Белгілі журналист, «Отандастар қоры» мемлекеттік коммерциялық емес акционерлік қоғамыны...
Гүлнар Салықбайдың қазақ журналистеріне ескертуі
І
1. Әр сөзді орнымен қолдану керек. Кейде сөздердің орны ауысып кеткендіктен немесе журналист айтар ойын дұрыс жеткізе алмағандықтан, сөйлемнің мағынасына нұқсан келіп жатады. Мысалы, «Қостанайда пара алған кеден бекетінің(?) басшысы ұсталды». Пара алған кеден бекеті ме, басшы ма? Дұрысында «Қостанайда кеден бекетінің пара алған басшысы ұсталды» болуы керек қой. «14 желтоқсанға арналған ауа райы болжамы». Ауа райы болжамы қалай арналады? «14 желтоқсандағы ауа райына болжам» деген дұрыс.
«Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектептерінің тәрбиеленушілері мерекелік датаны білдіретін(?) «25» деген санға сап түзеп(?),өзгеше акция өткізді». Дұрысы: «…Тәуелсіздік мерекесі құрметіне «25» санын бейнелеп, сап түзеп…».
«Бірнеше мыңдаған адам өздерінің(?) парақшаларында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы аясындағы фотосуреттерді орналастырды. Дұрысы: «Мыңдаған адам парақшаларына Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы аясында түскен фотосуреттерін салып қойды».«Қазақстандықтар да өз еліне деген сүйіспеншіліктерін білдіре отырып, желіде шағын мәтіндері мен роликтерін орналастыруда». Дұрысы:«Еліне деген сүйіспеншілігін білдіргісі келген қазақстандықтар да желілерде жылы лебіз білдіріп, роликтерін жариялап жатыр».
2. «Ұлықтау» сөзі туралы. Біз Президенттің қызметке кірісуіне байланысты салтанатты рәсім – иннаугурацияны «ұлықтау» деп жүрміз. «Ұлықтау» «ардақ тұту», «құрмет көрсету», «қадір тұту» деген мағына білдіреді.Алайда бұл сөз қазір «еске алу», «дәріптеу», «құттықтау» деген мағынада да қолданылады. Бұл дұрыс емес. Мысалы «ұлттық нақышты ұлықтау», «ұлттық спортты ұлықтау», «ұлы мереке ұлықталды», «ұлттық валюта ұлықталды» деген тіркестер дұрыс емес. Бұл сөздің тек адамға қатысты айтылғаны дұрыс.
3. Орыс тілінен ауысқан тағы бір жайсыздық – бастауышы да, баяндауышы да атау тұлғалы зат есімнен тұратын сөйлемдерге «ол» деген сөзді қыстыру. Мысалы, «Тәуелсіздік, ол – бақыт». «Независимость, это…» деген сияқты.
4. Ана тіліміздегі «нәпақа», «пұшпақ» сияқты ежелден келе жатқан сөздерді, кейбір теңеулерді орынсыз қолдану. Мысалы, біреудің қайда жұмыс істейтіні туралы ақпарат бергенде «Ол базарда арба сүйреп, нәпақасын тауып жеп жүр» дейміз. Бұл көркем шығарма емес қой… «Нәпақа» – араб тілінен енген сөз (азық-түлік). «Базарда жүк тасушы болып жұмыс істеп жүр» деуге болмай ма? Тағы бір мысалы: «Жас әнші жанына жақын саланың пұшпағын илеп, Алматы маңынан бизнес ашқысы келеді». «Илегендері бір терінің пұшпағы» деген тұрақты тіркес бар. Бұл жерде өте орынсыз қолданылған. «Бойлары сымға тартқандай түзу». «Сымдай тартылған» деуге болады, ал «сымға тартқандай» деген дұрыс емес. Сымға тартпайды.
5. «Қайырлы күн», «қайырлы таң», «қайырлы түн» деп амандасу – кезінде Ресей фильмдерінің қазақша аудармасынан сіңіп қалған нәрсе. Қазақта «кеш жарық» деген бар. Меніңше, ұлттық арнадағы осы «қайырлыларды» тоқтату керек. Қазақша амандасайық.
6. Қазір «алдымен, әуелі» деген сөздердің орнын «бірінші кезекте» деген тіркес біржола жаулап алды. Бұл да орыстың «в первую очередь» дегенінің аудармасы. Мысалы, «Негізінен бұл компаниялар, ең бірінші кезекте жергілікті тұрғындарды жұмысқа қабылдау керектігі жөнінде аудан әкімімен келіскен». Біріншіден, бұл сөйлемде сөздердің орны ауысқан. «Негізінен», «керектігі» деген сөздер артық. Дұрысы: Бұл компаниялар жұмысқа ең алдымен жергілікті тұрғындарды қабылдау жөнінде аудан әкімімен келіскен».
7. «Жіберіп алмаңыз». Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «жіберу» сөзіне мынандай анықтама берілген: «Жіберу – біреуді бір жаққа жұмсау, аттандыру. «Жіберіп қалды» – қолындағыны лақтырды, ұрды». Ұлы сөзде ұяттық жоқ, «жіберіп қойды» деген де тіркес бар. Оның мағынасын айтып жату артық шығар. Сондықтан «жіберіп алмаңыз» дегенді тоқтатайық. Тым құрыса, «қапы қалмаңыз» дейік те.
8. «Таңдау» деген сөз де орысша қолданылып жүр. «Мені таңдады» дегенді «таңдау маған түсті» деп айтамыз.
9. «Иеленді» деген сөз бір нәрсеге өздігінен ие болып, меншіктеп алды» деген мағына береді. Біз болсақ, «бірінші орынды иеленді» дейміз. «Бірінші орынға ие болды» деу керек.
10. Қазір «мұғалім» деген сөз қолданыстан шығып барады. Өйткені, оқытатын адамдардың бәрін «ұстаз» дейтін болдық.
11. «Болып табылады, болып саналады». Екі сөйлем жазсақ, бірін осылай аяқтауды бұлжымас дәстүрге айналдырып алдық.
«Астанадағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарының ең көп тараған түрі (?) өз қызметін асыра пайдалану, алаяқтық және пара алу(?) болып табылады» (Біздің жаңалықтардан). Дұрысы: «Астанадағы сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстардың ең көп тараған түрлері – алаяқтық пен парақорлық».
12. «Барғансыз ба?», «барғансыздар ма?». «Сіз Францияға барғансыз ба?». Журналистер тілдерін бұрап, осындай сұрақ қояды. Дұрыс емес екені айтылуының қиындығынан-ақ білініп тұр ғой. Дұрысы: «Сіз Францияға барып па едіңіз?» немесе «Францияда болып па едіңіз?, «Францияда болдыңыз ба?»
13. «Бешбармақ». Қазақта мұндай сөз жоқ. «Қазақша ет» деу керек. «Бешбармақ» – шетелдіктердің мазақтап айтқан сөзі.
14. «Нәтижесінде», «айтуынша», «салдарынан».
«Индустрияландыру картасы аясында биылғы алты айдың өзінде жалпы құны 175 млрд теңге болатын 30 жоба қолға алынған. Нәтижесінде 4 мың жаңа жұмыс орны ашылды». Қазір осындай басы шолақ сөйлемдер көбейіп кетті. «Соның нәтижесінде» деуге ерініп, сөйлемді «нәтижесінде» деген жарты сөзбен бастаймыз.
15. Жұмыс, жұмыс істеу, еңбек ету деген зат есімдер мен етістіктердің орнына еліміздің оңтүстік өңірлерінде ғана айтылатын (ОҚО, Жамбыл облыстары) «тірлік» деген зат есім мен «тірлік істеу» етістігін қолданатын журналистер де аз емес. Ұлттық арнаның журналистері жергілікті жердің шеңберінде қалмай, әдеби нормаға сай сөйлеуі керек. Мысалы, «Ал гүл өсіру жүйелі һәм тындырымды тірлікті талап етеді».
«Мысалы, кейбір осы нағыз мықты, үлкеееен тірліктер бітіріп жүрген нәзік жандыларды көрем». («Бірге таңдайық» бағдарламасының жүргізушісі)
16. Айтқан сөзіміздің тең жартысынан көбі «жаңағы».
17. Артық мадақ , ұлы «Өнерімен алты алашты тәнті еткен, асқан дарын иесі» деп, кім көрінгенді мадақтау. Мақтау мен мадақтың да орны бар. Қазір екінің біріне «ұлы», «кемеңгер», «данышпан» деген сияқты анықтауыштарды аямай үлестіре беретін болдық. Журналистер осыдан сақ болуы керек. Мысалы, мен сценарий қарағанда бір қазіргі замандағы белгілі жазушысының алдындағы «ұлы ойшыл, кемеңгер» деген сияқты анықтауыштарды алып тастадым. Сонда Әл-Фарабиді, Абайды кім дейміз?
18. Көптік жалғауды бірде орынсыз қолдансақ, енді бірде қалдырып кетеміз.«Қой шаруашылығын дамыту жөніндегі жоба – соның бірі». Бұл арада «соның бірі» емес, «солардың бірі» болуы керек. Өйткені, алдындағы сөйлемде осындай бірнеше жоба бар екені айтылады. Бұл сөйлемде бастауыш екі сөзден тұрады. Бастауыш – «солардың бірі». Баяндауыш – «жоба».«Қой шаруашылығын дамыту жөніндегі» – анықтауыш (қандай?). Бастауыш («солардың бірі») сөйлемнің басында тұруы керек.
19. Қазіргі сөйлемдердің түсініксіздігі сонша, бірнеше рет оқымасаң, ұқпайсың. Ал осы сөйлем теледидардан айтылса не болады? Көрермен: «Қане, не дедің, қайта айтшы?» , – деп сұрай алмайды ғой. Мысалы, «Ал қыста мал шаруашылығы жем-шөпке деген қажеттіліктің 60 пайызы деңгейінде ғана қамтылатын».Теледидар мен радиодан айтылған сөз құлаққа жеңіл, түсінікті болуға тиіс.
20. Біріңғай мүшелерді жұптап айту да жиі кездесетін қателік. «Әсіресе агроном мен балық шаруашылығының маманы, зоотехник пен мал дәрігері жетіспейді». Бұл арада «мен» деген жалғаулық шылау қосып, екі-екіден жұптаудың қажеті жоқ.
21. Күмпілдеген, бос сөзге үйірлік. Мысалы, «Уызға жарыған ұрпақ(?) бабалардан жалғасқан осы үрдісті жаһандану дәуірінде де жадынан шығарған жоқ». «Осы ұлы адамдар, тарихта есімі қалатын тұлғалар аянмен беріледі(?)деген таным (?) бар».
22. «КСРО», «Қазақ КСР». Тарихта мұндай мемлекеттер болған жоқ. Барлық құжаттарда «СССР», «Қазақ ССР» деп жазылған. Ал «кеңес» кейін өзіміз аударып алған сөз. Сондықтан тек қана «СССР», «Қазақ ССР» деп айтқанымыз дұрыс.
ІІ
- «Пайдалы мәліметтермен бөліскеніңіз үшін алғыс білдіремін!» немесе «Пайдалы кеңестеріңізбен бөліскеніңізге үлкен рахмет!» – бұл арада «бөліскеніңіз үшін» деген тіркестің қажеті жоқ, кеңесті бөліспейді. «Пайдалы кеңес бергеніңіз үшін рахмет!» , «пайдалы мәлімет бергеніңіз үшін рахмет», тіпті «пайдалы мәліметіңіз үшін рахмет» десе болды.
- «Тұтыну» сөзі. Қазір журналистер «қандай тамақ тұтынасыз?», «қандай киім-кешек тұтынасыз?» деп сұрақ қоятын болды. «Тұтыну» сөзінің де қолданылатын жері бар. Мысалы, «халық тұтынатын тауарлар» деген сияқты. Ал енді киім, тамақ, тағы басқаларға қатысты орынсыз қолдана берудің қажеті жоқ. «Қандай тамақ жейсіз?» деп, өзіміздің түсінікті тілімізде сөйлеуіміз керек.
- Бізде кейбір «көше сөздері» төрге шығып кетті. Мысалы, «Мәселенің мән-жайын майшаммен қарау үшін…» деген тіркесті алайық. Бұл – жай біреудің айта салған сөзі. Ешқандай мағынасы да жоқ. Осындай сөздерден аулақ болсақ.
- «Өз» есімдігін орынсыз қолдану. Қазір «өз» есімдігінің жүрмейтін жері жоқ, көз сүрінеді. «Жұмысыма бардым» дегеннің орнына «өзімнің жұмысыма бардым» дейміз. Жай ғана «анам» дегеннің орнына «өзімнің анам» дейміз.
- Сөздердің орнын ауыстырып, тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын білмегендіктен, қате қолдану, артық ақпарат қосу, бос сөз қосып сөйлеу .
А) «Қазақ биін билеп, жоғарғы ұпайлардың бірі 48-ді алды». Бұл – біз сценарийде жөндеп жіберген бір сөйлем ғана. Жазып отырған адамның айтайын дегені – біреудің қазақ биін билегені үшін 48 ұпай алғаны. «Қазақ биін билегені үшін 48 ұпай жинады» десе болды ғой, ол 48-дің жоғары («жоғарғы» емес!) ұпай екені онсыз да белгілі емес пе.
Ә) Сөзді қате қолдану. Мысалы, «Буын ауруы 29 жастан кейін сыр бере бастайды» деген сөйлемді алайық. Бұл да – қаралған сценарийде жөнделген сөйлемдердің бірі. «Сыр берді» деген тіркестің бар екені рас. «Буындарым сыр беріп жүр» деуге болады («буындарым ауырып жүр»). «Қанша қиналып жүрсе де «сыр бермейді» деуге де болады (қиналғанын білдірмейді деген мағынада). Ал жоғарыдағы сөйлемде бұл тіркес мүлде орынсыз қолданылған. Дұрысы: «Буын ауруы 29 жастан асқан адамдарда кездеседі».
Б) Тұрақты сөздердің өңін айналдырып немесе орнын өзгертіп, қате қолдану. Қазақ тілінде «исі мұрнына бармайтын» деген тұрақты сөз тіркесі бар. Мұндай тұрақты тіркестер толып жатыр. Бұл тек бір мысал ғана. Ал біз осы тіркесті шала-шарпы білгендіктен, былай жаза саламыз: «Бірақ археологияның исін білмейтін жандар ғана осылай ойлайды». Дұрысы: «Археологияның исі мұрнына бармайтын жандар». Немесе «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегенді «қуырдақтың көкесі түйенің еті» дей салатындар да бар.
В) Ойдан сәтсіз мақал құрастырып айту, мақалдарды орынсыз немесе қате қолдану. «Қазақта осындай бір тәмсіл бар» деп мақалдата жөнелу әдетке айналып кетті. Мақал-мәтелдер ғасырлар талқысынан өтіп, әбден қырналған, мінсіз сөздер ғой. Бір мақалды есіңізге түсіре алмасаңыз, ғаламтор бар, қараңыз, кітап та жетіп жатыр. Мысалы, біздің бір журналист «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай артынан ереді» деген мақал шығарып алыпты.
- Сөйлемдерді ретті-ретсіз «дегім келеді», «деймін», «десе де артық айтқандық болмас еді», «десем де болады», «анық», «сөзсіз» деген сияқты сөз тіркестерімен аяқтауға құмарлық. Мысалы, «Мен ол адамды қатты сыйлаймын десем де болады». Бұл тіркестер сөйлемге ешқандай мағына үстемейді, керісінше, айтылар ойдың мәнін жоғалтып, дүдамалдық туғызуы мүмкін.
- Қазақ тілінде қалыптасқан тіркестер бар. Мысалы, домбыраны шертеді немесе тартады. Ал біз «домбырада ойнайды» дейміз. Бұл да – орыстың «играет не домбре» дегенінен алғанымыз. «Орамал тақты» дейміз. Орамал тартады, сырғаны тағады. «Темекі шекті, шылым тартты» дейміз. Темекіні тартады, шылымды шегеді. Қыздарды «үйленді» деп жатамыз. Қыздар тұрмысқа шығады, ер адамдар үйленеді.
- «Туылған» деген сөз. Бүгінде жаппай «туылған күнім», «туылған жылы» дейтін болдық. Бұл туралы жазушы, ғалым Мұхтар Мағауин нақтылы дәлел келтіріп, пікірін айтқан болатын. Бала туады, ана табады.
- Қазір өткен шақтағы болымсыз етістік қате қолданылып жүр. Мысалы, «Ол шетелге бармады» дейді. Өткен шақтағы болымсыздық мән беретін етістік «-қан, -кен, -ған, -ген» жұрнақты есімшеге «жоқ» деген модаль сөз жалғану арқылы ғана қолданылады. Мысалы, «Ол шетелге барған жоқ».
- Құрмалас сөйлем. Құрмалас сөйлем екі немесе бірнеше жай сөйлемнен құралып, күрделі ойды білдіреді. Ол сөйлемдер мағыналық жағынан өзара байланысып тұруға тиіс. Ал біздің айтатын немесе жазатын құрмалас сөйлеміміз көбінесе екі толық, ой аяқталған сөйлемнен тұрады. Мысалы, «Ол базарға барды, бір қап ұн сатып алды» дейміз. Бұл – екі баяндауышы болғанмен, ортасына нүкте қойып, екінші сыңарын бас әріппен бастаса, әрқайсысы ой аяқталған жай сөйлемдер. Құрмалас сөйлем болу үшін «Ол базарға барып, бір қап ұн сатып алды» деу керек.
- Қазір бәріміздің ішімізде бір-бір орыс бұғып отыр. Білсек те, білмесек те орысша ойлайтын болдық. Сосын соның жаман аудармасы арқылы қазақша сөйлем құраймыз. Орыс тілінен тікелей аударылған тіркестердің бірі – «маңызды» деген сөзге байланысты. Егер «маңызды шаруа» десек, бұл сөз өз орнында тұр дейміз. Бірақ қазір екінің бірі: «Мен үшін бұл маңызды емес, маңыздысы сол…» деп сөйлеуді әдетке айналдырды. «Это не важно, важно то…» дегеннің тікелей аудармасы ғой. Қай қазақ «мен үшін маңызды» деп сөйлеуші еді. Контекске қарай басқаша айтуға болады ғой. Мысалы, «Мен үшін атақ маңызды емес, маңыздысы сол, жазғаным жұрттың көңілінен шықса болды» дегенше, «Атақ алсам деп армандамаймын, жазғаным жұрттың көңілінен шықса болды» десек, анағұрлым қазақша болмай ма.
- Қазақ тілінде сөйлем мүшелерінің орналасуы орыс тілінен мүлде бөлек. Бізде бастауыш көбінесе басында, баяндауыш соңында тұрады.
Біз қазір ресми мәтіндердің өзінде де бастауышты немесе сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерін сүйреп әкеліп, соңына қойып айтатын болдық. Мысалы, «Ресми сапармен Қытай Халық Республикасына аттанды премьер-министр» дей саламыз. - Қазір «Сіз өзіңізді қалай сезінесіз?» деп хал сұрайтын болдық. Бұл да орыстың «Как вы себя чувствуете?» дегенінің аудармасы. «Жағдайыңыз қалай?» деген сөз ғой. «Өзімді бір түрлі сезініп тұрмын» дейтініміз де бар. «Бір түрлі болып тұрмын» демейміз.
- Жіктеу есімдігін орынсыз қолдану. Орыс тілінде жіктеу есімдігі қолданылмайтын сөйлем некен-саяқ. Ал бізде көбінесе жасырын тұрады. Яғни, «мен, сен, ол, біз» деп айта бермейміз. Орыс тілінен ауысқан тағы бір әдет – бір сөйлемде бірнеше рет, келсін, келмесін есімдіктерді ретсіз қолдана беретін болдық. Осындай сөйлемдерді қарап отырсам, сөздердің орналасу реті түп-түгел орысша болып келеді. Мысалы, «Мен бауырыммен ашық сөйлескім келіп еді, бірақ ол түсінбеді мені». «Бауырыммен ашық сөйлескім келіп еді, бірақ ол түсінбеді».
- Табыс септігін орынсыз қолданамыз. Қазақ тілінде табыс септігінің жалғаулары да көбінесе жасырын тұрады. Біз қазір «Қолыма қаламды алып, жазуға кірістім» дейміз. Дұрысы, «қолыма қалам алып, жазуға кірістім».
- «Мүмкіндікке ие». Қазір осы тіркестен көз сүрінеді. Мысалы, «Бұл кәсіпорын осындай үлкен мүмкіндіктерге ие» дейміз. Өте сәтсіз тіркес, айтсаң, тілің күрмеледі, жазсаң, үйлеспегендіктен көзге ұрып тұрады. Тым құрыса, «Бұл кәсіпорынның осындай үлкен мүмкіндіктері бар» немесе «мүмкіндігі зор» дейік те.
- Сериалдардан кірген «хош көрдік», «қолыңа дерт бермесін», «қолың дерт көрмесін» деген сөздер де біздің тілімізге дендеп еніп барады. Осыдан арылуымыз керек.
- «Толықтай келісем» деген дұрыс емес, «толық келісем» деу керек. Бұл да өте жиі кездесетін тіркес.
- «Еңсеру, бағындыру» деген сөздер де сәнге айналып кетті. Мысалы, «Соңғы 10 жылда Қазақстаннан заңсыз шығарылған қаржы көлемі 100 миллиард долларды еңсерді» дейді журналист. Дұрысы «Соңғы 10 жылда Қазақстаннан заңсыз шығарылған қаржы көлемі 100 миллиард долларға жетті» болуы керек. «Үлкен шаруаны еңсеріп тастады» десек бір жөн. Соңғы кезде «жетті» деген сөздің орнына «еңсеру» біржола орнығып алған сынды. «Бағындырды» деген сөз де орынсыз қолданылып жүр. «Эльбрус шыңын еңсерді», «Эльбрус шыңын бағындырды» дейміз. Шыңды қалай еңсеріп, қалай бағындыруға болады? Тағы да сол орыстың «покорять» деген сөзін аударып жүрміз.
- «10 метр /болады/» дегенді «10 метрді құрайды» дейміз.
- «Алға тартты» деген де бүгінде әбден жауыр болған, жасанды сөз. Ешқандай мағына бермейтін осы тіркестен аулақ болсақ жақсы болар еді.
- «Өз кезегінде» деген де – осындай жасанды тіркестердің бірі.