Батырболат Айтболатұлы. «Шата» сөздерден қашан арыламыз?

РУХАНИЯТ
1764

Сөз тіркесінің өз заңдылығы бар. Кез келген екі сөз бір-бірімен жайдан жай, жүйесіз тіркесе қалмайды. Мәселен, қазақ тілінде «-лық», «-лық», «-лік», «-дық», «-дік», «-тық», «-тік» жұрнақтарынан жасалған сын есім мен тұйық етістіктен сөз тіркесі жасалмайды, жасалмайтын, жасалмауға тиіс те.

Бірақ, бір өкініштісі, сондай сөздерді зорлықпен байланыстыру бүгінде әбден белең алып кетті. Қазір соны біз күштеп жасап жүрміз: «қоғамдық тамақтандыру», «парламенттік тыңдау», «кедендік бақылау», «қоғамдық қабылдау», «ақпараттық сүйемелдеу», т.с.с. Бұл мысалдар – орысшадан көзсіз калька жасаудың кесірі мен салдары. Тілімізге жасалған зорлық («изнасилование»). Ол сөздерді бұлайша байланыстыруға болмайды. Мұндай «сөз тіркестері» тілдің табиғатына жат.

Түсініктірек болуы үшін мысалмен айтсақ, «шатырға кіру» деуге болғанымен, «шатырлық кіру» деген сөз жоқ, солай ғой? «Қаржылай көмектесу», «қаржы жағынан көмектесу» деуге болады. Тіпті, «қаржымен көмектесу» деуге де болар... Ал «қаржылық көмектесу» деген сөз тіркесі болмайды. Яғни, «қаржылық қамтамасыз ету», «кадрлық камтамасыз ету» дегендер де – дәл соған ұқсас қате.

Ең жанға бататыны – бұған жұрттың көзі мен құлағы әбден үйреніп бара жатқаны, біреулерге біздің айтқанымыз «бүйректен сирақ шығару» сияқты көрінетіні. Жоғарыдағы «шата» тіркестердің дұрыс қазақшасы шамамен мынадай болуы керек-тін: «көпшілікті тамақтандыру» («қоғамдық тамақтандыру» емес), «парламентте тыңдау» яки,«парламент талқылауы (талқысы)» («парламенттік тыңдау» емес), «кедендегі бақылау" ("кедендегі тексеру"?..) яки «кеден бақылауы» («кедендік бақылау» емес), «жұртшылықты (жұртшылық өкілдерін, азаматтарды) қабылдау» ("қоғамдық қабылдау" емес), «мемлекеттің сатып алуы», меніңше, одан да дұрысырағы – мемлекетке сатып алу (рәсімі) «мемлекеттік сатып алу» емес). Мәселен, «әлеуметтік сақтандыру» деген қате қолданысты «әлеуметтік тұрғыдан сақтандыру» деп түзеткен жөн (ұзақтау десек те) немесе "әлеуметтік сақтандырылым" деп, соңғы тұйық септікті зат есім тұлғасына көшірген дұрысырақ (жасанды болса да). Сонда тіліміздің заңдылығына қиянат болмайды.

Немесе контекст пен мағынасына қарай олардың басқа, жатық, нағыз қазақша нұсқаларын табуымыз керек. Тілімізге зорлық жасауға болмайды әйтеуір!

Бұл туралы бұрын да жазған едік. Алайда осы қате конструкцияны тіпті беделі бізден бес есе артық, аузы алты есе дуалы кей ағаларымыз әлі секемсіз қолданып отырғанын, басқасы басқа, еліміздегі мемлекеттік жоғары органдар қатарындағы мына бақандай төрт министрліктің атауында сондай қате қолданыс менмұндалап тұрғанын көрген соң қайталап ескертпеске болмай тұр, қараңыз: 

1) «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі».

– «Халықты қорғау», «халықты әлеуметтік тұрғыдан (жағынан) қорғау» немесе басқа мағына-контексте «әлеуметті қорғау» деуге болады, бірақ «әлеуметтіК қорғау» деген тіркес болмайды. Бұл – «қаржылық көмектесу», «шатырлық кіру» деген сияқты«қазақша емес», қисынсыз конструкция;

2) «Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі».

– Бұл да солай: «қоғамды дамыту», «қоғамның дамуы» деген сөз болады, ал «қоғамдық даму» деген сөз болмайды!

3) «Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі».

– Тағы сол: «инфрақұрылымды дамыту», «инфрақұрылымның дамуы» деген сөз тіркесі болады, ал «инфрақұрылымдық даму» деген не сөз?!

4) «Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі».

– Түсінген шығарсыздар?! – Жай ғана «цифрландыру» деген сөз немесе «цифрландыру саласын дамыту» деген сөз тіркесі дұрыс болғанымен «цифрлық даму» деген сөз болмауға тиіс-тін. Ал бізде ол білдей министрліктің атауында тұр.

Бұның бәрі – мемлекеттік органдар атауын әуелі орысша ойластырып, сосын ондағы орысша тіркесті қазақ тіліне тікелей калька жасау арқылы күштеп кіргізгеннің кесірі. Қаттырақ айтсақ, тілімізді «зорлау» салдарынан туған «шата тіркессымақтар».

Калька дегеннің ең бір қиыны – тілдік иммунитетімізді жойып бара жатқаны. Оның ықпалына түсіп, көз-құлағы қатеге әбден үйреніп алған көпшілік, соның қатарында журналистер, тіпті филологтардың өзі қазір көп сөздің дұрыс-бұрысын айыра алмайтын, дабыл қағатындай жағдайға жеттік . Өте өкінішті... 

Р.S. Қазақ тілінде сөз тіркесінің бес түрлі байланыс тәсілі бары мәлім: қиысу, жанасу, меңгеру, матасу, қабысу. Болды. Екі сөз бір-бірімен басқаша байланыспайды.

Біз жоғарыда тілге тиек еткен мысалдар сөздердің бір-бірімен ешбір жалғаусыз, шылаусыз, тек іргелес тұру арқылы байланысуына – қабысуға ұқсағанымен, оған жатпайды. Қабыспай, қазақша болмай тұр.

Тоқетері: бізде мұндай байланыс түрі жоқ. Мүбәда, «белден басу» деген ат қойып, сөз тіркесінің жаңа – «алтыншы» байланыс тәсілі деп қабылдамасақ...


Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...