Ұларбек Дәлейұлы. «Айналайын» деген сөздің анты ауыр...

САЛТ-ДӘСТҮР
6122

«Айналайын!» деген осы бір аяулы сөздің мәйегі тым арыда, қазақтың тектік қасиетінде жатыр. Күнделікті өмірде жақсы көрген адамын айналып-мекіреніп жатқан үлкендерді үнемі көреміз. Біреуге деген алғысы мен ренішін бір ауыз сөзге сыйдырған халық даналығы тым әріден, түріктер дәуірінен басталатын дәстүрде жатқаны анық.

Оның қарама-қарсы мағынасы да бар. «Үйді, адамды, отты, моланы, т.б айналма» деп тыйым салынып та жатады.

Енді осынау сөздің мағынасына үңілу үшін бағзыдан жеткен мына бір хикая еске түспей қоймайды. Ендеше, бір сәт тарихқа көз жіберсек.

Әлқисса, қызғылт доңыз жылы Еке Моғұл ұлысының батыс Шия еліне бағыттаған «Таңғұт жорығы» аяқталды. Күз басталмай жатып-ақ, Таңғұт елінің бір шегі Люфан (Алты айналма тауы) тауының баурайын әппақ түске орап, қар жауды. Түмен-түмен қолдың, орда тартқан өгіз арбалардың, олжаға түскен мың сан қаралы түліктің тұяғы дала төсіне айқыш-ұйқыш жосыған із қалдырған.

Дәуір жыл қайырымының қызғылт доңыз жылы күзгі жетінші айдың сарғыш сиыр күні (1227 жылы 25 тамыз. Автор) іңір сөне ғаламды дүбірлеткен ұлы Шыңғыс қаған жарық дүниеден мәңгілікке көз жұмды.

Талай ғасырды дүбірлеткен, «Тәңір еркесі» атанған ұлы қағанның өлім хабары өте құпия ұсталды да, тек бір ай өткенде, жасырын жерлеу салты аяқтаған соң ғана шартарапқа хабарланды. Еке Моғұл ұлысына қарасты байтақ дала аза тұтты. 

Шыңғыс қағанның орнына уақытша кенже ұлы Төле билік жүргізіп отырды. Себебі, күллі жасақ пен орданың ішкі-сыртқы билігі ат жалын тартып мінгелі Төле ханзаданың қарауында-тын.

Екі жыл өткен соң қағанның өлер алдындағы өсиеті бойынша,  орда ақсүйектері мен нояндары және ұлдары 1229 жылы (сиыр жылы) «Қарақорым құрылтайын» өткізеді. Керүленнің Коде аралына жиылып, қағанның өсиет-әмірі бойынша үшінші ұлы Өкетайды қаған сайлайды.

1230 жылы күзде Өкетай қаған «Ұлы жасақ заңын» жаңғыртып, қайта жариялады. Әке өсиеті бойынша Қамбағай ханның кегі үшін өзі қол бастап, қытай жорығына, Алтын елін шабуға аттанады. Оңғыттардың иелігіндегі әм күзетіндегі Тұр қорғанның ұрымтал тұсынан өтіп, қытай жеріндегі көшпенділерше бұрынғы аты Түлкі асу (Онгн асуы), қазіргі Жаңжиякоу аталатын құз-қиялы тауды басып, қытай шекарасына дендей енген. 

1211 жылғы қаған өзі қол бастаған ұлы жорықта тура осы асу түбінде Алтын елінің 40 түмен, 400 мың әскерін түгелдей қырғынға ұшыратқан еді. Осы ауыр апаттан соң-ақ Алтын патшалығының қарым-қуаты кеміп, айбары басылған-тұғын.

Көшпенділердің тасқын судай жөңкілген ауыр қолы қарқынды шайқастардың арқасында, 1231 жылы ақпан айында Фыңшиан қаласын басып алды. Кешікпей Лояң, Хыжұң қатарлы қамал-қалаларға шабуылын жалғастырған.

Бұл жорықта Өкетайға ақыл-айласы мол, сабырлы да ержүрек інісі Төленің қолғабысы көп тиеді. Өкетайға шын берілген, әке өсиеті мен аға жолына адал еді. Қағанат үшін жанын сала қызмет етті де. 

Соның бір мысалы, қорғаны берік Фыңшиан қаласын алуда алдыңғы шепте қол бастайды. 1230 жылы қараша айында қалаға көмекке жіберілген жаудың жиырма мың атты жасағын Лунменьшань тауында сайлауыт қолмен күтіп алады. Бірден соғысқа кірмей, жау жасағының алға жүрер жолын берік қоршайды. Бақсылар мен жұлдызшылардың жорамалына сүйене отырып, мықты соғыс жоспарын жасайды. Қалың қар түсуін бір апта күтуге бұйырады. Бақсы-құшынаштар қобызын күңірентіп, түтінді алау жағып, сиқыр оқып, күн жайлатады. Орайы келіп, таулы өңірге қапалақтай жауған қар толастамай, қиыс терістіктен соққан желдің екпіні де күшейеді. Шағын ғана жасақпен жау әскерін шырғалап, жалған жеңіліп, тау қойнауына қайта кіргізеді. «Қар қақпаны» айласы арқылы 20 мың шерікті омбы қарға қамап, бір тал жебе де шығындамай, суықтан қырып тастайды. Келер жылдың наурыз айында қойнауда қырғын тапқан жау жасағының қару-жарағы түгелдей ордаға олжа болады. 

Тарихта, әкесі Шыңғыс қаған өлген соң орнына екі жыл қағанатты басқарғанымен, қайтып хандық тақ бұйырмаған кенже ұл Төле ханзаданың өмірі қысқа болған. Оның өлімі жайында халық арасында аңыздар мен қытай жазбаларында қызық деректер бар. 

Бір аңызда, Өкетайдың қытайға шабуылы жойқын болып, терістік шекарасын ендей өтеді де, Хынан өңірін тұтастай қырғынға ұстаған. Көшпелілердің алапат күшті атты жасақтарына қарсы қайран қыла алмаған қытайлар сиқыршы-балгерлерді жинап, елшіден жіберген шарап арқылы Өкетайды дуалап тастайды. Соның кесірінен ауыр науқас меңдеген қаған өлім ауызында қалады. 

Қаған ордасындағы ең атақты деген шаман бақсылар мен емшілердің түгелдей басы қатады. Ақыры мынадай шешімге тоқтайды: қаған сырқатынан жазылуы үшін оның жұмбақ ауруын ең жақын адамдарының бірі мойынына алуы керек. Діни рәсім бойынша, қағанды үш рет айналып, ауруды өзіне қабылдауы ләзім.

Орда төңірегіне топтасқан қағанның аға-бауырлары мен туыстарынан, санғұндары мен нояндарынан ешкімнің жүрегі дауаламай тұрғанда, ортаға Төле шығады. Ағасына келген кесапатты өзі көтеруге дайын екенін айтады.
 Жоралғыны өтеу үшін, Төле ханзаданың жасына сай отыз тоғыз бас бозбие сойылып, орданы айналдыра тастан отыз тоғыз оба үйіледі. Отыз тоғыз жерден от жағып, ордаға қарасты бүкіл нояндар мен жасақтар киелі Бұрқан Қалдүн тауына қарап бас ұрып, тәу етеді. 

Беліне жеті кез ақ шағиды орап, шарт түйген Төле орда алдында бұғы сүйегінен жасалған төсекте жатқан Өкетайды үш рет айналып, қытайлардың дуасын өзіне аударып алғанын Бұрқан Қалдүн тауы мен ұлы қаған әкесінің әруағына серт етеді.

Осы оқиғадан кейін ұлы даланың түкпір-түкпіріне тараған әңгіме – ақыры тұтас көшпелілердің туысқандық мейіріміне, жылулық үлгісіне айналды.

Тағы бір еске түсері, қазақта қиын іске бекінерде «Беліңді бекем бу» деген сөз осыдан қалса керек.

Өкетай қағанның су ішерлігі болар, көп өтпей сырқатынан сауығып, сайыс тұлпарына қайта мінеді. Төле де жорығын жалғастырады. Орданың тоғыз шашақты, үшкіл ақ туын көтеріп, сол жылы ақпан айында екі түмен жеңімпаз қолын бастап, Ханжияң өзенінен өтеді. 

Сөйткен Төленің бұл жалғаннан көрер жарығы қысқа болыпты. «Айналып алған ауру» себеп болды ма, әлде, ғұмыр жазмышы солай ма, 1232 жылы жаз айында, 39 жасында аурудан қайтыс болады. Інісінің өліміне жаны күйзелген Өкетай қаған Ханжияң өзенінің айлағында ауыр қолды аялдатып, ай бойы аза тұтып, сүйегін сенімді батырлары арқылы Бұрқан Қалдүн тауына, әкесі Шыңғыс қағанның қасына жөнелтеді. Төленің қарамағындағы екі түмен (жиырма мың) атты жасақ Сүбітайдың басқарылуына беріледі...

Әуелгі сөзімізге оралсақ, «Үйді, адамды, отты, моланы, т.б айналма» деген тыйым мен жақсы көрген адамын айналып, толғанатын қасиеттің ара жігін бірден түсінуге болады.

Жадымызда қалып, қанымызға өткен түсінік мынау: «Айналсаң, оған келетін жамандықты аударып аласың». Бұл сенімнің сүйегімізге сіңгені сонша, ғасырлар өте келе біздегі мейірімнің шыңы, шапағаттың тұғырына айналды. 

Көп өмірі мал бағумен өткен ұлтымыздың санасында кез келген түлік иесіне деген құрметі ерек. Ал, сырқат меңдеген адамға төрт түлігінің ішінен жақсы көретін бір малын арнап, ауырған жанды үш рет айналдырып, құрбан етіп шалатын дәстүр әлі де бар.

Есімді шала-шарпы білетін сәби кезімдегі бір оқиға көз алдымнан кетпейді. Шешемнің талма ауруы бар болатын. Ұстап қалғанда серектеп жығылып, тілін шайнап алатын. Қолдарын қысқаны сонша, тырнақтары алақанын жаралап кететін еді. 

Ол кезде Үліңгір өзені бойында отырамыз. Ата-анамның жас кезі. Әкем дәрігер, шешем гинеколог. Үй алдындағы шағын бақшаны гүл жайнатып, неше түрлі көкөністер егетін. Өзен сағасына орын тепкелі санаулы ғана жылдар болған, орталыққа алыс қыстаққа электр жарығы әлі келе қоймаған.
 Бір күні кеште үйге ата-әжелерім бар, тағы бір топ адамдар жиналды.
 Төргі үйге шай ішетін үлкен дөңгелек тақтайды қойып, басына майлы мақта ораған кәдімгі түбектің жуантық шиінен 40 шырақ орнатты. (Ағаларыма санатқаны есімде).

Шырақтарды тұтатып, бақсы ма, молда ма, бір кісі дұға оқыды. Әкем үйге дәу көк серкені жетелеп, шешемнің алдына әкелді. Дұғаға қол жайып, шырақтарды екі алақанымен сипаған шешем өзінің тұтас денесіне үрлеп дем салып шықты да, қайтадан көк серкені сипалады. Неше рет қайталағаны есімде жоқ. Көк серкені шешемді үш рет айналдырып, мойынынан жетелеп алып, шығып кетті.

Қырық шырақ толық жанып біткенше, демімізді ішімізге алып біз отырмыз.

Көк серкенің кейін не болғаны да есімде жоқ. Тек, шешемнің ұстамалы талма ауруы біртіндеп азайып, жыл өткен сайын сиреді де, ақыры мүлде жоқ болды.

Қаншама жылдар өтсе де осы істі мүлде ұмытқан емеспін. Шешемді үш айналған серкенің талма ауруын алып кеткеніне еш күмәнданбаймын. Өйткені, бәрін көзіммен көрдім.

Мейірімі маңдайынан төгіліп тұратын кәрілердің немере-шөберелерін айналып жататыны содан. «Саған келер пәле-жала болса, жасы жеткен маған келсін!» дегені де.

Бәлкім, қазекемнің «айналдырған ауру алмай қоймайды» деген сөзінің түпкі төркіні «Айналып алған ауру алмай қоймайды» дегені шығар, сірә...

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...