмірі мен денсаулығына қарсы, бостандыққа қарсы, тұлғаның ар-намысына қарсы, жыныстық бостандығына қарсы, адам және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қарсы, отбасы және кәмлетке толмағандарға қарсы қылмыстар.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде өмірге қарсы қылмыстардың 3 түрі көрсетілген:
1. адам өлтіру(ҚР ҚК 96-100 баптар)
2. абайсызда адам өлтіру (ҚР ҚК 101 -бап)
3. өзін - өзі өлтіруге дейін жеткізу (ҚР ҚК 102- бап)
Өмірге қарсы қылмыстарды анықтауда адамның өмірінің басталуы мен аяқталуына байланысты фактілі және заңи алғышарттар бар.
Бірінші фактілі алғышарт өмір сүруін бастаған адамға қастандық жасалғанын анықтау. Адамның өмірі сүруі қай кезден басталатыны даулы мәселе. Бұл аборт және анасының баласын өлтіруін айырумен байланысты.
Екінші фактілі алғышарт болып адамның өміріні аяқталуы, яғни өлуі болып табылады. Бұған байланысты медиктер мен заңгерлер арасында пікірталас туындады. Өлім адам өмірінің соңғы сәті болып табылады. Өлім клиникалық және биологиялық болып екіге бөлінеді. Тыныс алуы мен қанның айналысы тоқтағаннан кейін 5-6 минут шамасында клиникалық өлім сатысы басталады. Адам денесінің салқындауына байланысты бұл кезең 10 немесе одан да көбірек минутқа созылады. Өлудің соңғы кезеңі – биологиялық өлім, орталық нерв жүйесі қызметінің істен шығуына байланысты мидың өлуі басталады. Адамның басқа органдары мен тіндерінің өміршендік белгілері біразға жалғасқанымен, мидың өлуі адам өмірінің соңғы сәті биологиялық өлім.
Біз айтқанымыздай уақытынан бұрын қаза тапқан адамдардың көбі: ауру немесе зорлық әрекеттерден қайтыс болады.
Басқа адамның әрекеті нәтижесінде адамның зорлықпен қайтыс болуын анықтау тағы бір алғышарт болып табылады. Әрекетті өмірге қарсы деп тану үшін фактілі алғышарттан басқа заңи алғышарттар бар. Олар: құқыққа қайшылық және кінәлілік. Себебі, адам өлтіру заңи әрекет те болуы мүмкін, мысалы өлім жазасына кесу.
ҚР Қылмыстық кодексте көрсетілген адам өлтіру анықтамасын идеалды деп айтуға болмайды, себебі онда адамды өмірінен қасақана айыру белгілері баяндалмаған.
С.В.Бородиннің пікірінше ҚК – не сәйкес адам өлтіру қылмысын келесідей сипаттауға болады :
Адам өлтіру – басқа адамның өміріне қастандық жасап, қаза келтіретін Қылмыстық кодекстің ерекше бөлімінде көрсетілген кінәлі әрекет.
Бірақ, абайсыздан адам өлтіруге ҚК-те анықтама берілмеген. Адам өлтіруді сипаттайтын белгілер де абайсыздан адам өлтіруге тән тек әрекеттің субъективтік жағына байланысты немқұрайлылықпен немесе менмендікпен адам өлтіру дегенді қосу керек.
Адам өлтірудің бір қылмыс түрінен екінші адам өлтіру қылмысынан айыру үлкен қиыншылық туғызады. Бұл қылмысты саралауда көбінесе бір кісі өлтіру түрі басқа кісі өлтіру түрі болып саналады. Саралау прцессін шартты трде екі этапқа бөлуге болады.
Бірінші этап, заңның тура мағынасын түсініп, қылмыстың құрамының белгілерін анықтау және жан – жақты анализдеу. Мұның нәтижесінде негізгі қылмыс құрамының бар немесе жоғы анықталады. Мұндай жағдайда абайсыздықтан адам өлтіру анықталса, саралау процессі осымен аяқталады, себебі бұл қылмыстың тек бір түрі көрсетілген. Өзін - өзі өлтруге дейін жеткізу қылмысында саралаудың бірінші этабы қолданылады.
Екінші этап, негізгі қылмыс құрамы анықталғаннан кейін екінші этап басталады. Адам өлтіру қылмысының саралаушы ерекшеліктерінің бар – жоғын анықтау. Мұнда жауаптылықты ауырлататын немесе жеңілдететін жағдайлар анықталады.
Қазақ ССР-інің 1959 жылғы Қылмыстық кодексінде адам өлтірудің заңдылық анықтамасы берілмеген еді. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы жаңа Қылмыстық кодексінде тұңғыш рет адам өлтірудің заңдылық түсінігі берілген. «Кісі өлтіру, яғни басқа адамға құқыққа қарсы қасақана қаза келтіру» деп ҚК -тің 96- бабында тура көрсетілген. Осыған орай абайсызда кісі өлтіру заң бойынша адам өлтіру деп танылмайды. Бірақ топтық және тікелей объект белгісіне сәйкес бұл қылмыс құрамы жеке адамға қарсы қылмыс үшін жауаптылық көзделген тарауда орналасқан. Өмірге қарсы қылмыстың, соның ішінде адам өлтірудің де тікелей объектісі адамның өмірі болып табылады. Заң жасына және денсаулық жағдайына қарамастан кез келген адамның өмірін бірдей қорғайды. Адам өмірі нәрестенің туған сәтінен, яғни анасының денесінен бөлініп шығып, алғаш тыныс алуы арқылы оның өкпесінің жұмыс істеген уақытынан басталады. Бұл құбылыс нәрестенің алғашқы айқайынан , дыбыс беруінен басталады.
ҚК 96-бабында көзделген адам өлтіруге оқталған кезде кінәлі оның қоғамға қауіпті сипатын сезгендіктен, жәбірленушіге құқыққа қарсы қаза келтіру мақсатында әрекет жасаған, оның іске асатынын алдын ала білген және соны қалаған, бірақ оған қатысты емес жағдайлар бойынша қаза іске аспаған қасақана әрекеттерді тану керек.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі адам өлтірудің барлық түрін шартты түрде үш топқа бөлуге болады:
1. Жай адам өлтіру немесе кісі өлтірудің негізгі құрамы. Қазақстан Республикасының Қылмыстың кодексінің 96 бабының 1 бөлігі.
2. Ауырлататын жағдайдағы кісі өлтіру. Қазақстан Республикасының Қылмыстың кодексінің 96 бабының 2 бөлігіндегі көрсетілген – 13 тармақ.
3. Жеңілдетілген жағдайдағы кісі өлтіру. Қазақстан Республикасының Қылмыстың кодексіндегі келесі қылмыс құрамдары: жаңа туған сәбиді анасының өлтіруі (97 б); жан күйзелісі жағдайында болған адам өлтіру (98 б); қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде жасалған кісі өлтіру (99 б); қылмыс жасаған адамды ұстау үшін қажетті шаралардың шегінен шығу кезінде жасалған кісі өлтіру (100 б).
Кінәні, жауаптылықты ауырлататын немесе аса ауырлататын әрекеттермен қылмыс жасағанды, жазаны негізгі құрам бойынша белгілей алмаймыз, заң баптарын бөлімге немесе әрі қарай ауырлататын құрамдарға бөлмеу кінәліге жеткілікті жаза тағайындауға заң жүзінде мүмкіндік бермес еді. Кісі өлтіру қылмысын білдіретін 96 баптың бөдімдері (және екінші бөлімнің он үш тармағы) да жеке құрамдарды білдіреді.
Жеке адамға қарсы қылмыстар туралы істер жөніндегі қылмыстарды саралау және тиісінше, оларды жасаған адамдарға әділ жаза тағайындау кезінде қылмыстық заңды дұрыс қолдануды қамтамасыз ету үшін кінә нысанын, ниетінің түрін, қылмыс жасаудың мәні мен мақсатын, тәсілін, жағдайы мен сатысын, келтірілген зардаптардың ауырлығын анықтау қажет. Қылмыстық процесті жүргізетін органдар іс жүргізу құжаттарында (айыптау қорытындысында, үкімде) өз тұжырымдарын жол берілетін анық дәлелдемелерді келтіре отырып негіздеулері тиіс.
Қылмысты бірнеше адам жасаған кезде олардың арасында қылмыс жасауға алдын ала сөз байласу болған – болмағанын, рөлдері бөлінген – бөлінгенбегенін, қылмыс жасалған кезде олардың әрқайсысының қандай әрекеттер жасағанын, сондай-ақ барлық өзге де мән-жайларды анықтап, солардың негізінде адамдардың топ болып әрекеттер жасағандары туралы қорытынды жасау және жауаптылыққа тартылған адамдардың әрқайсысының қатысу нысанын айқындау, олардың әрекеттерін жеке-жеке саралап әділ жаза тағайындау қажет.
1.2. Кісі өлтірудің құқықтық сипаттамасы
Қылмысты квалификациялау үшін қылмыстық заңдағы жекелеген қылмыс түрлерінің қылмыстық құқықта белгіленген ерекшеліктерін немесе оларды өзге қылмыстардан ажырататын белгілер тобымен жақсы таныс болу керек. Әрбір қылмысты білдіретін белгілер тобының жиынтығы арқылы ғана жеке қылмыс құрамдары өзге құрамдардан ажыратылады және нақтыланады. Қылмыс құрамы деген ұғым «құрам» деген сөздің қолданылуының өзінен-ақ, оның белгілі – бір элементтерден, белгілерден құралып бір ұғымды білдіретінін көрсетеді.
Қылмыстық құқықта қылмыс құрамдарының элементтері ретінде қылмыстың объектісі, объективтік жағы, субъективтік жағы және субъектісі аталады.
Адам өлтіру қылмысының объектісі адамның өмірі. Адам өлтірудің объективтік жағы басқа адамды өмірінен заңсыз айыруға бағытталған іс-әрекеттің және соның зардабынан адам өлуінің арасындағы себептік байланыстың болуын айқындау қажет.
Адам өлтіру негізінен әрекет арқылы жүзеге асырылады. Адам өлтірудің көпшілігі осылайша жасалады. Кінәлінің оқпен атылатын және суық қарудың, өзге заттарды пайдаланумен, уландыру, жарылыс жасау, басқа да әдістерді қолдануы арқылы адам өмірінен айырылады.
Адам өлтіру сондай-ақ әрекетсіздік нысанында болуы мүмкін. Бұл негізінен мынадай жағдайда болуы мүмкін. Кінәлі адам біреуді өмірден айыру мақсатымен өлімге араша тұра алатын мүмкіндігі бола тұра және осыған тікелей міндетті бола тұрса да әрекетсіздік жолымен оған өлім қаупін туғызады және өлімге жолбереді.
Адам өлтірудің объективтік жағының екінші белгісі қылмыстың зардабы жәбірленушінің өлімі болып табылады. Өмірден айыруға тікелей қасақаналық болғанымен қылмыстық зардаптың - өлімнің болмай қалуы кінәлінің әрекетіне оқталғандығы, адам өлтіруге оқталғандық ретінде саралауға негіз болып табылады.
Адам өлтіру – материалдық құрамға жатататын қылмыс.
Адам өлтірудің субъективтік жағы – ҚК – тің 96 бабына сәйкес тек қасақаналықпен жүзеге асырылады. Адам өлтіру кезінде қасақаналық тікелей және сол сияқты жанама да болуы мүмкін. Тікелей қасақаналық кезінде кінәлі өзінің басқа адамның өміріне қол сұғып отырғандығын сезеді, оның әрекеті іс жүзінде өлімге әкелетіндігін біледі, және өлімнің болуын тілеп іс-әрекет жасайды. Жанама қасақаналықпен адам өлтіру кезінде кінәлі өзінің әрекеті арқылы адам өміріне қатер төндіретіндігін мойындайды, осы әрекеттің нәтижесінде оның өлуі мүмкін екендігін біледі, өлімнің болуын тілемейді, бірақ оған саналы түрде жол береді.
Кінәлінің ниетінің түрі туралы мәселені шешкенде соттар жасалған қылмыстық барлық жағдайларына сүйенуі және атап айтқанда: қылмыстың тәсілі мен қаруын, денеге салынған жарақаттың санын, сипаты мен оқшаулауын, кінәлінің қылмыстық әрекетті тоқтату себебін, сондай-ақ кінәлінің қылмыс істеу алдындағы және одан кейінгі мінез-құлқын, оның жәбірленушімен арақатынасын ескеруі керек.
Қасақана адам өлтірудің субъектісі 14 жасқа толған жеке тұлға болып табылады. Ауырлататын жағдайда адам өлтіру – ҚК-тің 96-бабының 2-тармағында көзделген. Қылмыстық құқық теориясында бұл жағдайларды топтарға бөлу қалыптасқан. Мұндай жағдайда бөлу үшін қылмыс құрамының элементтері пайдаланылады.Обьекті бойынша, яғни жәбірленушінің жеке тұлғасы бойынша – екі немесе одан көп адамдарды; Осы адамның қызметтік іс - әрекетін жүзеге асыруына не кәсіби немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты адамды немесе оның жақындарын; Дәрменсіз жағдайда екендігі айыпкерге белгілі адамды, сол сияқты адамды ұрлаумен не адамды кепілге алумен ұштасқан; жүкті екенгдігі айыпкерге белгілі әйелді өлтіру. Объективті жағы бойынша – аса қатігездікпен жасалған; көптеген адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған; адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы немесе ұйымдасқан топ жүзеге асырған. Субъективтік жағы бойынша – пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен не бандитизммен ұштасқан; бұзақылық ниетпен; Басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңілдету мақсатымен жасалған, сол сияқты зорлауға немесе жыныстық сипатындағы күш қолдану әрекеттерімен ұштасқан; әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық не қанды кек себебі бойынша; жәбірленушінің мүшелерін немесе тінін пайдалану мақсатымен жасалған. Субъектісі бойынша – бұрын адам өлтірген адам жасаған адам өлтіру.
Әр жағдай жеке түсінік болып табылады. Сондықтан да егер де адам ҚР ҚК – тің 96 –бабының 2-тармағында көзделген бірнеше жағдайларды жасаған жағдайда әрекетті саралау кезінде бұл баптың тек бір тармақшасын қолдануға тиым салынады.
Мұндай қателікті мойындамау мақсатында ҚК-тің 96-бабының 2-тармағының бір немесе одан да көп тармақшасын қолдану істің шешіміне әсер етпейді дейді, себебі бұл тармаққа бір санкция белгіленген. Бұл өте қате пікір. Себебі егер де қылмыстың белгілері бірнеше тармақшаға сәйкес болса, оны барлық пункт бойынша саралау керек, әйтпесе бұл сот шешімін шығарған кезде барлық жағдайды дұрыс бағаламай, объективті шешімге келе алмас еді. Міндетті түрде аыйпталушының әрекетінде бір мақсат пен бір ниет болуы керек, осындай жағдайда ғана бірнеше тармақшамен саралауға жол беріледі.
В.Н.Кудрявцев «барлық жағынан бірдей екі қылмыстық құрам болмайды. Барлық қылмыс құрамдары кем дегенде бір белгісі бойынша ажыратылады. Құрамдардың арасында айырмашылықтың болмауы ұқсас қылмыстарды ажыратуда мүмкіндік бермес еді» - дейді . Құрам элементтері бір қылмыстың түрлі құрамдарында бірдей анықталғанда, олар өзара құрам элементтерінің қосымша белгілерінің міндетті белгі болуына қарай және Қылмыстық кодекстің 54 бабында келтірілген кінәні ауырлататын белгілердің көрсетілуіне қарай ажыратылады. ҚР ҚК 96 баптың 2 бөлімінде қарастырылған қасақана кісі өлтірудің ауырлататын түрлерінің құрам элементтері бойынша айырмашылығы жоқ . Тек соңғы «н» тармағы бұрын қасақана адам өлтіру қылмысын жасаған адамның осы қылмысты қайталануын көрсетіп субъекті бойынша ажыратады. Бұл баптың әртүрлі пункттеріндегі қасақана адам өлтіру әрекеттері өзара объект көлемі (мысалы жүкті әйелді өлтіру, екі немесе одан көп адам өлтіру), тәсілі бойынша (мысалы аса қатігездікпен өлтіру, бірнеше адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен өлтіру), қылмыстық ниеті бойынша (пайдақорлық, қанды кекті қайтару, бұзақылық ниетпен адам өлтіру), мақсаты бойынша (жәбірленушінің мүшелерін немесе тәнін пайдалану, басқа қылмысты жасыру немесе қылмыстың жасалуын жеңілдету мақсатында адам өлтіру) ажыратылады.
Қылмыс құрамының қоғамға қауіптілік дәрежесін сипаттайтын белгілерді үш топқа бөлуге болады: 1) негізгі немесе констутивтік; 2) ауырлататын немесе сараланған; 3) жеңілдететін. Адам өлтіру қылмысына байланысты:
1. негізгі немесе констутивтік белгілер деп қылмыстық құрамдардың негізгі немесе ауырлататын құрамдарына, сондай – ақ жеңілдетілген құрамдарына да тән белгілерді айтамыз. Мысалы қасақана түрде басқа адамға қаза келтіру белгісі 96 баптың 1 бөлімі бойынша квалификацияланатын жай кісі өлтірудің түрлеріне , сондай – ақ 97, 98, 99, 100 баптарындағы кінәні жеңілдететін жағдайларға қарсы бағытталған қылмыстардың негізгі белгісі болып табылады.
2. ауырлататын белгілер қылмыстың құрамында тікелей келтірілген ауырлататын жағдайларды білдіреді. Ол ауырлататын жағдайлар қылмыстық құрамды сипаттайтын белгілердің түрлерінде кездеседі, яғни зардаптың көлеміне, қылмысты жасау орыны, уақыты, тәсілі жағдайы, құралына қарай және ниетімен мақсаттың, қылмыс субъектісінің түріне қарай ауырлатады. Мысалы 96 баптың екінші бөлігінің «з» тармағындағы пайдақорлық ниетпен кісі өлтіруде «пайдақорлық» ниет ауырлататын белгі болып табылады.
3. Қылмыстық құрамдар кінәні жеңілдететін қылмыс түрі ретінде бағалануы үшін, ол жеңілдетілген белгі құрамның мазмұнында келтіріледі. Мұндай жағдайда да ауырлататын құрамдардағы сияқты кінәні жеңілдететін белгі қылмыстық құрамының міндетті белгісі ретінде норма диспозициясында тікелей көрсетіледі. Оларға әйелдің баласын босану уақытындағы, қажетті қорғану, ашу шегінен, қылмыскерді ұстау шаралары шегінен шығуы жағдайларында өміріне қаза келтіруі қарастыратын құрамдар жатады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақстан Республикамыздың бұл қылмысты, әсіресе ауырлататын жағдайда жасалған адам өлтіргені үшін неғұрлым қатаң санкция белгілесе де, менім ойымша ол жеткілікті емес, менімен келісетін адамдар аз емес. Осыған орай шығарылған заңдар, бұл қылмысқа орай ауырлататын жағдайда адам өлтіру әрекетін дұрыс саралау үшін қаулылар қабылданып, студенттерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне адам өлтіру, жалпы адамзатқа қарсы қылмыстарды дұрыс түсініп, саралауға, заңи тұрғыдан бағалауға үйрететін әдебиеттер көптеп шыққанымен оның ішінде біздің отандастырымыз шығарған әдебиеттер санаулы ғана, әлі де кемшіліктер бар. Мен жеке өзім ҚР ҚК-нің 96-бабы екінші бөлігінде көрсетілген ауырлататын жағдайларға қоса, кінәлінің өзінің ата – анасын өлтірген қылмыс пен, жасөспірімдерді (мысал ретінде жас шегін көрсете отырып 5 жасқа дейін) балаларды өлтіру қылмыстарын жатқызатын едім. Себебі ата – анасын өлтіру бұл құлаққа сыйымсыз, адамгершіліктен жат, аморальдық әрекет. Көптеген шет мемлекеттерде (Болгария, Румыния, Франция және т.б.) мұндай қылмыс түрі қылмыстық кодкстерінде жауаптылықты ауырлататын жағдай ретінде енгізілген. Тіптен ғалым Н.С. Таганцевтің ерте замандағы елдердің қасақана адам өлтіру жайында зерттеген еңбектерінен бұл қылмыс Египет, Үндістан, Қытай, Рим, Иудей елдерінің заңнамаларында ең ауыр қылмыс деп танылғанын білуге болады. Ата – анасын өлтірген адам, басқа адамды өмірінен айыру қолынан оңай келеді, бұл қоғамға қауіпті адам екендігін айқын көрсетеді. Сондай – ақ кішкентай балаларды, оларды періште деп те атауға болады, бұл адам өлтіру мүлдем кешірімсіз әрекет деп санаймын. Әрине бұл адам өлтіруде де әлі көптеген жағдайларды, кінәлінің ниетін, қылмыс жасаудың мәні мен мақсатын, тәсілін, жағдайы мен сатысын анықтау қажет дегенмен де мен осы екі жағдайды қосатын едім. Жұмысты жаза келе көптеген ауылатылған жағдайда адам өлтіруге қатысты қылмыстық істермен, сот істерімен таныстым. Әсіресе осы қылмыс түрін саралау қиынға соғатынына көзім жетті. Мұнда ең бастысы әділеттілік қағидасын басшылыққа алып, сот алдында екі жақтан да таразыда адам өмірі тұрғанын ұмытпау керек.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Бородин С.В. Преступление против жизни. Москва, Юрист 1999г.
2. Бородин С.В. «Квалификация преступлений против жизни» 1977г.
3. Куаналиева Г.А. Екі немесе одан көп адамды өлтіру. ҚазҰУ хабаршысы. Заң сериясы. 2007ж. №4
4. Кузнецова Н.Ф. Вопросы квалификации умышленных убийств 1961г. №2.
5. Мамутов А. Преступления, составляющие пережитки патриархально-родового быта. Алма – Ата, 1963г.
6. Наумов А. Отграничение убийства из хулиганских побуждений от смежных составов преступлений// Сов. Юстиция. 1970г. №4.
7. Семенова Н.К. Квалификация убийств из хулиганских побуждений. Свердловск, 1986г.
8. Шаргородский М.Д. Ответсвенность за преступление против личности. Л. 1953г
9. Наумов А.В. Мотивы убийства. Волгоград, 1973г
10. Апенов С.М. Об эффективности приминения уголовно – правовых норм, регулирующих ответственность за убийство сопряженное с разбоем, вымогательством или бандитизмом. Тураби.
Нормативтік құқықтық актілер:
1. Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995жыл 30 тамыз.
2. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі. 1997ж. 16 шілде.
3. ҚР Жоғарғы Соты Пленумының қаулылар жинағы. Бірінші том (1961-1997)-Алматы: «Санат», 1997ж.
4. Сборник постановлений Пленума и определений коллегий Верховного Суда СССР по уголовным делам. 1959-1971 гг. М., 1972.
5. ҚР Жоғары Сотының №1 нормативтік қаулысы. 11 мамыр 2007ж. Астана
6. ҚР Жоғарғы Сотының «қорқытып алу істері бойынша сот тәжірбиесі туралы» нормативтік қаулысы 2006 жылғы 23 маусым.