Рухани орталық желеуімен: Алматыда діни риторика секталарға тарту мен адам саудасы үшін қалай қолданылады?

MadeniPortal.kz

АЙМАҚТАР
12

Ар-ождан бостандығы ата Заңымызбен кепілдік берілген ажырамас құқық. Алайда бұл қасиетті ұғымды кейбір деструктивті топтар адамдарды арбау, қанау, тіпті адам саудасына ұшырату мақсатында жамылғы етіп жүргені жасырын емес. Соңғы жылдары Алматыдағы сот процестері мен құқық қорғау органдарының ауқымды операциялары «рухани орталық», «қайырымдылық қоры» немесе «жеке даму курсы» деген әдемі атаулардың артында ауыр қылмыстық схемалардың жасырынуы мүмкін екенін көрсетіп отыр.

 

«Жібек жолы» ісі: пансионаттардағы көлеңкелі тірлік пен мемлекеттің батыл қадамдары

2022 жылы Алматы аумағындағы «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығына қарасты пансионаттардың бірінде тәрбиеленуші қыздың суицидке әрекет жасауы қоғамды қатты алаңдатты. Артынша құқық қорғау органдары мен тиісті ведомстволар жүргізген шұғыл тексерулер бұл жабық ортада балаларға қатысты өрескел қатыгездік, психологиялық қысым және заңбұзушылықтардың орын алғанын әшкереледі: жеткіншектерді орынсыз жазалап, соққыға жығу және мәжбүрлі түрде діни рәсімдерді орындату деректері анықталды [1, 2].

БАҚ мәліметтеріне сүйенсек, бұл пансионаттар желісі дәстүрлі емес, сырттан келген деструктивті ағымдардың (атап айтқанда, Түркиядағы суфылық «сүлейманджы» бағытының) ықпалымен жұмыс істеген. Қағаз жүзінде қайырымдылық немесе әлеуметтік қолдау қоры ретінде ресми тіркелгенімен, іс жүзінде бұл орындар жасөспірімдердің санасын улайтын, ата-анасынан оқшаулап ұстайтын жабық діни оқыту орталықтарына айналған [2, 4, 5].

Бұл мәселеге қатысты мемлекет тарапынан батыл әрі жүйелі қарсы жұмыстар жүргізілді. Құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің үйлесімді әрекетінің арқасында 2024 жылдың мамырында Алматы соты «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелеріне қарасты 26 қайырымдылық мекемесінің мемлекеттік тіркеуін түбегейлі жойып, заңсыз қызметін тоқтату туралы кесімді шешім шығарды (бұл әділ үкімді кейін апелляциялық сотта толық қолдады). Бұл – балалардың құқығын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамды деструктивті ықпалдан қорғау жолындағы маңызды әрі өте оң қадам болды. Сарапшылардың айтуынша, осындай қатаң құқықтық шаралардың арқасында басқа да көлеңкелі схемалардың жолы кесіліп, өңірдегі балалар қауіпсіздігі мен діни тұрақтылықты қамтамасыз ету тетіктері едәуір күшейді.

 

«Stop-трафик» операциясы және Алматы қауіпсіздігі

Құқық қорғау органдары мегаполистегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүйелі түрде арнайы іс-шаралар жүргізіп келеді. Республикалық деңгейде өтетін «Stop-трафик» жедел-профилактикалық операциясы аясында Алматы қаласында да криминогендік ахуалға қатаң мониторинг жасалып, заңсыз әрекеттердің жолы кесілуде. Мегаполис аумағында түнгі клубтар, ойын-сауық орындары мен жабық қайырымдылық немесе «жеке даму» орталықтары жіті бақылауға алынып, жастарды қылмыстық қанауға немесе әлеуметке жат тәжірибелерге тарту әрекеттеріне қарсы шұғыл шаралар қолданылуда.

Ішкі істер министрлігі таратқан ресми мәліметте бұл бағыттағы жұмыстардың маңызы нақты айтылған:

«Рейдтердің мақсаты – мүмкін болатын қылмыстық қанау қаупінің алдын алу, жастардың әлеуметке жат тәжірибелерге тартылуын болдырмау және қоғамдағы адамгершілік бағдарларды нығайту», – делінген хабарламада.

Мамандардың ескертуінше, еліміздің басқа өңірлерінде «рухани орталық» желеуімен жұмыс істеп, отбасылық құндылықтарды жоққа шығаратын деструктивті топтардың әдістері Алматы сияқты ірі мегаполистерде де «әйелдер тренингі», «психологиялық марафон» немесе «онлайн-қауымдастық» түрінде көрініс табуы мүмкін. Сондықтан қалалық полиция мен тиісті қызметтер бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстарды үнемі күшейтіп отыр.

 

Психологиялық тұзақ және сарапшылар пікірі

Мұндай деструктивті құрылымдардың адам санасын улап, өз арбауына тез түсіруінің себебі неде? Халықаралық экстремизм мен терроризмге қарсы сарапшы, кросс-мәдени психолог Юлия Денисенко адамдардың көбіне өмірлік дағдарыстан шығар жол іздеп жүріп адасатынын айтады.

«Күнделікті психология тұрғысынан адам көбіне дағдарыстан шығар жол іздеп, дінге келеді. Менің жиырма жылдық кәсіби тәжірибемде дінде жүрді дегендердің терроризмге дейін жеткен көптеген жағдайлары кездесті. Неге? Себебі жолда оларды басқа жаққа алдап әкетті. Шамамен бес жүз кейстің ешқайсысында адам терроризмге өзі қалап барған жоқ олардың бәрін кәсіби «рухани» алаяқтар алдап кетті», – дейді Юлия Денисенко.

Өз кезегінде саясаттанушы әрі дінтанушы Тимур Қозырев мәселенің шешімі тыйым салуда емес, бақылауды күшейтуде екенін атап көрсетеді: діни компоненті бар пансионаттар мен лагерьлер тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) тікелей қамқорлығымен, ашық түрде жұмыс істеуі тиіс.

 

Заңнамалық қадамдар мен Алматының оң тәжірибесі

Мемлекет тарапынан бұл кеселге қарсы құқықтық тетіктер жүйелі түрде күшейтіліп жатыр. 2024 жылғы шілдеде «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» арнайы Заң қабылданса, 2026 жылдың басында бұл бағыттағы ұлттық баяндамашының құзыреті кеңейтіліп, мемлекеттік және халықаралық ұйымдар арасындағы ақпарат алмасу күшейтілді.

Дін мен дәстүрді жамылған кейбір қатыгездік түрлері отбасы ішінде де кездеседі. Дінтанушы Аль-Фараби Болатжан жасөспірім қыздарға қатысты түсіндірілетін жат діни көзқарастардың қауіпті екенін ескертеді:

«Егер, мысалы, қандай да бір жазғы лагерьде немесе медреседе кәмелетке толмаған қыздарға етеккір басталған сәттен бастап... олар «діннің канондарына сай» «күйеуге шыға алады» немесе ер адамдарды қоздырмас үшін шаштарын жабуы керек деп сендірілсе, құқық қорғау органдары ұйымдастырушыларды жауапкершілікке тартуы, ал ата-аналарды өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жазалау керек».

 

Ата-аналарға ескерту: Қауіпті белгілерді қалай тануға болады?

Мамандар деструктивті топтардың ашық түрде «дін насихаттаймыз» деп келмейтінін, көбіне қайырымдылық немесе жеке даму орталықтары ретінде бүркенетінін ескертеді. Ата-аналар төмендегі жағдайларға аса сақ болуы тиіс:

·     Ұйымның ресми мемлекеттік тіркеу құжаттарын көрсетуден бас тартуы;

·     Оқытушылардың тиісті кәсіби және діни білімін растайтын құжатының болмауы;

·     Баланың отбасынан, бұрынғы достары мен ортасынан бірте-бірте алшақтай бастауы;

·     «Біздің қауымдастық қана ерекше, бәрін тек біз білеміз» деген секілді тұйық риторика.

Қандай да бір күдік туындаған жағдайда қалалық Дін істері жөніндегі басқармасына, құқық қорғау органдарына немесе 114 бірыңғай сенім телефонына дереу хабарласу қажет. Отбасылық берік байланыс пен ата-ананың жылы
қарым-қатынасы – кез келген жастарды жат ағымдардан қорғайтын ең мықты қалқан.

Алматы – сан алуан этнос пен конфессия өкілдері тату өмір сүріп жатқан мәдени орталық. Сондықтан руханиятты жамылған алаяқтарға қарсы күресте құқық қорғау органдарының қатаң шараларымен қатар, қоғамдық бақылау мен құқықтық сауаттылықты арттыру жұмыстары қатар жүруі тиіс.

 

Дереккөздер:

1. Тengrinews.kz / «Детей заставляли молиться и наказывали в пансионатах Алматы», https://tengrinews.kz/crime/detey-zastavlyali-molitsya-nakazyivali-pansionatah-almatyi-489385/
2. «Время» (time.kz), Тохнияз Кучуков / «Радикалы в овечьей шкуре», https://time.kz/articles/risk/2023/02/24/radikaly-v-ovechej-shkure
3. Тengrinews.kz /«Детей заставляли молиться и били“. В Алматы суд закрыл 26 благотворительных организаций», https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/detey-zastavlyali-molitsya-bili-almatyi-sud-zakryil-26-536603/
4. Kazinform (inform.kz) /«Сулейманджи»: история появления религиозного течения, https://www.inform.kz/ru/suleymandzhi-istoriya-poyavleniya-religioznogo-techeniya_a4097671
5. Informburo.kz/ «Незаконные медресе, или Как молодёжь попадает в сети деструктивных религиозных организаций», https://informburo.kz/special/nezakonnye-medrese-ili-kak-molodyoz-popadaet-v-seti-destruktivnyx-religioznyx-organizacii

 

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ақтау қаласында төрт баланың анасы күйеуінің соққыға жығып, қолын сындырғанын айтып, көмек сұраған,...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Түркістанда 54 жастағы әйел күйеуінің пышақ жарақатынан көз жұмды. Қайғылы жағдайды алғаш болып ерлі...