Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетіне Әлихан Бөкейханның есімі берілд...
Уақыт талабы – бәсекеге қабілетті маман
«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деп дана халқымыз тегін айтпаған ғой. Дүниежүзілік өркениет төрінен ойып орын алу үшін, ең бастысы білімнің өрелі түрін меңгере алуымыз тиіс. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бәсекеге қабілетті маман даярлау ісіне аса көңіл аударғаны белгілі. Бұл мәселенің бағыт-бағдары да жеткілікті түрде айқындалған болатын.
Осы орайда 90 жылдық тарихы бар, Қызылорда медициналық жоғары колледжі атқарып жатқан бағдарламалық істің тәжірибесіне назар аударалық.
Бастапқыда бұл - «Әйелдер бөлімінің Х жылдығы» атындағы атаумен ашылған қазақтың өлкелік медициналық акушерлік техникумы болып еді. Қазіргі кезде колледж кәсіби кадрларды әзірлейтін іргелі қара шаңыраққа айналды. Бұл оқу орнының тарихына үңілсек, үш кластық білімі бар қазақ жастарын жан-жақтан жинап, алты айлық дайындық курсынан өткізу туралы Қазақ өлкелік атқару комитеті 1927 жылы қазан айында шешім қабылдаған болатын. Келесі жылы техникум санатына көшкен білім ордасына ел-елден 30 қыз оқуға түседі. Ал 3 кластық білімі бар 60 оқушы дайындық курсына қабылданады.
Сонымен 1933 жылы оқу орнын 41 акушер тәмамдап шығады. Бұл тұңғыш түлектер Ақтөбе, Орал, Алматы, Қызылорда облыстарының шалғай аудандарына жолдама алады. 1941 жылы екі фельдшерлік топты 30-ға жуық қыз бен жігіт аяқтап, олар ІІ Дүниежүзілік соғыстың қан майданында ержүректікпен қызмет етеді. Кейін келе 1962-1991 жылдары бұл білім ордасы училище дәрежесін иемденіп, республика бойынша өз салмағы бар оқу орнына айналады.
Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, бұл оқу орны даму дәуіріне қадам басады. Колледждің ерекше жаңғыру кезеңін, әсіресе 2007-2013 жылдар деп атап өтуге болады. Осы тұста ең алдымен оқудың сапасына аса мән беріле бастайды. Тың факультеттер қосылып, өндірістен қол үзбей оқитындар үшін кешкі бөлім ашылады. Оқушылардың әр тарапты білім игеруін қамтамасыз етуге арналған «Оқу симуляциялық» орталығы іске қосылады.
Мемлекет басшысының «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық» деп айтқан сөзін бағдарға алып, қоғамның білімсіз биікке қол жеткізуі мүмкін еместігін ескеріп, білікті маман даярлау жолын одан ары саралай түсуге қадамдар жасала бастайды.
Сондай-ақ оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды мемлекеттік тілге аудару мәселесіне де ден қойылып, оқытушылар ұжымы тарапынан айтарлықтай белсенділік танылады. Бұл өз кезегінде ана тілі мәртебесін де арттыруға қосылған үлкен үлес еді.
Айта кетсек, осындай көз майын тауысқан жауапты еңбектердің нәтижесінде «Балалар аурулары», «Ішкі аурулар», «Ішкі аурулар пропедевтикасы», «Жүйке аурулары», «Дерматовенерология», «Фармакология», «Микробиология» сынды оқу құралдары мемлекеттік тілге аударылып, игілікке жарады. Осы аталған оқулықтар республикамыздағы жоғары және арнайы орта білім беретін білім ордаларында оқу құралдары ретінде пайдаланысқа енгізілген. Тағы бір жағымды жәйт, осы оқу ордасында 24 мыңнан асатын кітап қоры бар, кітапхана жұмыс істейді.
Жалпы оқу процесі заманауи бағыттағы үдерістерге сай болуы үшін қадаға қажет. Осы орайда бұл білім ошағы халықаралық стандарттар деңгейінде аккредитациялауға жол ашты. Сапалы білім мен бәсекеге қабілетті мамандар даярлау басты мақсатқа айналды.
Соның бір дәлелі ретінде 2014 жылы колледж саласына мейіргер ісінің қолданбалы бакалавриат білім бағдарламасы эксперимент ретінде қабылданды. Сонымен 2017 жылы «Мейіргер ісі» мамандығының қолданбалы бакалавр біліктілігін игерген тұңғыш 69 түлек еңбек жолын бастап та кетті.
Осы орайда Мемлекет басшысының «Дуальды кәсіптік білім беруді дамытудың маңызы зор» деген ескертуін қаперге ала отырып, колледж болашақ медицина қызметкерлерін даярлау бағытында «дуальдық жүйенің элементтерін енгізу концепциясын» өз істеріне арқау етіп алып, жүйе жұмысына енгізді. Осындай уақыт талабына сай қадамдарға бару арқасында емдік-профилактикалық мекемелермен қоян-қолтық қатынастар орнатып, бүгінгі таңға қажет, қоғамның өркендеуіне ықпалы бар, бәсекелестікке сай мамандарды әзірлеу жұмысы өз шешімін тапты. Осының барлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы атқарылып жатқан жарқын істер екені шүбәсіз.
Қызылорда жоғары медициналық колледжінің ұжымы жасап жатқан игі істері - елімізідің өзге де оқу орындарына өнеге болып қабылданар, тамаша бастама. «Болашақтың кілті білімді ұрпақтың қолында» деген Елбасы сөзі білікті, кәсіби деңгейі жоғары маманы бар ел ғана - айдарынан жел ескен алдыңғы қатарлы мемлекет бола алады дегенді білдіреді.
З. Самалбекұлы