Елордада Құрманғазының 200 жылдығы атап өтіледі

РУХАНИЯТ
1603

«Астана Операда» біртуар халық композиторы, дәулескер домбырашы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығын мерекелеудің ауқымды бағдарламасы басталады. Оны «Құрманғазы – рухты саздың сардары» жарқын музыкалық кеші ашады, ол елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына 19 наурызда К.Байсейітова атындағы Камералық залдың сахнасында ұсынылады. 

Ақын, «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысының жүлдегері Еркебұлан Қайназаров, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айтжан Тоқтаған, Орынбай Дүйсен, Тұрар Әліпбаев, Әбілғазы Ахмадиев, Ғалым Ахмедьяров домбырашылық орындаушылық өнерді көпшілікке таныстырады. 

– Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына екі жүз жыл толу – ел өміріндегі маңызды оқиға. Ол ұлы композитор, домбыра мектебінің негізін қалаушы болды, Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің дамуына зор ықпал етті. Құрманғазы қазақ халқының жанын терең түсініп, оның өмірін өз күйлеріне қосты. Оның шығармашылығы бүгінгі ұрпақты қазір де таңғалдыруда. Құрманғазының күйлері отанымызда ғана емес, одан тыс жерлерде де танымал. Композитордың туындылары жүректерді тебірентіп, тыңдармандар мен орындаушыларды шабытқа бөлейді. Оның шығармаларын домбырашылардың бірнеше буыны орындап өсті, мен де олардың қатарындамын. Есте қаларлық датаға орай біз «Астана Операда» бірқатар маңызды іс-шараларды жоспарлап қойдық. Осынау концерт солардың алғашқысы болмақ. Оған әйгілі күйшілермен бірге, дарынды жас аспапшылар да қатысады, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.

Сондай-ақ бұл кеште театр сахнасына керемет домбырашылар – Еділ Басығараев, Бақытжан Дүйсенғазинов, Қайрат Айтбаев, Алмат Сайжан, Батырлан Әбенов, Жұмабек Қадырқұлов, Ақжусан Иманғазықызы, Бауыржан Мұхаметбай, Бауыржан Бекмұханбет, Абылайхан Орманбек, Марат Нүкеев шығады. Ауқымды бағдарламаға Құрманғазының танымал туындылары, халық күйлері мен қазақстандық авторлардың шығармалары енді. 

 Концерт жүргізушісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай тыңдармандарға аңызға айналған композитордың өмірі мен шығармашылығы жайлы әңгімелейді. 

Айта кетейік, көктемнің алғашқы айында К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында мерейтойлық датадан бөлек, көптеген қызықты концерттер мен спектакльдер өтеді. Сонымен, 2 наурызда «Көктем, көктем! Махаббат мезгілі...» вокалдық музыка кешінде сахнаға танымал вокалистер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова, Бибігүл Жанұзақ, Жамиля Джаркимбаева, Азамат Жылтыркөзов, сондай-ақ Салтанат Мұратбекова, Ерұлан Кәмел, скрипкашы Татьяна Кошелева мен концертмейстер Жанар Ахметова шығады. 

«Дәуір данышпандары: Бетховен. Шостакович» квартетке арналған музыка маусымын 4 наурызда «Астана Опера» оркестрінің әртістері ұсынады, жоба авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов. 

«Бір демде» үрлемелі аспаптық музыка концерті аясында 10 наурызда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, гобойшы Дамиля Махпирова, флейташы Әйгерім Дәуітбаева, кларнетші Алмаз Тоқпанов, фаготшы Әсет Нелдібаев, валторнашы Жанат Жақаев пен пианист Гүлжанат Жанатаева көпшілікке заманауи қазақстандық авторлар мен француз композиторларының туындыларынан қызықты бағдарлама ұсынады.

Жас болса да, келешегінен зор үміт күттіретін қазақстандық және шетелдік музыканттардың қатысуымен «Жастық пен шабыт» концерті 12 наурызда өтеді. 

16 наурызда «Үрлемелі және соқпалы аспаптар думаны» концертімен Қазақ ұлттық өнер университетінің 25 жылдығы атап өтіледі, шетелдік және отандық авторлар туындыларының жарқын интерпретациясын көпшілікке белгілі қазақстандық музыканттар, үрлемелі және соқпалы аспаптар кафедрасының оқытушылары, сондай-ақ «Астана Опера» театры оркестрінің әртістері ұсынады. 

17 наурызда «Үндестіктер үйлесімі» концертінде Гамбургтің Ұлттық жастар музыка мектебінің Геза Верхан мен Кристоф Пиллат негізін қалаған қыздар хоры (Германия) және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Құттыбадамованың жетекшілігімен Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның Камералық хоры өнер көрсетеді. 

Кәсіби қазақ театр режиссурасы мен ұлттық музыкалық және драма театрының негізін қалаушы, Қазақ КСР тұңғыш халық әртісі Жұмат Шаниннің 130 жылдығына 25 наурызда «Үш ағымдағы концерт» арналады. К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасына скрипкашы әрі дирижер Арман Мырзағалиев, скрипкашы Қаламқас Жұмабаева, соқпалы аспапта орындаушы Ерболат Ташкенбаев, пианист Зәру Жазықбаева, театрдың опера солистері, камералық оркестрі мен хоры шығады. «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин домбырада жеке өнер көрсетеді.

«Астана Операның» опера солистері мен аспапшылары 26 наурызда жас тыңдармандарды Барокко залында өтетін «Музыка әлемі» концертіне келіп, өздері үшін ғажайып музыка әлемін ашуға шақырады. Дәл осы күні «Брамсқа арнау» музыкалық кеші аясында ұлы неміс композиторының 190 жылдығы атап өтіледі, сопрано Гүлдана Алдадосова, виолончельші Ажар Қадырова, кларнетші Станислав Умаров пен пианист Анар Камельинованың орындауында Иоганнес Брамстың әндері, романстары және камералық-аспаптық шығармалары шырқалады. Бұл айды Доменико Чимарозаның «Жасырын неке» жарқын комедиялық операсы түйіндейді, ол «Piccolo» театры жобасы аясында 30-31 наурызда өтеді. Өнер көрсетудің екінші күні Элизетта партиясында Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдаушысы Гүлдана Алдадосова дебют жасайды.

Мәдениет порталы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...