Қазақ-болгар - қандастар

РУХАНИЯТ
1620


Ольга Андриевскаяның пайымынша: «Болгардың түп аталарының мекені Памир тауының сілемдері болуы тиіс. Әрқилы жағдайларға байланысты олар ығыстырылып, Каспий жағалауына, қазіргі Атырау өңіріне ойысады. Біздің тамырымыз қыпшақтан тарайды. Қанымыз бойынша түркі халықтарына, соның ішінде қазақтарға туыс болып келеміз. 

Ал болгарлардың Қазақстанға қоныс аударуының екі себебі болды. 

Біріншісі: XIX ғасырдың соңындағы өз еріктерімен жасаған көші-қондары. 

Екіншісі: сталиндік репрессия жылдарындағы зорлықпен жасалған депортация. 

Өз еркімен қоныс аударған болгарлар Павлодар және Ақтөбе облыстарын мекендесе, сталиндік террор арқылы күшпен көшіріліген болгарлар Алматы, Қарағанды, Атырау өңірлерінде тұрақтаған».

Біз әңгімеге тартып отырған Ольга Андриевская – қазақастандық болгарлардың төртінші буыны болып келеді. Ол: «менің отбасым – «кіші ассамблея» дейді. Оның себебін сұрағанда былай деді:

 - Менің арғы аталарым  1910 жылы столыпиндік реформа тұсында - өз еріктерімен қазақ жерінен жаңа қоныс іздеп шыққан Бассарабия болгарлары. Павлодар маңындағы Ертіс жағалауынан отыз шақырымдай жерден Андриановка және Разумовка деген екі елдімекеннің шаңырағын көтереді. Жергілікті тұрғындармен етене араласып, олардың тілін меңгеріп, өзара екі елдің салт-дәстүрлерімен бөліседі. Сонымен қатар өздерімен бірге ала келген жеміс-жидек, дәнді дақылдар тұқымдарын қалай егіп, баптауын болгарлар үйретсе, қазақтар оларды мал өсірудің қыр-сырына қанық етеді.  

Содан бастап қазақ жерінде болгардың алғашқы ауылы пайда болды десе де болады. Сонан кейінгі айтпақ болғаным: біз – көпұлтты отбасымыз. Менің әкем – тазақанды болгар, ал анам – украин. Күйеуім – құжат бойынша орыс, ал тегін қуаласа, бойынан: украин, поляк және чехтың қаны да табылады. Келінім – татар қызы, осыдан барып мен біздің отбасымыз – «кіші ассамблея» дейтінім.


- Cіз болгарлардың «Злата» мәдени орталығының іргетасын қалаған адамсыз. Осы орталықтың құрылу тарихы мен Ассамблеяға қалай келгеніңіз туралы айтып өтсеңіз. Сондай-ақ өзіңіз жайлы да білгіміз келеді. 

- Осы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынымын. № 6 мектеп-гимназиясында 

биология пәнінен сабақ беріп жүргеніме он тоғыз жыл болды. Ассамблеяға келетін болсақ, онымен кіндігімді байлаған әкем – Олег Дымов. Ол кісі сонау тәуелсіздік алған жылдардың басынан бері егемен елдің ыстық-суығымен біте қайнасып келе жатқан адам. Еліміздің президенті Ассамблеяны құрғаннан бастап, әкем соның секретариатында қызмет жасап, күллі өмірін қазақстан халқының ынтымағына бағыштады. Соның бәрін көріп жүрген мен – әке жолынан ұзап кете алмадым. Менің де өмірім Ассамблеямен тығыз байланыста қалыптасты.  

- Сабақтастық деген осы шығар. Болгар мәдени орталығының 

бүгінгі таңға дейінгі қол жеткізген жетістіктері хақында не айтасыз? 

- «Злата» орталығын 2011 жылы құрдық. Бастапқыда ұйымымызда 

жиырма шақты ғана адам болды. Себебі, елордада болгарлар аса көп емес еді. Соңғы санақ бойынша бас қалада жүз шақты болгар есепке кіріпті. Бұлардың түп-тамыры - болгарларға қатысы бар дегендері ғана. Сонымен қазіргі кезде орталықтың төңірегінде қырықтан аса болгар бас қосты. Біздің Жарғы бойынша: ұлтына қарамастан орталыққа мүше болу құқы қарастырылған. Сондықтан біздің орталықта әртүрлі ұлттың өкілдерін ұшырастыруға болады. Бізде екі ұжым қызмет етеді: вокальдық және хореографиялық. «Цветанка» вокальдық тобы  № 6 мектеп-гимназияы аясында бүлдіршіндерді баулыса, «Злата» ересектер тобы болгар әндерін шырқап, насихаттайды.

 

Халықтың хореографиялық өнеріне қызығушылық танытқан балалар - «Извор» хореографиялық-бишілер тобында билейді. Осы арада айта кеткен жөн: бізге қиыншылық тудыратын бір күрделі мәселе – болгардың халық билерінің негізін үйрететін хореографтың табылмауы. Біз жыл сайынғы өтетін фестивальдерге ат салысып келеміз. Халқымыздың мәдениетін, салт-дәстүрін паш етіп жүрміз. Өкінішке орай биыл сол үдеден толық көріне алмайтын сияқтымыз. Өйткені болгардың халық билерін ел назарына ұсына алатын түріміз көрінбейді.

- Әрине, өкінішті екен. Болгарлардың қандай мерекелері бар? Сонымен қатар олардың салт-дәстүрі туралы және қазақ халқына қаншалықты ұқсастығы бар-жоғын да айтсаңыз. 

- Болгарияда 1 наурыз күні, көктемнің басы ретінде аталып өтеді. Алты ай қыстан арылып, жер-дүние бусанып, түлеген шақ қой. Көктемге бет алған жұрт төңірегін жинап, үйлерін тәртіпке келтіреді. Ұқсастық туралы айтар болсақ, бұл Наурыз мерекесіне өте ұқсас. Бұнда да дастархан кеңінен жайылып, небір түрлі тағамдар дайындалады. Ойын-сауық құрып, халық шаттана тойлайды. 

Осы күндері жұрт бір-біріне ақ, қызыл түсті тұлымшақ - мартеничкалар тарту етеді. Бұл – денсаулық, тазалық пен бақуаттылықтың нышанын аңғартатын символдық дүние болып саналады да, оны - қолға білезікше тағып алады. Аталмыш мереке туралы көптеген аңыздар бар. Соның ел арасына мол таралғаны - Болгар мемлекетінің ірге тасын қалаушы хан Аспарухпен тығыз байланысты. 

Аспарухтың жаулап алған жері иен-тегін еді, сол аймақтың бірінде қазіргі Болгария да бар болатын-ды. Күндердің бір күні сыртта сейіл құрып жүріп, хан өзінің хал-жағдайы туралы қарындасына кептер арқылы хабар жіберуді ұйғарады. Ағасынан құтты хабар алған қарындасы қатты қуанып, кептердің аяғын ақ жіппен орап кері ұшырады. Жол-жөнекей кептер аяғын жаралап алып, ақ жіптің бірер талы қызыл қанға боялады. Қарындасының да аман-есендігін білген хан - қуаныш үстінде, осы күнді мереке етіп жариялайды. Содан бастап болгарлар Мартеница атаулы тамаша мейрамды тойлай бастады. Мартеничка дегенімізді – болгарлардың алғашқы ханы Аспарухты еске түсіретін дүние, сондай-ақ алты ай қыстың аяқталуы мен көгілдір көктемнің келуі, өмір мен денсаулықтың белгісі деп танимыз. 

- Болгарлардың дәм-тағамдары туралы не айтуға болады?

- Болгарлардың аспаздық өнері: өте мол және дәмді болып келеді. Біздің ең жиі жасайтын сүйікті тағамымыз баница деп аталады. Бұл – қабатталған пирог, әр қабатына ірімшік, ет, асқабақ жұмсағын тығындап жасалады. Өз отбасымда осы асқабақтан әзірленген баницаны қатты ұнатамыз. 

- Сіздердің орталықтарыңыз елшіліктермен және өзге де ұйымдармен қарым-қатынас жасай ма?

- Біз Болгария Елшілігімен тығыз қарым-қатынастамыз. Олардың ұйымдастырған іш-шараларына біз белсенді араласып, олар біздің естивальдеріміздің жиі қонағы болып тұрады. Өткен жылы № 6 мектеп-гимназиясында өткізген «Холокосты еске алу кешіне» Болгария мен Израил елшілері қатысты. Сондай-ақ Болгар елшілігі, Болгарияда өткізіліп жатқан конкурстар жайлы мәліметтермен бізді әрдайым таныстырып отырады. 

https://assembly.kz/sites/default/files/u112/img_2483.jpg

- Ана тіліңізді білесіз бе?

- Егер Болгарияға бара қалсам, болгар тілін түсініп, сөйлеп кетуіме үш-төрт күн жеткілікті. Әкем болгарша жетік сөйледі. Өкінішке орай, ол бізге үйретпеді. Павлодарда волонтерлер арнайы келіп, болгар тілін үйрететін жексенбілік мектеп бар. Ақтөбе облысындағы Болгарка деген ауылда болгар мектебі ашылған. Ол жерде болгар тілін волонтер оқытып жатыр. Болгарияда тұратын, бірақ осында келіп тұратын ұлты қазақ Гүлмира деген келіншек екі елдің арасын жалғаған дәнекер іспетті. Ол бас қалада да жексенбілік курсын ашуға ниетті. 

- Тарихи отаныңызға жиі қатынап тұрасыз ба? Барған сайын қандай әсерге бөленесіз?

- Болгарияда төрт мәрте болдым. Алғаш рет болгариялық елшіліктің жобасымен барып қайттым. Ата тегі болгариялық болып табылатын балаларды - болгарлардың салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті тұнған ортаға апарып, сусындатып қайту мақсатында жасалған жоба еді ол. Жол шығынынан басқасы тегін болды. Оның өзін де әкем демеуші тауып, орайластырды.  Отыз баланы Болгарияның Обзор деген қаласына алып бардым. Бұл – Варна мен Бургас қалаларының ортасындағы Қара теңіздің жағалауындағы шағын курорттық қала еді. Күнде кешкілік ұлттық әуендер шалқып, болгар халқының ежелгі дәм-тұзынан ауыз тидік. Айтары жоқ, өте рухани марқайып қайттық. Келген соң балалар көрген-білгендері жайлы шығарма-естеліктер жазып, жадына сіңген көріністерді суреттермен көркемдеді. 

Осы жолы Гүлмира тарихи отанын көріп қайту үшін ең құрмағанда он балаға осындай саяхат ұйымдастырмақшы. Болгарияның тарихы тереңге тартады, табиғаты керемет, тарихи ескерткіштерге де толы: жайпақ таспен өрілген көшелері, римдік моншалары қандай десеңізші.

   

- Елбасы  2019 жылды «Жастар жылы» деп жария етті. Осы орайда қандай іс-шараларды мақсат етіп жатырсыздар?

- Бір қуанышты жағдайды айта кетейін. «Жаңғыру жолы» атты Республикалық жастар қозғалысының қалалық штабын біздің мәдени бірлестіктің мүшесі Наталья Карагеур басқарады. Нұр-Сұлтан қаласының жастар қанаты ұйымдастырған шаралардың бір де бірінен біз тыс қалмаймыз және осы «Жастар жылы» аясынан табыламыз деп ойлаймын.

- Көпұлтты Қазақстан халқының ауызбіршілігін айғақтайтын үш дәнекерді атап өтсеңіз? 

- Менің ойымша бірінші орында – сый тұр. Ол сый - әу бастан жергіліктің халықтың бойына тән қасиет деп білемін. Қазақтар - ежелден қонақжай ел болған, қонағына да бір-біріне де құрметпен қараған, сосынғы үлгі алатын нәрсе – олардың жастарға деген тәлім-тәрбиесі. Үлкен адамды сыйлау, оған орын беріп, ізет көрсету сияқты қарапайым дәстүрдің өзі сабақтастықпен әлі күнге сақталған. 

Бізді біріктіріп тұрған екінші мәселе – бейбіт аспанымыз. Бұл - біздің тұңғыш президетіміздің сіңірген еңбегі, сарабдал саясатының арқасында жүз отыздан астам ұлт пен ұлыс өкілдері ортақ шаңырақ астында бір атаның баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Тек, әншейін аралас-құраластық қана емес, құда-құдандалы болып, жігіміз ажырамастай сарсүйектікке де жеттік. Біздің қуаныш-қайғымыз, сүйініш-күйінішіміз де ортақ. Бір дастархан басына жинала қалсақ: қазақ, орыс, неміс, украин, болгар, шешен екенімізге қарамастан бір әнді шырқай жөнелеміз. Ол әнді ешкім жатырқамайды, сөзін де бәрі жақсы біледі және бір-бірімізге жайдары жүзбен қарап, жарқын көңіл-күй сыйлауға тырысамыз. Мені қызылсөз қуып кетті деп қалмаңыз. Көзіммен көргенімді айтып отырмын. Себебі, біз - сонау бала кезімізден әртүрлі ұлттың балалары бола тұрып, бірге ойнап өстік. Ешкімді жат санап, жатырқаған емеспіз. Тіпті, ұлт сұрасып та көрмеппіз. 

Қазіргі кезде біздің мектепте 1300 бала оқиды. Олар да сондай сезімде екеніне кепілдік бере аламын. Бәріміздің бойымызда бір мүдде үшін топтасқан тұтастық бар. Бөле-жару, алакөздік деген жат қылықтан ада, адами қасиеттерді ғана қадірлейтін ұрпақ өсіріп жатырмыз. 

- Жоғарыда атап өткендей, болгардың Баба Марта халықтық мейрамы 1 наурызда аталып өтетін білдік. Ал 1 наурыз - Қазақстанда «Алғыс айту күні» болып саналады. Осыған байланысты өзіңіз кімге алғыс айттыңыз? 

- «Алғыс айту күні» құдайдың рахымы түскен осы қасиетті жердің барша халқына алғыс айттым десем астамшылық болмас. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ жұртының бағы мен сорына біз де ортақтастық. Аштық пен жалаңаштық, депортация мен репрессияның үскірігі мен отына біз де шалындық. Мен «біз» деп әртүрлі тарихи себептермен осы елден пана тапқан халық өкілдерін айтып отырмын. 

Аяқ-асты мүсәпірлікке душар болып, пұшайман күй кешкен қуғын жұртты қазақ елі шет тастамады. Бір жапырақ нанымен бөлісіп, баспанасынан орын берді. Өзінің сайын даласындай кең пейілі, қайырым мен мейірімге толы жүрегі - сарқылмас рахымның бұлағы екенін жаттан келген жұрт жұрнағы бүгіндері анық бағалады. Алдымен сол - қарапайым қазақ халқына басымды иемін! 

Қазір, төбемізде бейбіт аспанның көгілдір мұнары ғана ойнайды. Осының бәрі - ниеті ақ қазақ халқының кеңдігінің және сол халықты сара жолға бағыттап отырған, мемлекет басшысының арқасы деп ойлаймын. Біз де өз тарапымыздан сол ұйыған татулықты сақтап, одан ары нығайта беруге ат салысамыз. 

Тегі, кішкентай бүлдіршінге тәтті ұсынсаң, ол да алғысын білдіреді. Немесе үлкен қарияға ұлағатты ақылы үшін ризашылық танытсаң, ол да өзіңді алғысына бөлейді. Осы өмірге жаратқан Жаратушыға да дүниеде кездескен бір-бірімізге де әрдайым алғыс айта жүрсек, артықтығы болмас, сірә.

Осыны қашанда қаперден шығармалық. 

- Әсерлі әңгімеңізе көп рахмет! Толайым табыстар тілеймін.


Сұхбаттасқан Заман Төлеуов


Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...