Зейнеп Ахметова. "Əуретті жерлеріңді жап" дейді

САЛТ-ДӘСТҮР
2899

"Əуретті жерлеріңді жап" дейді. Ол деген сөз ұятты жерлеріңді жап дегені. Сенің басың, бетің ұятты жер емес қой. Ол құдайдың жаратқаны. Ұятты жер мына мойыннан төмен жақ. Қазақ онсыз да ол жерін ашып шашқан жоқ. Қазақтың қызы тұрмысқа шыққанға дейін басына орамал салмаған. Кəмшат бөрік, құндыз бөрік, үкілі тақия, шашақты сорабақ, моншақты қасаба, жырға деген сондай əдемі бас киімдер болған. Шаштарын он күн тарап бес күн өрген деген, шаш күтіміне көп көңіл бөлген. Қолаң шаш, сүмбіл шаш, қара шаш, алтын шаш соның бəрі қыздың шашы. Сонда не мұсылман болады екенбіз деп соның бəрін жерге көмуіміз керек пе? Ананың барлығы арабтардыкі. 

Арабтың жері ыстық, құм боран соққан бұрын. Сонда еркегі бар əйелдің бəрі көзінен басқаның бəрін жауып тастаған қарамен. Енді соны алып келіп бізге тықпалайды. Мұсылман болу үшін араб болудың керегі жоқ. Мысалы, арабтар керемет болатын болса, тегі бір, діні бір, тілі бір неге бір-бірін қанға бөгіп жатыр? Қырып жатыр. Қаншама жыл болды. Оның несі ислам? Оның несі шариғат? Құдай сақтасын. Қазақтар бұрын жер дауы жесір дауы деп барымтаға шыққанымен оның өзінде екі ауыз сөзбен бітіріп отырған. Сөзге тоқтаған. Қазақ өте құдайшыл халық. Бірақ фанатик емес. Қазақ бір ауыз сөз "Құдайсыз қурай сынбайды" деген бір ауыз сөзбен құдайды мойындаған. Ең жаман адамды құдайсыз адам дейді. Жақсы адамды " Ой, құдайы бар екен айналайын" деп айтып жатады. Арабтар бұрын пұтқа табынған. Екі қыздың біреуін тірідей көміп отырған. Содан мына "Тарихи жад"(Историческая память) содан қалып қойған. Əйелді төмен көру қанында бар. Бəрібір тегіне тартпай тұрмайды. 

Ал қазақта керісінше "Ырыс алды қыз" деп, ырымалдысы қыз болғанда керемет қуанған. "Кететұғын бала, қонақ" деп, қызды əкенің үйінде жүргенде әбден еркелеткен. Жақсыны кигізген. Дəмдіні жегізген. Қолынан келсе жорғаны мінгізген. Қызды ешқашан есік жаққа отырғызбаған. Оң жаққа төрге отырғызған. Тұрмысқа шықпаған қызды оң жақтағы қыз дейтіні содан. Отырған қыздың аяғынан аттау үлкен күнə болып саналған қазақта. Қыз балаға қол көтеру ол үлкен қылмыс болып саналған. Қыздар жаугершілік кезде əкелерімен ағалармен қатар сауыт киіп жауға аттанды. Шайқасты. Оған тарих куә. Айтысты, айтысқа түсті. 

Бəрін былай қойып, қыз қууды қарашы! Анау жігіттерді шықпыртқан кезде қандай, аттың құлағында ойнаған. Енді неге осының бəрін жауып, жерге көміп, мұсылман болады екенбіз деп, бейшара қыздардың басына қара орамал салуымыз керек? Қара орамалды байы өлгенде салады. Қаралы әйел дейді оны. Мысалы, Әуезовтің "Қаралы сұлуында" әйел жыл бойы басына қара орамал салады. Жыл өткеннен кейін жақындары келіп, қаралығын түсіріп, ауыстырып жатады. Өздерін өздері қор қылып, сор болып жүр. Үйлерінде теледидар көрмейді, ешқайда шықпайды, әйтеуір бала туып жатқандары бар, тек анау еркекке қызмет етуі керек бітті. Біраздан кейін надандық шығады. Білімсіз анадан білімсіз ұрпақ көбейеді. Біз біріншіден біліммен, екіншіден өзіміздің тіл арқылы таралатын дəстүрмен ғана ұлтымызды сақтай аламыз. 

Əрбір адам ұлтымен бірге туады. Ұлтыңмен бірге туған соң, ұлтыңның тілі, бүкіл салт-дәстүрі, елі, жері, тарихы саған да тиесілі. Бұл жерде егер дін ұлттың үстіне шықса, ұлт жойылады. "Екі сөздің бірінде қазақпын деп айтпа, мұсылманмын деп айт" дейді. Көрдің бе қандай құйтырқы жаман нәрсе жатыр? Мына радикалды дінге қарай бұрылатындардың ішінде еркекке қарағанда əйелді қайтару қиын екен. Айтыскерлер, небір спортшылар кетті. Атағы барлар мен ақшасы барлар алдымен қармаққа түсіп жатыр."


Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...