Өтен Ахмет. ҚХА ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛІ

Жаңалықтар
1953

«Нұр-Отан» мен ҚХА жиындарын осы жолы бастан аяқ көріп, тыңдадым. Қазақша сөйлесе, еркін сайрап кететіндер бар екен. Әсіресе, қағазға қарамай сөйлеген Ноғаев мырзаның шешендігі көзге бірден ұрып тұрды.

 ҚХА жиыны, сөз арасына орайымен әзіл де өріліп, еркіндеу өтті. Ең бастысы ассамблея психологиясында эволюциялық оң өзгеріс барын байқадым. Яғни басқа ұлт өкілдері арасында мемлекеттік қазақ тіліне деген құрмет өскен, қазақ тілінде сөйлеушілер қатары көбейген. Және мені аз ұлт өкілдерінің ғылымда, бизнесте заң бекіткен мүмкіндіктерді өздерінің өсіп-жетілуіне шебер пайдаланып жатқаны тәнті етті. Күні кеше ғана Моңғолияда қой бағып жүрген баланың ғылымдағы, Шешенстандағы қырғын соғыстың зардабын шегіп, көзі көрмей қалған шешен жігітінің бизнестегі, өндірісі жоқ, кенжелеп қалған дейтін қызылордалық жас талапкердің «Боинг» ұшағының жаңа дизайнін жасап, оны Лондондағы орталықтың қабылдағаны, - елімізде талаптана білген жастарға жол ашық екенін көрсетті. Жасы үлкендік жомарт көңілмен шіркін-ай, мыналардың ісі болмасты сылтауратып, жұмыс жоқ деп, «алма піс, аузыма түс» дейтіндерге үлгі болса екен дейсің. Әрине, қазақша оқып, қазақша тәрбие алған, сөзін қазақтың ерекше бір жеңсік тамағы «мыжымадан» бастаған молдаван қызы жиынды да, экранға үңілгендерді де аузына қаратқаны сөзсіз. Оның мемлекеттік тілді үйренуге, құрметтеуге шақырғаны ассамблеяның Қазақстандағы эволюциялық өсуінің келесі өрлеу сатысын меңзегендей естілді. Үш жыл ішінде қазақ тілін судай меңгеріп, Баян атанып, Қозысын іздеп жүрген кәріс қызы ше? Мен бұған апырмай деп таңғалып отырсам, мына жақта жапон баласы қазақ тілін он ай ішінде үйреніп алыпты. Тамсанасың да ойланасың. Балалары немесе немерелері, тіпті түгел отбасы боп орысша сөйлейтіндер елде аз емес. Әсілі тілді қорқытып-үркітіп те, құрғақ насихатпен ұялтып та үйрете алмайды екенсің. Жоғарыда мысалға келтірілген шешен, молдаван, кәріс, жапон жастары қазақ тілін қажеттілігі үшін үйренген, үйреніп жатыр. Заманында аталарымызды орыс тіліне мәжбүрлеп, күштеп үйретсе, олардан кейінгі әкелер балаларын орыс мектебіне айтқызбай-ақ өздері сүйреді.Өйткені орыс тілінсіз ғылымда, қызметте өскенің былай тұрсын, қара жұмысқа кіріп нан табудың өзі қиын боп кеткен еді. Тәуелсіз ел болғасын, қазақ тілі мемлекеттік тіл болғасын, алдымен оған сұраныс туғызу керек. Сол кезде тілді әркім өзі үшін үйреніп, болашағы үшін баласына үйретіп миллиондаған қаржыны босқа шашудың қажеті болмай қалары анық.

Қадірменді Елбасымыз әлемдік тұлға, әлемде ол кісіге деген құрмет шексіз. Қытайдың мемлекеттік ең жоғарғы орденімен марапатталуы осы сөзіміздің айқын бір дәлелі. Дегенмен, белгілі жазушы С.Елубаевтың Елбасына арнаған жүрек жарды сөздері кімді болмасын өзіне магниттей тартты-ау деймін. Жастау кезімізде Жабыл атамыз Сталинге теңеу таба алмай қиналыпты деп күлетінбіз де, сонымен бірге, қазақ тілінің шұрайын қалай керемет меңгерген, қазақ сөзінен қандай ғажап көркемдік кесте өрген деп таңдай қағып таңғалатын да едік. Кейінгі кезде бұл жанрды үлкен ғалым Мырзатай Жолдасбековтің одан әрі тамаша дамытқанына куәміз. Бұлардан асырып енді ешкім ештеңе айта алмас деуші едім. Шығармашылықта шек жоқ екен. Оны С.Елубаев өзінің ілтипат лебізінде әдемі дәлелдеп шықты. Әдебиетте әлмисақтан бері ода дейтін жанр бар. Яғни Отанды, батырды, туған жерді, әйгілі жеке тұлғаларды дәріптейтін сөз құралы. Сондықтан мен бұл ойымды әдеби жанр тұрғысында айтып отырмын, кекесін іздемеулеріңізді өтінем. Кісіні мақтап жылы сөз айта білу, тіпті оны өлеңмен өру, шешендік сөзбен бейнелеу кез-келген талантты адамның пешенесіне жазыла бермейді. Ілеуде біреуге ғана бұйыратын ілкі өнер. Тіліміз оралымды, көркем болғандықтан, біз, қазақтар, бұл жағынан шынында аса бай екенбіз. Енді осы мол байлықты Қазақстандағы барша халықтың игілігіне айналдыра алсақ қой, шіркін. 

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...