Актер Аян Өтепберген әке атанды, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ. Танымал актер Аян Өтепберген әлеум...
«Үйімді сатып, 100 миллион қарызға баттым»: Айгүл Иманбаева өміріндегі ауыр кезеңді жасырмады
ашық дереккөз
Қазақстандық танымал әнші Айгүл Иманбаева өміріндегі ең қиын кезеңдердің бірі туралы ашық айтты. Өнер иесінің сөзінше, ол баспанасын сатып, миллиондаған теңге қарызға батқан. Әнші басындағы қиындықтарды өзіне жасалған сиқырмен байланыстыратынын да жасырмады, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Айгүл Иманбаева соңғы бір жыл бойы күрделі жағдайды бастан өткеріп жүргенін жеткізді. Оның айтуынша, қаржылық қиындықтар салдарынан бар жиған-тергенінен айырылып қала жаздаған. Тіпті ел алдында абыройлы болып жүргеніне қарамастан, тығырыққа тірелгенін мойындады.
«Үйді де саттым, 100 миллион теңгелеп қарызға да баттым. Тентіреп кете жаздадым. Осылай абыроймен жүрген күннің өзінде тығырыққа бір-ақ тірелдім. Бір жыл болды алысып келе жатқаныма, әлі де алысып жатырмын. Бірақ былтырғыдай емес, шүкір», – деді әнші.
Өнер иесі осы кезеңде айналасынан түрлі күмәнді заттар табылғанын айтып, мұның бәрін өзіне жасалған сиқырмен байланыстыратынын жеткізді. Бұрын мұндай құбылыстарға мүлде сенбегенін де жасырмады.
Әншінің сөзінше, қуыршақ, сурет, жіп, қан мен топырақ секілді заттардың табылуы оның бұрынғы көзқарасын өзгерткен.
«Не таппадық? Қуыршақ та, сурет те, жіп те, қан, топырақ – бәрі табылды. Бұрын мұндайға қарқылдап күлетін едім. XXI ғасырда ондай нәрсе жоқ деп ойлайтынмын. Көздерің ашық па, қай ғасырда өмір сүріп жатырсыңдар деп айтатындардың қатарында едім. Асқақ, артық сөйлеген екенмін», – деді Айгүл Иманбаева.
Сондай-ақ әнші өзіне айтылған сиқырдың «бес кезеңі» туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, бұл түсінік бойынша адам алдымен ештеңеге зауқы соқпай, кейін қаржылық қиындықтарға тап болады. Одан соң отбасындағы жанжал көбейіп, денсаулығы мен психологиялық жағдайына қатысты мәселелер туындауы мүмкін деген сенім бар.
Дегенмен мұндай «бес кезеңнің» бар екені ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген.
Айгүл Иманбаева басынан өткен жағдайға қарамастан, ешкімге өкпе-реніш сақтамайтынын айтты. Тіпті өзіне қастық жасады деп есептейтін адамды кешіргенін жеткізді.
«Ең бастысы, өз бойыңды, ойыңды таза ұстап, жақсы ниетте болу. Мұны жасаған адаммен алыспаңыз. Жаратқан сізді жақсы көргендіктен осындай сынақ жібереді. Мен мұны осылай қабылдадым. Еш ренішім жоқ, оны істеген адамды кешірдім, жібердім. Бірақ мұны кім жасағанын білемін», – деді әнші.
Өнер иесі өзін осындай жағдайға душар етті деп санайтын адамның кім екенін жарияламады. Алайда болған оқиғалардан кейін өмірге деген көзқарасы өзгергенін аңғартты.