"Жаңа Қазақстанда" бес жылға сотталып, барынан айрылған шенеунік туралы

Фото: qazweek.kz

САЯСАТ
188

Оның "хикаясы" кезінде сарапшылар құрған, "Қазақстандағы жоғары лауазымды мемлекеттік шенеуніктер үстінен қозғалған ең атышулы істер" рейтингіне енген болатын. Әңгіме Абылай Мырзахметов туралы болып отыр.

Абылай Мырзахметов 5 жылға сотталды

Ол ұзақ жыл – 1997 жылдан бастап, 2001 жылдың соңына дейін алдымен "Қазақстан темір жолы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнын, бертінде "ҚТЖ" ұлттық компаниясын басқарды. Бұл кезеңде теміржол саласының дүркіреп дамып кеткені шамалы.

Соған қарамастан, 2001 жылы Абылай Мырзахметов өсіп, Көлік және коммуникация министрі болып тағайындалды. Дегенмен, 2002 жылғы наурызда қылмыстық істің қозғалуына байланысты лауазымынан аласталды. Сол жылғы маусымда ІІМ тергеу департаментінің тергеушілері мен жасағы оны тұтқындады.

Сол кезде ІІМ хабарлағандай, Мырзахметов ҚТЖ президенті болып тұрған тұста қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланып, қаржы ұрлауды ұйымдастырған. Мысал ретінде ойдан шығарылған немесе қайтыс болып кеткен адамдардың атына тіркелген жалған фирмалар арқылы теміржолдан қыруар қаржының әкетілгені алға тартылды.

Ішкі істер органдары бірнеше миллиард теңгенің заңсыз және жүйелі түрде қолма-қол ақшаға айналдырылып, сөмкелерге, қатырма қораптарға толтырылып белгісіз жаққа әкетілгенін әшкерелепті. ҚТЖ-ның 1997-2001 жылдардағы қаржылық қызметін тексерген құзырлы құрылымдар 37 қылмыстық іс қозғады.

2003 жылғы мамырда Абылай Мырзахметов мемлекеттік мүлікті ұрлауды ұйымдастырды деп айыпталып, 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айрылып құтылды.

2003-2004 жылдары ол "өзіндік дамумен" айналысып, білімге бой ұрды, Мәскеу мемлекеттік университетінің (МГУ) экономикалық факультетінің аспирантурасын бітірді. Тіпті докторлыққа дейін өсуі мүмкін еді, бірақ саясатқа қайта оралып, шенді атанды. 2005 жылы Сауда-өнеркәсіп палаталары одағының төрағасы болды. Яғни, отандық бизнесмендердің үстінен қарайтын "№1" бастыққа айналды.

2007 жылы ұйым "Атамекен" одағы болып қайта құрылды, Мырзахметов соның басқармасы құрамына мүше болды. 2013 жылы жаңадан құрылған "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы болып тағайындалды. Оны табан аудармай 9 жылдай басқарды.

Қанды қаңтардан кейін ол палата басшысы қызметінен кетті. 2023 жылғы 10 мамырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Атамекен" ҰКП басқармасының экс-төрағасы А.И.Мырзахметовтің ұсталғанын жариялады. Антикордың сол кездегі ресми өкілі Арман Тлеукенов Мырзахметовке "алаяқтық жасады және кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермеледі деген күдікке" іліккенін хабарлады.

2024 жылғы мамырда Абылай Мырзахметов алаяқтығы үшін 5 жылға бас бостандығынан айрылды. Астана қылмыстық соты Мырзахметовты аса ірі көлемде алаяқтық жасауға (Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлімінің 2-тармағы бойынша) айыпты деп таныды.

Сотта анықталғандай, бұрынғы шенеунік 2022 жылғы мамыр-қазан аралығында Қайрат Боранбаевқа қатысты сотқа дейінгі өндірісті тоқтатып, оны қамаудан босату мәселесін шешуге уәде етіп, сол үшін оның інісі Талғат Боранбаевтан ақшалай сыйақы алған. Осы арқылы жалпы сомасы 13,9 миллиард теңгені ұрлаған.

Сотта айыпталушы кінәсін мойындады, судьядан әділетті жаза тағайындауды сұрады. Сот оның өз айыбын мойындағанын, шын ниетпен өкiнгенін, қылмыс арқылы табылған мүлікті іздеуде тергеуге көмектескенін "қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар" деп таныды.  

Онсыз Абылай Мырзахметов бұрын сотталған адам ретінде енді он жылға абақтыға аттанатын еді. Ол айыпталған Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлімінің 2-тармағы бойынша ең жоғарғы жаза сондай.

Бұған қоса, осы бап "белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыруды" қарастырады. Мырзахметов болса, ұлттық компанияларға, квазимемлекеттік секторға 10 жылдан кейін жұмысқа тұра алады. Осы уақыт өткен соң қаласа, тіпті ауыл, аудан, қала, Мәжіліс пен Сенат депутаты болып сайлана алады.  

Биылғы мамырда сот оның 5,8 миллиард теңге көлеміндегі мүлкін тәркіледі. Егер 13,9 миллиард теңгені ұрлағаны сотта дәлелденсе, қалған 8,1 миллиарды қайда? Антикор күні кеше Мырзахметовтың тағы 7 миллиард теңгесі қазынаға алып қойылғанын мәлім етті.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы Абылай Мырзахметовке қатысты сотқа дейінгі тергеу аясында заңсыз алынған 7 миллиард теңге сомасындағы ақшалай қаражат мемлекеттің табысына айналдырылды", – делінген ведомствоның мәлімдемесінде.

Жалпы, Антикордың дерегінше, жыл басынан бері барлық аяқталған қылмыстық істер аясында мемлекетке 195 миллиард теңгеге жуық қаражат өндіріліпті. Тұтастай алғанда, кейінгі 2,5 жылда олигархтардан 1,09 триллион теңге алып қойылған.

Кейбір деректер бойынша Абылай Мырзахметов банкрот болуы мүмкін. Бұған дейін Orda.kz жазғандай, Мырзахметовтің банктерге және өзге компанияларға берешегі 9,4 миллиард теңгеге жетіпті.

Одан қарызын қайтара алмай жүргендер арасында іс басындағы жетекші екі банк, банкрот болып жабылған Tengri Bank, DSFK мамандандырылған қаржы компаниясы (оның қолында "Bank RBK" АҚ-ының күмәнді активтері жинақталған), сондай-ақ елдің алпауыт құрылыс компанияларының бірі BAZIS CONSTRUCTION бар. Бұдан бөлек, Мырзахметов өз компанияларына да берешек, мысалы, салығын, персоналының жалақысын және басқасын төлей алмады.

Айтпақшы, кейбір дереккөздер оның бұрынғы қылмыстық іс бойынша мемлекетке қарызын өтеген-өтемегені беймәлім екеніне назар аудартады. 2003 жылғы үкім бойынша ол мемлекетке 1 млрд 151,1 миллион теңгеден астам сома қарыз болатын. Соған қарамастан артынша әлдебір ғажайыппен Мырзахметовтың бірнеше банктегі "тұтқындалған" есепшоттарынан бұғаттау алып тасталған. Бұл ретте мемлекетке қанша ақша қайтарғаны жария етілмепті. Сол қылмыстық іс бойынша басқа күдіктілерді сот аямады, олар нақты мерзімдерге сотталып кетті.   

Ашық дереккөздер бойынша Абылай Мырзахметовтың өз атына 3 компания тіркелген.

  • "Altyn Dala Mining" ЖШС-і: Шығыс Қазақстан облысындағы Ашалы телімінде алтын мен платина барлаумен, ШҚО-дағы Ұбі телімінде шашыранды алтын өндірумен айналысады.
  • "Фараб" комбинаты" ЖШС-і: 100% мақтадан жасалған гигиеналық және косметикалық өнімдер шығарады.
  • "Атамекен одағы" ұлттық экономикалық палатасы" заңды тұлғалар бірлестігі.

Ақпарат құралдары бұл үш ұйымның банктер мен компанияларға миллиардтаған теңге қарыз екенін жазды. Жалпы алғанда, Мырзахметовтің қарызы 9 млрд 451,8 млн теңгеден асады.

Экс-шенеунік басқа да компаниялардың тең құрылтайшысы қатарында бар, оның бірі қызанақ пен қияр өсіреді. Ол мемлекетке 3,3 миллиард теңгеден астам қарыз.

Бірқатар сарапшы Абылай Мырзахметовтың ұзақ отырмай, еркіндікке шығуын болжайды. Егер шығып жатса, миллиардтаған қарызын қалай жабады, әлде қандай қулыққа бара ма, белгісіз.

Дереккөз: Inbusiness.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...