Кейде өмірлік таңдауыңның дұрыс-бұрыстығына күмәнмен қарайтын кездерің болады. Сондайда болмашы нәрс...
«Серпін-2050» - жастарға берілген жаңа мүмкіндік
Жыл сайын елімізде мыңдаған жас мектеп бітіреді. Соңғы қоңырау соғылған соң-ақ олардың әрқайсысы өмірден өз жолын іздеуге бет алатыны түсінікті. Әрқайсысы өзінің білімі мен қабілетіне қарай жоғары оқу орындарына түсіп жатады. Түсе алмай қалса, келер жылы тағы да бағын сынап көруге мүмкіндік бар. Бұл орайда жыл сайын мемлекет тарапынан бөлінетін гранттардың да көбейіп келе жатқанын айту парыз.
Соның бірі үкіметтің арнайы мақсатпен тағайындаған – «Серпін-2050» бағдарламасы. Осы бағдарламаның шеңберінде оңтүстік, батыс өлкелерінің жастары солтүстіктегі бірқатар университеттердің грантымен тегін білім алуда. Суреттегі Жомарт Ерехан есімді жігіт «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде білім алып жатқан талапты жастың бірі. Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Көлқұдық ауылының тумасы биыл ҰБТ тапсырып, негізгі пән ретінде математика мен физиканы таңдаған екен. Мақсаты айқын – көпке түсінікті тілмен айтқанда компьютер маманы атану. Сол үшін Қостанай, Қарағанды, Алматы және Павлодар қалаларындағы университеттердің ақпараттық жүйелер мамандығына оқуға түсуге өтініш жазады.
«ҰБТ-да негізгі пән ретінде математика мен физиканы таңдадым. Баллды ойлаған мөлшерден аз жинаған соң мектептегі мұғалімдерім солтүстік облыстардағы университеттерге өтініш жазуыма кеңес берді», - дейді Жомарт. Ол оның алдында осы бағдарлама бойынша оқуға түскен ауылдағы біраз жігіттерді де таниды екен. Солардан да оқу жайынан құлағдар болады. Міне, Жомарт қазір Қостанай мемлекеттік университетінің ақпараттық технологиялар факультетінде ақпарттық жүйелер мамандығы бойынша бірінші курс студенті. Бастысы, ол үшін қай қалада оқығаны емес, қандай дәрежеде білім алатыны маңызды. «Серпін бойынша біздің топта тағы бір қыз бар. Ал университет бойынша «Серпіндіктер» өте көп. Оқуды бітірген соң жауапты адамдар солтүстік облыстардан жұмыс тауып береді екен. Үш жыл жұмыс істеуің керек. Үш жылдан соң өзің қалаған жерге кете аласың. Біз оқу бітіргенше бұл шарттар да өзгеруі мүмкін», - деді кейіпкеріміз.
Білім іздеген талапты жас қашан да мақсатына жетеді. Жомарт секілді мыңдаған жастар соның мысалы. Ал, еліміз білім алуда жастарды барынша қолдайды, жағдайын жасайды.
А. Сейілова