Қазақстандық мектептер 2023 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуді жоспарлап отыр. Алайда оған жан-жақ...
Амангелді Құсайынұлы есімі ұлықталды
Еуразия гуманитарлық институтында тарих ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Қазақ білім академиясының академигі, қоғам қайраткері Амангелді Құсайыновты еске алу және туғанына 80 жыл толуына арналған «Бірінші Құсайынов оқулары» аясында «ХХI ғасырдағы ғылым және білім: үрдістер мен перспективалар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Салтанатты шараға ғалымдар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ, Ресей, Түркия, Қырғызстан елінен ғалымдар қатысты. Конференция барысында аталған институтты қалыптастырып, өмірінің соңына дейін ректорлық қызмет атқарған Амангелді Құсайынұлының құрметіне ескерткіш тақта ашылып, оқу орнына есімі берілді.
Амангелді Құсайынұлының баспасөз беттерінде жарияланған сұхбаттары, ғибратты сөздері және ол туралы жазылған замандастары мен әріптестерінің, туыстарының естеліктері жинақталып жарыққа шыққан «Абырой жолы» кітабының тұсауы кесілді.
Амангелді Құсайынұлы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің бірінші ректоры, Қазақстан Республикасының Жоғары аттестаттау комитетінің басшысы, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ Білім академиясының президенті, Еуразия гуманитарлық институтының ректоры ретінде еліміздің білім мен ғылымның қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан көрнекті ғалым, абыройлы басшы ретінде танылды.
Ғылым жолындағы өнімді еңбегімен, тегеурінді ізденісінің арқасында жарық көрген ғылыми зерттеулері Қазақстан тарих ғылымына қосылған сүбелі үлес болды. Оның жетекшілігімен «Отан тарихы» мамандығы бойынша докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалды. Өзінің маңдай алды шәкірттерімен ғылыми мектебін қалыптастырды.
Белгілі ғалым, іскер басшының ғибратты ғұмыры жастарға өнеге болары анық.
Лаура Дәуренбекова
Амангелді Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының доценті