Үндеуден үндеуге дейін: бір жылдық қорытынды

Madeniet Portaly

САЯСАТ
446

2024 жылы 2 қыркүйекте ҚР Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдау жасаған болатын.

Былтырғы Жолдауда Президент ел әлеуетін арттыру үшін әлеуметтік теңсіздікті азайтып, орта тапты қалыптастыруды басты міндет ретінде атап өтті. Бұл мақсатқа экономика өскен жағдайда ғана қол жеткізуге болатыны түсінікті. Мемлекет басшысы көтерген әрбір мәселе ел дамуы үшін маңызды. Осы орайда Madeniportal.kz ұжымы бір жыл ішінде экономика саласында қандай өзгерістер болғанына шолу жасады.

Банктер туралы жаңа заң

Президент Жолдауда:

«Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын дамыту мәселелері шешімін табуы керек. Қолданыстағы заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған, ол бүгінгі жағдайға сәйкес келмейді», – деді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген жаңа заң жобасы үш негізгі бағытты қамтиды:

  • корпоративтік басқаруды жетілдіру;
  • тәуекелдерді басқару мен ішкі аудитті күшейту;
  • тәуелсіз директорлардың рөлін арттыру және мүдделер қақтығысын болдырмау.

Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, бұл өзгерістер банктердің азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттырады.

«Шамадан тыс кредиттенумен және қаржылық алаяқтықпен күрес – басты міндеттердің бірі. Сондай-ақ нарықтағы шектеулер азайып, бәсекелестік артады. Бұл жаңа ойыншылардың келуіне мүмкіндік береді», – дейді сарапшы.

Салық жүйесін цифрландыру

Президент Жолдауда салық әкімшілендіруді толық цифрлық форматқа көшіруді тапсырды: «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін салық салу ашық әрі электронды болуы қажет».

Бүгінде бұл бағытта айтарлықтай нәтиже бар. Экономист Айбар Олжай:

«Салық әкімшілендіру жүйесі негізінен цифрлық форматқа көшті. Қағаз түрінде декларация тапсыратын жағдайлар өте сирек. Азаматтар мен кәсіпкерлер e-Salyq Azamat, e-Salyq Business қосымшалары арқылы салық міндеттемелерін қадағалай алады. Бұл салық төлеушілер үшін айтарлықтай жеңілдік әкелді», – дейді.

 

Орта бизнестің үлесі

Кәсіпкерлік – экономиканың басты тіректерінің бірі. Президент үндеуде:

«Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын білуі қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнеске өтуге мүдделі болады», – деді.

Қазіргі таңда орта бизнестің үлесі жалпы бизнестің небәрі 3,5%-ын құрайды. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті 7%-ға, кейін 12%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Экономистердің айтуынша, салықтық реттеу жеңілдеген соң, 2026 жылдан бастап шағын бизнес орта бизнеске белсенді түрде өтуі мүмкін.

 

Қорытынды

Бір жыл ішінде бірқатар маңызды нәтижелер байқалды:

  • банктер туралы жаңа заң әзірленіп жатыр, ол қаржы нарығын тұрақтандыруға бағытталған;
  • салық жүйесі іс жүзінде толық цифрландырылды, бұл ашықтық пен қолжетімділікті арттырды;
  • орта бизнестің үлесі әлі де төмен, бірақ өсім әлеуеті жоғары.

Демек, «үндеуден үндеуге дейінгі» аралықта алғашқы нақты қадамдар жасалды. Ендігі міндет – басталған реформаларды жүйелі түрде жалғастырып, олардың тиімділігін халық пен кәсіпкерлердің күнделікті өмірінде сездіру.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының ла...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада қоғамдық көлік пен шағын автобус соқтығысып, бір адам көз жұмды, деп хабарлайды MadeniPorta...