Думан Рамазан: «Билік халықпен санасуы керек!»

СӨЗДІҢ АТАСЫ
3197

ӨЗ ҚҰҚЫҒЫМЫЗДЫ ТАЛАП ЕТЕТІН УАҚЫТ ЖЕТТІ!..

Біз еңсеміз езілген, рухымыз жаншылған ұлтпыз. Сан ғасырлық бодандық біздің еңсемізді әбден езіп, рухымызды жаныштап тастаған. Содан әлі еңсемізді тіктей алмай келеміз!
Кез-келген мемлекеттегі Құдіретті күш кім? Халық.
Билік емес. Билік бар-жоғы тек сол Халықтың қызметшісі ғана. 

Ал бізде бәрі керісінше. Ауылдан бастап Ақордаға дейін Халықтың қызметшісі емес, қожасына айналған. Елдің егесі де, қожайыны да Билік болып алған. Ал Халық сол биліктің қызметшісіне, бір сөзбен айтқанда, Құлақ Кесті Құлына айналған. Тұр десе тұрады... Отыр десе отырады... Жат десе жатады... Өзімізден де бар, Биліктің алдында құрша жорғалаймыз! Жалтаңбаймыз, жағымпазбыз... Шен-шекпенділер мен шікірейген шенеуніктер, әкіреңбай әкім-қаралар соған әбден үйреніп, дандайсып алған... Тіпті халыққа олардың алдына барып, мұң-мұхтаждарын айтудың өзі мұң болып қалған. Жан-жақтарын тас қамалмен қоршап алған. Қабылдамайды... кіргізбейді... Халық бір бөлек, Билік бір бөлек өмір сүріп жатыр...Билік халықпен санаспақ түгілі, оны қорқытып-үркітіп, құмырысқаның илеуіндей илеп отыр. Халық Биліктен өлердей қорқады. Әбден қорқытып-үркітіп қойған...


Ауылдан бастап, Ақорданың маңайындағы шенеуніктерге дейін Халықты ашса алақанында, жұмса жұмырығанда ұстағысы келеді. 


Билік халыққа жұмыс істеуі керек! Ал бізде халық билікке жұмыс істеп отыр...


Билік халықпен санасуы керек. Халықтың мүддесі үшін жұмыс істеуі керек! Халыққа жағдай жасауы керек! Халықтың талабын орындауы керек! Халықпен ақылдасып-кеңеспей ұлттық мәселелерді шешуге Биліктің ешқандай құқығы жоқ.
Ал бізде бәрі керісінше, ауылдан бастап Ақорданың маңайындағы шенеуніктердің барлығы дерлік ойына не келсе, соны істейді. Ал халық үнсіз мақұлдай береді. Шарасыз... дәрменсіз... Тіпті басымызға саңғып жатса да қыңқ демейміз-ау, қыңқ демейміз! Не деген намыссыз, ез, көнбіс адамдармыз?!


Оқи отырыңыз: Шеруге шыққан дұрыс па?



Мәселен, білім саласында қаншама шалажансар реформалар жасалды. Қазір оқушылар түгілі, мұғалімдердің миы ашып қалды. Ақымақтау Білім министрлеріне ештеңе істей алмадық! Не істесе де, үнсіз көне бердік! Айтсақ та, сөзімізді өткізе алмадық! Ал енді не болды? Бұндай жөн-жосықсыз жасалған реформалардың зардабын оқушылар, яғни жас ұрпақ тартып жатыр. Оқушылар түгілі, ересектер түсінбейтін шалдыр-шатпақ, бәлду-батпақ, қойыртпақ оқулықтар шығып жатыр. Солармен оқытылып жатыр. Неге біздің балаларымыз осындай жансыз реформалардың құрбаны болуы керек?! Тағы да үнсіз көніп келеміз! 


Құқұқ қорғау органдары жазықсыз жандарды ұстайды. Жазалайды... Түрмеге тоғытады. Қорқақ, қарақан бастарын ғана ойлайтын сатылған соттарымыз оларды соттайды. Адам құқығы аяққа тапталып, адам тағдыры ойыншыққа айналып жатыр... Тағы үнсіз көне береміз?!. 


Қазір Алматы қаласында көлік қоятын орын қалмады. Бәрі ақылы. Жарайды, ол ақша мемлекеттің қазынасына түсіп жатса мейлі ғой! Оған ешқандай есеп бермейді... Сөйтсек, бұл бір Мықтының бизнесі екен, сол қыруар қаржы жеке Адамның қалтасын қампайтып жатқан көрінеді. Мемлекетке тек түскен пайдадан салық төлейді екен. Ай сайын қанша қаржы жиналады? Қанша салық төленеді? Оны тергеп-тексеріп жатқан кім бар? Ешкім! Тағы үнсіз көніп келеміз! Неге? Неге?..
Айта берсең, бұндай жырлар таусылмайды... тіптен көп... Біз неге осындай көнбіспіз! Неге осы біз Өз тағдырымызға Өзіміз салғырт қараймыз?!


«Көп қорқытады, терең батырады!» дейді. Үнсіз көне бермей, ұрпағымыздың болашағы үшін барлықтарыңызды белсенділік танытуға шақырамын!


«Халық сұраса, хан түйесін сояр». Біз осы жөндеп сұрай алмай жатырмыз-ау!


«Халық алмас, қамал болмас!» «Халық сөзі қаһарлы», «Көптің қолы көкке жетеді» деген нақыл сөздер тегіннен-тегін айтылмаған шығар.
Қадірлі жамағат, еңселеріңізді тіктеңіздер, бастарыңызды көтеріңіздер! Өз құқұқтарымызды талап ететін, соны орындатуға күш салатын уақыт жетті.

Думан Рамазан

author

Думан Рамазан

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...