Ханкелді Әбжанов. Жұмабек Тәшенов ел тұтастығын қалай қорғады?

СӨЗДІҢ АТАСЫ
2779

Ұлы тұлғаның тарихтағы рөлі қилы өлшемдермен анықталады екен. Біреулері ғылым мен техника саласында көз көріп, құлақ естімеген жаңалық ашуымен тарихқа енсе, екіншілері әдебиет пен өнердің үздік шығармасын туындатуымен атын мәңгілікке қалдырады. Ал, саясат пен мемлекеттік билік саласында ұлыларға қойылатын талаптың, ұлылар қатарына кірудің өлшем-ұстанымы мүлде бөлек. Егер алдыңғылардың ұлылығы өзі өмір сүріп  тұрған заманда ресми рәсімделусіз анықталып жатса, саясат пен мемлекеттік билік әлеміндегі ұлының ұлылығы  әлденеше жылдар емес, ғасырлар өткеннен кейін мойындалуы, жемісін беруі мүмкін. Ұлт тарихы тағылымына сүйене айтар болсақ, ХХ ғасырдың алыптары Қаныш Сәтбаевтің, Мұхтар Әуезовтың, Шәкен Аймановтың, Мұрат Айтхожиннің, тағы басқалардың интеллектуалдық ерекше жаратылысы жаңалықтарымен, кітаптарымен олардың көзі тірісінде мойындалды. Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Смағұл Сәдуақасов, Халел Досмұхамедов аласұрған ХХ ғасыр басындағы саяси үдерістердің нағыз серкесі екенін енді ғана танудамыз. Қазақстанға, қазақ халқына сіңірген еңбегі әзірге лайық бағаланбаған, міне, осындай таутұлғалардың қатарында Жұмабек Тәшенов тұр.

Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс -берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында “қазақ ауылын” құрды деп айыпталды. “Қазақ әдебиеті” газетін жабудан, “Социалистік Қазақстан” газетін “Казправданың” аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды. “Ұлтшыл” деп айыпталып, Н.Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды.

Қазақ уикипедиясында өмір жолына қысқаша шолу беріліпті: Тәшенов Жұмабек Ахметұлы (20.3.1915, Ақмола облысы Аршалы аудан Бабатай ауылы – 18.11.1986, Шымкент қаласы) – мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымының кандидаты (1962). Ақмола құрылыс техникумын (1932), КОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін (1955) бітірген. 1934-1939 жылдары Бейнетқор аудандық атқару комитетінің хатшысы, аудандық жер бөлімінің меңгерушісі, 1939-1943 жылдары Ақмола облысы жер бөлімі бастығының орынбасары, 1944-1947 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы партия комитеті хатшысының орынбасары, мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, 1947-1948 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы (1948-1952) болды. 1952-1955 жылдары Ақтөбе облысы партия комитетінің 1-хатшысы, 1955-1960 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы, 1960 – 1961 жылдарыҚазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс -берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында “қазақ ауылын” құрды деп айыпталды. “Қазақ әдебиеті” газетін жабудан, “Социалистік Қазақстан” газетін “Казправданың” аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды. “Ұлтшыл” деп айыпталып, Н.Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды. 1961 – 1975 жылдары Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. 1975 жылы одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты. Өмірінің соңғы кезеңінде “Қаракөл” ғылыми-зертханалық институтында, Оңтүстік Қазақстан облысы талдау-есептеу орталығында қызмет атқарды. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталған.

Жұмабек Тәшенов кеңестік Қазақстан басшыларының шоғырында бар болғаны алты-ақ жыл жүрді. 1955 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы қызметіне тағайындалған ол 1961 жылы республика үкіметі басшылығынан босатылғанда 46 жаста ғана еді. Бірақ, сол 1955-1961 жылдар Қазақстанның ғана емес, әлем тарихында айрықша маңызды кезең болатын.

Біріншіден, Азия мен Африканың халықтары азаттыққа қол жеткізіп, отарлық жүйе күйрей бастады. Кеңестер елінде Ганди, Неру, Мао, Фидель Кастро, Насер есімдері ауыздан түспейтін. Біразымен қазақ басшысы кездесті, келіссөздер жүргізді, пікір алмасты. Жұмабек Тәшеновтей сұңғыла ой иесі қазақтан тарыдай артықшылығы жоқ басқа этностар тәуелсіз төл мемлекетін құрып жатқанда Мәскеудің ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында қалған туған халқының, қазақ мемлекетінің болашағына алаңдағаны, шынайы азаттықты армандағаны күмәнсіз.

Екіншіден, тың игеру желеуімен қазақ ауылдарына ағылған славян ұлты өкілдерінің легі ай сайын артып, демографиялық ахуалды асқындырғаны,  қазақ тіліне, мәдениетіне, баспасөзіне, оқу орындарына кереғар салмағын түсіргені көзге ұрып тұрды. Мұның арты ұлтсыздануға, тамырсыздануға ұласатынын қазақ оқығандары мен зиялылары ғана емес, дәстүрлі қоғам тәрбиесін көрген ауыл ақсақалдарына дейін сезінді. Ақмола өңірінің перзенті Ж. Тәшенов ауылдан басталған мәңгүрттенудің зіл батпан салмағын көрмей қалған жоқ. Тұтас халықтың тарихи санасын адастыру адамзат тарихындағы сирек қасіреттердің бірі болатын.

Үшіншіден, «халық жаулары» ретінде айыпталып, 1937-1938 жылдары атылғандарды жаппай ақтай бастау тарихи әділдік салтанаты еді һәм социалистік идея мен практиканың пәрменділігін, тартымдылығын әлсіретіп қана қойған жоқ, оған сенімсіздікпен қарауға түрткі болды. Социализмнің бесігіндей көрінген Мәскеу, Кремль, тіпті барша құқық қорғау жүйесі жойдасыз зорлық-зомбылыққа барғаны әшкереленіп, көзіқарақты қазақ зиялыларына тарих тағылымынан бұрынғыдан өзгеше пайым-тұжырымдарға бару қажеттігін алға тартты. Қарт коммунист С. Кенжебаевтың айтуынша, Ж. Тәшенов арыстарды ақтау ісіне белсенді түрде қатысқан. Бұл науқан Тұлғаның саяси-идеологиялық ұсынымын өзгертпесе де, туған халқына жақындата түскені сөзсіз. Жеке басқа табынуды сынау халықаралық коммунистік және жұмысшы қозғалысына сызат түсіргенін ескерсек, қазақ басшысының ұлтжандылығын нығайта түскеніне күмәніміз болмауы керек.

Төртіншіден, ХХ ғасырдың 50-60 жылдары межесінде қазақтың бірнеше әйгілі азаматтарының кеңестік ең көрнекті марапатты – Ленин сыйлығын иеленуі ұлттық сана-сезімді дүр сілкіндірді, ұлттық мақтаныштың өсуі мемлекеттік дербестік, әлемдік үдерістердегі Қазақстанның орны жайлы ойлауға жетеледі.

Міне, осындай тағдыранықтағыш сәтте Мәскеу билеушілерінің назарына іліккен, бас хатшы Н.С. Хрущевтің алғашқыда қолдауымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі президиумінің төрағасы, Қазақстан министрлер кеңесінің төрағасы қызметтеріне жоғарылатылған  Ж. Тәшенов социализмнің асқынған қайшылығын, азды-көпті жақсылығынан басқа орталықтың өктемдігі мен әділетсіздігін өз көзімен көре бастады. Әсіресе Б. Момышұлы мен Р. Қошқарбаевқа Кеңестер Одағының батыры атағын алып бере алмағаны жанына батты. Кеңестік биліктің екіжүзді табиғатынан жиіркенді.

Ол жол айырығында тұрды. Екінің бірін таңдауға мәжбүр болды. Бірінші таңдау – озбыр тоталитарлық жүйенің ережесі мен талабына көзсіз бағыну, айтқанынан шықпау. Бұл жолды таңдауы мүмкін емес еді. Екінші таңдау – Мәскеу билеушілерінің көңіліне жаққансып, мемлекеттік қызметі мен мүмкіншілігін қолдан келгенше халқының игілігіне жарату. Үшінші таңдау – басын бәйгеге тігіп, Қазақстан мүддесі мен болашағы үшін орталықпен айқасқа түсу.

Жұмабек Тәшенов екінші және үшінші таңдау жолына түсті. Екінші таңдау аясында ол Қазақ баспасөзін, оқығандарын, өнері мен ғылымын, тіпті астанасын қолдан келгенше желеп-жебеп, шарапатын тигізді. Осы таңдау шеңберінде қалғанның өзінде қазақ тарихындағы айрықша орны ешқашан жоғалмас еді.

Бірақ ХХ ғасырдың 50-60-шы жылдар межесінде қазақ халқы үшін өлім мен өмір бетпе-бет келгендей күн туды. Тың өлкесін құрап отырған солтүстіктегі бес облысты Ресей құрамына беру Кремльдегі талқылауға түсті. Соның алдында ғана Ж. Тәшеновтің келіспегеніне қарамастан оңтүстік өңірінің біраз жерін Өзбекстанға беріп жіберген Мәскеу билеушілері Қазақстан Конституциясын белден басқан болатын. Ел мен жер мүддесін жеке басының қаракетінен жоғары қоятын Жұмабек Тәшенов бұл жолы шарт кетті. Сол тұста оның жақсылығын, іскерлігін, қарымын, батылдығын көрген Нұрмолда Алдабергенов, Сағадат Нұрмағанбетов, Сағындық Кенжебаев, Серік Қирабаев, Аманолла Рамазанов сынды азаматтар бүгінде ұлт тарихынан лайықты орнын тауып отыр. Кеңестер Одағының Батыры, Халық қаһарманы С. Нұрмағамбетов былайша толғаныпты:

«Солтүстік облыстарды Ресейге қоса салу, қазақты қорлау, намысын жер ету, қалыптасқан шаруашылық-экономикалық қарым-қатынастарды біржола құрту деген сөз. Халықтың тағдырына балта шабумен бірдей», – дегенді ашық айтты.

«Әлбетте, оның республика Жоғарғы Кеңесінің төралқа төрағасы, Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасы (Үкімет басшысы) болып, шырқап көтерілуі тегін емес, үлкен талант иесі екенін, алғырлығын, білгіштігін танытады, туа дарын екендігін дәлелдейді. Қандай қызметте болса да, Жұмекең ең алдымен өз елінің мақсат-мүддесінен шығатын, халықтың жағдайын ойлайтын, халықтық, ұлттық мәселелерді Одақ бастықтарының алдында тайсалмай қоятын. Жүрегі қазақ деп соғатын біртуар азамат еді.

Ойы шолақ, өресі тар, пиғылы теріс, қоғам құбылыстарының тарихи мәнін жете түсінбейтін санасы тайыздар сол бір жылдары Қазақстанның теріскей өлкелерін Ресейге қоспақ болғанын біздер жақсы білеміз. Сол тар кезеңде Қазақстанның тұтастығы үшін жан беріп, тоталитарлық жүйеге ертедегі батырларша қарсы шыққан бірден-бір азамат осы Жұмабек Ахметұлы болды.

«Солтүстік облыстарды Ресейге қоса салу, қазақты қорлау, намысын жер ету, қалыптасқан шаруашылық-экономикалық қарым-қатынастарды біржола құрту деген сөз. Халықтың тағдырына балта шабумен бірдей», – дегенді ашық айтты.

Жұмекеңнің сол тұстағы ерлігін қазақ ұлты жоғары бағалады. Ал КОПК Орталық Комитеті мен Кеңес үкіметінің басшылары, әлбетте, оны жаратпады, өштесті, қудалады. Қолынан іс келетін, жүрегі от, бірбеткей азаматты қорлады, қызметтен босатты, «ұлтшыл» деген кінә тағып шеттетті.

Содан кейін ол 15 жыл бойында тапжылмастан Шымкентте облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет етті. Демек, 1947 жылғы лауазымды орнынан шегеріліп төмендетілді. Бірақ Жұмекең налыған жоқ, халыққа сыйлы, абыройлы болды. Бүкіл облыс жұрты, Жұмекеңді қатты құрметтеді, қолынан келген сый-сияпатын көрсетті. Қарапайым халықтың ұғымында ол ұлты үшін жанын қиған ұлтжандылығы үшін қиянатқа ұшыраған батыр, «кісендеулі дала жолбарысы» болып көрінді. Халық оның ерен тұлғасын тани білді».

Сондықтан Жұмекеңнің өз елі, халқы үшін істеген орасан ісі халық есінде мәңгі сақталып, ұлттық тағдыр төрінен орын алып, тарихымыздың үздік азаматтарының қатарында өмір бақи жасайтынына кәміл сенемін».

Дегенмен, Ж. Тәшеновтің бұл қайраткерлігінен ұлтқа қызметін ғана көруге болмайды. Ол Абай өсиетіндегідей барша адамзатты сүйді. Коммунистік партия мен кеңестік тоталитарлық жүйенің қойнауында өсіп-жетілгенімен тұтас әділетсіз құрылысқа қарсы шықты. Түптеп келгенде, тоталитарлық жүйені 1991 жылы күйреткендердің алдыңғы шебінде қазақтың батыр ұлы бар деп білгеніміз абзал.

Адамның мінезі тағдырын анықтайды деген сөз бар. Деректерге, естеліктердегі мәліметтерге жүгінсек, Н.С. Хрущев пен Ж. Тәшеновтің мінездерінде көп ұқсастық бар екенін көреміз. Жер мәселесі  көтерілгенше Кремль билеушісі мінезді, білімді қазақ басшысына қолдау көрсетті. Бірақ, еркіне жіберіп қойған жоқ. Қазақ басшыларын тұқыртып алуды ол 1954 жылы Ж. Шаяхметовке, Н. Оңдасыновқа қарсы қолданған еді. Осы жерде тағы бір сұрақ туады. Неге өзіне қарсы шыққан Ж. Тәшеновті республика басшылығындағы қызметінен алумен шектелді, неге біржолата тентіретіп жібермеді? Біздің ойымызша, мұның бірнеше себебі бар. Ең бастысы – жеке басқа табынуды сынаған Н.С. Хрущев саяси қуғын-сүргіннің жаңа толқынын туғызуға жүрексінді. Халықаралық беделі мен сыртқы саясатына нұқсан келетінін ұқты. Бұған қоса Қазақстанда, одақтас республикаларда ұлт мәселесін қоздырып алудан да сескенген болар.  Қалай болғанда да, Ж. Тәшеновтей қайраткер тұлғаны амалсыздан облыс деңгейіндегі басшы мәртебесінде қалдыруды жөн көрген.

1961 жылы бар болғаны 46 жасында саясаттан ығыстырылған Ж. Тәшенов Номенклатура тізімінен түсіп қалса да, халық жадына мәңгіге жазылды. Қазақ ортасындағы, қоғамдық санадағы биік беделі бұрынғыдан аспандай түсті, бір мысқал кеміген жоқ. Қазақстанның түкпір-түкпірінде аты аңызға айналды. Осыны білген арнайы қызмет адамдары оны дүниеден өткенше бақылаудан тыс қалдырмады. Ақпараттық кеңістік мейлінше тар сол бір тоқырау жылдарындағы Тәшенов феноменінің сыры қазақ менталитетінің оптимизмі мен гуманизмінде жатыр. Күніне сан мың пәле көрсек те,  болашақтан үміт  үзбейтініміз рас қой.  Сталин заманында да солай болған. Кеңестер одағы сталинизмнен арыла бастаған тұста ұлты үшін қызмет етуге даяр ұлт зиялыларын танып, қадірлеп, сенім жүгін артқан Жұмабек Тәшеновті тап сол азаматтар, солар тектес азаматтар сыбырлап-ақ, сырттай, дабыра қылмай, үздіксіз ұлықтап, қоғамдық санада бұрынғыдан бекемдей түсті. Қарапайым халық билік пен байлықтан шеттетілген, қоғамдық пікірді қалыптастырудан аулақ қалған, бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік идеологияға әбден байланған жылдарда зиялылардың ұлы тұлға Ж. Тәшеновке жасаған қызметі, есімі мен ісін санадан өшірмегені – халықты мәңгүрттенуден сақтап қалғаны, бүгінгі Тәуелсіздігіміздің   тарихи-өркениеттік кірпішін құйғаны.

Жұмабек Тәшенов 1986 жылы дүниеден озды. Арада бірер апта өтісімен әйгілі желтоқсан көтерілісі алпауыт империя – Кеңестер Одағының іргесін шайқады, 1991 жылы шаңырағы ортасына түсті. Азаттық аңсаған Тәшеновтей қазақ перзенттерінің арманы орындалды.

Ханкелді Әбжанов,

ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі,

тарих ғылымдарының докторы,

author

Жұмабек Тәшенев

ҚАЙРАТКЕР

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...