Көрнекті композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеген Мұхамеджановты білмейтін қазақ...
Өтен Ахмет. Аға сыйлау туа біткен мінезім
2456
Жасым тоқсанға беттегенде мұндай сөз айтудың еш ерсілігі жоқ шығар. Көзім тіреде өзім білген, араласқан, алдымда жүріп жол бастаған жақсылардың тындырған ісін, өнегесін мен айтпасам, кім айтады. Сондай жақсымның бірі көрнекті Һәм мінезді ақын, марқұм Еркеш Ибраһим (Ебікенов) еді. Ол Қарағандыға «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің меншікті тілшісі болып келгенде, мен Телестудияда бас редактормын. Сол кезден танысып, ол кісі дүниеден өткенше ағалы-інідей болып кеттік. Жиі сырласатынбыз. Ерекеңе қатысты күнделігімде біраз дүние бар. Олардан бұрын оның ақындығы туралы жазғандарымды МӘДЕНИЕТ ПОРТАЛЫНЫҢ қалың оқырманы назарына алдымен ұсынғанды жөн көрдім. Ерекеңнің ақындық қарымын білетіндер естеріне түсірсін, білмейтіндер таныссын деген ниетпен.
Салиқалы, салмақты Жыр сүйер қауым Еркеш Ибрһимді жақсы біледі. Бұл күнде кемел жасындағы Еркешті аузы дуалы білімпаз сыншы-ғалымдар өздерінің зерттеу еңбектерінде Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев сынды халқымызға кең танылған ақындар қатарында атап жүр. Қатары дегенде, жас жағынан шамалас-замандастығын емес, ақындық қуат, рухани өнімділігін айтады, әрине. Иә, Еркеш жырларының алдымен тақырыптық ауқымы кең: туған жер, өскен ұя, бүгінгі замандас – шопан, механизатор, металлург, тағы басқаларының еңбектегі ерлігі, ұлағатты өмірі, халықтар достығы, Отан намысы, бейбітшілік – қай тақырыпта да көсіліп жырлайды. Бірақ болғанды болғанынша, барды барынша құрғақ айтып шықпайды. Өзі көрген, сезген болмыстың бәрін жан жүрегінен өткізеді, сана елегінде екшейді. Сүйсінеді, күйінеді. Тебіренеді. Қажетті жерінде оралымды ой тастап, түйіндеп кетіп отырады. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетіп, оқушысын қалай да немқұрайды қалдырмақ емес. Еркеш ақынның осынау өзін танытқан бірегей қасиеттері биыл «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Самғау» атты кітабында жаңа сыр-бояумен, көркемдік қуатпен жарқырай түсіпті. Жинақ екі бөлімнен тұрады: біріншісіне балладалары, көңіл күй лирикалары топтастырылған да, екіншісіне «Қайран шешем» және «Дала намысы» атты көлемді поэмалары енген. Жинақтың беташары – «Бақыт маржандары» атты ұзақ өлеңі бүкіл кітаптың көркемдік келбетін, идеялық мақсатын айқындап тұрған темірқазығы – кілті іспетті. Өлең кейіпкері бақытын іздеп жүр: көктемнен іздейді, дала кезеді, Алатауға да шығады. Дайын асқа жақын жүретін, ақша қуып та көрген. Бірақ соның ешқайсысынан да іздегенін таппаған. Мәмле айтқан біреу: бақыттың әкесі – бірлік, шешесі – шындық, дейді. Сонда ақын кейіпкер: Бұл сөзің жан өртейтін шоқ еді ғой, Себебі, бірлік жерде жоқ еді ғой. Болғанмен төртеу – түгел, алтау – араз, Абайдың деп жылаған өзі еді ғой. Бұл сөзің жан өртеген шоқ еді ғой, Себебі, шындық күрес шебі еді ғой. Сияқты алты мылтық бір үйрекке – Шындықты атушылар көп еді ғой,- деп, ышқына тебіренеді. Өйткені ақын сөзімен айтқанда «Отанынан айрылып Палестина қаңғырып жүр», «Басқыншы солдаттың табанында қалып Гренада еңіреп отыр», «Паблоның еркіндік аңсаған жырлары Чили түрмесіне қамауға алынды...» Әйтсе де, түптеп келгенде, бірлік пен шындық жеңетініне ақын сенімді. Олай болатыны, адамзат бірлік үшін, шындық үшін күресін тоқтатқан жоқ. Тоқтатпайды да. Мен үшін асқан байлық – бейбітшілік, Мөп-мөлдір боп тұрсыншы сол аспаным, - деп түйіндейді ақын өлеңін. Адамзаттың қас дұшпаны фашизмді талқандау ауыр болғаны мәлім, одан беріде баянды бейбітшілік үшін күрес те оңай бола қойған жоқ. Сондықтан екі қолына қару алып тікелей майданға қатыспаса да соғыс деген зұлматтың бесбатпан ауыр зардабын нәзік те үркек бала жүрегімен терең сезінген, темір жолда, фермада қабырғасы қайысып жұмыс істеп мезгілінен ерте пісіп қатайған Еркеш солдат тағдыры, жесір мен жетім тағдыры хақында жиі-жиі жыр толғайды. Жинақтағы «Ұрпақ үні», «Оқ пен нан», «Сұр мерген туралы хикая» балладалары – көлемі шағын, айтары мол болып ширақ шыққан. Жанр табиғатын дөп басқан. Бір қарағанға осындағы оқиғалар өкінішті аяқталатын сияқты. Алғашқысында бүгінгі азамат жігіт Сталинградта ерлікпен қаза тапқан әкесін еске алады. Екіншісінде, Берлинге дейін аман барып, жергілікті аш халыққа нан үлестіріп беріп тұрған жерінде өкінішпен жасырынған жау оғынан қаза табатын аспазшы солдат пен оның жалғыз қалған анасының тағдыры, үшіншісінде атқан оғы зая кетпейтін атақты мергеннің ақ өлімі суреттеледі. Алайда айтар ой айқын, мұңға емес, сенімге, жарқын болашаққа шақырады. Қазіргі ұрпаққа бүгінгі тоқшылық пен береке, шат тұрмыс, қуаныш-күлкі – сол боздақтардың ерлігімен, қанымен келген, біз оны қастерлеп есте сақтай білейік дегенді мегзейді ақын. «Ұрпақ үніндегі»: -Көкемді көрдім, Жүз сексен екі бірдей оқ тескен, Музейдегі бір Солдаттың шинелін көргенде,- дей келіп: -Жанымда менің, Өлмейтін өмір қаны бар. Ажалды жеңіп, Тірлікті қайта жайнатқан, Тұяқпын қалған, Өлмейтін сол бір солдаттан! – дейтін жалынды да қуатты жолдар бүгінгі замандастың шымыр да сергек тұлғасын жарқырата ашып көрсетеді. Әрине, ой мен сезімнен жаралса, ол тебіренген жүректен жарып шықса ғана - өлең тумағы хақ. Олай болса ақын басындағы өкініші де, сүйініші де тек шынайылығымен ғана тілеулесі мен қоштаушысын табады. Осы орайда Еркештің жаңа жыр кітабындағы арнайы ат қойып, айдар тағылмаған бір топ көңіл-күй лирикасы аса жан нәзіктігімен ерекшеленіп тұр. Қайсысын да толқымай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Махаббат туралы бозбаланың алып-ұшқан жеңілтек көңілі, желбуаз қиялы емес бұлар, махаббаттың қадірін сезген, білген, түсінген егде адамның жүрек жыры, бойдағы қан мен жанның өз үні, әлдиі іспетті. Өкінішім бар менің, оған жету үшін мұхит саяз, тұлпар шабан, дейді ақын. Өмір заңы - өкінішсіз адам баласын тауып көр... Әсіресе «Шөл шықпай жатқанында кенеземнен» деп басталатын өлең бір демнен шыққандай, бойында артық қылау жоқ саф алтындай сом құйылған сияқты көрінді маған. Түгел келтіру дұрыс болмас. Мазмұнын қара сөзбен айтып жеткізу және мүмкін емес. Сондықтан мысал үшін деп бір шумағын келтірумен шектелейін: Шөл шықпай жатқанында кенеземнен, Көгершін кетпей қойды тереземнен. Кеп тұрған көгершін боп өзіңсің бе, Аузыма су тамыза көк өзеннен. Шөл шықпай жатқанында кенеземнен... Әсілі бүкпесіз шынайы мұң, кейде ойлайтынымыздай, жасықтық пен күйректіктің аулына қарай жетелемейді, керісінше, көкіректі өкініш кірінен аршиды, өмір үшін тынбай күресуге жаңа жол ашып береді, қуатты жаңа серпіндер туғызады. Бұл жөнінде Еркеш ақынның өзі: ...Сонда менің көкірегім күркірер, Күркірер де ақ жаңбырым сіркірер. Сіркірер де бұл жүрегім бір түлер, Бір түлер де тұрар ұшып шіркін ер. Сонда менің көкірегім күркірер...- деп тамаша айтқан. Жинақта ақынның кіндік кескен жері Көкшетаудың өзгеше бітімді сұлулығына, елге деген балалық сағынышына арналған өлеңдері де біршама бар екен. Бұрын да талай жырлаған тақырыбың еді деп Ерекеңе ақыл айтудан аулақпыз. Ана, туған жер, Отан – адам жанының қанша жырласа да таусылмайтын кәусарлары ғой. Бұл өлеңдерінде де Еркештің бұрынғы айтқандарын жаңа сезімге бөлеп, жаңа ойлармен құндақтау ниеті айқын сезіліп тұрады екен. Поэмаларының басты қаһармандары – бүгінгі замандас. «Қайран шешем» тың игеруші атынан баяндалады. Әсіресе оқиғасы тым оқшау. Тың игерген жалғыз ұлы суыққа ұрынып, екі бірдей бүйрегінен асқынып ажал тырнағында жатқан жерінде қайран шеше баласына өз бүйрегін салдыртады. Сөйтіп бір емес, екі рет жарық сыйлайды. Жер бетінде Анадан асқан құдырет жоқ деген осы да. -Ұқтым берік: Ана біреу, Жан- біреу. Жұлдыз көп те – Аспандағы ай – біреу, Жер үстінде Гүлдер көп те Күн – біреу. Меніңдағы бар сүйгенім, Шын – біреу. Оза шапқан тұлпарлардан Шаң – біреу, Содан болар махаббатты Тәңір деу. Содан болар ғашықтықты Мәңгі деу. – Қаһарман толғанысы сенің де ойыңдағыңды дөп басады. Бірге тебіреніп, бірге түлейсің. «Дала намысы» поэмасына өзіміздің егіндібұлақтық атақты жерлесіміз, Еңбек Ері Сайлау Біләловтің ұлағатты өмір жолы арқау болыпты. Еркештің ақындық қуатына тән қимылды, мінезді дәл суреттейтін айшықты теңеулер, ой салиқалылығы мұнда да мол ұшырасады екен. Еңбек жолында атақ пен абыройдың оңайлықпен келмейтінін, ол үшін тер төгу керектігін уағыздайды автор. Осы жерде «алайда» деп алып, кемшілік іздесек те болар еді. Шұқшисаң, бәлкім, тыбылар да. Бірақ Еркеш, жоғарыда айтқанымыздай, өзіндік ой өрнегі бар, сөз кестесі баяғыда қалыптасқан, кең танылған ақын. Сондықтан мәселенің ол жағын арнайы зерттеушілерге қалдырып, ал бұл жаңа жинағымен ой нәрі, сезім қуаты жағынан бұрынғыдан да байып, шын мәнінде самғау үстіндегі ақын екендігін танытқанын айтумен пікірімді қорытындылаймын. «Орталық Қазақстан», 1985 жыл, шілде. «Теміртау толғауы» Еркеш ақынның тағы бір жыр жинағы қолымызға тиді. «Теміртау толғауы» деп аталады екен. Аты айтып тұрғандай, жаңа жинағына Еркеш жұмысшының жасампаздық ерен еңбегін арқау еткен. Өзекті де мәртебелі тақырып. Өзекті болатыны – еңбек адамы қоғамның тірегі, мәртебелі болатыны – еңбек адамын жырлау, халықты жырлау, халық жүрегіне жол табу, сырласу, ой бөлісу деген сөз. Біздіңше, қай ақынның болмасын, еңбек адамы туралы сөз айтқысы келгенде ұтатын да, ұтылатын да тұсы, - міне осы жүрек кілтінің бұрауына байланысты дер едік. Краншы қыздың немесе от сапырған болатшының сырт қимылын дәріптеу де, бәлкім, ақындық түйсіктің бір түрі болар. Бірақ ол ақынға да, жырға да абырой әпермейді. Сондықтан да Еркеш «Мартенде сақылдаған болат селі, ақ, қызыл түйіршіктей қанымызда», - деп, әлі ешкім айтпаған өзіндік өрнекпен жырлайды. Жинақтағы беташардан кейінгі алғашқы өлеңнің «Махаббат көші» аталуында үлкен мән бар: белгілі қазақ жырындағы Баянсұлудың махаббат сәлемін алып жолға шыққан Айбас батырдың ізімен бүгін ақын жол кешіп жүр. Моншақты, Домбыралы, Жауыртау, Алтын сандық, Қызыл емен, Қарқаралы – қашаннан халқымыздың құт мекені, ертеңгі күнге арманы мен үмітін ұшырған алтын бесігі. Сол жердің бүгінгі өзгерген келбетін көріп, ақын: Баянның сандықтарын ашып жүрмін, Махаббат асуларын асып жүрмін. Көзіме моншақ-моншақ жас оралып, Мауқымды өлеңменен басып жүрмін,- десе, біз оған риясыз сенеміз, бірге тебіренеміз. Ақынның жаңа жыр жинағындағы өлең – дастан, балладалар, шартты түрде алсақ, негізінен басты-басты үш арнадан құралады екен: Бірінші, Еркештің бүгінгі ақындық шабытының қайнары – Қарағанды, Теміртау, ондағы жасампаздық істер, көмір қазған кенші, от көсеген болатшы болса, екінші, өзінің туып-өскен – Көкшетауына деген балалық сағынышы, үшінші, осы екеуін тонның ішкі бауындай жалғастырып тұрған ақынның уақыт, адам, Отан туралы өзіндік ойлары, жан сыры дегеніміз жөн. «Алдымнан арман қашты он бесімде» деген өлеңі осының куәсі. Ақындық жел Алатауға апарды, Көкшетауды кездірді: Сол арман тағы міне қайта қашты, Қара тер маңдайымды қайта басты. Індетіп келіп едім, Теміртауда Алдымнан ақ жалын боп тайталасты, - дейді ақын. Еркеш аты әлемге әйгілі Теміртау туралы, ондағы Алтынбек Дәрібаев, Арғын Жүнісов, Төлеген Адам Юсупов сияқты аты аңызға айналған ардагер азаматтар туралы жыр толғаудың қиындығын жақсы сезінеді. Сол себепті де сырттай сүйсіну, сырттай қызықтау сияқты айқайы мол, ескі соқпақтан ә дегеннен іргесін аулақ салады. Жаңа өрнек, жаңа бояу іздейді. «Жалынға құмар жан едім» атты өлеңінде: Ежелден гүлге, жалынға құмар жан едім, Мен ғашық болған аспанның оты - әне, күн! Жарыса маздап, жанаса лаулап көрейік Оттылау екен, нәзіктеу екен кәне кім? – деуі, осы жолда өзіне-өзі берген ақындық серті іспетті. Оқушы қуанышына орай Еркеш уәдесін жұтпаған, айтқан жерінен шыққан дей аламыз. Оған куә, жинаққа енген «Аңыз аға» атты дастан-диалог. Шынын айу керек, өмірде бар, азаматтық қыр-сырынан жұртшылық жақсы хабардар адам туралы жазу – проза тілінде де қиын. Ал поэзия тілінде тіпті қиын болар. Бұл жерде сол танымал адамға тән өмірбаяндық хронология, фактілер – суреткер қиялына тұсау салып, шабытын тежейтін факторға айналу қаупі бар. Ондайда поэзия тілі жұтаң тартып, өлеңмен жазылған мақала-очерк деңгейіндегі әрі кетсе мерзімдік баспасөздің кәдесінен аспайтын қарабайыр дүниелік болып шығуы ғажап емес. Белгілі қазақ металлургі, Еңбек Ері Алтынбек Дәрібаевтың өнегелі өмірі жайында толғанатын «Аңыз аға» дастаны мұндай кеселден таза, бірегей дүние. Әуелі дастан көлемі шағын. Композициялық құрылымы жинақы. Диалогқа құрылуы ақын мен кейіпкердің сырласуы сияқты жылы әсер береді. Бұл әдіс, біріншіден, оқиғаны көзден тізбей, қажетті жерінде шегініс жасап, кейіпкердің күрделі тағдырын, жасампаздық ісін, Отан тағдыры, Отан ісімен сабақтастыра толғауға мүмкіндік береді. Екіншіден, кейіпкердің өзі туралы өзін толғантуы үшін де осы әдіс қажет. Ал Алтынбек туралы « Өзі туралы өзінен артық кім айта алар еді, аға, сіз бақыттысыз ба?»- деген жас жігіттің сұрағына: Мен айтсам: Теміртауым – алып десем, Ал оны Алып еткен – Халық десем, «Көптің күші – көл» деген рас, інім, Жанары сол көптердің – Жарық көшем - деп, үлкен азаматқа тән кеңдікпен жауап бере келіп: Бәрі бар, Не тән болса, бұл адамға. Кез болған қуанған да, Жылаған да. Меніңше, Бақыт деген қонады екен, Қайыспай қиындыққа шыдағанға – деп, түйіндеуі елі, халқы таныған Алтынбектің өмірдегі біз білетін табиғатымен шынайы сабақтасып, жақсы жарасыммен өріліп тұр. Дастанның өте-мөте құнын асырып тұрған тұсы – соңғы тарауы дер едік. Ақынның «Махаббат туралы не айтасыз?-деген сұрағына Алтекең жанының құпиясы – күнделігін ұсынады. Иә, ол да ет пен сүйектен жаралған адам. Жас болды, жар сүйді. Әлі де сүйеді. Әр кез ісі оңға басып, еңбегі жанса, Алтынбек деген аты шықса, жанына күш-қуат үстеп, дем берген қайнардың бірі – махаббат еді. Сүйгенін кездестірді. Түсіністі. Ғашықтық сырлар ақтарылды. Келісті. Сондағы кейіпкер сезімінің шалқуанды қаншама жалындаған қызу, өмірге деген іңкәрлік бар десеңізші. Сол күні бұл арманым – нар болатын, Тәрізді Батыс, Шығыс - әр қанатым. Сол күні жаным бейне жанартау боп Қабағым қайратымнан – қар болатын,- десе, енді бірде: От бәрі, Жұтатұғын ауа да оттай. Оған да от болмасқа дауа жоқтай. Көнеді Мартен пеші дегеніме- Кәдімгі қолымдағы ала доптай, - деп, тебіренеді. Халық әнінде «Қаратас ұйқың келсе болар мамық, шын ғашық сұлулықты талғамайды», демей ме?!. Мартен пешін қолдағы ала доптай көрсе, бүгінгі замандас махаббатының құдыретіне мықты теңеу сол болар. Бір сөзбен айтқанда, «Аңыз аға» дастан-диалогтың басты құны - шын мәнінде аты аңызға айналған металлург Алтынбек Дәрібаевтың сүю-күю тән, өкіне де білетін қарапайым адамдық бейнесінің жасалуында дер едік. Жалпы, жинақтың негізгі арқауы – Қарағанды, Теміртау сияқты өндіріс алыптарының бүгінгі тынысы, жасампаздық еңбек – осының бәрі ақын жүрегінің лүпілі, ақын «мені» арқылы өріледі. Сол себепті де жинаққа енген қай өлең, қай шумақты алсаңыз да әр жолынан жылылық есіп, оқушыны өзіне бірден тәнті етеді. Қарағанды туралы «Көмірғып жүрегіңді суырасың» десе, «Жанартас» атты өлеңінде «Сенбісің Сарарқаны селт еткізген» деп, ежелгі сыралғы досымен тілдескендей, жансызға жан бітіре сөйлейді. Өйткені Қарағанды, Жанартас деген ұғымдар ақын үшін туған жерді түлеткен жұмысшы деген ұғыммен пара-пар. Поэзия адам жанының нәзік сыры болса, ақын өмірбаянының кейбір бел-белесі қоса өріліп отыруы заңдылық шығар. Ендеше жер шоқтығы Көкшетаудан Қарағанды – Теміртауға өлең індетіп келген Еркештің жаңа жинағына енген жырларының бір саласы –жалаңаяқ жүгіргенде аттан да озып кететін думанды балалық шағы өткен асыл мекенін сағынудан туған өлеңдер. «Мен туған жердің айнадай мөлдір суы да», «Аңсау», «Көкала тауда, көкала шыңның басында», «Құлагер құдығы», «Ақан тауы», «Сағындым», «Өртең» - аттарының өзі-ақ айтып тұрғандай, бұл жырлар ақынмен бірге оқушысын да сұлу Көкше бауырына сапар шеккізеді. «Қосемшек сонау – мен емген анар Көктөбе»,- деп, ақын сілтеген жаққа елеңдей қарайсыз. «Сырлы өзен, сырнай өзен, Балапандым»- десе, тастан-тасқа секіріп аққан бұлақ сылдырын естігендей боласың. «Ақындықтың перісі бар, Ақанның Айыртаудағы құдығынан» өзгеше сиқырлы сыр ұққыңыз келетіндей күйге түсесіз. Өйткені Отан, ана – адам жанының тозбайтын, тот баспайтын сезім бастаулары десек, соны өз тілі, өз өрнегімен айта алған ақын басқаны да еліктіреді, тілеулес етеді өзіне. Отан деген ұлы ұғымның жанды клеткасы іспетті кіндік кескен жерің, бабалар ошағы өнегелі ұлға әрқашан қымбат, қашан да ыстық қой. Жинақтағы өлеңдердің енді бір сарасы – ақкөңіл, ашық мінезімен, сыршылдығымен әсерлі. Кеудемде күледі бір көктем нұры, Өзімді - өзім шахта еткен күні, Жыр болып жүрегімнен құйылады, Жанымның көмірленіп кеткен мұңы. Жинақ мқұқият оқылды. Бәрін талдау міндетті болмаса да, оған енген үлкенді-кішілі туындылар ой сарабынан, сезім елегінен өтті. Көкейге осы кітаптың ең басты ерекшелігі неде? – деген сауал оралды. Біздіңше, ол халықтың, еңбек адамының жасампаздық ісіне деген – перзенттік махаббат. Ал ақынның азаматтық үні асқақ та әуенді. Мен «Басым ауыр тартады» деген өлең жолына көзім түскенде, әуелде біртүрлі ыңғайсызданып қалғам: Басым ауыр тартады, Көзімде ойнап найзағай! Қыраннан да қияңқы Шіркін, жырдың азабы-ай! – деген соңғы шумақты оқығанда еріксіз жымидым. Бәсе, шарболат піскен қазанда жасық темір қорытылмайтыны сияқты адам тірлігінің темірқазығы – еңбек героикасын шабытты жырларына арқау еткен ақын жаңа теңеу – жанды сөз іздеп қиналса қиналар, бірақ жасып-жабырқап күйректік мінез көрсетуі мүмкін емес. Сапырып Көкшетаудың піспегімен, Ыстадым Қарағанды түтінімен... Кітаптың беташар өлеңін Еркеш міне осылай түйіндеген еді. Несі бар, жинаққа енген жыр кәусары жақсы басталыпты. Демек ол оқушының сусынын қандырар, азаматтық санасын ұйытар, берекелі істерге бастай берер. Ылайым солай болғай.