Қонақжайлылыққа қатысты салт-дәстүрлер
ЖОСПАР
Кіріспе
1. Қазақтың қонақжайлылығы қанына сіңген асыл қасиеті
2. Қонақжайлылыққа қатысты салт-дәстүрлер
3. Қорытынды
4. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Кіріспе
Қазақ отбасына тән абзал қасиеттердің бірі — ежелден бері келе жатқан қонақжайлылық. Қонақ болу үшін оның таныс болуы, діндес, теңдес болуы шарт емес. Әрбір жолаушы кез келген қазақ үйінде қонақасыны «бөлінбеген еншім» деп талап етуге еркі болған. Қонақ асыны «бөлінбеген енші» деудің өзі қазақ арасына кең тарап, дәстүрге айналып қалыптасқан халық жорасы екенін көрсетеді.
Бұл дәстүрдің шығу тегін аңыз Алашқа апарып тірейді. Алаш қартайған кезінде қолындағы бар малды төртке бөліп, үш бөлікті үш баласына — Ұлы, Орта және Кіші жүзге берген екен. Ал өзінде қалған төртінші бөлікті қонақ сыбағасы болсын деп, үшеуінің ортақ меншігіне қосыпты. Сондықтан аңыз бойынша әр жолаушыға қандай қазақ болсын тегін тамақ, жылы орын тағы басқа қамқорлықтар жасап тұруға міндетті болса керек.
Қазақ «Қырықтың бірі — Қыдыр» дейді. Мұнысы қонақты қума, оның шарапаты тиеді, бірінен болмаса екіншісінен құт келеді деп есептегендіктен. «Қонақты қуа берсең құт қашады» деу де содан. Қонақ болып отырған адам, өзінің жауы болса да үй иесі өз үйінде оған және басқаға да қиянат жасатпайды. «Өз үйіңде таудай дауыңды айтпа» деген қағида да осыдан қалған.Әдетте жолаушы қонаға келіп қалғанда бөтен ауылдың ең тәуір деген ақ үйіне, яғни біреуден қысылмайтын бай үйіне түседі. Сондықтан да «қонақ таңдап қонады» дейді халық. «Түскенше қонақ ұялады, түскен соң үй иесі ұялады» демекші, қонған қонақты күту міндеті үй иесіне түседі. Жаздыгүні қонаққа ең болмағанда марқа сойылса, қыстыгүні соғым етінен тартылған мүшелі табаққа риза болады. Қазақ халқы қонақ күтуді де, қонақ болып қыдыруды да жақсы көрген. Сондықтан халық мәтелі: «Асың барда ел таны — беріп жүріп, атың барда жер таны — желіп жүріп» деп, ер-азаматқа үйінде отыра бермей, ел көр, жер көр, көппен аралас деп кеңес бергендей сыңай білдіреді. Бала жасынан осындай рухта тәрбиеленген жас жеткіншектер ержеткенде сол ғұрыпты берік ұстап, әр уақытта көргенділікпен ел аузына ілігуге тырысатын.
Қазақ отбасында балалар жастайынан қонақжайлылыққа тәрбиеленеді. Өйткені халық дәстүрі бойынша қонақасы берілген соң, қонақтан әңгіме сұрайды, өнері болса ән салғызып, күй тартқызады, ертегі, қиссалар айтқызады. Қонақ әңгімесіне балалар әрқашан құмар болады. «Адам болар бала қонаққа үйір» деп халық тегін айтпаған. Өйткені әр қонақтан естіген жаңалықтарын есінде сақтай білген жастың өмірді білуі, түсінуі кеңейіп, дүниеге көзқарасы қалыптасады. Көптеген нақыл сөздерді, пайдалы кеңестерді үйренумен бірге, жаманшылықтан жиренуге ден қояды. Олай бол-са қонақжайлылықтың тәрбиелік мәні аз емес.
1. Қазақтың қонақжайлылығы қанына сіңген асыл қасиеті
Кеңпейіл қазақ халқының ата-бабасынан қан арқылы ұрпағына беріліп, бар ұлттың ерекше сый-құрметіне бөленіп келе жатқан ізгі дәстүрі, асыл қасиеті – қонақжайлылық. Оны кейбір дінтанушы адамдар әулие адамдардың алтыншы қасиетіне де балайды. «Құдайым, би қылмасаң да би түсетін үй қыл», - деп бабаларымыздың Жаратқан Иемізге жалбарынуы сірә, сол себепті де шығар. Және де халқымыздың қонақжайлылықты қатты қастерлегені соншалықты, ауылға келген бейтаныс қонақтар кез келген үйге түспей, дастарханы мол, пейілі кең, үйі таза, көргенді ұл-қызы бар үйлерге ғана қонақ болған. Оған үй иесі қатты қуанып, ақ батасын берген. Әйтеуір, қазақ халқының салт-дәстүрінде қонақ шақырмау, қонақты үйге түсірмеу – үлкен айып болып саналады.
Қонақжайлылықтың негізгі белгілері
Адамдардың арасындағы сыйластықты, бір-біріне деген құрмет пен қамқорлықты білдіретін, үй иесінің адамгершілігін, имандылығын айқындайтын ұлттық салт-дәстүріміз – қонақжайлы-лықтың негізгі белгілері бар. Олар: адамдарды тіліне, дініне, ұлтына бөлмей, құрметпен қарсы алып, достық ықылас көрсету, адал ас-дәмін ұсыну.
Қазақ халқының қонақ-жайлылық қасиеті мен дәстүрі қай заманда да шетелдік саяхатшылар мен ғалымдарды қатты таң қалдырғаны тарихта жазылып қалған ақиқат. Этнографтардың, көнекөз қариялардың айтуынша, дәстүрлі қазақ қоғамында әкенің балаға қалдыратын мұрасы-ның белгілі бір бөлігі міндетті түрде қонаққа тиесілі «енші». Қасиетті қазақ даласындағы кез-келген жолаушының кезіккен ауылдан тамақтанып, шөлін қандырып, тынығып алуына құдайы қонақ ретінде қақысы бар. Ал әрбір үй қонақты ақ пейілімен қарсы алып, сыйлап, құрметтеп шығарып салуға тиісті. Бұл – қазақ даласында ежелден келе жатқан моральдық – этикалық қалып, қазақ тұрмысының айнымас шарты. Қонақ деп кімді айтады?
Үйге келген мейманды - қонақ деп атайды. Қазақ халқының әдеп-ғұрпы бойынша үйге келген адам ішке баса көктеп кірмейді, сырттан дауыстап, үйдегілерге белгі береді. Үйге келген қонақтың міндетті түрде орындайтын ең бірінші шарты шаңыраққа сәлем беріп кіру. Түсте келген қонаққа түстік, кешке келген қона-ққа үй иесі қонақасы береді. Қонақтар жасының үлкендігі мен мәртебесіне сәйкес төрден есікке қарай орналасады. Үй иесі болмаса келген қонақ ұсынылған астан дәм татқан соң басқа, үй иесі бар отбасына барып түнейді. Қонақты үй иесінің өзі есікті ашып қарсы алады. Олар кетерде үй иесі есікті ашып, шығарып салса, бұл қонақтарды қуған болып саналады.
Қонақ болу үшін таныс болу шарт емес. Ерте заманнан-ақ қазақ даласында әрбір жолаушы кезіккен қазақ үйінен қонақ асын – «бөлінбеген еншім» деп талап етуге ерікті болған. Халық аңызында бұл дәстүр Алаша ханның атымен тығыз байланысты: Алаша хан өзінің барлық мал-мүлкін тең етіп төртке бөледі де үш бөлігін үш баласы – Ұлы, Орта, Кіші жүзге еншілікке береді, төртінші бөлікті қонақ сыбағасы болсын деп, үшеуіне ортақ меншік ретінде қалдырады. Қонақтардың қазақ үйінен қонақасын – «бөлінбеген еншім» деп талап етуге құқылы екендігінің сыры осы.
Қонақтың түрлері
Арнайы қонақ Ол - әдейі шақырылған ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-көлем, құда-құдағи, сыйлы, құрметті кісілер.
Құдайы қонақ Бұлар – шалғай елден, алыс жерден жолаушылап жүріп сапарында көлігі болдырып немесе жолдан адасып, шаршап, тынығу үшін қонған тосын, бөгде қонақ.
Қыдырма қонақ Үйден-үйді, ауылдан-аулды кезіп, ерігіп желіккен, үлкенге сәлемшіл, кішіге баташыл, әжені аялап, жеңгені паналап, ағаға жол, ініге жел бергіш «кіріп-шық» кезбе қонақтарды осылай атайды.
Қылқыма қонақ Ол – ауыл ішіндегі, үй аралығындағы түтіні түзу шыққан үйді торып, құлқынын тойдыру үшін қолына тигенін, аузына түскенін қылқытып жалмай беретін ашқарақ, ар мен ұятты белге буған тойымсыз, елеусіз қонақ.
Құтты қонақ Қазақ халқында: «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады», - деген нақыл бар. Бұл мейман – келген кезінде түскен отбасында бір жақсылық, қуаныш болатын қонақ.Ерулікті қонақ Қоныста отырған ауыл үстіне көшіп келген отбасын құрметтеп, ерулік асқа шақырылған қонақты осылай атайды.
Қонаққа шақыру, қонақ болу
Қонақжайлылық, қонаққа шақыру - өзіңдегі несібе, ризықпен бөлісу, қолыңнан келген құрметті, бақытты қайтарымсыз сыйлау. Бұл іс екі жақтың арасындағы татулықты нығайтады. Пейілі ақ әрі кең адамдардан ғана қонақжайлылықты күтуге болады. Қазақ – «қонақпенен бірге құт келеді», - деп ойлаған, соған сенген халық. Біздің ата-бабаларымыз, әке-шешелеріміз қонаққа шақыруды да, оларды күтуді де, өздері қонаққа баруды да әрі жақсы көрген, әрі қызық, қуаныш санаған.
Баяғыда бабаларымыз бір ауылға, бір үйге барғанында, қонақ күтетін отауға түспей тұрып сыртқа қару-жарағын қалдырып, үй ішіне қамшысын ұстаған қалпы кіретінді. Қонақтың үйге қамшысын ұстап кіруінің себебі: қамшы тұрған жерде жын-шайтан болмайды. Және қонақ таңдап қонған, оны қарсы алуға талас татуған. Қазақ қонақ құдайдан деп есептегендіктен, ақ батасын алып қалуды ыры-мдағаны мәлім. Өйткені шынайы ықыласпен, үлкен ризашылық сезіммен берілген бата, ізгі тілектер періштелердің құлағына шалынады, қаласа, Аллаһ Таға- ланың ризашылығына бөленеді.
Қонақтың орыны – қашанда үйдің төрі. Қонақтар үйге сәлем беріп (шаңыраққа сәлем беріп) кіргеннен кейін қамшысы мен сырт киімін кереге басына іліп, аяқ киімін оң жақ босағаға шешіп, төрдегі жаюлы тұрған сырмақ үстіндегі көрпеге барып отыруға тиіс. Өзін таныстыруға асықпайды, үй ішіндегілер де оның аты-жөнін, жұмысын тергеп сұрамауға тиісті. Өйткені ол – көргенсіздік болып саналады. Келген қонақ аты-жөнін айтқанымен, жұмысын айтқысы келмесе, оны ешкім де жазғырмауға міндетті. Осы қонақтың үстіне сырттан тағы да қонақтар келіп қалса, жасы кішісі жасы үлкенге ығысып орын береді. Қонақ шөлдеп келсе, оған ең әуелі қымыз ұсынылады, сосын барып шәй, ас береді. Бойжеткендер шыны аяқты салдырлатпай өте әдептілікпен шай құйып береді, қонақтардың әңгімесіне араласпайды, оларға тіктеп қарамайды, орынсыз ыржалақтап күлмейді. Мұн-ың бәрі ежелгі заманнан бері қонақ шақырып күткенде бұлжытпай орындалатын әдептер.
Қазақтар ұл-қыздарына қонақ күту әдебін жас кезінен бастап үйреткен. Оны жырға қосып үнемі айтып отыратындықтан, қонақжайлылық балаларының жас кезінен-ақ сана-сезіміне сіңіп, жүрегінен орын алған ғой. Қазақтың осы қонақжайлылығы, қонаққа құрмет көрсетуі хақында мынандай жыр шумақтары бар:
Сырттан келген мейманға,
Сәлем беріп, қол алсаң, - Бірінші еткен құрметің.
«Түсіңіз», - деп түс беріп,
Шылбырына оралсаң, - Екінші еткен қызметің.
Есік ашып енгізіп,
Көрпе төсеп құп алсаң, Үшінші еткен құрметің.
Мейман риза болмағы Құрметпен үйге қонғаны.
Кешіктірмей шай берсең, Ұмыт болар тоңғаны.
Тысқа шықса қария, Қолында болсын құмғаны.
Ірікпесең барыңды Қонақжайлық сол-дағы.
Шариғат қонақжайлылық туралы Мұсылмандар үшін қонақ күту – үлкен сауап. Олар қонақты «ниғмет» деп санауға тиіс. Ал әрбір ниғмет бір машақаттың қарсылығына келеді. Машақатсыз ниғмет болмайды. Яғни, қонақ күтудің де өзіндік машақаты бар. Соған қарамастан, қонақты жақсы қарсы алып, оған мәдениетті түрде кең-пейілділікпен қызмет жасау қажет. Әрбір мұсылман қонақ күтуді өзіне сауап жазылатын әдемі мүмкіндік деп сезінгені жөн. Ислам шариғаты осыған үндейді.
Ұлық Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадис-шәріптерінде мынандай өсиет айтылған: «Аллаһу Тағала бір қауымға жақсылық тілесе, оларға сыйлық ретінде қонақ жібереді. Қонақ рызығымен келеді. Аллаһу Тағала ол үйдің тұрғын-дарын кешіреді».
Қонақ – Аллаһ Тағаланың сыйлығы болғандықтан, оны құрметтеп күту – шарт. Ал қонақ келмесе, ренжу – жақсы қылық. Себебі хадис-шәріпте: «Қонақ кірмеген үйге періште де кірмейді», - деп айтылған. Жасыратыны жоқ, кейбіреулер үйіне қонақ келмеуін тілейді. Бұл дұрыс емес. Осы орайда Ұлық Пайғамбарымыз: «Қонақ күтуді қаламаған адамда береке жоқ», - деген.
Отағасының, отанасының қонақты күту үшін көп әуреге түскенін, қиналғанын шариғат қаламайды. Мұндай жағдайда қонақ та қатты ыңғайсызданады. Бұл жөнінде де хадис-шәріпте былай деп бұйырылған: «Қонақ үшін шектен тыс әуреге түспеңдер, қонақ бұдан ыңғайсызданады. Қонақты ренжіткен Аллаһты ренжіткен болады. Аллаһты ренжіткеннен Аллаһ жиіркенеді». Ал енді Хазірет Әли бұл орайда былай деген: «Достың ең жаманы сені әуреге салған, өзін басқаруға сені мәжбүрлеген, сені кешірім сұрайтын істер жасауға итермелеген адам».
Құтсыз қонақ хақында Қонақтың құтсызы болмайды. Алайда халық арасында «Құтты қонақ келсе қой егіз табады, құтсыз қонақ келсе малын қырсық шалады», - деген де нақыл бар. Мұны Сырым батыр бала кезінде-ақ қалай теріске шығарған еді, біз енді соған тоқталсақ.
«Мөңке бидің үйіне құнанына мініп Сырым бала келеді. Баланы көзге ілмеген би: «Балаға айран әкел», - депті. Таңертең аулада семіз қызыл тұсақтың үйелеп өліп қалғанына қайғырған Мөңке:
- « Құтты қонақ қонса, қойы егіз табады; құтсыз қонақ қонса, малын қырсық шалады», - деген. Қызыл тұсақ үйелеп өліпті. Бала, құтсыз қонақ болдың. Енді үйімнен кет,- деп ызғар шашады. Сонда Сырым бала:
- Олай болмас. «Құтты қонақ қонса, малы өліп, басы аман қалады; құтсыз қонақ қонса, өзі өліп, малы иесіз қалады», - деген. Менің қандай қонақ екенімді өзіңіз біліңіз», - депті.
Қазақтардың қонақжайлылығы туралы Н.Зеланд:
«... Қазақ – қызу қанды жан. Оның рухына ізгілік тән, ол ылғи да жайдары жүреді, сергек. Жүйке салауыттылығы қазақтардың иманды, өнегелі бейнесінен де жақсы байқалады. Жаны жайсаң, өзгелерге іш тартқыш, ниеті ақкөңіл, барынша адал, басқаның қайғы-қасіретіне ортақтаса кетеді, балажан, қонақжай, бәрінен бұрын аса төзімді. Қатыгездік пен кекшілдік кездеспейді десе де болады. Ажалмен бетпе-бет келгенде ешқашан абыржып-абдырамайды» (Н.Зеланд, «Қазақтар», - Омбы, 1885 ж). А.И.Левшин: «Қазақ меймандос халық: ол ең жақсы төсенішін қонағының астына төсейді, асының дәмдісін соның аузына тосады». Э.С.Вульфсон: «Қазақ баласын үлкенді сыйлауға кішкентайынан үйретеді».
2. Қонақжайлылыққа қатысты салт-дәстүрлер
Қонақасы Қазақ үйіне келген қонақты құрметпен қарсы алып, мал сойып, табақ тартады. Бұл – қонақасы. Ол – жомарттықтың, елдіктің үлкен белгісі. Үйіне қонақ түскенін мәртебе, бақытқа балаған қазақтар семіз қойын, басқа да малдарының қадірлі мүшелерін, тәтті тағамдарын «қонаққа» деп әдейі сақтап қоятын-ды. Яғни, қонақасы – қонаққа арналған дәм, мәзір. Дәстүрлі қазақ қоғамында үйге тосын келген құдайы қонаққа, қалап шақырылған арнайы қонаққа жас мөлшеріне, туыстық жақындығына, абы- рой-мәртебесіне қарай сой-ылған мүшелерінен сыба- ғалы табақ тартады.
Қонақ кәде
Қонақпен бірге дастархан басында отырған адамдар көңілді дем алсын деген ниетпен үй иесінің қонағына «қонақ кәде» айтыңыз деп өтініш жасайтыны бар. Бұл қонақтың өнерін сынайтын, ортаға салуды сұрайтын салт. Қонақ «қонақ кәдеге» өлең айтады немесе күй тартады. Егерде ол әнші, жыршы болса, ауыл адамдары оны 2-3 күн қонақ етіп, өнерін тамашалап көңіл көтереді. Барған жерінде қонақ кәдеге өнерін көрсете алмай, ұятты болып қалмасы үшін қазақтар балаларына жастайынан ән, күй, жырды үйретіп, өнерге баулып өсірген.
Қазан шегелеу
Бірін-бірі жақсы танитын, әзіл-қалжыңы жарасқан, өзара сыйласатын адамдар бас қосып, бірінің үйіне барып: «Осы үйдің қазанын шегелей келдік», - дейді. Үй иесі: «Жақсы болды ғой, қазан шегелейтін шебер таба алмай отыр едік» деп қонақжайлылық танытады, әйелі қазанға ет салады, қонақасы береді. «Қазан шегелеу» қонақ бола келдік деген ұғымды білдіреді.
Қазақ халқы – ежелден қонақ десе ішкен асын жерге қоятын халық. Үй иесі бұрын танысын, танымасын «Құдайы қонақпын» десе болы, жылы шыраймен қарсы алып отырған. Жол жүріп кеп жатқан жолаушы «бөлінбеген еншісін бар» деп, жалынбай ауылдың кез келген үйіне түсіп, қонақ берген. Оның үстіне қазақта «қырықтың бірі қыдыр», «қонақты қусаң – құт, ырыс, қашады», «Қонақпен еріп құт, ырыс келеді» деген мәтелдер бар. Сөйтіп, бөлінбейтін еншіге қиянат жасауға болмайды. Бір қызығы, алты аласы, бес бересі болмаса да қонақ үй иесі тойдырмаса, күтпесе, ашуланып жамандап кететін болған. Қазақ үшін мұны есту ұят, бетке шіркеу болған.
Сондықтан халқымыз қонақты қарсы алу, шығарып салуға ерекше мән берген. Қонақты үй иесі, қарсы алып, есікті өзі ашып, үйге енгізіп, соңынан өзі кіріп есікті жабады.
Бұл – қонақпен еріп келген «құт» бірге кірсін дегені Ал қонақты шығарып саларда, есікті қонақтарға аштырып, соңынан өзі жауып шығатын болған. Осы күнгідей қонақтарға есікті ашып, іштен жауап алу деген болған. Қазақ халқы қонақтарды «арнайы қонақ» (қонақ) «құдайы қонақ» (жолаушылар келе жатып түстеніп не бір күн түнеп шығатын қонақ) «қыдырма қонақ» (алыстан ағайын, туған туыстарын арнайы іздеп келіп, бір немес бірнеше күн олардың сый-құрметін көріп қайтатын қонақ), «қылғыма қонақ» (қай үйден түтін шықса, қай үйге қонақ келсе, соны аңдып жүріп кеп қалатын сүйкімсіз қонақ) деп бөлген. Келген қонақтармен жөн сұрасқаннан кейін үй иесі қонағына ең жақсы тамақтарын беріп, риза етуге тырысады. Ең алдымен қонақтарға сусын, қымыз, шұбат, және т.б. беріледі. Содан кейін шай ішіледі. Шайды дәмділеп құю, қонақтарға орнымен сый-сиапат көрсету сол үйдегі әйелдер мен бойжеткен қызға үлкен сын болған. Шайды дәмділеп құйып бере алмаған бойжеткен қыз тәрбиесіз саналып, әңгімеге ұшыраған.
Шай ішілген соң асқа дейін қонақтардың көңілді отыруына, яғни олардың бабын табуға үй иесі бар жағдайын жасайды. Ол үшін үй иесі әңгіме – дүкен құрып, қонақпен бірге отырады. Реті келсе ауылдағы әнші, күйшілерді шақыртып, әңгіме арасында қонақтардың көңілін көтереді. Үй – иесінің балалары да аяғынан тік тұрып қонақтарға қызмет көрсетеді. Қонақ күту – халқымыздың ең жауапты ісі. Қонақ шақырудағы ескерту. Қазақ дәстүрінде, әсіресе, қазіргі кезде қонақты көбінесе үй иесі өзі барып шақыруы немесе арнайы шақыру қағазын жіберуі тиіс. Қонақты бір жұма бұрын шақыру бұл күндері әдетке айналған, өйткені әркімнің алдағы уақытқа жоспарлап қойған әр түрлі жұмыстары болады. Егер қонақ шақырылған жерге бара алмайтын болса, себебін бірден айтқан жөн. «Көрермін, мүмкін барып қалармын» бара алмасам, ренжіме» - деген сөздер шақырушыға жайсыз тиеді. Шама келсе халықтың көнеден келе жатқан дәстүрі бойынша «Шақырған жерден қал ма, шақырмаған жерге бар ма» деген мақал сөзін берік ұстаған жөн. Бұрыннан таныс немесе жақын туыстары болмаса, сыйлы қонақтарды телефонмен шақыру ыңғайсыз. Дастарқан басында қалай өзін ұстау керектігін білу керек Ондаған, жүздеген жылдар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан, дастарқан басында әркімнің өзін дұрыс ұстай білу ережесінің қажеттілігі сонда – оның негізінде адамдардың қысылмай, өзара көңілді отыруында, тазалық сыпайылық талаптарын үйлесімді дұрыс сақтауында маңызы зор. Мысалы: үй иесі оның жұбайы дастарқан басына отырмас бұрын қонақтарды бір-бірімен таныстырады, оның тәртібі, жасы кішілерді үлкендерді, ер кісілерді әйелдерге таныстырады. Үй иесі әйел қонақтарды шақырып, алдымен өзі отырады. Ер кісілер алдымен әйелдерге орын босатып, сонан соң ғана өздері отырады. Үй иесі тамақты тез жемеуі керек, ал қонақтардың да тамақты тез жеуіне мәжбүр етеді, берекесін алады. Дастарқан басынан қонақтар үй иесі тұрған соң ғана тұрады. Ер кісілер орындықтарын жылжытып, әйелдерге стол басынан тұруға көмектеседі. Қалыптасқан дәстүр бойынша ер кісілер оң жағында отырған әйелге қызмет етеді. Алайда сол жақта отырған әйелді де ұмытпаған жөн, әсересе оған жанында қызмет көрсететін ең кісі болмаса. Дастарқан басында отырғанда қатты сөйлеудің, қатты күлудің қажеті жоқ, амандасу үшін стол үстінен қол созу да дұрыс емес, көршіге жаныңды беріп отырыңыз. Кейде мерекелік дастарқанда, басқа да жиын-той дастарқанында ыдыс-жабдықтардан көз тұнады, кейбіреулер қайсысын аларын білмей сасып қалады. Саспай, мұхият зерттеп қарасаңыз, бәрінің де қолданатын орны бар. Көпшілікке арналып, ортаға қойылған басытқыны сондағы ортақ қалақ, қасықпен алып, әркім өз тарелкасына салады.
Қорытынды
Қазақ – көне дәуірден бастау алатын күрделі де бай тарихы, сан қырлы мәдениеті, өзіндік игі ғұрып – дәстүрі бар, этнографиялық ахуалы әр қилы, пейілі өзінің байтақ даласындай кең де қонақжай халық. Халқымыздың бітім болмысын зерттеген этнограф ғалымдардың атап өткеніндей, қазақ – жайшылықта тәубешіл, жаугершілікте тәуекелшіл, зерделі де ойшыл, сабырлы да төзімді, шыдамды да жомарт, елгезек те еліктегіш, кеңпейіл де кішіпейіл, ерегескенмен ерегесетін, доспен дос бола алатын, әділдікті бағалай білетін халық. Қаз дауысты Қазыбек бидің сөзімен айтқанда:
«Біз қазақ деген мал баққан елміз,
бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт – береке қашпасын деп,
жеріміздің шетін жау баспасын деп,
найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз,
басымыздан сөз асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз,
дәм – тұзды ақтай білген елміз» - деген.
Қазақтың байырғы салты бойынша, мүлде панасыз қалған жетім – жесірлерді және қарайтын адамы жоқ, салт ба қарттар мен мүгедектерге ағайын туғандары яки руластары асырап, бағып – қағуға міндетті болған. Халық бұқарасы ішінде мұндай көмектің өмір сүруі қазақ қоғамында қайыршылардың болмауына игі әсер етіп отырды.
«Той – мереке, тағы басқа жол – жосындар». Мал шаруашылығымен шұғылданған көшпелі қазақ өмірінде жаздың үш ай жайлауы «өмірдің жаннаты» есептеледі. Гүл – бәйшешекке бөленіп, масатыдай құлпырған жасыл жайлау үсті мал тойынып, ақ молайып, бие байланып, елдің жұмыстан қолы босап сергіген кезі болады. Қыс қысымын көріп келген қазақтар жаз жайлауда жадырап жазылып, барлық той – томалақ, ойын сауық, сән салтанатын осы жайлауда өткізген. Қазақтың «қыс қысыл, жаз жазыл» деген сөзі осы өмірден туған. Қазақтар үшін «той» тек той жасаушы жеке отбасының қуанышы ғана емес, тіпті бір тайпа елдің ортақ мерекесі болып есептеледі. Соның үшін, бір отбасы той жасаса, оның ағайын – туған жұрағаттары, тіпті бүкіл бір тайпа ел түгел аттанысқа келіп, үйлерін апарып тігіп, биелерін байлап, астарын әзірлесіп, қонақ күтіп той жұмысын атқарады. Қазақ өміріндегі ұлылы – кішілі той – томалақ пен ырым – кәделердің түрлері де сан алуан.
Қазақ халқының көнеден келе жатқан салт – дәстүрлері, ырымдары өте көп. Қазақ «қазақ» деген атын осы кезге дейін қазақи салт - дәстүрлерімен, ырымдарымен, той – мереке, тағы басқа да жол – жосындарымен талай елді таң қалдырып келеді. Ата- бабамыздың қалдырған асыл мұрасын қадірлеп, жоғалғанды жаңғыртып, қайта жаңартатын ендігі болашақ ұрпақтың өз қолында.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Мұратхан Қани «Қазақтың көне тарихы».
2. Халел Арғынбаев «Қазақтың отбасылық дәстүрлері».
3. Сейдін Бизақов «Түбі бір түркілер».