Әбіш КекілбайұлыОның күйлерін балқып тыңдамау еш мүмкін емес.Ол туралы шалқып сөйлемеу еш мүмкін еме...
Ақселеу СЕЙДIМБЕК: Қазақ Ресейдiң ақпараттық экспансиясына шырмалып қалды
Көрнектi қайраткер, ұлтын сүйіп өткен тұлға Ақселеу Сейдiмбек ағамызбен көзі тірісінде (2009 жылы) болған соңғы сұхбатын қайта ұсынып отырмыз. Әңгiменің басты тақырыбы Қазақстандағы ақпараттық кеңiстiк және ұлт тағдырына қатысты өрбіген десе де болғандай.
Құрметтi Ақа, бұл жолғы сұхбат белгiлi бiр тақырып бойынша өрбiсе деп едiм. Осы орайда, сiз қандай тақырып төңiрегiнде ой бөлiскендi қалар едiңiз?
– Дұрыс екен. Әрине, мұндайда көптiң көңiлiн алаң еткен, жұртшылықты бейтарап қалдырмайтын тақырыптың тiлге тиек болғаны жөн ғой. Бұл ретте, мен Қазақстандағы ақпараттық кеңiстiк туралы, әсiресе бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ), оның iшiнде теледидардың ел өмiрiндегi алар орыны туралы ой бөлiскендi қалар едiм.
– Бұл қалауыңыздың себебiн айтсаңыз?
– Қазақ халқы халық болып тарих сахнасына шыққалы зорлық пен қорлықтың, соғыс пен сойқанның, алдау мен арбаудың, аштық пен апаттың, геноцид пен репрессияның ұлтты жоюға бағытталған небiр сұмдықтарын көрiп баққаны белгiлi. Соның бәрiне де қазақ халқы төтеп берiп, өзiнiң ұлттық бет-бейнесiн – тiлiн, дiлiн, дiнiн, салт-дәстүрiн, рухани мәдениетiн, моральдық-этикалық нормаларын сақтай алған халық едi. Және бұл құндылықтар өзiнiң бiртұтас монолиттi қалпымен қазақ ұлтын ұйыстыруға, ұлттық болмыстың бiрбүтiн болуына қызмет ететiн, сөйтiп әлеуметтiк қатынастардың барлық деңгейлерi мен барлық типтерiне бiрдей тегеурiндi ықпалы болатын. Түптеп келгенде, қазақ халқын тарихтың қылкөпiрiнен аман алып шыққан осы құндылықтар едi.
Сөйткен қазақ халқы қазiр соғыс, ашаршылық, репрессия сияқты сойқандарды көрмей-ақ, ақпараттық экспансияның құрбаны болып, ұлттық төлтумалығынан айырылып, ұлт ретiнде сөнiп бара жатқанын көз көрiп, көңiл тiксiнiп отыр. Қазiр, тура мағынасында, Қазақстанда ақпараттық соғыс жүрiп жатыр және осылай кете берсе бұл соғыс барысында қазақ ұлтының жеңiлетiн түрi бар. Дәлiрек айтқанда, қазақ ұлты өзiнiң ұлттық болмысын жоғалтып, төлтума құндылықтарынан жұрдай болып, ендi бiрер ұрпақ алмасқанда геосаяси тобырға айналып шыға келетiнi айқын байқалып отыр. Мұндай үрдiс ең алдымен БАҚ арқылы жүзеге асуда.
– «Ақпараттық соғыс» деген сөз орамын ойыңызды әсерлi ете түсу үшiн қолданып отырған жоқсыз ба?
– Жоқ, шырағым, бұл мен ойлап тапқан сөз емес. Бұл – қазiргi кезде халықаралық аядағы нақтылы өмiрлiк ахуалды айғақтайтын ұғым-атау. Өйткенi, дүниежүзi бойынша ақпараттық соғыстың жүрiп жатқанына бiраз болды. «Ақпараттық соғыс» терминi ХХ ғасырдың екiншi жартысынан бастап Америкада қолданыла бастады. Әрине, АҚШ мұндай терминдi ақпараттық соғыстан зардап шеккен ел болған соң ойлап тапқан жоқ, керiсiнше, әлемдiк өктемдiкке қол жеткiзу үшiн ақпараттық соғысқа ең алдымен көңiл бөлген ел болды.
Осы орайда, АҚШ ОББ-сының (ЦРУ) жетекшiсi, Стратегиялық операция Басқармасының бастығы болған Ален Даллестiң тұжырымдамасын (концепциясын) келтiре кетуге болады. Онда: «…бiз қолда бардың барлығын, бүкiл алтынымызды, барша материалдық дәулетiмiз бен ресурстарымызды адамдардың есалаң, ақымақ болуы үшiн сарып етемiз… Адамның миы, пенде атаулының санасы құбылмалы. Бiз олардың санасын сансыратып, елеусiз ғана жалған құндылықтардың ұрығын себемiз, сонсоң сол жалған құндылықтарға сенуге мәжбүр етемiз… Бiз суреткерлер деп аталатындарды жан-жақты қолдап-қолпаштаймыз, олар зинақорлықты (секс) пiр тұту, зорлық-зомбылық (садизм), сатқындық сияқты қай-қайдағы азғындықты адам санасына сықап сiңiретiн болады. Мемлекет басқару iсiн бiз былық-шылыққа ұластырамыз… Адалдық пен парасаттылық келемеж етiлiп, ешкiмге қажетi жоқ ескiлiктiң қалдығына айналады. Арсыздық пен бетбақтық, өтiрiк пен алдап-арбау, маскүнемдiк, есiрткiқұмарлық, адамдардың бiр-бiрiне хайуандық үреймен қараушылығы және көргенсiздiк, опасыздық, сондай-ақ ұлттардың бiр-бiрiне деген өшпендiлiгi – мiне, осының бәрiн бiз iлкiмдi де елеусiз түрде орнықтыратын боламыз!» – делiнген.
Бұл сияқты бағдарламалық доктрина қазiр АҚШ-тағы сыртқы саясаттың құрамдас бөлiгiне айналған. Вашингтонда 1996 жылы ақпараттық соғыс бойынша Ү ғылыми конференция өттi. Конференциядағы баяндамалар басылған кiтаптың көлемi мың беттен астам. Ал, ондағы ой-тұжырымдардың өзегiнде ақпараттық қарудың экономикалық жағынан мейлiнше тиiмдi және экологиялық таза екенi әспеттелген. Бұхар жыраудың «Бауыздамай iшер қаныңды, өлтiрмей алар жаныңды» дегенiндей, конференцияда ақпараттық соғыстың ең жаңа және ең «гуманный» соғыс екенi жан-жақты мадақталған.
– Сөзiңiздi бөлейiн, сонау Америкада бастау алған ақпараттық соғыс тiкелей Қазақстанға бағытталып отыр немесе Қазақстан содан зардап шегiп отыр деудiң қаншалықты қисыны бар?
– Дұрыс айтасыз, АҚШ-тың ақпараттық соғыс саясаты Қазақстанға тiкелей бағытталып отыр деп айту әзiрше ертерек. Бұл жерде, мәселе АҚШ-тың ақпараттық соғыс саясаты мен әдiстемесiн (методикасын) Ресейдiң ұрымтал пайдаланып, оны Қазақстанға қатысты жытқырлықпен қолдануында болып отыр. Мұны тура мағынасында да, бейнелi мағынасында да «постимпериялық» әдiс деуге де болады.
Ресейде ақпараттық соғысқа көңiл бөлу және оны өз мүддесiне ұрымтал пайдалану әрекетi Кеңестер одағы ыдыраған соң-ақ iле-шала қолға алынды. Мәселен, «Мемлекеттiк құпия туралы», «Ақпарат, ақпараттандыру және ақпаратты қорғау туралы», «Халықаралық ақпараттық алмасулар туралы» және басқа да осы тектес федералдық заңдар қабылдап үлгердi. Бұл заңдардың қай-қайсысы да БАҚ-қа мемлекеттiк қауiпсiздiктiң кепiлi ретiнде және Ресей мүддесiнiң пәрмендi құралы ретiнде қараған. Осы заңдарды қаперге ала отырып С.П.Расторгуев: «Ақпараттық соғыс дегенiмiз – жауыңа өз үстiндегi сауытын өзiнiң қалай шешiп тастауын мақсатты түрде үйрету» деп атап өтеді.
– Ресейдiң Қазақстанға қатысты ақпараттық соғыс саясатын жытқырлықпен қолдануына қатысты қандай айғақ-дәлелiңiз бар?
– Айғақ-дәлел өте көп. Мысалы, Қазақстан аумағына тарайтын 4 115 газет-журнал мен 237 телерадионың 90 пайызы орыс тiлiнде, 6 пайызы өзге шетел тiлiнде, қалған 4-ақ пайызы қазақ тiлiнде. Қазақстанда шығатын газет-журналдың жалпы саны 2 320 шамасында. Бұл басылымдардың 453-i ғана мемлекеттiк тiлде. Сол 453 басылымның тиражы Қазақстанда шығатын жалпы газет-журналдар тиражының 4-5 пайызын ғана құрайды. Ал, Қазақстан азаматтарының 60 пайыздан астамы қазақтар екенi белгiлi. (Бұл осыдан екі жыл бұрынғы деректер, қазір де осы шамадан тым өзгеріп кете қойған жоқ. Редакция)
Ендi, мына дерекке қараңыз. Қазақстанға Ресей Федерациясының 5 248 газет-журналы тарайды екен. Сол газет-журналдардың 2 728-i ғана Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлiгiнде тiркелген. Ең сұмдығы ресейлiк басылымдардың басым көпшiлiгi Қазақстанда басылып, Қазақстандағы қаптаған акционерлiк қоғамдар мен жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктер арқылы тарайды. Оданда өткен сорақылығы, Ресейдiң «Известия», «Труд», «Комсомольская правда», «Московские новости», «Новая газета», «АиФ» сияқты басылымдары қазақстандық қосымша шығарып, сол арқылы қазақстандықтардың ой-санасына орысшылдықтың ұрығын сеуiп жатқанын қайтерсiз.
Ал, телешабуылдың зиян-зардабын айтып тауысу мүмкiн емес. Қазiргi қаптаған кәбiлдi (кабельдi) телеарналарды былай қойғанда, «Еуразия», «Русское радио», «Еуропа плюс» (атауларынан-ақ пығыл-ниеттерiн байқап отырған боларсыз) сияқты қуатты телерадио арналар тiкелей де, қазақстандық арналар арқылы да елiмiздiң ақпарат кеңiстiгiне өктемдiгiн жүргiзiп, Ресейдiң империялық саясатымен жұртшылықтың санасын шырмап алған. «31-арна» акциясының 20 пайызы СТС Медияның қолына тигелi бұл арна негiзiнен Ресейдiң сойылын соғып шыға келдi. Қазiр Қазақстанда теледидар жүйесi негiзiнен «АлмаТВ», «Секател», «Универсальный», «Стандарт» сияқты кәбiлдi телетоптамалар пакетi арқылы көрсетiлетiнi белгiлi. Ол пакеттердiң әрқайсысы 50-60-тан астам небiр жат пиғылдағы телеарнаны қамтиды. Осы пакеттердi кiмдердiң жасақтайтынын, қандай ұстанымдарды басшылыққа алып жасақтайтынын, яғни, Қазақстан телекөрермендерiнiң рухани-психологиялық тағдыры кiмдердiң қолында екенiн жұртшылық мүлде бiлмейдi.
– Осы цифр-мәлiметтердi қандай дерек көздерiнен алдыңыз?
– Мұның бәрi де Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаттары келтiрген ресми деректер. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедi» дегендей, тыйым-тосқауыл болмаған соң, мұндай деректердiң күн сайын толығып, әм сорақы бола түсетiнi де аян. Бұл жерде мәселе мынада ғой, Қазақстанның Ақпарат министрлiгi Қазақстанның ақпарат кеңiстiгiнде не болып жатқанын бiлмейдi, бiлген күнде ақпараттық кеңiстiктi ұлттық-мемлекеттiк мүдде тұрғысынан реттеп отыру құқығы заң жүзiнде бекемделмеген деген сөз. Мұнан кейiн Қазақстанда ақпараттық зорлықты бастан кешiп, шыбын жаны шырқыраған жұртшылықтың халiн «Құдайға қолы жетпейтiн, үкiметке дауысы жетпейтiн бейбақтар» десе де болар.
– Сiз Қазақстандағы ақпараттық кеңiстiктiң негiзiнен цифрлық деректерiн келтiрiп отырсыз. Ендi, осы деректердiң цифрға көнбейтiн мазмұндық астары бар ғой. Менiңше, БАҚ-тың мазмұны дегенiмiз мәселенiң ең маңыздысы емес пе?
– Әбден дұрыс айтасыз. Бұл ретте, аудиториясының кеңдiгi жөнiнен телеарналардың алар орыны ерекше. Сол қаптаған телеарна материалдарының мазмұнына ден қойсаңыз, жаныңыз түршiгедi. Тәулiк бойы тек қана христиан және яхуди дiнiн насихаттайтын («Спасс»), тек қана афро-америкалық секс клип беретiн («Тш-2», «Ру-Муз»), тек қана шектеу-тәртiбi жоқ төбелестi көрсететiн («Боец»), төсек қатынасын ашық әйгiлейтiн («РенТВ»), небiр кiсәпiр киноларды толассыз жалғастыратын («AXN scifi», «ТV-1000», «Много-ТV»), тек қана совет заманының болмысын сағынышпен насихаттайтын («Ностальгия»), тек қана ақымақ, жынды адамдардың тiрлiгiн бейнелеп, бейпiл анегдоттар айтатын («НСТ»), т.б. арналар Қазақстаннан өз көрерменiн, өз аудиториясын, өз әлеуметтiк топтарын тауып, оларды өзiнше арбауда, өзiнше мәңгүрттендiруде.
Рас, шетелдiк телеарналар iшiнде «History», «Animal planet», «Discouery», «Discouery Sc», «Europe WS», «National geographic», «Euro sport», «Mezzo», «Культура», «Рыбалка» сияқты танымдық-тәрбиелiк мәнi зор телеарналар да бар. Алайда, мұның бәрi де орыс тiлiнде. Яғни, жат тiлде болғандықтан мұндай арналардың хабарлары неғұрлым тартымды болған сайын, соғұрлым зиянды. Өйткенi, тартымды да өрелi хабарды жат тiлде көрген адам өзiнiң ұлттық құндылықтарын жатсынып, өз болмысынан жерiнетiн болады. Бұл – телесоциологияның әлем мойындаған ащы шындығы. Өкiнiштiсi, жоғарыдағы жiбi түзу арналарды қазақ тiлiнде сөйлету Қазақстан үкiметiнiң өңi түгiлi түсiне де кiрер емес. Осылайша, постсоветтiк кеңiстiкте Ресейдiң ақпараттық тұзағына шырмалған, дәлiрек айтқанда Ресейдiң ақпараттық экспансиясына шырмалып, басы қатқан бiрден-бiр ел Қазақстан ғана болып қалып отыр.
– Осы орайда, шетелдiк телеарналардың жамандығынан жиренiп, жақсылығынан үйренуге тиiс төл телеарналарымыз туралы не айтасыз?
– «Ташкентте бiр қызым бар, әм сорақы» дегендей, республикамыздағы телеарналардың жетiстiгiнен гөрi кемшiлiгi басым екенiн айтсам, әрiптестерiм ренжiмес. Оның бергi жағында, жетiстiгiмiз ешқайда қашпас, кемшiлiктi ортаға салып отырған пайдалырақ болар деп ойлаймын.
Республикамыздағы телеарналар материалының мазмұны дегенде, келесi бiр айтарым, телеарналар өздерiнiң төл материалдарын дайындауды мейлiнше сиретiп алған. Көбiнесе дайын кассеталарды еш талғамсыз көрсету әдетке айналған. Тiптен, өз тараптарынан мүлде материал даярламастан, тәулiк бойы тек қана дайын секс клиптер беретiн «Х-ТВ» сияқты телеарналар да бар. Яғни, халқың күл болмаса бүл болсын, неғұрлым аз шығын шығарып, көп пайда тапсам болғаны деген ұстаным (принцип). Мұндай арналардың иелерiне құзырлы орындардың: «Секс клиптердi мәдени-рухани жетiстiк деп бiлсең, өзiң ғана көрсейшi, халыққа зорлап таңуға, жас ұрпақты азғындатуға қандай хақың бар?!» деп айтуы қажет-ақ.
Республика телеарналарының iшiнде «НТК», «Эра-ТВ», «31», «КТК» сияқты телеарналардың хабарлары түнгi сағат 1 мен 7 арасында негiзiнен қазақша берiлуi айнымас әдетке айналды. Ондай хабарларда әлдеқашан жазылып алынған концерттердiң, айтыстардың, сұхбаттардың апта сайын, кейде күн сайын қайталап берiлуi үйреншiктi жәйт. Аталмыш телеарналар мемлекеттiк тiлдегi 50 пайыздық норманы өздерiнше осылай орындап жатыр. Бұл, тура мағынасында, мемлекеттiк талғам-талапқа пысқырып та қарамау және қазақ халқының ар-намысын аяққа таптау деген сөз.
Республика телеарналары үшiн қан мен қасiретке малшынған фильмдердi көрсету, ашық секстi шылп етпестен насихаттау, түнгi клубтар мен мейрамханалардағы музыканттарының өнерсымағын еш талғамсыз экранға шығару, әсiресе шетелдiк ұятсыз клиптерге елiктеп-солықтаған жастардың қиқалақ эстрадасымағын тамсана жарнамалау, ондаған-жүздеген сериялы шетелдiк сериалдарды тасқындату, шетелдердiң тарихы мен мәдениетiне қатысты деректi фильмдердi көрсетудi әуез көру, оның есесiне қазақтың төл мәдениетiне мүлде көңiл бөлмеу жоғарыда аталған телеарналардың үйреншiктi әдетi. Қазақта «Ауруын жасырған өледi» деген мәтел сөз бар. Тiптен, айтуға ауыз бармаса да, кейбiр сорақылықтарды көргенде үндемей қалу мүмкiн емес. «НТК», «КТК», «31» сияқты телеарналардың тiкелей эфир арқылы «Еркектiң ұлы мүшесiнiң көлемi мен күшiн қандай белгiсiнен бiлесiң?» (қазақ тiлiнде, қазақ қыздары ғана жауап бердi), «Қыз ретiндегi пәктiгiңнен неше жасыңда, қай жерде айырылдың?» (қазақ тiлiнде, қазақ қыздары ғана жауап бердi), «Оральды секс туралы ашық әңгiме» (орыс тiлiнде), «Ақсүйектер өмiрi. Ойнас.» (орыс тiлiнде), «Альфонс. Шақыру бойынша жұмыс» (еркек гей туралы, орыс тiлiнде) сияқты небiр азғындықты сөз ететiн телехабарлар сағаттар бойы жүргiзiлiп жатқанда өмiрдiң еш қызығы да, құны да қалмайды. Мұндай сұмдықтарды айтып тауыса алмайсың. Ең сұмдығы осының бәрi озық өмiр-салт пен мәдениеттiлiктiң үлгiсi ретiнде, А.Даллес айтқандай айырықша икемдiлiкпен насихатталатынын қайтерсiз… Осы орайда, БАҚ-тарды иемденген алпауыттарға: «Ау, азаматтар-ау! Мақұл, сөз бостандығы, демократия дегендi желеу етiп тапқан дәулеттерiң сендердiкi-ақ болсын. Алайда, сендер ие болып отырған БАҚ-тардың өнiмiн тұтынушы халық сендердiң меншiктерiң емес қой. Тәйт!» дейтiн құзырлы орын әзiрше болмай отыр.
Айтары жоқ, Қазақстанның ақпарат кеңiстiгiндегi сорақылықты, дәлiрек айтқанда, қылмысты тiзбелей берсем, жүрегiм ауырады. Аузы аңқиып, құлағы қалқиып отырған жас ұрпақтың бейкүнә болмысы қалай уланып жатқанын ойлағанда жанымды қоярға жер таппай қаламын. Мен журналистиканың маманымын ғой, бұл ретте менiң күйiм грек мифологиясындағы көрiпкел Кассандраның күйi сияқты – бұл бетiнде болашағымыздың қандай қасiретке тап болатынын бiлесiң, бiрақ оған ешкiмдi де нандыра алмайсың. Қасiреттiң көкесi осы екен.
– Яғни, елiмiздегi ақпарат кеңiстiгiнiң проблемалары мемлекеттiк өреде тегеурiндi шаралар қолдану арқылы ғана оң шешiмiн табуға тиiс дейсiз ғой?
– Бұл жерде, ақпараттық кеңiстiк деген ұғымды бiрыңғай БАҚ-қа қатысты ғана түсiнбей, кеңдеу қарастыру қажет. Әрi-берiден соң, бұл мәселе әлемдiк аяда жүрiп жатқан ақпараттық соғыстың талғам-талабынан туындап отырған проблема. Қазiр кез келген елдiң өндiрiс ошақтарында, энергетика және көлiк жүйелерiнде, қорғаныс және басқару салаларында технократтық және техносфералық үрдiс бел алып, олар ең алдымен ақпараттық қызметке арқа сүйеген. Яғни, Қазақстанда ұлттық ақпараттық инфрақұрылымды дамыту, ұлттық аумақтық ақпараттық-телекоммуникациялық жүйе құру, сондай-ақ отандық ақпараттық технологияның негiзiн қалыптастыру, сөйтiп аймақтық ақпараттық-телекоммуникациялық жүйе қалыптастыру ұлттық-мемлекеттiк қауiпсiздiктiң ең өзектi проблемасы екенiне күмән болмауға тиiс. Бұл проблеманың оң шешiм табуы арнаулы ақпараттық орталық-генераторын дамыту, ғылыми-техникалық, экономикалық, құқықтық және басқа ақпараттар жүйесiн қалыптастыру, электронды кiтапханаларды, мұрағаттарды, дерек қорын жасақтау, оларды компьютерлiк оптикалық дискiлiк жадымен жарақтау мәселелерiмен тiкелей ұштасып жатыр. Осы орайда, қазiргi өмiрiмiзге тасқындап енiп жатқан әртүрлi жүйелер мен тораптар жабдығының тек қана шетелдiк өнiмдер екенi ұлттық-мемлекеттiк қауiпсiздiгiмiзге қатысты айрықша алаңдаушылық тудырады. Қысқасы, елдiң ақпараттық қауiпсiздiгi деген мәселе бүгiнгi таңда стратегиялық мән-маңызға ие болса, соның аясында БАҚ саясаты бiрiншi кезекте тұр. Өйткенi, БАҚ-тың обьектiсi адамдардың жан-жүрегi.
– Ақа, осы айтылған ойларыңызды қалай қорытындылар едiңiз?
– Мәдени-рухани болмысын көмескiлеп алған ұлт мүлде басқа мәдениеттi қайталаушы рухани құлға айналады. Қазiр жойдасыз (тотальный) мәдени-рухани экспансия, оған мемлекеттiк деңгейде тосқауыл-тыйым болатын шаралардың қолға алынбауы, әсiресе теледидардың жағымсыз ықпалына деген мемлекеттiк өредегi немкеттiлiк қазақ халқының мәдени-рухани төлтумалығына өлшеусiз зиян келтiруде. Жас ұрпақ көз алдымызда дүбәраланып, тiптен кiсәпiрленiп барады. Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясы мектеп оқушыларының арасында социологиялық зерттеулер жүргiздi. Зерттеу нысанына 15 мың оқушы, 5 мың ата-ана, 5 мың мұғалiм қамтылған. Осы зерттеудiң қорытындысы бойынша оқушылардың 35 пайызы күн сайын немесе аптасына бiр рет алькогольдi iшiмдiк пайдаланатыны, 15 пайызы есiрткi қолданатыны, олардың iшiнде 3 пайызы есiрткiнi тұрақты қолданатыны анықталған. Бұл әлемдiк аяда ұлттық мемлекет үшiн аса қауiптi жоғары көрсеткiш болып табылады. Яғни, Қазақстанға бағытталған ақпараттық соғыс және оған Қазақстан үкiметiнiң салғырт қарауы өз нәтижесiн бере бастады деген сөз.
Әрине, мұндай үрдiстiң ақыры ұлттық-мемлекеттiк қауiпсiздiгiмiзге зардабын тигiзетiнiн терең сезiнуiмiз қажет-ақ. Ағылшынның әйгiлi қоғамтанушы ғалымы А.Тойнбидiң сөзi еске түседi. «Егер, мемлекет дегенiмiз әлеуметтiк-мәдени феномен ретiнде өркениеттiң басты белгiлерiнiң бiрi екенiн мойындасақ, онда өркениеттiң мәдени элементiн жанға, қанға, сөлге, бiтiм-болмысқа теңеуге болады; бұл қасиеттермен салыстырғанда экономикалық, боса-болмаса саяси жоспарлар өркениеттi қозғайтын күштiң және табиғат туындысының жасанды, мән-маңызы шамалы, қатардағы көрiнiсi сияқты екенiн де мойындауға тура келедi», – дейдi А.Тойнби. Яғни, бiз тәуелсiздiктi орнықтыру үшiн осы уақытқа дейiн экономикалық және саяси жоспарларға көбiрек мән берiп келсек, ендi елдiң мәдени-рухани тағдырына мемлекеттiк өреде айрықша мән беретiн кез келдi деп ойлаймын. Бұл мәселенi неғұрлым ертерек қолға алсақ, солғұрлым осы уақытқа дейiн атқарған экономикалық және саяси оң әрекеттерiмiздiң игiлiгiн көремiз.
– Соңғы сұрағым, БАҚ-тың ең әспеттегенде қоғамдық пiкiр ғана тудыратынын жақсы бiлесiз ғой. Сондықтан, осы көтерген проблеманы тиiстi құзырлы орындарға неге жеткiзбейсiз бе?
– Мен бұл проблеманы баспасөз бетiнде сан мәрте көтерiп, Республика Парламентiне, Министрлер кабинетiне, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiне талай рет жаздым. Хатыма мән беру былай тұрсын, жауап та болмады. Президентiмiз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевқа да жаздым. Ол хатым Президент аппаратында iстейтiн қарапайым журналистің қолында жүрді. Хатым Президент төңiрегiндегiлердің «Президенттi мұндай жағымсыз хабармен жабырқатуға болмайды!» деген «қорғаннан» өте алмады.
Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ,
«Астана ақшамы», 2009 ж.