2022 жылғы 25 қарашада Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комите...
Мәжілісте «Мәдениет туралы Заңға» өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша талқылау өтті
Мәжілісте депутат Мақпал Тәжмағамбетованың бастамасымен «Мәдениет туралы Заңға» өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша талқылау өтті. Бұл басқосуға депутаттар Аманжол Әлтай, Әлия Әбсеметова, Жұлдыз Сүлейменова, Мәдениет және спорт, Оқу ағарту, Ғылым және жоғары білім, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің өкілдері, мәдениет жанашырлары қатысты. Зум арқылы өңірлерден мәдениет мекемелері, қоғамдық ұйымдар өкілдері қосылды.
Жиынды ашқан депутат Мақпал Тәжмағамбетова «Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, рухани болмысы, пайым-парасаты және үздіксіз дамып отыратын сала. Жиынның мақсаты мәдениет заңына енгізілуге тиіс идеялық блогтар, стратегиялық ұстанымдарды айқындау», – деп атап өтті. Мемлекеттің мәдениет саласын реттеуге қатысты ұстанымы сақтау және дамыту тұрғысынан қалыптасуы тиіс екенін тілге тиек етті.
Депутаттар мәдениет саласындағы шешілмей жүрген түйткілді мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, мәдениет қызметкерлерінің статусы, әлеуметтік жағдайы жалақысы сияқты мәселелер заңдық негізде шешімін табуы қажет екенін баса айтты.
Әдебиеттанушы, ақын Ақерке Асанның: «ҚР Мәдениет туралы заңымызды зерделеп шығып, онда жалпылама түсініктерге көп бой алдырғандығын байқадым. Өнердің түрлі саласы көп, алайда біздің басты фокус – әдебиет екенін ескерсек, сол әдебиетіміз туралы заң жолдарының жұпынылығы (жоқтығы) жанға батты. Заңнамада «Мәдениет саласының қызметкері» немесе «Мәдениет қызметкері» сынды формулировкалар қолданылған екен. Бұл мәдениет кеңістіктігіндегі сан-алуан мәселелерге шешім емес, керісінше тұсау салатын сияқты. Сондықтан Заңнамамызда әдебиет саласындағы тұлғалардың нақты статусын белгілеу, яғни «ақын», «жазушы», «әдебиетші» «әдебиет сыншысы», «әдебиеттанушы» сынды анықтамаларды қолдануын қалаймыз. Осындай кішігірім ғана атау өзгерісі – заң жүзінде статусы қорғалған шығармашыл адамдардың басқа да салаларда жолын ашады деген сенім бар,» – деген сөзі сала мамандарының көңілінен шықты.
Бұл бастамаға ризашылық танытқан әр саладан келген мәдениет өкілдері нақты ұсыныс ойларын ортаға салды. Мәселен, әдебиет, театр, музей, суретшілер, ұлттық өнер мен шығармашылық үйлері бойынша концептуалды шешімдер, келелі ойлар талқыланды.
Бұл отырыста айтылған ұсыныс ойлар Парламентаризм институтымен пысықталып қаралатын болады.