Бұл мақалада жазушы өміріндегі шетін мәселелерді шекіп қана отырып жаздым. Кейде біреудің жеке құпия...
Рахымжан Отарбаев, жазушы: «Бізде идеология болса, пирамида салар ма едік...»
«Американы боқтадым...»
- Рақымжан мырза, былтыр ғана Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы едіңіз, қызметтен не себеппен кеттіңіз?
- Иә, бас директорлықтан еркіммен емес... күштеп кетірді...
- Қалайша, кім кетірді?!
- Кінә - өзімнен. Қысқа қайырып айтайын. Былтыр жаз айында Америка Конгресінен арнайы шақырту алдым, Ұлттық кітапхана басшыларының халықаралық жиыны өтеді екен. Вашингтонға бардық. Әспеттеп күтіп алысты. Бес жұлдызды қонақүйге орналастырды. Жиын басталды. Шатақ сол жерде шықты. Конгрестің бір қызметкері бәрімізге Қырғызстанды үлгі етіп, көсілді дейсің. Тоқтау жоқ. Оның уәжіне бақсақ, нағыз демократия сонда ғана екен. Көтеріліске шығу, тас пен таяқ алып президентін қайта-қайта қуу, қан төгу - әлгінің ойынша нағыз демократияның көрінісі. Ал Орта Азиядағы өзге мемлекеттер, оның ішінде Қазақстан да бар, сол ізбен жүруіміз керек. Сонда ұшпаққа шығамыз...
Қаным қызды. Сөзбен шарпыстық. «Америка - үндістердің сүйегінің үстінде тұрған мемлекет. Демократияның отаны - біз деп өрекписіңдер. Онда неге сол үндістер әлі күнге дейін резервацияларда қамаулы жатыр?! Сендердің көкейлеріңді тескен құрт - байлық. Басқа ешқандай адами құндылық қалмаған. Дүние жүзін қарумен, қитұрқы саясатпен жаулап алғыларың келеді...». Онымен де тоқтамай, көсіле біраз жерге шаптым. Өзара мені аса қауіпті элемент деп жариялаған. Сондағы біздің елшілікке, елдегі жоғары басшылыққа дереу хабар жөнелткен. Бұл оңбаған қазақ тағы бірдеңемізді жарып жібермесін деп күндіз-түні аңдыған. Он күн дегенде ұшаққа бағып әкеліп мінгізді. Қалған ғұмырда көрмегенім Америка болсын деп, мен кеттім. Енді мұнда аттап бастырмаспыз деп атымды елге кіргізбейтін қара тізімге іліктіріп олар қалды.
- Демек, Алматыға жеткен бір қауесетте Отарбаевты қызметінен кетірген мәдениет министрі Құл-Мұхаммед екен деген сөз рас қой...
- Министр Мұхтар Құл-Мұхаммедтің еш жазығы жоқ. Ол мені Президент Әкімшілігіне қызметке шақырған, қолдан келген жақсылығын аямаған азамат. Рақметтен басқа айтарым жоқ.
- Содан қайтып ешкім қызмет ұсынбады ма?
- Айта көрме! Америкадай алпауытты жетпіс жеті атасынан тізіп балағаттаған «бұзықты» кім жолатсын? «Халықаралық дәрежедегі қауіпті адам» деген қоңырауым бар ғой. Оның қасында «халық жауы» деген айналайын екен. Қоғамнан біржола аластап жібермегеніне шүкір. Ақорда, Көкордалардың дәлізінде менің «қылмысым» ашыған нандай күмпиіп, аңызға бергісіз боп тұрды.
- Сіз бір жылдары Президент Әкімшілігінде де қызмет еттіңіз. Ол жақтан неге орын суытып едіңіз?
- Президент Әкімшілігінде сектор меңгерушісі болып тура төрт жыл қызмет істедім. Еш өкінбеймін. Көп нәрсеге көзім ашылды. Ол жерде ешкім бетіме жел боп тимеді. Кітапхананың басшылығын ұсынды. Сосын кеттім.
- Сіз енді былтыр ғана кітапхана маманы болған соң, сұраймыз-дағы: Қазақстанда облыс орталықтары мен Алматы, Астанадан басқа жерде кітапхана қалды ма?
- Қазақта: «Барды жоқ деген - кәпір, жоқты тап деген - кәпір», - деген сөз бар. Кітапхана жоқ деп айта алмаймын. Қазақстанда ірілі-ұсақты 12 мың кітапхана бар және көбі жақсы жасақталған. Кітап қорын айтамын. Тек «әттегенайы» қызметкерлерінің айлығы төмен. Күнкөрісіне жетпейді. Қайыршы халде... Ал жаңа технологиямен жабдықталып салынған кітапханалар да баршылық. Мәселен, Қызылордадағы Әбділда Тәжібаев, Атыраудағы Ғабдол Сланов атындағы әмбебап кітапханалар кез келген өркениетті елдердегі кітапханалармен теңесе алады. Менің осы салада көптеген жоспарым, игі ойларым бар еді, әттең, жалғасын таппай қалды. Өкінішті...
Сыңар иықтап жүгірмеймін
- Астанадағы ақын-жазушылардың әдеби ортаға, рухани аралас-құраластыққа зәрулігін үнемі айтып жүресіз. Бұл енді кімнің кемшілігінен туған зәрулік деп ойлайсыз: Астанаға шенеуніктерін қаптатып, зиялы қауымды ұмыт қалдырған биліктің қиянаты ма, жоқ әлде бұға-бұға бейшара болған өз әріптестеріңіздің әлсіздігі ме?
- Астанада тоқсанға тарта қаламгер қауымы бар. Шын мәнінде аралас-құраласқа зәруміз. Бөлімше басшысы, атақты жазушы ағамыз - Әкім Тарази қолдан келген бар қамқорлығын жасауда. Десе де, қызмет бабы, күнкөріс қамы біздің басымызды жиі-жиі қостырмай келеді. Баяғы шығармашылық еркіндік жоқ. Оның үстіне, басы бүтін офиске де зәруміз. Астананың атақырдай бос тұрған ғимаратының бір босағасы бұйырмай-ақ қойды. Бұғып жүрген жоқпыз. Шындықты айтып шырқап та кеткеніміз шамалы.
Мәселен, жыл сайын Елбасы ақсақал қаламгерлерді қабылдайды. Елдіктің, бірліктің, ортақ мәміленің сөзін күтеді. Ал біздің екі-үш игі жақсымыздан басқасы не айтады дейсіз ғой: пәтер сұрайды, орден сұрайды, баласына, немерелеріне жіліктің майлы басын сұрайды, жалтақтайды, жалбаң қағады. Бейшаралығын әбден көрсетіп бағады. Тіпті болмаса, жата ғап хат жазады, ода арнайды, ән шығарады, бата қиыстырады. Президент те түңіліп кететін шығар. Болашақта ондай кісәпір пиғылмен келетіндерге тосқауыл қою керек. Өйткені олар жол таңдамайтын жорға сынды.
- Сіз билік алдындағы зиялы кемшілігін айтып отырсыз, ал биліктің халық алдында да күнәсі одан да ауыр сияқты. Қалай жасырып-жапқысы келгенімен, қазақ билігінің қазаққа, қазақ зиялыларына, ұлт мүддесіне енжарлығы көзге ұрып тұрады. Мұндай үдеріс соңғы бес-алты жылдың көлемінде тіптен ушыққан сыңайлы. Қазақ билігінің өз қазағына тасбауырлығы қайдан шыққан дерт деп ойлайсыз?
- Қазақтың билік басында жүрген азаматтарының бәрін қарау деп қара күйе жағуға болмас. Халық үшін қабырғасы қайысатын лауазым иелері бар. Бірақ тым аз. Саусақпен санарлық. Бұрын да айтқанмын. Тағы да қайталайын, біз тәуелсіздігіміздің жиырма жылында мемлекетімізді қалыптастырдық. Әсіре патриоттар жетіп артылады. Бірақ мемлекетшіл тұлғаларды қалыптастыра алған жоқпыз. Міне, трагедия! Өйткені биліктің қай бұтағында да сыбайлас жемқорлық отыр. Жершіл, рушыл, ләппайшыл кландар жайлап кеткен. Жігін бұзу еш мүмкін емес. «Это, конечно, сукин сын, но наш сукин сын» (Ф.Рузвельт) деген принцип үстемдік құрып тұр.
Лондонда, Дубайда қазақ коттедждерінен тұратын тұтас аудандар бар. Ол кімнің несібесіне келген аста-төк байлық? «Құл қашса, Қоңыраттан шығады» деген, мәселен, қылмысы біліне қалса, құйрықтарын түйіп қашу үшін керек. Қаншасы ел асып, жер асып жоғалды. Ылғи орнын сипатып кетеді. Кешегі аласапыран тоқсаныншы жылдары күн сайын бай өсіп шығып жататын. Қазірде алаяқтар қаптап өсіп шығып жатыр. Оларды тергеп, мошқап, тезге салатын заң орындарына да халықтың сенімі жоғалған. Заң жарықтыққа тіл бітсе, ең алдымен сол заң қызметкерлерінің өзін жазалар еді...
- Өткен жылдары елдің саяси алаңында «южандар» мен «батыстықтар» деген екі топтың пайда болғаны туралы бейресми ақпарат тарады баспасөзде. Сіздіңше, осы екі топтың арасындағы күйіп-жанған мәселе - тақ «мұрагерлігіне» талас қана ма, жоқ әлде ол әңгіменің төркіні тереңде ме?
- Қауесет бар. Анығын білмеймін. Ақордадан алыстап кеттім. Мұрагерлікке талас деп айта алмаймын. Мен білсем, бұл - ықпал ету аясын, кеңістігін ұлғайту жолындағы пендешілік текетірес. Нұрсұлтан Назарбаевқа тең келер тұлға әзірге жоқ сияқты. Әлдекімнің өті жарылып кетсе де, шындығы - осы. Егер тап қазір ғайыптан тайып президент орнынан кетер болса, ел тыныштығы бұзылып, соғыс шығып кетуі әбден мүмкін. Оған мүдделі топтар өз ішімізде де, сыртымызда да аз емес.
- Сізді сыншылар талантты жазушы, суреткер драматург ретінде жақсы бағалайды. Ал баспасөз бетінен қоғамдық пікірге араласқаныңызды, қазақи тағдырға араша түскеніңізді көп ести бермейміз. Мұныңызды қазіргі біздің зиялылар сияқты бойға дендеген бұқпантайлық деп түсінсек, сіз аса ренжи қоймассыз...
- Ешкім сөз сұрамаса, сыңар иықтап жүгірмейтін әдетім бар. Бірақ бұл бұқпантайлық емес. Кейбір газеттердің иеленіп алған жекеменшік пікір білдіргіштері бар. Солардан босамай жатады. Небір ащы нәрселерді сұрасын, білгенімше тартынбай айтайын. Құлағымызды кесіп алмас. Алса - өздері біледі.
- «Бұқпантайлық» дегенде, әлдебір ақын-жазушылар ер-тоқымдарын бауырларына алып тулайды. Бірақ бұған ашуланудың жөні жоқ: бүгінгі билік бұқара халықты қараңғы қораға қамаған қиянатты заманда, арашаға түсер зиялы табылмаған соң, бұқпантай демеске лаж бар ма?
- Кінәні тұтас жазушыларға арту дұрыс емес шығар, өйткені мемлекетімізде идеология жоқ. Идеология болса, Астананың төрінен асқақтатып Пирамида салып қоймас едік қой. Пирамида - мола емес пе? Молада қалайша келелі мәжілістер өткізіп, бәтуа басын байласамыз? Концерт, спектакль көрсетіп, қалайша сауық-сайран құрамыз?.. Яссауи ілімі, Абай өлеңдері мен қарасөздері идеология болып жарытпайды. Олардың тәрбиелік мәнін басқаша пайдалануымыз керек. Ал идеологияның көмекші құралы болған әдебиет - шын әдебиет емес. Ол өз бетінше дамуы керек.
- Сізді жас кезіңізде жазған Исатай мен Махамбет жайындағы романыңыздың қолжазбасын өртеп жіберген деседі...
- Рас өртедім. Гоголь болайын деп емес, әрине. Есім орнында сияқты. Әзірге құс келді, құс кеттім жоқ. Романды айтам... Етене ескі сүрлеу. Дайын оқиғалар. Таныс шайқастар. Бала күннен құлаққа құйылып қалған шежіре, шертпе сыр және бар. Ал да, жаз. Ең шыжығы - «ал бітірдім» деген жанкешті шақта басталды...
Артынша Астрахань, Мәскеу мен Орынбор мұрағаттарын сүзіп өтуім мұң екен, қапияда түбі жоқ түгесілмес қазынаға кезігейін. Алтын желі үзіліп-үзіліп барып кері жалғаныпты. Бөкейхан, Жәңгірхан, Фатима тоташ, портреті Кремльдің Георгиевский залында ілулі тұрған генерал-лейтенант Ғұбайдолла Жәңгіров, ғылымға сіңірген еңбегі үшін Семенов Тянь-Шанскийдің өз қолынан үлкен күміс медаль алатын М.С.Бабажанов, дағыстандық мұсылмандарға әліппе жасап беретін ғұлама Мақаш Шолтыров, атақты Шәңгерей Бөкеев...
Осы арыстардың бәрін тәрк етіппін. «Ханшасын - қатын, керегесін - отын» қылған Махамбет көкемшілеп, әсіре шауыппын. Обал-сауапты ұмытыппын. Сонымен, мен романымды неге өртедім? Әрине, жалаугер Исатай мен Махамбетті жек көргеннен емес, әділқазы болмағаным үшін!
Есім түзу болғанымен, қаламымның ұшы қисайып кетіпті. Сөйтіп, көгенкөз көнелерге көзапара қиянат жасай жаздаппын.
Өз-өзіме таңғалдым. Ескі ұғымнан әлі ажырамаппын. Әлі күнге санам азат емес екен. Тазарта алмаппын. Не себеп?
Әйтеуір қырып-жойғанды, күш көрсеткенді, зорлық-зомбылықты жақтай беріппін. Зиялыны көрмеппін, зарына құлақ ілмеппін. Өмір біреу болғанмен, кезек екеу екенін ұмытыппын. Осы аса қауіпті дерттен құтылмаққа шырпыны қолға алдым. Өйткені озалдардың обалынан қорықтым. Киеден сескендім. Күнәдан қаштым.
Сана азат болмаған жерде тәуелсіздіктің өзі жай атау екен де... Романды өртеп алып, аңтарылып ақылы асқан ағаларыма қарайын. Егемендік алдық. Лай су тұнды. Тасты басып кетілген, сазды басып жетілген кейінгі жастарға арнап енді не жазарға деп. Жауап жоқ.
Мұртаза көкем - шал бала,
Мағауин - бай бала,
Исабеков - кедей бала,
Тарази - жаны жас бала,
Шаханов - қоғамға қас бала,
Сүлейменов - саяси сахнаның баласы,
Нұрпейісов - ойыншықтары көп бала.
Ал біз ойыншықтарымыз жоқ
балалармыз ғой.
Ақ болып ойнай алмадық. Қызыл болып ойнап жарытпадық. Демократияның өзі әлі сүйегімізге сіңбей жатыр.
Кім болғың келеді, осы? - дер бір ағам шашын тікірейтіп, көзін ежірейтіп. Жауап таба алмай қиналамын.
- Ендеше, Бөкей мен Жәңгір хан туралы тың көзқарасты жаңа шығарма жазуға дайын шығарсыз, тарихи бір романға шырпы қиғанда, жүрек пен көкіректе бір жаңашылдықтың сенімі бар ғой, Раха?
- Екі сериялы, еш сын көтермейтін, Олжас Сүлейменов сценарийін жазып, режиссер Сламбек Тәукелов түсірген «Махамбет» фильмін көрсең, маған бұл сауалды басқаша қоятын шығарсың деп ойлаймын, інім.
«Жәңгір хан» фильмінің жаңа жобасын тағы да сол ардақты ақын ағамыз еншілеп алыпты. Осыдан кейін ғұмыр бойы зерттеген тарихи шығармаңды жазуға ынтаң ояна ма, жоқ па?! Тарихты, тарихи тұлғаларды қолжаулық етудің бұдан өткен сорақылығын ешбір елден шам салып іздесеңіз де, таппайсыз.
Қытайдың көз алдаған жылтыр жібегі мен жылтырақ шынысымен сауда жасап болып, енді бабалар ғұмыр кешкен дәуір шындығын сауда-саттыққа салуға шықтық. Жетіскен екенбіз!
Тағы да өзегіңді өртейтіні - ұлтқа ұстын болар ағаларымыз үнсіз. Оқиды, көреді, біледі, сосын шайға бата қайырғандай боп шыға жөнеледі. Қызылдан қалған қылық па, демократия дарытқан дәстүр ме, түсініксіз. Мәңгүрт деуге тілің келмейді.
- Тарихи және салмақты роман жазудан көңіліңіз қалған соң ба, соңғы жылдары әңгіме жазуды өндіртіп жүрсіз. Ол шығармаларыңыз шетел тілдеріне де аударылып жатыр екен...
- Иә. Әңгіме жазу - жапырақ тергенмен бірдей ғой. Ал салмақты, ауқымды романға жүк боларлық дүниелерді де тоқтата қойған жоқпын, сүбелі туындым деп, жуырда ғана аяқтаған «Бас» атты романымды айтар едім.
Жоғары жақтағы өтірікті айт
- Раха, қоғамдық белсенділігі аз, билікке жағымпаз кейбір қалам ұстаған азаматтардың баспасөзден тыс ортада «ақылды» болатындары қалай?
- Ондайлар көп. Дегенмен маған керегі жоқ. Азап қой. Иесіне күн көрсетпейді.
- Өтірік айтасыз ба, сізді өлсем осы араға жерлейсіңдер деп, орын алып қойыпты деп естідік, осы сөз рас па?
- Солай. Жердің көбі сатылып кетті. Моласыз қалармын деп қорықтым. Сөйтіп, Атыраудан жер алдым. Қала сырты. Өзіммен өзім оңаша. Рақат. Жұртым не тындырып, не бүлдіріп жатыр, бәрін біліп жатамын. Сосын сыйлас інілеріме айттым: «Басыма түнек үйін саласыңдар. Бұ қазақта ес жоқ, ертең өлген соң, мені де әулие дейді», - деп.
Ал өтірік айтпайсыз ба деген әңгімеге келсек, біздің ауылда бір шал айтушы еді: «Өтірікті құлпыртып айтуын айтарсың-ау, тек тыңдаушысы мен қостаушысы келіссе», - деп. Мына заманда өтірік айтпайтындай, менің не жазығым бар? Тіпті сүйсініп айтамын. Өйткені менің алдыма күн сайын сүйретіліп өтірік-әкә келеді. Мал баққан ауылдың баласымыз ғой. Бірден танимын. Арығын, семізін... Оның бәріне бірдей шығындай берсем, жүрегімдегі аз ғана шындығымды өлтіріп алам ғой.
Бір қомағай етке қақалып өліп-тіріліп жатып айтса керек: «Бұл қақалу қақалу ма, қақалу деп Жаңқаладағы қақалуымды айт!» - деп. Сол айтқандай, біздің өтірік деген не, тәйірі, самауырынның кернейін, қазанның қақпағын жымқырған ауыл-үйдің ұрысы сияқты, ұсақ-түйек бірдеңе. Өтірік деп жоғары жақтағы өтірікті айт, шіркін! Оған біз сияқтылардың қолы да, аузы да жетпес!
- Сіз бен бізге куә - тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары тарихқа айнала бастады. Әуелі Астанада тоқсаныншы жылдан бергі «тарихты» жазатын институт да құрылыпты, осының мемлекет және ұлт тарихы үшін маңызы бар ма?
- Мәскеулік жазушы В.Ерофеев: «К нам пришла свобода с бандитским лицом», - деген. Одан асырып не айтуға болады?!
- Сізді жеке басыңыздың да, қоғамның да шындығын жасырмай айтатын азамат ретінде танимыз, осы өзіңіздің түрікменшалыс екеніңіз рас па?
- Рас сөз. Арғы нағашыларымыз Текежәуміт руынан. Атамыз жеті мүшеме деп, жеті ұлттан әйел алған ғой. Елде бәрінің де ұрпағы бар. Ол кісіге тарта алмай, біз қай жағынан да нашар боп туғанбыз. Жарықтық тірі жүрсе, Халықтар ассамблеясының белсенді бір мүшесі болып отырар еді. Ал Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырып ит болудың қажеті қанша? Өтірік жылтырап, сырты сырланып қаланғандарға, жүдә, жыным келеді.
- Өзіңіз бен өмір сүріп отырған қоғамыңызға, билігіңізге ренішіңіз сөз ләміңізден көп байқалады екен...
- Бір семіз бай күміс шақшасын жоғалтып алып, екі күн бойы іздепті. Айналасын азан-қазан ғып. Бақса, қарнының қатпарына қыстырылып қалған екен. Біз де сол күміс шақша сияқтымыз ғой... Қашан тауып аларын?!
- «Дат!» - деп, газеттің бар оқырмандары - шенеуніктерден бастап, қарапайым халыққа дейін не айтасыз?
- Қазіргі шенеунік пен қарапайым халықтың ортасында ауасыз кеңестік - вакуум пайда болған. Бірінің даусын бірі естімейді. Газет - екі ортадағы көпір. Барды - бар, жоқты - жоқ деп, адал қызмет етсе екен деген тілек. Газет қауғасын талай тартып, біз өзіміз су ішкен құдық қой...
- Әңгімеңізге рақмет!
Жұқамыр ШӨКЕ,
«D»
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 18 (101) 18 мамыр 2011 жыл