Марат Байділдәұлы. ЖУРНАЛИСТ МӘРТЕБЕСІ АЙҚЫНДАЛСЫН!

СӨЗДІҢ АТАСЫ
2808

Кез келген елдегі демократияның деңгейін ондағы бұқаралық ақпарат құралдарына деген мемлекеттің көзқарасынан, ұстанымынан байқауға болады. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында журналист сөзі кәдімгідей бағаланатын. Небір тасырлардың өзі аяғын тартып басатын. 1995 жылдары мемлекеттік қызметкер деген ұғым шықты. Мемлекеттің сойылын соғып тұрса да оған журналист қауымы жолатылған жоқ. Тіпті мемлекеттік басылымдардың журналистері де бұл тізбеден тысқары ысырылды. Сөйтіп БАҚ өкілдері біртіндеп «төртінші билік» болмақ түгілі алдыңғы үш биліктің босағасынан сығалай алмай қалды. Бұған әлбетте еліміздегі биліктің авторитарлық формасы ықпал еткені анық.

Бүгінгі билік транформациясы жүріп жатқан тұста жаңадан Президент болып сайланған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайлауалды тұғырнамасында мойныма «Қоғамның демократиялануы үшін жауапкершілік аламын» деп мәлімдеді ғой. Бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалынсыз қоғамды демократияландыру мүмкін емес. Сондықтан Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін арнайы әлеуметтік мәртебе (статус) арқылы қолдауды әрі қорғауды ұсынамын.

Француз публицисі Жан Поль Марат өзінің «Халық досы» деген газетіне «Өмірімізді ақиқатқа арнаймыз!» деген ұрансөзді эпиграф етіп қойыпты. Сол айтпақшы, қоғамды демократияландырамыз десек, көзбояушылықты емес, өмірдің ақиқатын алға шығарумыз қажет. Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін де БАҚ белсенділігі өте-мөте маңызды. Әсіресе парақорлыққа, жемқорлыққа қатысты журналистік зерттеулер жанданса қандай ғанибет. Журналистер қауымы қоғамның барлық топтарының пікірлерін ескере отырып, мемлекеттің дұрыс бағытта дамуына ықпал етеді. Журналистер биліктің қызметшісі түрінде емес шынайы «төртінші билік» дәрежесінде көрінгені мемлекеттің де, қоғамның да дамуына пайдалы.
Сол үшін журналистерді құқықтық тұрғыдан қорғау, БАҚ-тағы жарияланым немесе сюжет үшін оған қатысты мекемелердің жауап беру міндеттілігі, журналистің кәсіби міндетін атқаруына мемлекеттік және басқа органдардың көмектесуі қоғамның демократиялануына жол ашар еді. Ұлыбританияның «The Sunday Times» басылымының жазуынша журналистерде стресстік жағдайлардың туу ықтималдығы кәдімгі әскери ұшқыш, таксист, өрт сөндіруші сияқты мамандық иелерінен де жоғары болады екен. Әсіресе, шиеленіс нүктелерінде, әлеуметтік сілкіністер орын алған тұстарда журналистер өмірі қауіпке толы болатыны анық.

АҚШ-та журналистердің жалақысы жылына $28 мың (10 млн тг) мен $75 мың (28 млн тг) аралығында. Ал бізде жылына табатыны 3 мың мен 5 мың доллар шамасында.

Түркияда журналистерге бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер бар. Әзірбайжан елінде БАҚ-ты мемлекеттік қолдау Қоры жұмыс істейді. Тіпті өткен жылы Бакуде журналистерге арнап әрқайсысы 250 пәтерлік тоғыз қабатты екі үй салынып пайдалануға берілді. Биыл үшінші үй құрылысы қолға алыныпты. Бізде мұндай жағдай арман ғана. Жас журналистер шиеттей бала-шағасымен пәтер жағалап жүр. Әлеуметтік тұрғыдан мүлде қорғалмаған. Құқықтары мен міндеттері қамтыла отырып журналистерге қатысты мұндай қамқорлық жасалса қанеки?!
Мына көрші Ресейдің өзінде Ресей Журналистер одағының бастамасымен журналистерге мобильдік байланыс, көлік, қонақ үй, несие алуда жеңілдіктер жасау туралы мәселелер көтеріліп жатыр. Осындай жағдайларды ескере отырып, Қазақстанда аудандық, облыстық, республикалық БАҚ-та жұмыс істейтін журналистерге ең болмаса сол деңгейде белгілі бір жеңілдіктер қарастырылса оңды қадам болар еді.

Бұдан отыз жыл бұрын Шерхан Мұртазаның бастамасымен Алматыда Абай мен Саин даңғылдарының қиылысында журналистерге арнап үй салынғаны есте. Сондай тәжірибені Астана мен Алматыда қайта жандандырса қайтер еді?! Сондай-ақ түрлі әлеуметтік бағдарламаларға қатысуда журналистерге мемлекеттік қызметкерлермен теңестірілген мүмкіндік, қоғамдық көлікте жүруде, ипотекалық пәтер немесе жер учаскесін алуда жеңілдіктер қарастырылса да артықтық етпейді.

Қазақстанда 100 мың тұрғынға 445 полиция қызметкері келеді екен. Әлемдік стандартта 300-ден аспау керек. Соншама полицияға қаншама жеңілдіктер қарастырылған. Таяуда олардың жалақысы тағы да айтарлықтай көтерілді. Ал бүкіл Қазақстанда журналистер саны 4 мыңнан сәл-ақ асады. Оларға жасалған жеңілдіктерден бюджетке бәлендей нұқсан келмейді. Осы жақтарын ескергенде Қазақстанда журналистерге қатысты арнайы мәртебе (статус) белгілеудің ешқандай қиындығы жоқ екендігі көрініп тұр.

Қасым-Жомарт Кемелұлы БАҚ-қа қатысты осы проблемаларды қолға алса қоғамның демократиялануы ары қарай қиынға түспесі анық.

Марат Байділдәұлы

author

Марат Тоқашбаев

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...