Павлодар облысының әкімі Президент тапсырмасын орындай ала ма?

СӨЗДІҢ АТАСЫ
3697

Павлодар облысында мүйізі қарағайдай кәсіпкер бірнеше ауыл тұрғындарын жайылымсыз қалдырып отыр. Өкінішке қарай, аймақта алпауыт бизнес құрылымдарының халықты ұлтарақтай жерге жарытпай, қанқақсатып отырған жағдайлары көптеп кездеседі. Күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселені баса айтқан болатын. Алайда, жергілікті жерде оған құлақ асып отырған облыс басшылығы жоқ.

Павлодар облысына қарасты Ақтоғай ауданының Ақтоғай, Қожамжар, Приреченск сияқты бірнеше ауылдың тұрғындары күн көріп отырған қорасындағы азын-аулақ малынан қол үзіп қалатын түрі бар. Себебі, онысыз да жыл санап тарайып келе жатқан жайылымдық жерлерінен айырылудың аз-ақ алдында тұр. Жергілікті жұртшылық «кәсіпкер, «Агро» шаруа қожалығының басшысы Игорь Головашов жайылымдық жерлерімізді басып алды» деп отыр. Ақтоғайлық ағайын осы мәселені айтып аудан әкімі Қаршыға Арыновқа, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовқа да шағымданған. Бірақ, нәтижесіз. Аудан басшысы түгілі, облыс әкімінің И.Головашовқа пәлен дейтіндей қауқары жоқ сыңайлы. Себебі ол - бір ауданды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған алпауыт бизнес иесі. 

Қожамжар ауылының тұрғыны Бөгембай Бектасұлының айтуынша, жергілікті жұртшылық жырақтан жайылым іздеп, тентіреп кететін түрі бар.

"Тұрғындар ауыл іргесіндегі бұл жайылымдық жерлерде 90-шылдардың басынан бері мал бағып келеді. Енді кәсіпкер ол жерлерді егістік алқабына айналдырмақ. Ауылдықтар шалғайдан жайылым іздеп, сабылатын болады. Малға жайлы жайылым табыла қойса жақсы. Ауыл іргесінде де баға алмаймыз. Ертең «малдарың егістікке түсіп кетті» деп айыппұл арқалатып жібереді. Қысқасы, тұрғындар үшін мал ұстау тиімсіз болып қалады",- дейді Бөгенбай Бектасұлы.

Павлодар облысында жайылымнан таршылық көріп отырған елді мекендер аз емес. Соның ішінде Павлодар ауданының бірнеше ауылын атауға болады. Онда ата кәсіппен айналысамын деген халыққа жер жетпей жатыр. Мысалы, Заря селолық округінің батысында орман шаруашылығы. Қалған аумақтарын аймаққа белгілі кәсіпкерлер, Ахметбековтер әулетінің жерлері алып жатыр. Яғни, Заря, Бірлік, Жертұмсұқ сияқты бірнеше елді мекен суармалы алқаптардың қоршауында қалған. 

Ауыл азаматтары мал басы жыл санап қысқарып келе жатқанын айтады. Себебі кәсіптің бұл түрімен айналысу тиімсіз болып барады. «Дұрыс мал бағу дегенді ұмытқалы қашан. Малдарды серуенге шығарғандай боламыз. Бір табын мал қырға бір ізбен шығып, бір ізбен қайтып келеді. Жан-жақтағы егістік алқаптарына түсіп кетпес үшін айдай жөнелеміз»,- деп налиды ауылдықтар. 

Осылайша, жерге бай қазақтың жайылымға жарымай келе жатқан жайы бар. Осындайда «аспаннан киіз жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмайтыны» рас па дерсіз. Жйылымға зар, өрісі тар болған елдімекен тұрғындары кімнен көмек сұрарын білмей отыр. Мәселені оң шешуге Павлодар облысы басшылығының шамасы келмейді, дейді жұртшылық. Бар үміт- Мемлекет басшысының Жолдауда берген пәрменінде.

"Қазір мал жаятын жерлерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шараларды қабылдауы тиіс",- деген болатын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Павлодар облысының басшылығы бұл тапсырманы орындай алар ма екен?

Жомарт Жылкелдіұлы

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...