Алматы қаласында қаңтардың 25-і күні ҚР Еңбек сіңірген артисі, өнер майталманы, театр саңлағы, қазақ...
Ұларбек Дәлейұлы. Сегіз ғасыр бұрын селдей жайпаған екенбіз
(Бұл айтулы жылды Ел бойынша атап өтуіміз керек!)
Әлхисса, әлемдік календар бойынша, 2023 жыл кірді. Барша Қазақ жұртына қайырлы, қуатты жыл болғай!
Осыдан тура 800 жыл бұрын, яғни, 1223 жылы біздің баба тарихымыз үшін аса маңызды кезең еді.
Сол жылы Хорезм жорығы толықтай аяқтады. Даңқты нояндар Жебе мен Сүбедей екі түмен жасақпен меркіттердің қалдық қолын қуалап, Каспий теңізінің солтүстігіне, Азау шаһары жаққа аттанды.
Ол шақ, қытайдағы атақты «Иехулиян» шайқасында 450 мың әскерді жайпап, ел астанасы Жұңдуды (Қазіргі Бейжің) басып алған, Хорезм жорығында Отырар мен сыр бойындағы қалаларды, Самархан мен Үргенішті шапқан ең тәжірибелі, адуын да жауынгер қолдың үш түмені Жошыға қарасты еді. Қаған бұйрығымен, Жошының жорық ұстазы ретінде саналатын екі ноян Жебе мен Сүбедейге Жошы ханзада бір түмен жанкешті жасағын көмекке ертіп жіберді.
Олар сол 1223 жылы 31 мамырда Қалқа өзені бойында болған әйгілі шайқаста көшпелілердің 30 мыңдық атты жасағы орыс князьдері мен көмекке жиналған соғды және қыпшақтардың 120 мыңдық (әскер саны әр деректе түрліше айтылады) біріккен қолын тас-талқан етіп жеңді. Қырымға басып кірген атты қол жер-әлемді селдей жайпап, италия көпестері билейтін Судак қаласын тас-талқан етті. Еділ бұлғарларымен кескілесіп, қазіргі орыс даласына ендей өтті.
Осы 23-жылы...
1224 жылы орыс орманына ат байлап, қисапсыз олжа мен қыз-қырқын, алман-салық алған екі ноянның бірі Сүбедей баһадүр Ұлұғ ордаға қайтар жолда, Жошыдан қарызға алған бір түмен жасағын жолай соғып, өзіне қайтарып берді. Содан бірер ай бұрын Жебе ноян қаңлылармен соғыста жараланып, О дүниелік болған...
Ал, Хорезмнен қайтқан Шыңғыс қаған 1223 жылдың күзінде Шудың аяқ жағында, Құланбасыға келіп жорық шатырын тігіп, жұт араласқан ұзақ қысты ұлдарымен бірге құлан аулап өткізді. Үлкен ұлы Жошыға Дешті Қыпшақты сыйлап, оның батыс аумағындағы Келар, Булар, Башгирд, Бұлғар, Орыс, Черкеш, Ас елдерін өзіне қаратып, ат тұяғы, садақ жебесі жеткен жерге дейін иелік етуді бұйырды. Ұлы қаған бұл сапарында Ұлұғ ордаға, Қарақорымға асықпай, 1224 жылдың күзін Ертістің жағалауында, Шыңғыстай маңында өткізді. Бәрібір, оның алдында тағы бір сойқан шайқас – таңғыттарға жорық күтіп тұрған еді.
Сол 1223 жылдың күзінде Орталық Азияда жаңа хандық – «Жошы ұлысының» алғашқы негізі қаланып, шаңырақ көтерді. Сол шаңырақтың иесі – мына біз Қазақтар 800 жылдан кейін «Қазақ Елі» деп аталатын мемлекетте 2023 жылды қарсы алып отырмыз.
Ұлы империяның жалғасы әрі заңды мұрагері – Қазақстанның күні заман ақырына дейін жарық болғай!
Айтпақшы, терістігіміз бізден заңсыз бөлініп кеткен, кезіндегі басыбайлы отарымыз екенін естеріңізге бір сала скетейін...
Даңқты бабаларға бір тағзым!