Қазақта Қорқыттың қобызы туралы айтылатын керемет аңыз бар. Ал Қорқыт ата болса ежелгі оғыз тайпасын...
Қазанғаптың «Новый штат» атты күй шығарғаны – мүлде өтірік!
Фотосурет көрнекілік үшін ашық дереккөзден алынған
1. «ЗАР» КҮЙІ ҚАЗАНҒАПТІКІ МЕ, ӘЛДЕ ШҮҢКІНІКІ МЕ?
Бұл сын мақаламыздағы айтпақ пікіріміз «Қазанғаптікі» деп Абулхамит Райымбергеновтың жарғақ құлағы жастыққа тимей насихаттап жүрген «Новый штат» атты «күйі» турасында болмақ. Осы «шығармаға» байланысты өзіміз тікелей куә боп, ап-анық көріп отырған қайшылықтарды, еш дәйексіз бұрмаланған тұстарды атап көрсетіп, нақты дәлелдерімізді ұсынбақпыз.
А. Райымбергеновтың «Новый штат» деген «күй» жайлы бейне таспада айтқан сөзі бар, соны қаз-қалпында көптің назарына ұсынайық, былай дейді: «Ал мынау Қазанғаптың «Новый штат» деген күйі. Қазанғап шығармашылығында жалпы «сөз буындарына құрылған күйлер тобы» деген бар. Яғни, қарап отырсаң «Жіберсейші» дейтін, немесе «Сау бол, Балжан» (бұрмаланған, дұрыс атауы – «Ақжелең»-Б.К.), немесе «Ұршықтың жұртта қалғаны», кәдімгі құй молдаң бол, құй төрең бол, құй төрең бол, құй қара бол, бәріне де бір өлім деген сияқты мынау сөз буындарына құрылған күйлер тобы бар. Міне, сондай күй тобына жататын бұ да осы Қазанғаптың «Новый штаты». Яғни, қарап отырсаңыздар домбыра «Новый штат, новый штат, новый штат» (астын сыздық.-Б.К.) деп кәдімгі сол қақсап айтып отырады. Және тағы бір ерекшелігі осы күйдегі, Қазанғап шығармашылығындағы аса бір күрделі күйлердің біріне жататындығы мынау қағыстан, өйткені, біздерде әдетте қағыс мынау музыка тілімен айтқанда бірінші такті сильная доля дейді, яғни бірінші қағысың бұл әдетте төмен болады. Ал Қазанғаптың бір ерекшелігі, соны төмен емес, жоғарғы яғни, слабая доля дейді музыка тілінде, яғни мынау яғни күйдің аяғында келетін қағысты басында біріншіге қойып, яғни, күйді бір бітпейтін, бір сондай, бір айналмалы бір ұршықтың айналғанындай кәдімгі терең бір сондай ойға шомылдыратын қағысты пайдалануы. Яғни, музыка тілімен айтқанда полиритимия дейді. Бір ритмнің ішінде екінші ритмді қосарланып келіп отырады. Сондықтан бұл күй бір аса орындаушыға қиындық туғызатын күйлердің біреуі. Енді осы күйді тартып берейін. Қазанғаптың «Новый штат» деген күйі» (Қараңыз: @Qulaqkui и @kui. Қазанғап Тілепбергенұлының күйі «Новый штат». / Абдулхамит Райымбергенов).
Тыңдадық. Бұл – Шүңкі есімді кісінің «Зар» деп аталатын күйі! Естіп жүрген әуеніміз-ді. Қателескен болармыз деп мелодияға тағы екі-үш қайтара құлақ түрдік. Жоқ, анық сол! Тек бірер тұстары ғана сәл-сәл өзгертілген...
Атақты ғалым А. Жұбановтың куәлік беруінше, 1959 жылы Қарақалпақ еліне ұйымдастырылған фольклорлық экспедиция құрамында болған музыка зерттеушісі Асқан Серікбаева Екібай Кетебаев есімді кісіден «Ақсақ құлан», «Түрікпен күйі», «Пиала», Молдағали Балымбетовтен «Үзілдім-кеттім» (Қаналы), «Баймағамбеттің суға кеткені», 30-жылдары Доңызтау төңірегінен ауып барған, Нөкісте тұратын Биман Кенжебаевтан «Шамшырақ» (Үсен төре), «Балық қырған», «Қоңырқаз» деген күйлерді жазып алады.
Осы сапарда екен пікір өзегі боп отырған жаңағы Шүңкінің «Зар» күйін де А. Серікбаеваның үнтаспаға түсіріп алғаны. Б. Кенжебаевтың орындауында. Анықтауымызша, бұл таспаның сол кездегі түп нұсқасы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы жанындағы «Фольклорлық ғылыми зерттеу зертханасы» қорында. Шүңкіде тек осы бір ғана күй. Ғұмырбаяны туралы нақты, сенімді мәліметтер жоқ. Бұдан бір ғасыр бұрын өмір сүрген тәрізді. Адай руынан делінеді.
А. Райымбергеновтың: «...Қазанғап шығармашылығындағы аса бір күрделі күйлердің біріне жататындығы мынау қағыстан, өйткені, біздерде әдетте қағыс мынау музыка тілімен айтқанда бірінші такті сильная доля дейді, яғни бірінші қағысың бұл әдетте төмен болады. Ал Қазанғаптың бір ерекшелігі, соны төмен емес, жоғарғы яғни, слабая доля дейді музыка тілінде, яғни мынау яғни күйдің аяғында келетін қағысты басында біріншіге қойып, яғни, күйді бір бітпейтін, бір сондай, бір айналмалы бір ұршықтың айналғанындай кәдімгі терең бір сондай ойға шомылдыратын қағысты пайдалануы», – деген сөзінен шындық іздеп, қағысына да ынтамызбен қайта құлақ салдық.
Бірақ А. Райымбергенов айтқан аса күрделі тартыс аңдалмайды мұнда. Кәдімгі қара қағыс. Кей жерлерінде түрікпен, Маңғыстау күйлерінің бояу нақыштары қылаң береді.
Музыкалық дыбыстың өлшемін, динамикасын, екпінін, штрихтарын (легато, стаккато, т.б.) жаңылыспай қабылдауға есту қабілеті жақсы дағды алған кез-келген адам бұл шығарманың Қазанғаптың мәнер-мектебі стилінен бөлек жатқанын оп-оңай ажырата алады. Шүңкінің осы «Зар» атты күйі «Маңғыстаудың 100 күйі» деген кітапқа (Алматы, 2023 жыл, 158-160 беттер) енгізілген. Нотаға түсірген Жұмабек Қадырқұлов есімді домбырашы-педагог екен. Мұнда жаңа айтқан түрікпендер мен Маңғыстау түбегі әуездеріне, немесе Өскенбай, Мұраттың қолданыстарына тән бояулар, дыбыстар 14-33 тактілер аралығында көрініс тапқан (Қараңыз: 1-нота).

Күйдің әуендік құрылымы бізді «Шүңкі түрікпен өнерпаздарымен аралас-құралас болған сықылды, соның әсері тиген шығар» деген ойға әкеледі.
Шығармада әуеннің кей ырғақтары қайталанып отырады. Сондай-ақ, аппликатура тәсілін октавада қолдану, яғни, саусақтардың бастапқы дыбыс пен сол аттас сегізінші дыбыстың аралығын қамтуы да күйдің Маңғыстау түбегі әуендеріне ұқсастығын дәлелдеп тұр. Құр сөз болмасын, бұған да куәлік берейік, назарға тағы да сол Ж. Қадырқұлов түсірген нотаны ұсынамыз (Қараңыз: 2-нота).

Айтпағымыз, ғұмырлық сорпа-суын домбырадан сабақ беріп айырған, өзін Қазанғап күйлерінің білгірі санайтын А. Райымбергенов осы айырмашылықтарды ажырата алмағаны ма?!
2. КУӘГЕР СӨЗІНЕ ШҮБӘЛАНҒАН РАЙЫМБЕРГЕНОВТЫҢ ӨЗ «УӘЖІ»
А. Райымбергеновты «өтірік айтты», «бұрмалады» дегенге әлі де қимай оның «Күй төресі Қазанғап» деген кітабына көз жүгірттік, Б. Кенжебаевтың «Шүңкінің «Зар» күйі» деп жеткізген шығарма атауын «Новый штат» қып өзгертуіне, Қазанғапқа жапсыруына нақты дәлелдері бар шығар, бәлкім деп.
«Күй төресі Қазанғап» кітабында былай жазыпты ол: «Қазанғап күйлерінің ішінде оқшау тұрған туындысының бірі – «Новый штат». Бұл күй Қазанғаптың дарынды шәкірттері Келбет Тілеулин мен Биман Кенжебаевтың орындауында жетті... Келбет ақсақал бұл күйдің шығу тарихы жайлы қысқаша баяндап берген болатын: «Ауылдың белсенді байлары болыстыққа сайланбақшы болып, орталыққа келеді. Бірақ сайлау болмай, «Енді новый штат болады» деп билік халықты таратып жіберген екен. Бұл халық пен кедей табына ауыр тиеді. Осы уақиғаға арнап Қазанғап «Новый штат» күйін шығарады (астын сыздық.-Б.К.)» (Қараңыз: Райымбергенов А.Ы. Райымбергенова С.Ш. Күй төресі Қазанғап. / А.Ы. Райымбергенов, С.Ш. Райымбергенова. – Алматы, 2022. 62-бет).
А. Райымбергеновтың «Бұл күй Қазанғаптың дарынды шәкіртері Келбет Тілеулин мен Биман Кенжебаевтың орындауында жетті» деуінде де шындық жоқ.
Біріншіден, Биман Кенжебаев Қазанғаптың шәкірті емес, оны көрмеген! Екіншіден, бұл домбырашы аталған әуенді «Шүңкінің «Зар» күйі» деп жаздыртқан. Көне үнтаспада әйел адам осылай деп хабарлайды орындалар алдына. Ол дауыс жидашы-музыкант А. Серікбаеваның өз үні болар деп шамалаймыз...
А. Райымбергенов және былай дейді: «...1906 жылы жарыққа шыққан «Оренбургский край» газетінің 13 сәуір күнгі мақаласынан оқып білуге болады: «Состоявшееся в четверг 23-го марта заседание Оренбургский ученой архивной комиссии было посвящено делу совершенно новому в летописях этого учреждения, а именно ознакомлению с образцами древней киргизской поэзии народных певцов Казангапа и Кушелека. Оба киргиза приехали из Джиренкупинской волости Уральского уезда той же области... Так, Казангап сыграл песню, называемою «Лебеди» («Акку») ...Песня эта игралось на домбре без всяких слов. Представляет она подражение полету лебедей, и это подражание вышло так удачно и естественно, что действительно у слушателей получилось впечатление, как будто в воздухе слышатся плавные и широкие размахи крыльев. И все это исполнилось на двух единственных струнах киргизской домбры! Понравилась и другая «Песня без слов», так называемый «Ак-желен», исполненное тем же Казангапом и наконец, мотив имеющий интерес современности, – это воспоминание отчасти грустного тона, о ведении нового положения в управлении киргизским краем, – «Новый штат», так называется киргизы этот исторический момент».
Мақалада жазғандай Қазанғап комиссия алдында «Аққу» күйімен бастап, «Ақжелең» күйімен жалғастырып, содан кейін «Новый штат» күйін орындайды (астын сыздық.-Б.К.). ...Карлсонның мақаласында Қазанғап пен Көшелектің репертуарында көптеген жыр-дастандардың болғандығы жазылған. ...Шәкірттерінің айтуы бойынша, Қазанғап «Орақ-Мамай», «Көроғылы», «Қарасай-Қази», «Есет-Бөкенбай», Төре хан», «Телағыс» сынды жырларды жатқа орындаған» (Қараңыз: Райымбергенов А.Ы. Райымбергенова С.Ш. Күй төресі Қазанғап. / А.Ы. Райымбергенов, С.Ш. Райымбергенова. – Алматы, 2022. 94-95 беттер).
Бұл сөзіне дәлел ұсынып, әрі қарай былай деп өз уәжін айтады: «Карлсон В. «Народные певцы киргизы архивной комиссии» мақаласының түпнұсқасында Архивтік комиссия отырысына келген екі әншінің есімдерін Қазақбай мен Көшелек делінген (астын сыздық.-Б.К.). Нұрпейіс Байғаниннің өз аузынан жазып алған дерекке қарағанда 22 жастағы Н. Байғанин мен Қазақбай ақынның айтысы 1882 жылы болған. Ол кезде Нұрпейіс 22 жаста ал Қазақбай 60 жаста екен. (Байғанин Нұрпейіс. Үш томдық шығармалар жинағы. – Алматы, Қазығұрт, 2011, т. 1. 160-171б.) 1906 жылы Қазақбай ақын Архивтік комиссия алдында өнер көрсетуі мүмкін емес, өйткені, ол кезде ақын дүниеден озған болатын» (астын сыздық.-Б.К.), – дейді (Қараңыз: Райымбергенов А.Ы. Райымбергенова С.Ш. Күй төресі Қазанғап. / А.Ы. Райымбергенов, С.Ш. Райымбергенова. – Алматы, 2022. 102-бет).
Қазақбай ақынмен бетпе бет жүздесіп, танысып-біліскен, ол жайында құнды естелік қалдырған В. Карлсонның сөзіне аталған оқиғадан елу бір жыл кейін туған Райымбергенов бір ғасыр өткен соң осылайша шүбә келтіріп, «түзету» енгізіп отыр, Қазақбай емес, «Қазанғап» деп...
Жақсы, енді Торғай облысы Ырғыз уезі Құланды болысына қарасты Ұлы Борсық құмы бойының қазағы, күйші Қазанғап Тілепбергенұлының (1854-1921) 1906 жылы өзінің тұрғылықты жері емес, тіпті қатысы жоқ Орал облысы Орал уезінің Жиренқопа болысынан шақырылып, Орынбор архив комиссиясына барған, бармағанын, онда жырлағанын, жырламағанын, А. Райымбергенов айтып жүрген «Новый штат» атты күйді сонда тартқан, тартпағанын тексеруге көшейік. Шындыққа көз жеткізейік.
3. «АҚҚУ», «АҚЖЕЛЕҢ» АТТЫ КҮЙЛЕРДІ ОРЫНДАҒАН ҚАЗАҚБАЙ!
В. Карлсонның өз естелігіне жазып қалдырған өнерпаздың есімі анығында Қазанғап емес, Қазақбай! Еш талассыз. Жазбаның түпнұсқасында солай екенін Райымбергеновтың өзі де айтып отыр (астын сыздық.-Б.К.). Орынбор архив комиссиясы ұйымдастырған кездесуінде осы Қазақбайдың «Аққу», «Ақжелең» атты күйлерді тартқанын басқа да зерттеушілер растайды.
Педагог-ғалым С. Ұзақбаеваның мәліметі бүй деп куәландырады мұны: «Жыршы-жыраулар эпостық жырларды орындаумен ғана шектелмеген, эпостағы оқиғаларға түсінік берген, шығарманы әнмен орындаған, жырды әңгімелемес бұрын тыңдарманға күй орындап берген, өзінен кейінгі жастарға өзінің өнерін үйреткен. Оны В. Карлсонның «Жыршылар қолдарындағы домбыраларын күйге келтіріп алып, ең алдымен қаумалап отырған тыңдаушыларына арнап өлеңмен сәлем жолдайды, одан кейін олар әндерінің қайдан келгенін, мұнда не жағдаймен жүргенін баяндап береді.
Бұдан кейін үлкен жырды бастамай тұрып алдымен бірнеше күй тартып немесе халық толғау-термелерінен бірнешеуін орындап береді. Мысалы, Қазақпай жырау үлкен жыр бастау алдында «Аққу» деген күй тартып берді. Күйде аққудың ұшуын көз алдыңа елестетуі шабытты да табиғи болып шыққаны сонша, тіпті тыңдаушылар шынымен ауада аққулар ұшып жүргендей сезініп, олардың әсем қанаттарының дыбысын естігендей әсер алады. Осының бәрі қазақтың екі ішекті домбырасымен орындалды. Тыңдаушыларға Қазақпай тартқан «Ақжелең» күйі де қатты ұнады», – деген сөздері дәлелдейді» (Қараңыз: Ұзақбаева С. Батырлық эпостардың адамгершілік-патриоттық тәрбиедегі мәні. // ҚазХҚжӘТУ Хабаршысы «Педагогика ғылымдары» сериясы № 3 (34) 2014. 97-бет).
В. Карлсонның «Оренбургский край» басылымында (1906, № 62, стр. 2.) жарық көрген «Народные певцы-киргизы в архивной комиссии» атты мақаласында «Новый штат» деген күйдің орындалғаны айтылмаған, анық тартылған болса естелікпен жете танысқан зерттеуші С. Ұзақбаева оны да атап өтер еді. Аузына алмаған. Және күйлерді тартқан Қазанғап демейді, Қазақбай дейді. Демек, А. Райымбергеновтікі – бос сөз.
Орынбор архив комиссиясына шақыртумен 1906 жылы барған Қазанғап емес, Қазақбай мен Көшелек есімді жыршылар екенін мына дерек те айғақтай түседі, былай делінген онда: «Қазақбай (1850. Батыс Қазақстан обл. ө. ж. б.) жыршы, айтыс ақыны. Ресей зерттеуші-ғалымы В. Карлсон 1906 жылы 23 наурызда Орал уезі, Жиренқопа болысынан Қазақбай мен Көшелек ақындарды Орынбор архив комиссиясына алдыртып, олардың орындауында күйлер, батырлар жырын тыңдаған (астын сыздық.-Б.К.). Осы жолы «Көрұғылы», «Қобыланды», Төрехан, «Алпамыс», «Құбығұл», «Қыз Жібек», «Бекет», «Ербақы», «Бозжігіт», т.б. жырларды орындаған. Бізге ақынның Н. Байғанинмен сөз сайысының қысқаша нұсқасы ғана жеткен (астын сыздық.-Б.К.). Айтыста Қазақбай кете руынан шыққан байлар мен игі жақсыларды, ал Нұрпейіс шектінің батыр-билерін, өнерпаздарын мадақтаған. «Қобыланды» жырын қарақалпақтар арасына Қазақбай таратқан. Ақын туралы Е. Ысмайылов, О. Нұрмағамбетова, Қ. Сыдиықов еңбектер жазған» (Қараңыз: Қазақ әдебиеті: энциклопедиялық анықтамалық: (А – Я. / ... – Алматы: Аруна, 2005. 291-бет).
Міне, мұнда да батырлар жырын айтып, күйлерді орындаған Көшелек пен Қазақбай делінген.
4. «ҚАЗАҚБАЙ МЕН НҰРПЕЙІСТІҢ АЙТЫСЫ» ӘУЕЛГІ ТҮПНҰСҚА ЕМЕС!
Райымбергеновтың «1906 жылы Қазақбай ақын Архивтік комиссия алдында өнер көрсетуі мүмкін емес, өйткені, ол кезде ақын дүниеден озған болатын» деген пікірінің шындыққа еш шүбәсіз жанасатынын не жанаспайтынын одан әрі қарай саралап, анықтауға көшейік.
Қазақбайдың деректерде аталған Нұрпейіс Байғанинмен айтысқандағы сөз қақтығысуларынан үзінділер берейік.
Қазақбай былай деп бастайды:
– Қанатым талмай қаршыға –
Жайнап дәурен сүргенім.
Шеңгелім қайтпас шын болат
Шын күйіме түскенде,
Қиядан көзім шалғанды
Не болса да ілгенмін.
Жасым жеткен арыстан,
Дүбірден әлі қалыспан.
Екі талай жер болса,
Таптап жерге жанышқам.
Әркімдер әуес сыртымнан
Қазақбай деген дабыстан.
Жүйріктің жайы көрінер
Алқалы дуда шабыстан.
Тауым қайтып көрген жоқ
Жақын менен алыстан... – дей келіп, сөзінің бір тұсында:
– Руымды сұрасаң
Мен Майлыбай Кетемін.
Қашқан жерде құтылып,
Қуғаныма жетермін, – деп шыққан тегін де сөз арасында қыстыра кетеді (Қараңыз: Қазақ өнерінің антологиясы. 25 томдық. Айтыс. Т. II. (Кеңестік кезеңге дейінгі айтыс). Құраст. М. Жолдасбеков, Р. Әлмұханова. – Астана: «Күлтегін» баспасы, 2014 жыл. 280-281 беттер).
Өзіне кезек келгенде Нұрпейіс сөзін бүй деп бастайды:
– Жырыңды байқап қарасам,
Ешбір жоқ сенің ғапылың,
Жаңа өспірім бала деп,
Жетіспеген шала деп
Толмады ма тақымың?
Өзіңді сонша зор айтып
Мұнша неге тасыдың?
Түлектен шыққан шынығып
Балапан бүркіт мен болам,
Құлағыңды сал, сұңқарым.
Тұяғым тастан қайтпайтын,
Жарауым түскен тұлпармын.
Бәйгелі жерге қосқанда
Жер танабын құртармын.
Қазақбай ақын келед деп,
Сәрсенғали, Құлназар,
Ат жіберіп шақырды.
Қанша бала көрсең де,
Толтырармын тақымды...
(Қараңыз: Қазақ өнерінің антологиясы. 25 томдық. Айтыс. Т. II. (Кеңестік кезеңге дейінгі айтыс). Құраст. М. Жолдасбеков, Р. Әлмұханова. – Астана: «Күлтегін» баспасы, 2014 жыл. 281-282 беттер).
Келтірілген әлгіндегі деректердің бірінде Қазақбайдың туған жылы «1850» деп көрсетілген. Ол Орынбор архив комиссиясының қызметкері В. Карлсонмен 1906 жылы жүздескенде елу алты жаста екен.
Нұрпейіспен осы айтыс үстінде Қазақбайдың бүй деп өтетін жерлері бар:
– Жасым жеткен арыстан,
Дүбірден әлі қалыспан...
немесе,
– Домбыраға үн қоссам,
Әнге жырым жарасқан.
Алпысқа жасым келсе де,
Жерім жоқ бұрын адасқан...
Бұл сөздердің дүдәмал ойға қалдыратыны рас. Шынында да ол 1882 жылы Нұрпейіске «Алпысқа жасым келсе де, Жерім жоқ бұрын адасқан» деп отырса, сонда оның туған уақыты – 1822 жыл. В. Карлсонмен кездескен кезінде сексен төрт жаста болар еді. Сондықтан куәгер өз естелігінде оны елу алтыда демеуі керек-тін. Алайда тап осылай екеніне шүбәміз бар. Ашып баяндайық.
Біз айғақ қып отырған «Айтыс» атты топтама жинақтың 2-томында бүй делінген: «Қазақбай мен Нұрпейіс. Бұл айтыс Нұрпейістің 22 жасында, яғни 1882 жылдары өткен. ОҒК қолжазба қорында 120-бумада, айтыстың машинкаға басылған екі нұсқасы сақталған. Айтысты 1941 ж. Нұрпейіс Байғаниннен хатшысы Ахмет Ескендіров жазып алған (астын сыздық.-Б.К.). Алғашқы нұсқаның көлемі – 587 жол, екіншісінің көлемі 2000-ға жуық. Екі нұсқа да кейінгі буын адамдар тарапынан өңделген (астын сыздық.-Б.К.). Сондықтан айтыстың алғашқы нұсқасы ұсынылды. Н. Байғаниннің 1991 ж. шыққан жинағында айтыстың көп жері қысқарып қалған. Толық нұсқасы Алматыдағы мұрағатта сақтаулы.
Антологияға «Нұрпейіс Байғанин. Естеліктер. Таңдамалы шығармалары» атты жинақтан (296 – 306-б.) алынды» (Қараңыз: Қазақ өнерінің антологиясы. 25 томдық. Айтыс. Т. II. (Кеңестік кезеңге дейінгі айтыс). Құраст. М. Жолдасбеков, Р. Әлмұханова. Астана, «Күлтегін» баспасы. – 2014. 376-378 беттер).
Бұл айтыс Н. Байғаниннің өзінің айтуынша, 1882 жылы өткені анық болса, Қазақбай бұл кезде отыз екіде.
Сонымен өз долбарына А. Райымбергенов дәлел қылған «Қазақбай мен Нұрпейістің айтысындағы» «Алпысқа жасым келсе де, Жерім жоқ бұрын адасқан» делінген жолдарды, оған қатысты мәліметтерді жан-жақты саралап қарағанда біраз жайттың басы ашылғандай, одан мынадай тұжырымдар туады:
а) Н. Байғанин негізгі желісін сақтай отырып, алдыңғы жыршылардан естіген «Қобыландыны», «Төреханды», т.б. эпостарды өз шеберлігімен жаңғыртып баяндағаны ғылымда аян болған жайт, қағазға түсірілмеген «1882 жылы өтті» делінетін айтысты да елу тоғыз жылдан кейін халық ақындарының қалыптасқан дәстүр-жолымен сондағы айтылған сөздердің шама-шарқы осылай еді деп эпик ақынның Қазақбаймен өзара жауаптасқан шумақтардың жалпы нобайын қайта жырлап бергені анық аңдалып тұр.
ә) дер кезінде қағазға түзілмей ескіре бастаған бұл айтыстың ұзын-ырғасын елу тоғыз жылдан соң жаңғыртып баяндап берген сәтте ақын ата – сексен бір жаста, кәрілік келіп, санасы салыққан шағы-тын, сол кезде, 1882 жылы отыз екі жастағы Қазақбайдың аузына «Алпысқа жасым келсе де, Жерім жоқ бұрын адасқан» деген сөзді жаңсақтасып салған;
б) кітапқа енгізіп, жариялап отырған ғалымдардың «ОҒК қолжазба қорында 120-бумада, айтыстың машинкаға басылған екі нұсқасы сақталған... Екі нұсқа да кейінгі буын адамдар тарапынан өңделген» деген сөздерін ескерсек, айтыстың кейбір жолдары басқа кісілердің тарапынан олардың өз «уәждері», «қисындары» бойынша өзгертіліп жіберілуі де әбден мүмкін, мұндай жағдайлардың орын алатыны ғылымда анықталған.
в) айтылған жайттарды ескере отырып, эпик ақын Нұрпейістің елу тоғыз жылдан соң қайта жырлауымен 1941 жылы ғана қағазға түсірілген «Қазақбай мен Нұрпейістің айтысын» 1882 жылы өткен айтыстың әуелгі өзгеріссіз түпнұсқасы деп қабылдау – шындықтан алыс.
Қысқасы, А. Райымбергенов «Қазақбай мен Нұрпейіс айтысының» осы тұстарына да көңіл аударып, назарға алуы керек еді, өйтпеген. Үстірт қорытынды жасаған. 1906 жылы Қазақбай өмірде жоқ деп. Бұлай деуге қолында анық дәлелі болмаса да. Қайткенде де Қазақбайды «Қазанғап» қып шығару үшін.
5. АБДУЛХАМИТТЫҢ ҚАЗАҚБАЙДЫ «ҚАЗАНҒАП» ҚЫП ҚҰБЫЛТУЫ
Карлсонның 1906 жылы өз қолымен түзіп кеткен естелігіндегі Қазақбайдың есімін «Қазанғап» қып өзгерткен Райымбергенов сол «түзетілген» мәтінді әрі қарай «айғаққа» тартады, онда былай делінген: «Ал Көшелек пен Қазанғаптың қай елді мекеннен келгендігі жайлы В. Карлсон былай деп көрсеткен: «Что касается личности певцов, то оба они выходцы более южных местности Уральской области, происходят от кочущих киргизов, но уже давно поселились среди оседлых. Старший из них, Казангап, старик 56 лет, на вид еще бодрый, с внушительного головою и плечистою осанкой. Живет он в качестве «кунак» (кунак – гость, пришелец), без всяких средств, не имея при себе ни родство, ни хозяйства, и кормится «чем Бог пошлет», т.е. своим голосом (астын сыздық.-Б.К.). Другой певец Кушелек, лет 32-х, отличается средним ростом и энергичным, выразительным лицом с живыми, открытыми глазами. Он уже лет 20 как живет в одном месте, где и ведет свое хозяйство» (Қараңыз: Райымбергенов А.Ы. Райымбергенова С.Ш. Күй төресі Қазанғап. / А.Ы. Райымбергенов, С.Ш. Райымбергенова. – Алматы, 2022. 102-бет).
А. Райымбергенов бұдан соң Карлсонның осы жазбасындағы есімі «түзетілген» кейіпкердің Қазақбай емес, Қазанғап екенін одан әрі «пысықтап», былайша «дәлелдей» түседі: «Яғни бұл жазбадан Қазанғаптың Қобда, Ойыл бойында ел аралап, серілік құрып жүрген сәтінде Орынборға шақырылғанын айқын көруге болады. Сондай-ақ Қазанғаптың ешқандай туысқан ағайындарының жоқ екендігі және бұл ауылда қонақ болып жүргендігі анық жазылған. Әрине, басқа елдің арасында азғантай кірме Шанышқылы, тек қана өнерінің арқасында елге танымал болып, күн көруі оңай болмағандығы анық. Бұл өнерпаздың Қазанғап екендігінің тағы бір айғағы – 1906 жылы 50 жастан асқандығы. Және соңғы дәлел – Қазанғаптың өзі шығарған «Новый штат» күйін орындауында» (Қараңыз: Райымбергенов А.Ы. Райымбергенова С.Ш. Күй төресі Қазанғап. / А.Ы. Райымбергенов, С.Ш. Райымбергенова. – Алматы, 2022. 102-бет).
1942 жылы А. Жұбанов былай деп жазыпты: «Қазанғаптың әкесі Тілепберген осы айтылған Қабақ деген белді рудың ішіндегі Шанышқылы дейтін аз рудан болатын. Жергілікті байлар мұны «келімсек», «қара қарын» деп кемітетін... Қатарындағы байдың балалары емін-еркін ұйықтап, тамақ ішіп, киімнің тәуірін киіп, айт-той, ойын-сауық болса қалмай, дала өмірінде өздерінше қызық дәурен сүріп жүргендерінде, өзінің мойнын бұруға шамасы келмейтіндігін ойлап, бұл жұмбаққа шешу таба алмай, Қазанғап біраз жүрді» (Қараңыз: Классикалық зерттеулер: Көп томдық. – Алматы, «Әдебиет Әлемі», 2012. Т. 2: Жұбанов А. Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы. 79-80 беттер).
А. Жұбановтың бұлай деуіне мына жағдайлар себеп болған-тұғын: оның өмір сүрген уақыты елді тапқа бөліп, қырық пышақ қып, бір-бірімен қырқыстырған заман-ды. Талайдың қуғын-сүргінге түскен кезі еді. Туған оқымысты ағасы 1938 жылы жазықсыз атылды. Кедей-кепшіктің жарылқаушысы совет өкіметінің талап етіп үйретуінше, о кезде хан жаман, би жаман, бай жаман. Адамдық қасиет, дарындылық жоқшылықтан, жадау тұрмыстан шығады. Қазақтың санасын өзгертуде күн тәртібіндегі дойыр насихаттың бірі осындай болды. Тоқпағы мықты киіз қазық жерге кіретін заманда А. Жұбановтың да қызыл империя саясатынан асып кете алмасы, ыңғайына жығылатыны айдан анық-ты. Бастың амандығы үшін. Еңбектерінде оның тек Қазанғап емес, қазақтың басқа да әнші-күйшілеріне байланысты айтқан жаңағы сарындас сөздері ара-тұра кездесіп отырады...
Қазанғап қазіргі Ақтөбе облысы Шалқар ауданы территориясында орналасқан Ұлы Борсық құмы бойында туған. Осы өңірде өседі. Ел аузындағы әңгімелерде Шекті жұрты оған қызын беріп, алдына азын-аулақ мал салады. Қамқорына алады. Олай болса, А. Жұбановтың саясат ыңғайымен «Ғасырлар пернесі» кітабында (1942) түзген сөзін тірек қылған Райымбергеновтың «...басқа елдің арасында азғантай кірме Шанышқылы, тек қана өнерінің арқасында елге танымал болып, күн көруі оңай болмағандығы анық» деуіне еш дәлел жоқ. Бөстекі сөз!
Сондай-ақ, Карлсонның жазбасындағы «Қазақбайдың туысқаны не жеке шаруашылығы жоқ, өзінің дауысының (әншілігінің) арқасында Құдайдың бұйыртқанын жеп, (кормится «чем Бог пошлет») мейман боп жүреді» деген мәліметті де Райымбергенов: «Қазанғаптың ешқандай туысқан ағайындарының жоқ екендігі және бұл ауылда қонақ болып жүргендігі анық жазылған», – деп бұрмалап, өзінің өтірігіне сәйкестендіріп құбылтады.
Тағы бір айтармыз, Қазанғаптың дүниеге келген мерзімі – 1854 жыл, ол – 1906 жылы 52 (елу екі) жаста. Ал есімі «Қазанғап» боп өзгертіліп отырған Қазақбайды В. Карлсон өз жазбасында 56 (елу алты) жаста еді дейді.
Райымбергенов аталған осы қайшылықтарды біле тұра естеліктегі жыршының Қазақбай емес, «Қазанғап» екенін «дәлелдемекші» болады да: «Бұл өнерпаздың Қазанғап екендігінің тағы бір айғағы – 1906 жылы 50 жастан асқандығы», – деп нақты дерекке сәйкеспейтін төрт жас айырмашылықты анықтап көрсетуден жалтарып, тайқып кетеді.
6. АКАДЕМИК А. ЖҰБАНОВТЫҢ ЖАҢСАҚ ПАЙЫМЫ
1906 жылы наурыз айында таңбаланған мәліметтегі комиссия алдында жыр айтқан Қазақбайды «Қазанғап» деп бұрмалап, әсірелеп, және сонда өзі шығарған «Новый штат» деген күйін тартқан деп жоқты бардай, ақсақты тыңдай етіп отырған Райымбергеновтың ауа жайылған өз өтірігіне тірек қылған жайттың да басын ашып, көрсетіп өтейік.
Академик А. Жұбанов та біз тілге тиек еткен Карлсонның естелігін «Замана бұлбұлдары» атты кеңінен таныс еңбегінде келтірген, енді соны да ықшамдап берейік, былай деген: «1906 жылы марттың 23 күні Орынбор Архив комиссиясының толық мүшесі В. Карлсон өзінің «Қазақ халық әншілері архив комиссиясында»деген мақаасында былай деп жазады: «Марттың 23 інде бейсембі күні орынборлық ғылыми архив комиссиясының мәжілісі бұл мекеменің өмірінде бір жаңа іске бағысталды, атап айтқанда халық әншілері Қазанғап және Көшелектің орындауында қазақтың ескі өлеңдерімен танысу кеші болды. Екі қазақтың екеуі де Орал облысы, Орал уезі, Жиренқопа болысынан келді. ...Жайық өзенінің жағасындағы кітапхана орнаған кішкене, бірақ жәйлі, архив комиссиясының бөлмесінде қазақ мелодияларының тәтті үні шалқыды. ...Қазанғап домбырада «Аққу» күйін тартты. Бұл сөзсіз, домбырада ғана орындалды. Онда аққудың ұшқандағы қанатының сусылдаған дыбысына еліктеу бар және ол еліктеуінің сәтті шыққаны сондай, отырғандардың құлағына шынында да аққудың асықпай қаққан қанатының дыбысы келгендей болды. Осының бәрі екі-ақ шегі бар асбапта орындалды! Қазанғаптың екінші орындаған «Сөзі жоқ ән» – «Ақжелең» де ұнады. Екі әнші де өздерін үйреткен ұстаздарының аттарын атап үлкен хұрметпен атайды» (Қараңыз: Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. (Қазақтың әнші-композиторлары, әнші-орындаушылары туралы әңгіме-очерктер.) Алматы, Қазмемкөркемәдеббас, 1963. 7-8 беттер).
«Оренбургский край» журналынан ғалым алып отырған бұл деректе «Новый штат» деген күйдің орындалғаны айтылмаған. «Аққу», «Ақжелеңмен» қатар тартылса А. Жұбанов оны да атап өтер еді қалдырмай.
Академик келтірген Карлсонның осы естелігінде «күйлерді тартқан Қазанғап» делінген. Бұл әлгіндегі ғалым С. Ұзақбаева берген, «Қазақ әдебиеті: энциклопедиялық анықтамалық» кітабында «Қазақбай» деп таңбаланған мәліметтерге мүлде қайшы.
«Замана бұлбұлдарының» қолжазбасын баспаға дайындап жатқан кезінде Қазақбайдың есімі «Қазанғап» боп қате теріліп кеткен немесе басқа себептер болған шығар деп ойлаған ек. Бірақ А. Жұбановтың «Ән-күй сапары» атты еңбегінде де В. Карлсонның жаңағы мәліметі тағы келтіріліп, мұнда да Қазақбай «Қазанғап» делініп өзгертіліп көрсетіліпті, куәлік берейік, былай дейді: «В. Карлсон 1906 жылы март айында Орынбордағы ғылыми архив комиссиясының мәжілісінде Орал уезі, Жиренқопа болысынан шақырып алынған Қазанғап, Күшелек деген әнші, домбырашылар жөнінде баяндайды. «Қазанғап жабайы екі ішекті домбырада «Аққу» күйін тартқанда отырғандардың құлағына аққудың қанатының сыңсыған дыбысы естілді. Одан кейін ойнаған «Ақжелең», «Қара тартыстар» үлкен әсер қалдырды» – деген болатын» (Қараңыз: Жұбанов А. Ән-күй сапары. Алматы, Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, 1976. 239-240 беттер).
Көріп отырмыз, қазақшаға аударылған бұл естеліктегі сөйлемдердің тұрпаты «Замана бұлбұлдары» кітабындағыдан бөлек, өзгеше құрылған. Демек, А. Жұбанов мұны қағаз бетіне басқа уақытта қайта аударып түсірген. Сол кезде мәтінге Қазақбайдың есімі бұрмаланбай түзілуі керек-тін. Бірақ мұнда да «Қазанғап» делініп таңбаланған. Олай болса, бұл – терілім кезінде кеткен қате емес.
Біздіңше, өзгерту – Карлсонның «Қазақбай «Ақжелең» күйін орындады» деген дерегіне байланысты орын алған жағдай (астын сыздық.-Б.К.). Шамасы А. Жұбановта «Карлсон Қазанғапты Қазақбай деп қателесіп кеткен» деген ой туған. «Ақжелең» аталатын бірнеше циклді күй шығарған Қазанғаптың шығармашылығымен жақсы таныс болғандықтан ол осы себептен жаңсақ пайым жасап, Қазақбайдың есімін өз жазбасында «Қазанғап» қылып «түзетіп» жібергені аңғарылады. Басқалай жөні жоқ оның бұлай етуіне.
А. Жұбанов «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» (1942) аталатын монографиясында Құрманғазының «Ұзақ Ақжелеңіне» де, Дәулеткерейдің «Қыз Ақжелеңіне» де, Мәменнің «Кербез Ақжелеңіне» де тоқталған. Бірақ сөйтсе де басқа өңірлерде өзі айтқан осы «Ақжелең» аттас шығармалар барын қадірлі ақсақалымыз атақты «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары» деген еңбектерін кейін, 60-жылдары қайта толықтырып жазу сәтінде ескермей қалған сықылды.
Еске сала кетейік, тек А. Жұбанов емес, Ш. Уәлиханов, Ш. Құдайбердіұлы, Х. Досмұхамбетов, М. Тынышпаев, Ә. Марғұлан, Ә. Кекілбаев, М. Мағауин сынды тағы басқа да белгілі тұлғалардың қисынсыз тұжырым, жаңсақ пайым жасаған жерлері бар. Халық арасына жайылған атақ-даңқынан, беделінен именіп, немесе жүздік, руластық тұрғыдан қорғаштап түзетпеудің салдарынан кейбірінің қателіктері дәйексіз әңгімелерге тірек боп, одан әрі әсіреленіп кеткен. Бұлардың қайсыбірін талдап, ашып көрсеткенбіз-ді. Адаса бермеу үшін. Бұдан олардың абыройы кеміп, зиян шегіп қалған ештеңесі жоқ...
Академик А. Жұбановтың жаңағы жаңсақтасқан тұстарын кейінгілер іліп әкетіп, одан әрі сан құбылтқан. Мұның нақты бір дәлелі – А. Райымбергеновтың да «айғақ» етіп, болмағанды болды қылуы.
7. КАРЛСОН ЕСТЕЛІГІНІҢ КЕЙІПКЕРІ – ҚАЗАҚБАЙ ТҮГЕЛБАЙҰЛЫ!
Қазанғап пен Қазақбайға қатысты сөзімізді түйіндеп, қорытындысына көшейік. Профессор В. Сидельников «Библиографический указатель по казахскому устному творчеству» аталатын еңбегінде былай дейді: «Карлсон В. Народные певцы-киргизы в архивной комиссии. «ОР. К», 1906, № 62, стр. 2.
О выступлении народных певцов в архивной комиссии Казакпая и Кушелека (астын сыздық.-Б.К.) (из Джиренкутинской волости Уральского уезда. Об импровизационном выступлении этих певцов. Об исполнении Казакпая песен: «Ак-ку» («Лебеди»), «Ак-желенг» («Песня без слов») и др. Приведен песенный репертуар певцов: «Орак-Мамай», «Нарек», «Кор-огуло», «Карасай-Казы», «Кобланды», «Алпамыс», «Карабек», «Мянашэ», «Алекэ», «Кубугул», «Камбар», «Ер-Бакы», «Торэ-хан», «Елеусин», «Кленг и Боребай», «Кыз-Жибек», «Есет-Букен-бай», «Телеагыс», «Бозжигит» (Қараңыз: Сидельников В.М. Библиографический указатель по казахскому устному творчеству. Выпуск первый. 1771-1916 гг. – Алма-Ата, Издательства АН КазССР, 1951. Стр. 86).
Ескерту: «из Джиренкутинской» деген сөзде терілім кезінде болар, «п» әрпі «т» әрпіне ауыстырылып кеткен.
В. Сидельников осы еңбегінде және бір ақпарды былай деп түзген: «Русско-киргизский концерт известных певцов-импровизаторов Казакпая Тугульбаева (астын сыздық.-Б.К.) и Ашу Каратаева, а также любителей. Вступительное слово о киргизской поэзии Т. И. Сидельникова. «Ор. К.», 1906, № 69.
Объявление о выступлении народных певцов в Оренбурге с исполнением казахского эпоса» (Қараңыз: Сидельников В.М. Библиографический указатель по казахскому устному творчеству. Выпуск первый. 1771-1916 гг. – Алма-Ата, Издательства АН КазССР, 1951. Стр. 86-87).
Бұл мәліметте «Аққу», «Ақжелең» атты күйлерді тартқан әнші һәм ақын, руы Майлыбай-Кете Қазақбайдың әкесінің есімі – Түгелбай екені де ап-анық жазылған.
Райымбергенов енді мұны да өзгертер ме екен байбалам салып, «Түгелбай емес, Тілепберген еді, қайта-қайта қате жіберіпті» деп?!
Сондай-ақ, Қазақбай айтқан эпостарды Қазанғапқа теліп: «...Шәкірттерінің айтуы бойынша, Қазанғап «Орақ-Мамай», «Көроғылы», «Қарасай-Қази», «Есет-Бөкенбай», Төре хан», «Телағыс» сынды жырларды жатқа орындаған», – дегені де өтірікке шығып тұр.
Мінекей, баршамыз тікелей куә болдық, В. Карлсонның «Оренбургский край» басылымында (1906, № 62, стр. 2.) жарық көрген «Народные певцы-киргизы в архивной комиссии» атты мақаласында «Новый штат» деген күйдің орындалғаны баяндалмаған, ол анық тартылған болса бұл еңбектің түпнұсқасымен жақсы таныс В. Сидельников оны да «Аққу», «Ақжелеңмен» қатар атап өтер еді. Тіс жармаған. Олай болса, А. Райымбергеновтікі – көрер көзге бұрмалау, бейәдеп әрекет, тарихқа қиянат! Бұл – кейінгілерге өнеге көрсетеді деген ақсақал басына жараспайтын өрескел қылық!
8. В.М. СИДЕЛЬНИКОВ ЖАЙЛЫ БІРЕР ЛЕБІЗ
Райымбергенов, оның тілеулестері «бұл кім еді?», «орыс не біледі?» деп жүрмесін, таныстыра кетейік. Еңбегін біз куәлікке тартып отырған Виктор Михайлович Сидельников (8.11.1906 ж.т., Пенза. – 26.01. 1982 ж.қ.б.) – орыс совет фольклорисі, әдебиет зерттеушісі, қазақ ертегілерін құрастырып бастырушы. Филология ғылымдарының докторы (1950).
Тверь (қазіргі Калинин) педагогикалық институтын бітірген (1930). Жұмысшы-шаруа мектебінде мұғалім (1931-1933), Мемлекеттік әдебиет музейінде (Мәскеу) бөлім меңгерушісі (1934-1940), Орта Азия мемлекеттік университетінде (Ташкент) доцент (1941-1947), Қазақ ССР ҒА Тіл-әдебиет институтында аға ғылыми қызметкер (1948-1950), Горький атындағы әдебиет институтында профессор (1951-1960). 1960 жылдан П. Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінде кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Алғашқы өлеңдері, очерктері 1925 жылы жарияланады. 1935 жылдан бастап ғылыми жұмыстармен айналысқан. Қазақ ертегілерінің үш томдығын орыс тілінде баспадан кітап қып бастырып шығарған (1958-1964). 1771-1966 жылдар аралығында жарық көрген қазақ фольклорының библиографиялық көрсеткішін жасаған. Қазақ әдебиеті мен фольклорының тарихы туралы құнды мақалалар жариялаған (Қараңыз: Қазақ Совет энциклопедиясы, Алматы, 1976 жыл, 10-том, 148-бет).
9. «НОВЫЙ ШТАТ» ДЕГЕН «КҮЙ» КЕЗДЕСУДЕ АНЫҚ ТАРТЫЛМАҒАН!
Ғалымдар С. Ұзақбаеваның, А. Жұбановтың, В. Сидельниковтің өз еңбектерінде В. Карлсонның «Народные певцы-киргизы в архивной комиссии» атты естелігін келтіргенін көрсетіп өттік. Бірақ онда олар осы жазбадағы оқиғаны сөз еткенде комиссия алдына «Аққу», «Ақжелең» күйлерінің тартылғанын айтқан да, ал «Новый штат» деген әуеннің орындалғаны жайында ләм-мим деп жақтарын ашпаған. Бұған баршамыз куә болдық. Райымбергеновтың да, оның жақтас дос-құрбыларының да көңілдерінде әлі де күдік қалмасын, көздері толық жеткізсін деп пікірімізге арқау қылған мәтінді назарға қайыра ұсынып, жолма-жол аударып, мағынасын салыстырып, пысықтап шықпақпыз енді.
ЕСТЕЛІКТІҢ ТҮПНҰСҚАСЫНДА: «...Так, Казангап сыграл песню, называемою «Лебеди» («Акку») ...Песня эта игралось на домбре без всяких слов. Представляет она подражение полету лебедей, и это подражание вышло так удачно и естественно, что действительно у слушателей получилось впечатление, как будто в воздухе слышатся плавные и широкие размахи крыльев».
АУДАРМАСЫ: «Қазанғап «Аққу» деген әнді шертті. ...Бұл домбырада сөзсіз орындалды. Аққудың ұшуына еліктейді, мұның сәтті де табиғи шыққаны сондай, тыңдаушылар оның қанатын ауада кең, бірқалыпты серпігенін естігендей әсерленді».
ЕСТЕЛІКТІҢ ТҮПНҰСҚАСЫНДА: «И все это исполнилось на двух единственных струнах киргизской домбры! Понравилась и другая «Песня без слов», так называемый «Ак-желен», исполненное тем же Казангапом и наконец, мотив имеющий интерес современности, – это воспоминание отчасти грустного тона, о ведении нового положения в управлении киргизским краем, – «Новый штат», так называют киргизы этот исторический момент...».
АУДАРМАСЫ: «Ал мұның бәрі қазақтың екі шекті домбырасында орындалды. «Сөзсіз әні», сондай-ақ, «Ақжелең» аталатыны ұнады, Қазанғап соңында орындаған әуен («Ақжелеңді» айтып отыр.-Б.К.) қазіргі заманның қызығушылығына ие, бұл – қазақ өлкесін басқаруға енгізілген жаңа жағдай туралы ішінара мұңлы үн реңктегі естелік. Осы тарихи кезді қазақтар «Жаңа ереже» («Новый штат») деп атайды».
Міне, мұнда «Новый штат» – күйдің атауы деп көрсетілмеген. Сөйлемде ондай әуеннің орындалғаны мүлде айтылмаған. Ол жайлы дерек мәтінде жоқ. Сағаттап үңіліп қараса да.
Ал Райымбергенов осыны көрер көзге: «...Қазанғап комиссия алдында «Аққу» күйімен бастап, «Ақжелең» күйімен жалғастырып, содан кейін «Новый штат» күйін орындайды», – деп өрескел бұрмалап, Карлсонның естелігіне түк қатысы жоқ Шүңкінің «Зар» күйін «куәлік» етіп жүр (Қараңыз: Райымбергенов А.Ы. Райымбергенова С.Ш. Күй төресі Қазанғап. / А.Ы. Райымбергенов, С.Ш. Райымбергенова. – Алматы, 2022. 94-95 беттер).
10. КӨШЕЛЕКТІҢ РУЫ – КЕТЕ ЕМЕС!
В. Карлсонның алдында Қазақбаймен бірге жыр айтқан Көшелекке де қатысты А. Райымбергеновтың дәйексіз тағы бір дерегіне тоқтала кетпесе болмайды осы тұста, ол: «Орал уезінің Жиренқопа болыстығы қазіргі Ақтөбе облысының Қобда ауданы Жиренқопа ауылдық округі болып саналады. Бұрын-соңды көпшілікке мәлім болмаған Көшелек – осы өңірде өмір сүріп, Ойыл мен Хобда ауданына атағы шыққан Кете руының әншісі», – депті (Қараңыз: Райымбергенов А.Ы. Райымбергенова С.Ш. Күй төресі Қазанғап. / А.Ы. Райымбергенов, С.Ш. Райымбергенова. – Алматы, 2022. 96-бет).
«Бабалар сөзі» топтамасында ақын һәм жыршы Көшелекке қатысты мынадай дерек бар, онда ғалым Қ. Алпысбаева: «Көшелек Еламанов нұсқасы. «Қобыланды батыр жырының» аталған варианты бұрын еш жерде жарияланбаған. Жырдың қолжазбасы Орынбор қаласындағы облыстық архивінде, Игнатьевтің қолжазбалары арасында сақталған.
Эпостың мәтінін 1955 жылы Тіл және әдебиет институтының сол кездегі аспиранты З. Жантекеева тауып әкелген. Түпнұсқасы Орынбор облыстық архивінде сақтаулы. Жырдың көшірмесі М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорына өткізілген.
Қолжазбаның аяғында жырды 1906 жылы Көшелектен Т. Жүрсінова жазып алды деген мәлімет бар. Шығарма ақ қағазға кирилл әрпінде машинкаға басылған. ...К. Еламанов жырлауындағы «Қобыланды батыр» жыры басқа нұсқалардағы тұрақты эпизодтарды қайталау емес, халық аузында айтылып жүрген аңыз-әңгімелерді арқау етіп, өзінше жырлаған дербес вариант деп санау керек», – деп таңбалаған (Қараңыз: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2006. Т. 35: Батырлар жыры. – 2006. 362-364 беттер).
Көшелек Еламанұлы 1874 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы территориясында дүниеге келіп, 1951 жылы қайтыс болған. Сонау заманда Қобда мен Шыңғырлау өңірлеріне есімі жайылған жыршы Жалмағамбет Сағынайұлының қасына еріп, одан ән-күй, жыр-дастан үйренеді. Бұл кісі шамамен 1830-1910 жылдар аралығында ғұмыр кешкен делінеді.
Көшелектің кейбір өлеңдері ауыздан-ауызға көшіп, сақталған. Олар беріректе аудандық, облыстық газеттерде жарияланған.
Көшелектің өз кіндігінен – Түменғали, Орынбасар, Ораз, Қожабай есімді балалар тараған. Бұлардың үшеуі 1941-1945 жылдардағы соғыстан оралмаған. Ұрпақ өрбіткені Қожабай (1926-2000) екен. Одан – он бала. Бәрі де өскен-өнген. Осы мәліметтерді бізге берген солардың үлкені – Боранбай деген ұлы-тын. Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Алмаз ауылдық округінде тұрмыс кешіп жатыр.
Қожабайұлы Боранбай (1958) таратып берген ата тек шежіресі былай: Көшелектің руы – он екі ата Байұлы. Оның ішінде Ысықтың Айбасы. Жанболды тармағы. Арғы бабалары Қожаберген, ол – батыр әрі жыршы-ақын болыпты. Қожабергеннен – Бекқали, Бекқалидан – Нұрмағамбет, Нұрмағамбеттен – Өрісбай, Өрісбайдан – Еламан, Еламаннан – Көшелек. Шын есімі – Көшмұхамбет дейді.
1906 жылы арнайы шақыртумен Орынборға барып, отыз екі жасында жыр айтқан, В. Карлсонның «Оренбургский край» басылымының 62-санында жарияланған «Народные певцы-киргизы в архивной комиссии» деген естелігіндегі есімі Қазақбаймен қатар аталатын кейіпкердің бірі – Көшелек Еламанұлы туралы қысқаша нақты дерек міне, осындай.
А. Райымбергенов анық-қанығына әуелі толық көз жеткізіп алмай «Көшелек – Кете руынан шыққан әнші» деп өз долбарымен айта салған. Кім біліп жатыр деп. Шындығы көрсетілмесе мұны да кейін біреулердің іліп әкететіні – айдан анық. Абдулхамит айтты деп. Әрі қарай бұрмалау осыдан басталады. Соның алдын алу үшін еді бұған да арнайы тоқталып, баяндап отырғанымыз. Уақытымызды кетіріп.
11. СӨЗ СОҢЫ
А. Райымбергеновте алты аласымыз, бес бересіміз жоқ. Сынымыз оның бейәдеп әрекеттеріне байланысты айтылып отыр. Бұрында да бұрмалаушылықтарына, таратып жүрген жалған деректеріне қатысты дәлелді айғақтарымызды ұсынғанбыз (Қараңыз: Кәртен Б. «Қоңыратта өтті» делінетін «күй сайысы»: жалғаны мен шындығы. // Madeniet portaly. 29.03. 2023 жыл). Бірақ ақиқатты мойындамай қарсы дау айтты. Сын мақаламыздағы кей сөздерімізді бұрмалап, өзінің әдепсіздігін көрсетті. Бұған екі мақаланы салыстырып қараса оп-оңай көз жеткізуге болады (Қараңыз: Абдулхамит Райымбергенов. Бөрібай Кәртеннің мақаласы хақында. Madeniet portaly. 11.04. 2023 жыл). Бірақ нақты бұлтартпас дәлелдерін келтіре алмады.
Бұл жолы да сөйтуі бек мүмкін. Дәйексіз деректерін қайта көлбеңдетіп, «айғаққа» тартып. Бірақ одан пайда жоқ. Отыз тістен шығып, отыз рулы елге тарап кеткен бұл ащы шындықты қайткенде де жоққа шығарамын, жалған сөзіме елді қайта ұйытып, сендіремін деп қоймастан өжектеу – жәй далбасалық.
А. Райымбергеновтың іші күмәнді мәлімет пен бұрмалаушылыққа толы «Күй төресі Қазанғап» (2022) аталатын кітабына енген «Новый штат» деген «күйге» қатысты «деректерге» ғана тоқталып, пікірімізді осы тұстан қайыруды жөн көрдік, басқа да қайшылықтары, дәйексіз ақпарлары кезегі келгенде соңыратын айтыла жатар.
Сонымен сөзімізді жинақтап, түйіндеуге көшейік енді.
А. Райымбергенов академик А. Жұбановтан бастау алған жаңсақ пайымды «негіз» етіп, оны одан әрі құбылтып, домбырашы Биман Кенжебаев жеткізген Шүңкінің «Зар» деп аталатын күйінің атауын «Новый штат» қып өзгерткен. Ол өзінің ойдан құрап: «Қазақстанға Кеңес үкіметі орнағаннан кейін де саяси себептерге байланысты бұл күйді көптеген күйшілер орындауға қорқып, орындағанның өзінде «Зар күйі» деп тартқан», – деп жарияға жар салып таратқан «дәлелін» айғақ етіп, аталған шығарманы Қазанғапқа жапсырған. Ешкім білмейді, аңғармайды деп ойласа керек. Өзінен басқаны мүлде қараңғы санап. Мақсаты – сол баяғы «бірегей» «қазанғаптанушы» екенін «дәлелдей түсу». Ананың, мынаның құрап-сырап тартқандарын жазып алып, соларын кейін күйшінің мәнеріне, стильдік ерекшеліктеріне келетінін не келмейтінін ғылыми тұрғыдан жан-жақты сараптамай-ақ, тексермей-ақ, «Қазанғаптың ел ішінен табылған белгісіз күйлері» деп жариялайтын әдетімен. Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа болмағасын. Міне, сол дағдысымен Шүңкі күйшіге де, тарихқа да ауыр қиянат жасап отыр! Мұны жан-жақты талдап, ақ-қарасына жеттік, баршасы куә болды.
«Қазанғаптануда» «жаңалық» ашуға ылғи жаны құмар Райымбергенов бұрмалаған бейәдеп өтірігіне көкірек көзі ояу, құлағы түрік жұрт сене қояды деді ме екен, өзін басқалардан озық санайтын ақсақал осы жағын неге ойламаған?!
Бөрібай КӘРТЕН, Ақтөбе қаласы.