Тұрсынжан Шапай: «Мақтауды кім сүймес? Мақтанды кім іздемес?»

СӨЗДІҢ АТАСЫ
5286


МАҚТАНҒА МАДАҚ!


Мақтауды кім сүймес? Мақтанды кім іздемес?

Бәрі сүйеді. Бәрі іздейді. Белгілі жай.

Ал мақтауды кім айтар? Кімге айтар? Ең бастысы, қалай айтар?

Міне, бұл — мәселе!

Адам неге мақтайды? Адам неге мақтанады? Әйтеуір бірдеңесін мақтан қылмай жүретін жұмыр басты неге жоқ?

Тұрсынжан Шапай

Дүние моралистерінің ішінде осы мәселеге соқпай кеткені кемде-кем. Абайдың да басын ауыртқан қазақтағы бір мінез — осы мақтан болатын. «Абай мақтан туралы» деген тақырып жеке әңгіменің өзегі. Біз, бірақ, оған соқпаймыз. Бүгінгі әңгіменің тақырыбы —«Мақтан және біз» дегенге келеді.

«Пайда, мақтан, әуесқой — шайтан ісі»... Бұл — пайда мен мақтанның таза құлдарына айтылған сөз. Осы екеуінен басқа құдайы жоқ «шайтандарды» көрген сайын, растығына күмәнің қалмайтын сөз. Бірақ, ойлап қарайықшы, пайда, мақтанның жолына салынып түсіп кетпесек те, белгілі дәрежеде сол екеуін де қажет ететін өзгелеріміз үшін жаңағы сөз әділет бола ма? Жоқ, жоқ, тағы да жоқ! Жалпы, пайда, мақтан көздемеген пенде не тындырып қарық қылады? Ұдайы пайда таппағаннан кісі өлмейді. Бірақ, мақтансыз қайтіп күн көреміз?! Байлығыңызда, пайдаңызда шаруамыз жоқ, ал енді адамға ауа мен судай қажет мақтан — шынымен шайтан ісі болса, ондай шайтаннан айналсақ болмай ма?

Бәріміз білеміз, есі дұрыс адам ішіп-жеу үшін өмір сүрмейді, өмір сүру үшін ішіп-жейді. Мақтан да сондай «ішіп-жем». Яғни, мақтан үшін өмір сүрмейсіз, өмір сүру үшін мақтанасыз және... мақтайсыз. Пушкин: «Хвалу и клевету приемли равнодушно» дейді. Абай: «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» деген ақыл айтады. Ақыл айту оңай. Абайдың қолынан келгенге жай пенденің шамасы жете бере ме? «Сенбе жұртқа,..» Қалай сенбессің?! Қошемет-дәріп діңкеңді құртпай, буыныңды алмай тына ма? Кісі талғамаймыз, алғаш кезіккен мақтаушының алдына қол-аяғымызды байлап, өзімізді тастай саламыз. Тәтті түс көргендей бар-жоғымызды ұмытып, ынты-шынтымызбен мақтаған кісінің жемі боп шашылып, жайрап жатамыз.

Дүниедегі тәтті — ұйқы дейміз-ау және...

Тәттінің тәттісі — мақтау сөз емес пе?!

«Ұйқы — жау» деген сөз тағы бар. Оған кім Қалай қарайды, білмеймін, бірақ, «мақтау — дос» дегенге бәріңіз қосыласыз — күмәнсіз.

Уақытымыз көп — ермек болсын деп, мақтангөй заманымыздың мінезінен азын-аулақ түйген, байқағандарымызды жинақтап, қағазға түсіріп қойғалы да біраз уақыт болып еді. Ұмытып та кеткен екенмін. Жақында Әкім аға Тарази бір жиында: «Осы грузиндер неге ұзақ жасайды, білесіңдер ме?»— деп сұрады. Біз қайдан білейік: біреуіміз — таудың, біреуіміз — судың, енді біріміз — шараптың күші дедік. Лағып кетіппіз. Мұның бірі де емес екен. Сұрақ қоюшының айтуынша, оның басты себебі — грузиндердің бір-бірін қатырып мақтай білетіндігінде көрінеді... Және бір күні Сәкен сері Жүнісов ағамыз теледидардан: «Мақтау, мақтану деген — халқымыздың ұлттық қасиеті емес пе?!» деп, қызына сөйлеп, жанындағыларды ұйытып отыр екен. Сонда барып, жаңағы жазбаларымды еске алдым және сол ермек үшін түртіп қойғандарымның тақырыбы (яғни, мақтан тақырыбы) әжептәуір актуальды екен-ау деген желік биледі. Сөйтіп жүргенде, газеттің бас редакторы: «Осы, бізде жосықсыз мақтау, мадақ көбейіп бара жатқан сияқты, соған бір пікіріңді білдірші, әке. Тоқтатпай жариялаймын» деді. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дөп келді! Сосын жарияға ұсынып көрейін, іліп алары болса, жұрт оқып керер, «керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі» деп жүз жыл бұрын данышпан бабам келген шешімге мен де бекідім.

МАҚТАУШЫ, МАҚТАЛУШЫ ЖӘНЕ МАҚТАНШАҚ

Мақтау — дүниеге көзқарас. Өйткені өз танымыңдағы, талғамыңдағы жақсы деп білетін нәрсені ғана мақтайсың, мадақтайсың.

Мақтау — өнер. Тоқтауды да өнер дәрежесіне жеткізгендер бар. Бұл жерде, басты мәселе — кімді боқтап, кімді мақтауда емес — қалай мақтап, қалай боқтауда, Атыс-шабыс фильмдердегі сияқты, маңыздысы — кімді өлтіру емес, қалай өлтіру. Теңеудің небір тәттісі мен кермегі, баламаның небір көз қарықтырған асылдары, эпитеттердің небір шырайлысы — поэтикалық троптардың құлақ естіп, көз көрмеген ең сұрапыл үлгілері осы «жанрларда» кездеседі. (Фольклоршыларымыз бұған да назар аударуы қажет). Кісі мақтауды кәсіп қылғандар да бар. Олар, тегінде, жаман адамдар емес. Олар — өнерпаздар,— әртістер. Анық қиын өнерді меңгергендер.

Міні көп пенденің жақсылығын тауып айтудан қиын не бар және одан абыройлы қандай кәсіп болуы мүмкін? Мақтаушының басты мұраты — адамның көңілін көркейту, алданышын арттыру. Өнер атаулының да, айналып келгенде, бір функциясы — сол емес пе?

Өзін мақтауды рәсім (ритуал) еткендер де табылады. Арнайы үйіне шақырып, арағын беріп отырып мақтататындар да бар. Рас, сүйкімсіздеу нәрсе. Бірақ, арақ ішетін болсаңыз, оның да көп қиындығы жоқ. Зияны да шамалы. Арақ ішіп алған соң, ұят кетеді. Кетпесе де, ішкі бақылаушың ұйықтайды, Түні бойы сапырған бағасыз марапатың ертесіне есіңде де қалмайды. Моральдық тұрғыдан да жеңіл...

Мақтауды теріс көрмейтін, өзін мақтағанды, әсіресе жек көрмейтін, реті келсе, өзі де біреуді мақтап қоюға кет әрі емес кәдімгі пенделердің біріміз. Ал, сол, «кәдімгі пенденің» көзімен қарағанда, кейбір мақтанға қатысты мақал-мәтелдердің «іске татырлығы да» бар, татымайтыны да көп-ақ. «Жақсының жақсылығын айт — нұры тассын» дейді. Міне, бұл дұрыс. «Жақсылығын айт» деген сез — жақсылап тұрып мақта деген сөз. «Өзін өзі мақтаған — өліммен тең»... Бұл, енді, жалпыға бірдей жарамды мақал емес. Мақтанатын жерін, мөлшерін білмейтін парықсыздарға немесе татымсыз кісінің орынсыз мақтаншақтығына айтылған үкім.

«Сыртыңнан мақтаған — досың, Көзіңе мақтаған — дұшпан» (немесе «дос — сыртыңнан мақтайды, дұшпан— кезіңе мақтайды»), Дауым бар! Екеуі де — досым! Кейінгісі — көзге мақтаса бұзылып кетеді деген қауіппен ғана айтылған сөз. Ділің мықты болса, көзге мақтаған да дұшпандық ете алмайды. «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап»... Жарайды, сенбен-ақ қойдық. Бірақ, мақтау сөздің шебер қисынынан, мақтаушының айнасындағы ерекше көркем, өзгеше жағымды шырайыңнан жай... эстетикалық ләззат алуға да болмай ма? Болады... Болғанда қалай?! Түсінуіңіз керек, сіз — мақтаушының қолындағы әлі қалып-кескін алмаған жабайы материал ғанасыз. Рас, «материал» қаншалық бай болса образ да соншалық кенеуші шықпақ. Мақтаушы өңдеу құралдарын қалай пайдаланады, «шикі» күйдегі сізді қалай илеп, қандай қалыпқа салады, жонып, қашап, түрпілеп нендей сымбат сыйлайды — қолынан қағуға хақыңыз жоқ — өзі біледі, өзі шешеді. Суреткер еркіндігі толық сақталуға тиіс. Мақтаушы әрбір мақтауын кішкентай ғана шедевр, өнер туындысы деп қарайды (шынында солай). Оның басты мақсаты — сізді дәріптеуден гөрі өмірде бұдыры кемдеу, өрнегі жүдеулеу жұмыр бастының неғұрлым бедерлі бейнесін, жарқын дидарын жасау. Мақтаудан сіз нақ өзіңізді емес, келісті бейнеңізді табасыз. Мақтаушының аузында сіз түрленесіз: сіздің портретіңізге ол бір ғажап, түсіңізге де енбеген бояулар жағады, сіздің кескініңізде жарық пен көлеңке өмірдегіден гөрі басқашалау үйлеседі — сізге өзгеше өң-шырай бітеді. Көзге жағымсыз шымқай жалтырақтарыңыз жуасытылады немесе мүлде елеусіз қалдырылады, жағымды тұстарыңыздың, бояуы айқынырақ тартады, өзіңізге де, өзгеге де түсініксіз сүреңсіздеу жерлеріңізді де мақтаушының «қаламы» сырлап, әрлеп сүйкімді штрихтарға айналдырады. Нәтижесінде, сіз өнерге, шеберлікке ғана қуанбайсыз, кейіпкердің түп-нұсқасы ретінде де зор қанағат сезімге кенелесіз. Сіз, шынында (ішіңіз біліп тұр) ондай емессіз — мақтаушының қиялы мүсіндегендей керемет емессіз. Бірақ, сондай болуыңыз мүмкін еді ғой! Тіпті, әлі де мүмкін екен ғой! Осыны сезінудің өзі — бақыт емес пе!

Әркімнің көңілінде өзінің идеалдық бейнесінің сағымдай сылаңдап ынтық қылған көмескі сұлбасы өмір сүреді. Адам соны айқындауды, өзінің кемелдік кемеріне толығуды аңсап, зарығады. Өмірде жеткізбейтін сол елес кейде жақсы мақтаушының шабытты мадағымен тіріліп, жүзін айқын көрсеткендей болады... Ғұмырда жолай алмайтын биігіне мақтаушының марапатымен көтерілесің... Жүз жасасын, мың жасасын олар!

Мақтаушыны — ақын деп те түсінуге болады. Ол шабыттана жырлап кеткенде, сіз, яғни, мақталушы, өзіңізді ақындық қиялға түрткі болған я бір әсемдік, немесе бір керемет әсермін деп ұғынуыңыз шарт. Көріп отырсыз, мақтаушыңыз екеуіңіз біртұтас эстетикалық, әлемге айналдыңыздар, Пайда-зияны аз, шындығы да шамалы, бірақ, көркемдік сапасы жоғары мақтауды дұрыс қабылдаудың рет-рәсімі осы сипатта болса керек.

Адамдар әртүрлі. Мақтау біреуге жағады, біреуге жақпайды. Мақтаудың пайдасы ұшан-теңіз. Мақтаудың зияны көл-көсір. Пайдасы да, зияны да сіздің мақтауды қалай түсініп, қалай қабылдауыңызға байланысты. Біреу біліп мақтайды. Біреу күлкі үшін мақтайды. Біреу жақсы көріп мақтайды. Біреу жақсы аттанып мақтайды... Қайсысы екенін ажырату үшін онша-мұнша парасат керек. Жақсы мақтаудан, шын мақтаудан ақылды, талантты адам гүлдейді, көркейеді, қанаттанады. Мерейі өсіп, қабілеті артады. Мақтау-мадақ көтерген өреге жетпесе де, ұмтылады. Ең болмаса, осы жеткен биігінен қайтып түскісі келмейді. Демек, адамшылығы да толысады.

Онсыз да өз буына өзі пісіп, мақтанын орналастырар жер таппай, ісіп-кепкен парықсыз мақтаншақ... біржола тігісінен қақырап айырылады. Жарылады, жыртылады... Адамшылықтан кетеді. Мақтанның құбыжығына (маньяк) айналады.

Сондықтан, мақтау, марапаттау — бұл үлкен моральдық акт. Жауапкершілігі орасан зор іс. Кімді мақтау керек? Кімді мақтамау керек? Немесе кімді қалай мақтау керек — мұны жақсы білген дұрыс. Мақтаған адамыңның тағдырына жауапты екеніңді (нақ солай) естен бір сәт шығармаған жөн. Мақтаған адамыңды өсіруің де, өшіруің де оңай. Біреудің итін мақтасаң да, пәлеге қалдың — осыдан бастап ол енді өзінікінен жақсы ит бар деп ойламайды, мойындамайды. Мойындаса, ауырып қалады... Н. деген ет жегіштеу, мақтангөйлеу, аңғалдау һәм кембағалдау бір кісі болды. Соғым басы, той-томалақ, бас қосуларда «Н.-ке, тамақ алыңыз» дегендерге бір қуаяқ құрдастары: «Н.-екең көптен бері ет жемейді ғой, естімеп пе едіңдер?» десе, қалғандары: «Н.-екеңді зорламаңдар, ол кісі ет жемейді өзі» деп, қостай жөнелісін, онысын бір үлкен қасиеттей қылып көрсете беріпті. Жалпы көптің назары жоқ жерден өзіне ауып, аяқ астынан әңгімеге тиек болып кететінін дәреже, мақтан көріп, сол кісі, шынымен-ақ ет жемей кетті. Ауыр жұмысты кәсіп ететін, өзі ет жегіш адамға бұл, ақыры, жақсы болмады. Әлсіреп (физическое истощение деген диагноз), бір-екі ай ауруханада жатып шықты... Ана жылы бір ақынды, өлеңінің басқа жақсылықтары шамалы болған соң, «сенің поэзияң әуенді, музыкалы» деп мақтадық. Содан бері ол поэзиядағы әуенділіктің жаршысы, жанкүйері. Кейінгі өлеңдері мағынасыз маңыраған дауысты дыбыстардың үйіндісіне айналды. Ал, енді осыған, мәселен, кім жауапты?

Пәни-жалғанда тоғанақтап артқан күнәміздің бір үлкені — сірә, осы шығар...

Сырттан мақтау мен көзге мақтау дегенге қайта оралайық. Қайсысы дұрыс? Меніңше екеуі де. Мақтағыңыз келсе, мақтауға татыса, реті келген жердің бәрінде мақтаңыз. Орайы мен сәтін қапы жібермей мақтаңыз! Адамын, қисынын, жүйесін тауып мақтасаңыз, бақай есепсіз, ұсақ қулықсыз, арам онсыз шын көңілден мақтасаңыз, бұл — сауабы үлкен іс. Неге олай екенін жоғарыда ескерттік.

Осы мақтаулардың ішіндегі ауыры, рас — көзге мақтау. Шынында, қиын өнер! Дауасыз жағымпаз болмасаң, мақтауы мен даттауының парқы көп ажырамайтын, көзіңе күле қарап тұрып, бағасыз марапатын ет-жүрексіз, еріннің ебімен ғана қиыстырып сайрайтын сайқал, аяр болмасаң, шімірікпей бетке мақтау анық қиямет емес пе? Мақтап тұрған адамың оған тұрмайтын болса да, кейде мақтау дәметкеннің көңілін қимай, қара терге түсетінің бар. (Рас қой?!). Ондайда өзіңді шалық ұрған адамдай сезінесің. Жоқтан-бардан құрап, «объектінің» мазмұнынан емес, қиялыңның байлығынан ғана қапияда қарманып тапқан мақтау-сандырақтарыңды өзің тыңдап тұрып, бетің қанша кең болса да, жаның шырқырап кірерге тесік іздеп тұрасың. Ал, жаңағы мақтап тұрған адамыңның... бойы балқып, жүзі бал-бұл жайнап, көзінің шоқтай жанғанын көргенде, кісі өлтіргендей түршігетінің жаман.

Мақтау — таяқтың екінші басы. Өйткені, «объектің» (мақталушы) тас емес, ағаш емес, өзіңдей тірі адам. Тірі болған соң, оның «субъектіге» (саған, мақтаушыға) қарым-қатынасы да — тірі. Кісілігіне, өресіне қарай, ол мақтаушысына не ем қонбайтын таяз мақтангөйдің көзімен, не арзанға алданбас, аярға алдырмас саналының көзімен қарайды.

Алдыңғысы тәтті мақтауды суша сіміреді, жалықпай, жүрегі айнымай жұтады. Қашан жарылғанша семіреді. Кейінгісі — сыпайды. Мақтап тұрған сені тергейді, зерттейді. Артығын құлақтан асырып жібереді, жетпеген жерін және біледі һәм оған қайғырмайды. Өйткені, өз бағасын сенен жақсы біледі. Ең бастысы, сені таниды. Мақтау, марапат, әлбетте, ол үшін де үлкен мерей, зор қанағат. Бірақ, бұл — басқа да маңызды шаруалар сияқты мақтау сөзге де үлкен жауапкершілікпен қарайтын адам. Тәтті-дәмдіні қомағайлана қарбытпай, майдан қыл суырғандай баппен, талғаммен сіңіретін адам...

Әрине, нарық-парасаты әулиеге жақын, ұсақ мақтанды бойына ар көретін мұндай кемелдікті шын өмірде кездестіру оңай болмас. Қайдан білейік, қазіргі мақтаншылық жайлаған әлемде олар да Іле мен Шу жолбарысының тағдырын таңдаған шығар. Бұл енді басқа — әлеуметтік, моральдық «экологияға» қатысты әңгіме. Біздікі — өзіңе айтылған мақтау мен мадақты тыңдауға осындай сабыр-салауат, классикалық музыканы тыңдағандай білік, мәдениет керек дегенді айту ғана.

Дүниедегі мақтау, мадақ атаулының мазмұны бір-ақ ауыз сөзге саяды: «Сіз қандай жақсысыз, сіз қандай кереметсіз!». Сондықтан, кез келген мақтаудың мазмұнынан гөрі, жалпы пафосына, сосын мақтаушының шеберлігіне назар аударған жөн. Мақтау неғұрлым сәтті шықса, сіздің жүзіңізден ризашылықтың табы неғұрлым айқынырақ көрінсе, мақтаушының да мерейі үстем. Бірақ, адамдар әртүрлі дедік. Мақтаушылық — ең бір жолы болғыш кәсіп болғанмен, оның да маңдайын тасқа соғатын кездері аз емес... Кейбіреуді түбін түсіріп мақтайсыз. Және, өз ойыңызша, жағымпаздықпен емес, басқалай есеп-қисаппен де емес — пенденің көңілі көркейсін деп. Мына қызықты қараңыз: ақ тер-көк тер боп мақтап тұрған адамыңыз бетіңізге бажырая қараған күйі, бүлк етпей бәрін тыңдап алады да, асқазаны ауыр ас қорытқандай толғанып, ыңыранып біраз отырады. Сосын: «ым-м... ол өзі солай ғой...» дейді. Содан соң қарызға бергендей қиналып «рахметтің» ишарасын жасайды. Онысы: «Оқасы жоқ, ондай-ондай бола береді» деген жұбату сияқты естіледі... «Қайран тіл, қайран соз!»... (Әрі қарай қалай еді?)

Бұл не сонда? Жаңағы кісі мақтауды жаратпайды деп ойлайсыз ба? Жоға... Мақтау сөзге ықылассыз адам табиғатта жоқ. Мақтаушының ойынша, мұның екі түрлі себебі бар. Біріншіден, бұл кісіде мақтау тыңдай білетін мәдениет жоқ. Екіншіден, тағы да мақтаушының ойынша, бұл кісінің өзімшілдігінде өлшем жоқ, ішкі мақтаны, өзін-өзі бағалауы соншалық зор — қанша асырып мақтадым десеңіз де, шенейіне жолай алмай қаңғырып қаласыз... Біздің, кейде, өзімшілдігіміз, өзімізді жақсы көретініміз, мақтансүйгіштігіміз сонша — ешбір жағымпаз, мақтау сөздің ешбір зергері бізді өзімізден асырып бағалай алмайды. Бізді қанша таусылып мақтаса да, ол мақтаудан өзіміз үшін ешқашан жаңа ештеңе таппаймыз... Жаңылмасақ, осыны бір данышпан айтқан. Және, шынымен, сол кісі айтса — өте жақсы айтқан. Әлемде теңдесі жоқ ең үлкен мақтағыш өз ішімізде отыр!

Мақтау естуден жалыққан адам көрген жоқпыз. Тек мақтаушы өз өнерін деміл-деміл түлетіп, түрлендіріп отыруы керек. Мақтауды адам әртүрлі адамдардан естігісі келеді. Өйткені, әр суреткер сіздің мақтаулы бейнеңізді әр қырынан сомдайды. Әртүрлі мақтаудан өзіңіз туралы танымыңыз кеңейе түседі. Әрбір жаңа мақтаушыны сіз, сөз жоқ, жаңа досым деп білесіз. Сондықтан, жаныңда жүріп, күніне сізді «генийсің» деп он мәрте мақтамаса, көңілі көншімейтін жан досыңыздың, ескі досыңыздың мақтауынан айдаладағы біреудің әлдеқалай «сен жақсысын» деп қалғаны әлдеқайда әсерлі, бағалы естілуі мүмкін. «Күнде тілін алатұғын достан кейде бір тіл ала қойған дұшпанға кісінің өле жаздайтұғыны қалай?»— деп таң қалады Абай.— Біреуге досым деп ат беріп жүрсең, оған сенің дұшпаның келіп бір тай берсе, бұзыла қалатыны қалай?»

Міне, солай!

Адам неге мақтайды? Адам неге мақтанады?

Адам бейшара жарғақ, құлағы жастыққа тимей жүріп, неге өзін мақтатады? О, оның себебі көп. Негізгі мотив — өзінін жақсы екенін, мықты екенін дәлелдеу. Өзінің орнын білетін адам дүниеде сирек. Біреуге «сен менен жақсысын» деші — жүрегінің бар асыл, бар мейірін саған төксін. Біреуге «сен менен кемсін» деші — оның ендігі өмірінің мақсат-мұраты бүкіл өнерін сарп қылып, сенің өзіңді кеміту болсын... Мәмілеге жеткізетін ең дұрыс формула —«сен де жақсы, мен де тәуір». Біз осы даналықты енді-енді игере бастаған сияқтымыз. (Айналаңызға қарасаңыз, құлақ түрсеңіз, бұған көзіңіз жетеді). Сізді неге мақтайды? Жақсы көрсін, мені де мақтасын дейді. Өзі неге мақтанады? Менің де жақсы екенімді көрсін дейді. Теріміздің тарлығы сонша, ол байғұс, жаңылып сәл артығырақ мақтанып кетсе, көтере алмай қаламыз, кек тұтамыз. Ал ол, бар болғаны, «сен жақсысың ғой, мені де жақсы деші» деп тұр емес пе? Бар болғаны, сізбен қатар тұрғысы келеді, бір санатта жүргісі келеді... Тілегіне жеткізе салсақ, одан не жамандық көреміз? Соны да қимаймыз-ау бір-бірімізге! Ішін қызғаныш өртеген Сальериге (Пушкин бойынша) Бомарше туралы айтып отырып: «ведь он был гений, как ты да я» деп ағынан жарылған ақпейіл Моцарт қандай періште еді?

Мақтаудың және бір түрі «сен —мені мақта, мен — сені мақтаймын». Айталық, сыншыны мақтаған жазушы, ертең, сөз жоқ, ауызға ілігеді... Жазушыларды мақтай берген сыншы жақсы сыншы атанады... Кездескен жерде қарама-қарсы отырып алып, әтеш пен көкекше сұңқылдасатындар бар. Мақтаудың түр-түрін көрдік. Бірақ жауын мақтаған Еркек Тургеневтен кейін болған емес.

(Өлген жауын мақтағандар толып жатыр, олар бұл есепке кірмейді).

Адам («мен») өз ішінде, басқалардың пікірінде белгілі бір сапа, қасиет иесі ретінде орнығуы, мойындалуы керек (самоутверждение личности). Бұл қалай жүзеге асады? Ең алдымен, өзінің мақтануы, өзгелердің мақтауы арқылы. Қалың топтың, бәденсіз көпшіліктің ішінде өз бетің мен бедеріңді айқындап көрсету, оқшаулану талабы міндетті түрде мақтанға әкеледі. Әлем поэзиясына қарасаңыз, жеке бастың (ақындық «меннің») қадірі әуелде өзін-өзі асыра мақтау арқылы орныққанын көресіз.

Мақтанның енді бір түрі кембағлдық комплексінен туындайды. Бұл — өзінде жоқты, бойыңдағы олқыңды мақтанмен толтыру және соған өзің де сену. Мәселен, қыз-келіншекке икемі жоқтар, әдетте, махаббат майданындағы жеңістерін айтып мақтанғанды, өзгелердің де соған сеніп, қосыла мақтағанын тәуір көріп турады. «Адамшылығын жоқ ит» дегенді мақтау деп қабылдайтын, «дарынсыз» дегенді дәріп деп білетін, бірақ «қызға қырың жоқ» дегенді өлім көретін жігіттер бар... (?|) Адамшылығы аздаудың кісілікті болып көрінгісі келетіні, өнерсіздің өнерпаз, берекесіздің тиянақты болып танылғысы келетіні, сараңның мырзасып, әлсіздің мықтысынуы, шала сауаттың білгірсіп көлбеңдеуі... Мұқағали «Өзімді олай керем, бұлай көрем» демекші, бәрімізде бар нәрсе ғой... Тек «Кездескеннің бәрінен құлай берем» деп мойындауға ғана жоқпыз.

Мақтанды күнделікті нанына, өмірлік салтына айналдырғандар бар. Құдай сондай таныстарға жиі жолықтыра көрмесін. Бірақ, қарасын анадайдан шалып қалып, қанша кеше айналып қашсаңыз да, ол алдыңыздан шыға келеді. ... Болары болды, енді дәтіңізді бекітіп тыңдауға дайындалыңыз. Енді сізді екі жол ғана күтіп тұр: не вагон-вагон мақтанның сықыр-сықыр етіп, ұзынан-ұзақ шұбатылған ауыр тізбегін кеудеңізбен тосып, шайқалақтасаңыз да, құламай, табан тіреп тұрып қалыңыз, не мақтанның толассыз оқ боратқан тажал амбразурасып және сол кеудеңізбен жауып, Нысанбаев пен Матросовтың ерлігін қайталаңыз. Бір күн де болса, өмір қымбат — сіз алдыңғы жолды таңдайсыз. Тыңдайсыз... Осы келе жатқан бетіңде жаңағы кісі бір үлкен адаммен жолықпақшы екен. Бір жақсы қызметке шақырмақшы сияқты. (Қуаныш, таңданыс, тілектестік білдіріңіз, алдын ала құтты болсын жаудырыңыз). Кеше ғана бір жерге мақаласы шығыпты («көрдік, оқыдық, жақсы екен, құтты болсын»). Міне, мынау шығып жатқан кітабының сүйінші данасы! (Уай, кітап көбейсін, құтты болсын...). Мынау — докторлығының дипломы, кеше алды... (Құтты болсын!). ...Бірақ қазіргі жұмыс істеп жүрген жері тіпті жібергісі жоқ, «Сіз бізге керексіз, сіздей маманды қайдан таппақпыз», деп түп етектен ұстап айырылғылары келмейді. (Әрине, әрине... Сіз керексіз ғой, олардікі де жөн... енді қайтсін?!). Ұл Канадаға оқуға кетіп барады (Құтты болсын!), қыз «Азия даусына» қатысам дейді, теледидардан көріп жүрген шығарсың (О-о!). Жеңгең қорғауға дайындалып жатыр... Айтпақшы, өз халің жақсы шығар, ал, сау бол, хабарлас, сәлем айт...

Мақтанға толып кеткен вагондарын орталап алып, жаңағы кісі түк болмағандай, келесі құрбандығын өлтіруге асығып бара жатады. Қоқыс тастайтын жәшік, жуынды төгетін шелек құсап, сіз жол шетінде есеңгіреп, елеусіз қала бересіз. Ешкімге қажетсіз көр-жерді тыңдауға қаншама қажыр, қаншама уақытыңыз кетті. Айтсақ, мақтансақ, бізден де бірер жақсылық табылар еді — өз мақтанының арасына сына қағарлық жер қалдырмады ғой, сабаз! Оның екі... жоқ, тіпті үш мақтанының ішіне бізден де бір желпініс араласып кетіп тұрса, арам болар ма еді? Қашан болсын, жел жаққа өзі жалғыз шығып алады да, қою шаңға үсті-үстіне көміп, бас көтертпейді! Ол үшін сіз — нөлсіз, толып кеткен мақтан құрсағын орталайтын орын ғанасыз. Ал ол — құдайдың мына біз сияқты бейшараларға іші ашымай қия салған қымбат сыйы! Соның мақтанын тыңдау, соны мақтау — біздің, яғни, қалған «нөлдердің» қасиетті парызы! Арамызда жер басып, су ішіп жүргені үшін-ақ біз оған қарыздармыз. Өкімет қарыздар, қоғам қарыздар, саналы адамзат қарыздар... Міне солай!

Ет қызумен біраз асырыңқырап жібердік-ау деймін. Бірақ, аз-кем әсірелеуден «объектінің» мазмұнына нұқсан келмейді. Мұндайлар бар, болған, бола да бермек. Ойлаймын, бұлар мақтанға жеке өзі оза шаппай, ара-тұра тосып алып, сіздің шабысқа да қарайлай сілтесе, біз бәрін де кешірер ме едік, дәл жаңағыдай жағымсыз мінездеме бермей, сабыр сақтай тұрар ма едік деп.

Бүгін іргелі елдер мен кішкентай халықтардың да мақтан жөніндегі ара-қатынасы осыған ұқсайды. Дәл қазір, осы сәтте күшті болуың керек. Сонда ғана мақтаның — мақтан. Сонда ғана бұрын да мықты болғаның мойындалады. Қазір күштінің мың жыл бұрынғы тарихы кеше ғана болған шындық сияқты да, сіздікі — ертегі сияқты. Ешкім сенбейді, ешкім тыңдамайды. Бүгінгі түріңді көріп, кешегі қалжаңнан түңіледі. Сіз — нөлсіз. Сіздің міндет — аузыңды ашып, басқалардың мақтанын тыңдау. Басқаларды мақтау...

Мақтан елдің еңсесін көтереді. Мақтан елді бұзады. Ауылдың мақтанышын алаштың деңгейіне көтеруге болмайды, сондай-ақ, жалпы ұлттың ардагерін қызғанышпен ауылдың тар қолтығына тықпалауға болмайды. Тырақы мақтангөйліктің осы екі түрі шырықты бұзады. Көлкілдек мақтаумен бойды шырмауға, ойды тұсауға, көзді байлауға болады. Абылай мен Абай, Маңғыстаудың үш жүз бірдеңе әулиесі мақтаудың шырайын кіргізер теңеу, эпитеттерге айналғалы қашан... Меніңше, планканы бірден бұлай жоғары алып, қазақ тілінің мүмкіндігін тез сарқа салуға болмайды. Эпитет, теңеу ескіреді. Күндердің күні бұдан да күштісін, жаңасын табу керек болады. Сонда қайтпекпіз? Енді Алла-Құдайдың қасына апарып отырғызбасақ, басқа не қалады?

«Мал жияды мақтанын білдірмекке»... Бұл — бір мақтан. Жиған малымыз көп болмаса ше? Бәрібір — сізге тәуелді, сізге қатысы бар нәрсенің әрқайсысына арнайы, жеке-жеке мақтау күтесіз. Біздің мадақсыз, мақтансыз күніміз жоқ. Біреу мақтамаса, өзіміз мақтанамыз. Мақтаса... тағы, тағы... жаңа мақтаулар күтеміз. Біреуді мақтаймыз. Мақтамасақ, тағы басымыз ауырады... Өмір дегеніміз — бір мақтаудан келесі мақтауға дейінгі тағатсыз аралықтардан тұрады. Мақтау, марапат күтпеген күн — сүреңсіз!

Маған, кейде, біз қасиет деп білетін достық та бірін-бірі мақтайтын адамдардың арасында ғана қалған сияқты көрінеді.

Рас, бұл да —достық. Тек, қасиетті емес.

Топшылдық, жікшілдік деген ұғым бар. Күн көріс, билік үлесу, нәпақа бөлicy тұрғысындағы «партияшылдық» (қазақы вариантын рушылдық, жүзшілдік деп жүр)— ол бір басқа. Қолында бір-біріне бөліп берер ештеңесі жоқ топтар да бар. (Нәпақа үлесу кейінірек, істің сәтіне қарай болуы мүмкін). Тарихтың әр кезеңінде болған, белгілі бір ортақ. идея, қасиетті ой, мақсат жолында ұйымдасқан топ қазір жоқ. Топшылдар шындықтың жүзіп талғамымыз үйлес (әлбетте, ең жоғарғы талғам), көзқарасымыз ортақ, (әрине, ең озық көзқарас) болғандықтан топтасамыз деп бүркемелейді. Барып тұрған екіжүзділік! Бұларды мақтау біріктіреді! Қазіргі топ дегеніміз, сөздің қысқасы, бірін-бірі жалықпай мақтайтындар, жеркенбей насихаттайтындар. Кеңірек масштабта мақтау естіп жарытпаған соң, мақтан қуған және онысын өзінен де, өзгеден де жасыратын бір топ адам (әдебиетші, әнші, күйші, композитор, философ, мәдениеттанушы, өнертанушы тарихшы, тіпті, кейбір қолында билігі жоқ саясатшылар) бірін-бірі жарату, ұнату, мақтау негізінде бірігеді.

Мақтаудың кәсіпқой өкілдерінін бір парасы — тамадалар (асаба). Той иесін, тойға келгендердің әрқайсысын сілесін қатыра мақтап таныстыру, әрқайсысына рет-ретімен, жүйе-жүйесімен сөз беру оңай іс емес. Асаба өзінің берік жадына мықтап түйіп алған қазақтың барша мақал-мәтелі, жақсылар айтқан асыл сөз, шешеннен қалған шебер қисындар — тегіс мадақ құралы, мақтанға қызмет етеді. Бізді тойға ынтық қылатын тек дәмді ас, ойын-сауық, би билеу емес — мақтан: той несіне мадақ айту, өзің де мақтау есту. Тойдың поэзиясы — мадақ пен мақтанда.

Той демекші, юбилей, туған күн, тағы басқа бас қосу, атап өтулерде мерейтой иесі не күтеді? Әрине, ең алдымен — мадақ. Көңіл айту рәсімі де соған ұқсас емес пе?

ЖӘНЕ БІР КӨЗҚАРАС

Қара басынын құны «сиырдың сынық мүйізіне тұрмайтын», әйтеуір малы көп, малайы көп бай «игі жақсылар» қатарында мадақталатын салт бұрын да бар еді. Көн қатса, қалыбына бармақшы — сол әдетімізді сағынып қайта таптық. Бірақ, о заманда, бұ заман «жақсы барымташы», «жұрт қамын ойлаған азамат ұры» немесе «ел намысын жыртқан пәлен тентек, түген телі» деген дәріп, мадақ болмаушы еді. Өздеріне ғана сыбағалы; жырынды, баукеспе, содыр, сойқан, ақкөз, делбе деген сияқты толып жатқан анықтауыштары болатын. Қазір мақтайтын адамымыз рэкеттің бастығы ма, әлде кешегі майқұйрық елдің қоңын теспей сорып жатқан заманауи борсық, па — бізге бәрібір. Классик пе, халтурщик бір бәс. Жалпы, біздің елдегі мақтан, мадақ психологиясы арнайы зерттеуге тұрарлық.

Дарақы мақтап, жаппай даңғойлық, мырза мақтау, шүлен мадақ, жайлаған әлемде тек мақтан таластырудан, қадір саудалаудан, атақ жарыстырудан басқа қамың болмайды. «Кемедегінің жаны бір» дейді. Көппен бірге қай құрдымға кетіп бара жатқаныңды аңғару үшін желкенін мақтау, жел сөз кернеген кемеңнен түсіп, жағаға шығып қарауың керек. Қозғалыстың бағытын сонда ажыратасың...

Мазмұн, рух тұрғысынан мақтан ұсақтады. Мадақ жүдеді... Абайдан да әріде басталған кесапат. Төңкерістен бергі құлша табыну, санасыз бас ұру, одан берідегі боқтыққа бергісіз көлкіген масқара мадақтар... Қазіргі, я болған, я болмаған аталарының пәлен жүз жылдық тойын тойлап, ас беруден бастап, бірдеңенің тұтқасын ұстағандарды желпілдетіп, халықтың ұлы, ұлттың ұраны дәрежесіне көтеру... Әншіні мақтасақ— Әміренің, өлеңшіні мақтасақ — Абайдың орнын алып бермей тынбайтын бір мазасыз әбігер... Тіпті қатардағы кандидаттың ортақол зерттеуі ұлттық мәдениетімізге қосылған үлкен үлес болып табылатын деңгейге жеттік.

Айнала мақтан. Қым-киғаш мадақ!

Біреуге айтылған өлшеусіз артық мадақ өзгелердің күңкілін тудырады. Бір қызығы, мадақталғандар тіпті де олай ойламайды. Қандай мақтауға да лайықпын деп біледі.

Іздеп жүріп, сұрап жүріп өзін мақтату, зорлап мақтату, яғни, ұяттан безген қадірсіздік — мақтанның бір құлы осы тектес болады. Рас, мұның өзі жағдайға, мәжбүрлікке байланысты әрқилы бағаланатын реттер де бар. Айталық, батыстың кейбір атақты жазушылары шығармашылық жолын бастағанда, өзін-өзі мақтап, псевдониммен рецензиялар жазған. Кейбіреулері, тіпті, ішкіштігі, өтірік-шынды серіліктері, әдепкі мінез-құлық нормаларына сыйыспайтын оғаш қылықтары туралы аңыздар таратып, шу тудырумен айналысқан. Олардың ішінде Фолькнер деңгейлес адамдар да болған дейді... Данышпан суреткерлердің бар қажыры шығармашылыққа жұмсалатындықтан өмірге икемсіз, мінезге қайратсыз келетіні, сондықтан, олардың, көбінесе, шектен тыс атаққұмар, даңғой, мақтансүйгіш болатыны туралы К. Юнгтың қисыны, кей-кейде, өстіп «рас-ау» дегізеді. Дегенмен, қисынның аты—қисын. Өмір, адам табиғаты бар шындығын қисынға ұстата бермейді. Жаңағы қисынды да жоққа шығаратын мысалдар жетіп артылады.

Адамның «мені», туа бітті өзімшілдігі мақтан етпейтін нәрсе жоқ. Байға — байлығы мақтан. Кедей — кедейшілігін бұлдайды. «Кедейі — ер, кеселі — зор» деп Абай неге айтты дейсіз?! Кембағалды аямау керек, кембағалға... тандану керек. Сосын, алды-артына қарамай қашпақ ләзім. Өйткені, рухани кемтардың өзімшілдігіндей («меніндей») орасан құбыжық, дүниеде жоқ! Ол — құйсаң толмайтын мақтанның обыр ыдысы. Оны мақтамасаң — жаусын. Мақтасаң, тағы пәлеге қалдың — жынды құмырадан бір шығарып алған соң, қайтып ие болып көр! Қайтсең де бабын таппайсың. Табанына еркіңмен түсіп, біржола тапталмасаң, басқаға риза емес. Енді сен оны мақтамауың керек — табынуын керек. Өзге құлшылығыңды ол енді мойындамайды. Осындай парадокс. Содан сақтасын!

Мақтанға әркім-ақ бір-бір жүйрік баптайды. Сіз ойлайсыз, «бәйге менікі» деп. Өзіңіздің арғымақ екеніңізді дәлелдеу үшін, алдымен кімге барасыз? Әрине, мәстекке. «Солай да солай, біз — арғымақпыз!» дейсіз. Ол қайтеді? Бетіңізге бақырая қарап, «осыны не оймен айттың» дегендей, біраз тұрады да: «Менің, арғы аталарым — тұлпар болған» дейді. «Ал сен қайдан шыққан қарағымсың?» дегенді ішіне бүгіп қалады. Сіз жалтарып, басқа тарапқа саласыз — ол бастырмалатып және қуып жетеді. Тілеп алған ауру, жатқан жыланның құйрығын басу деген — осы! Енді қалай қашсаңыз да, құтқармайды. Сіз, ақымақ болғанда, барыңызды салып ышқынып, тағы суырылып шығасыз. Сол кезде ол, енді Батыраш болып бір бүйірден дүрсе қоя береді... Мақтанамын деп басыңызға қайғы сатып алған сіз, ақыры, амалыңыз таусылып, Құлагеріңіздің қу басын құшақтап «бай-байға» салып, аңырап еліңізге қайтасыз. Есіңізді жиған соң, «итпен құда болсаң, осы, енді!» деп күңіренесіз... Ал, шынымен есі бар адам болсаңыз, түсінесіз: дүниеде мақтанмен озам деу — бекершілік. Оған бәрі жүйрік! Мақтан бәйгесінде бәрі тұлпары Осыны ұққан адамға кемеңгерліктің ауылы көп алыс емес.

Осы айтылғандардың бәрінен мақтан атаулы жаман екен, бұл біз құтылмайтын бір пәле екен деген қорытынды шықпауға тиіс. Мақтаннан қашып құтылу, шынында мүмкін емес. Және керегі де жоқ! Онсыз адамның былай да олқысы көп болмысы одан сайын ойсырайды. Табиғатыңнан, өзіңнен қашып құтыла алмайсың. Мақтан іздемей қарекет жоқ — солай жаратылғанбыз. Ал, қаракетсіз – адам бола ма?

Мен өмірде мақтанбаймын» дейтін адамның өзі мақтанбайтындығына мақтанады. Жалғыз-ақ, ойлайсың, әркімнің ісіне, пейіліңе қарай мақтауды шамадан асырмай, мөлшерден кемітпей әділ үлестіретін, бұра тартпас, бұлтартпас, жаңылмас бір таразы болар ма еді деп. Сонда, адам тіршілігі: іс — береке, сөз — бәтуа, мінез — мәміле тапқан, әркім өзінің барын базарлайтын, қызғаныш-күншілдіксіз бір ғажайып гүлстанға айналар ма еді деп.

СӨЗ АРАСЫНДА

Дүниетаным сипатына, көркемдеу, әсірелеу тәсілдерінің ерекшеліктеріне қарай, мақтаушыларды реалистер және романтиктер деп жіктеуге болады. Бұлардың ішінде өз фантастары да жетерлік.

Мақтаншақтардың бұған қосымша, сүйкімді, сүйкімсіздері болады. Болымсыз бірдеңесін бұлдап, мақтанға қосақтап шабатындар да бар. Қанша мақтанса да, қалай мақтанса да, бойындағы қасиетінің мөлшерінен көп ұзамайтын парықтылар бар. Алдыңғысы — түсінікті, кейінгісіне аз-кем тоқтала кетейік.

Менің бір мақтаншақ ағаларым бар. Олардың бір тамаша жері — мақтаған кезде сенің айта алмай, я жеткізе алмай қиналып тұрған жеріңді өзі тауып, өзі жеткізіп айтады. Өзі де рахаттанады, сенің де алпыс екі тамырыңды иітеді. Олардың, әдетте, «Мен!» деген тақырыпқа айтқан мадақ жыры өздері жазған керемет әңгіме, ғажап өлеңдеріндей соншалық көркем келеді. Эстетикалық қуаты жаңағы жазба жанрдағы туындыларынан бір де кем емес. Мен сол ағаларымды жақсы көремін. Көп жұрт, керісінше, менің ағаларым баптанып отырып, мақтанның көрігін басқан кезде, шошып кетеді. Олар шошыған сайын, біздің ағалар қиял жетпес кеңістіктерге шырқап, мүлде түңілдіріп жібереді. (Керемет әдеби тәсіл!). Бұл — ішіне пышақ айналмайтындар мен эстетикалық түйсігі кемдер үшін үлкен сын. Адам айтқысыз азап. Қанаттанып, көзің шырадай жанып шығатын жерден олар еңселері езіліп, қорланып шығады. «Мақтаншақтан» жеркеніп шығады. «Мақтаншақтың» бетіне келе алмағанмен, шыға бере, терісіне сыймай ашуланады. «Мынауың – адам емес!»—дейді... Енді біреулері күліп шығады. Жаңағы пәленше деген мақтаншақ туралы келемеж әңгімелер таратады. Фольклор өрістей түседі. Бірақ, «үстем таптың көзқарасын білдіретін ертегі» демекші, басқа түсінік тұрғысынан парықталған фольклор өркен жаяды. Бұл «ертегі», анекдоттарды тудырушы аты-жөні белгісіз авторларға ортақ кемшілік — дүниетаным тарлығы, эстетикалық біржақтылық, сондай-ақ, көзі көріп тұрғанға сенбейтін, біздің ауылдан данышпан шығушы ма еді дейтін қор түсінік. Нақ солай!

Айталық, біреу аталмыш жанр ауқымындағы азды-кем желпіністен кейін, шығармашылық қиялдың күрт шарықтауы кезінде, өзі де байқамай Апылатон мен Абайдан асып түсті делік. Онда тұрған не бар? Шошып кететіндей, шыға беріп сөгетіндей несі бар? Біле білсек, мұндай шарықтауға жүрегінің түгі бар адам, өзінің бағасын жақсы білетін адам көтеріледі. Жанрдың табиғатына тән азды-көпті ауытқулар мен әсірелеулер — эстетикалық норма шеңберіне әбден сыйымды нәрсе. Өзіне айтқан мадағынан адамның арманы көрінеді, мұратының биіктігі танылады. Әйтпесе, өзі қатарлас пәленшеден оздым дегеннің несі қызық, несі сән?!

Мақтағанда сізді аспанға шығарып, өзі жарыса шарықтап бірге көтерілетін мақтампаздар қандай?! Көңілінде кірі, бәсеке, бақталастығы жоқ, сенің бағыңды өзінің мерейіндей көріп, мадақ айтқанда ыңғай бір інжу-маржаннан нұрлы жаңбыр боп нөсерлейтін ақ пейіл, шын жүрек қайран досты айтсайшы! Аз ғой олар, аз...

Шіркін, деп ойлайсыз кейде, осы «сен жақсы, мен жақсы — бәріміз жақсыдан» артық, не бар дүниеде деп. Адамдар арасындағы келіспеушіліктің бәрі — соны түсінбегендіктен.. Немесе... сіздің сәл жақсырақ екеніңізді мойындамағандықтан...

МАҚТАУ МЕН ДАТТАУ

Табиғатта, өмірде қарама-қарсылықтарсыз тіршілік болмайтыны сияқты мақтау да даттаусыз көркейе алмайды. Мақтауда қиял-ғажайыптық элементтер, даттауда өсек сөздің үлесі басым. Мақтауды, көбінесе, әсірелеу (гипербола), даттауды кеміту (литота) әрлейді. Рас, жамандауда да әсірелеу жиі қолданылады, бірақ ондағы әсірелеу литоталық сүмірейтуге бергісіз. Осы екі тәсілді жете меңгергендер мақтаудан да, даттаудан да есесін жібермейді. Бұл екеуіне шебер, әсіресе, зиялы қауым Соның ішінде, өте-мөте, жүйкесі нәзік, жаны сезімтал, жарқын эмоцияларға құмар шығармашылық кәсіп төңірегіндегілер күніге біреуді мақтамаса, я даттамаса, ішкен асы тарамайтын, немесе басының сақинасы ұстап қалатын әдеті бар. Аспирин бермеңіз – мақтаңыз. Не біреуді сылқитып жамандаңыз. Нәтижесі көп күттірмейді. Аздан кейін «аурудың» құлан-таза айығып, мақтау-даттау процесіне қалай белсене араласып кеткенін байқамай қаласыз.

Мақтау мен даттаудың шекарасын ажыратудан қалдық. Өйткені, екеуінде де қазір мөлшер жоқ. Шегінен асырған парықсыз мақтау — даттауға бергісіз. Обал сауапты ұмытып, өлтіре жамандау — мақтауға татиды. Алматының ауасын машиналардың улы газы мен сирек тазартылатын қоқыс қана емес — ауыздан ауызға фольклор болып көшетін, кітап болып тасқа басылатын, газет-журналдар іліп алып жариялайтын, радио-теледидар көпіртіп эфирге тарататын жойдасыз мақтаулар мен даттаулар бұзып жатыр. Кешегі Семей мен бүгінгі Лобнордың радиациясындай Қазақстанды улап жатыр...

Әйтеуір, артының қайырын берсін...

ШАЛШЫҚТАҒЫ ЖҰЛДЫЗДАР

немесе жолаушының жол үстіндегі күңкілі

«Алып — анадан туады» дейді. Сөз болғаныңа! Алып аяқ астынан туады! Қарайсыз: бір күні теледидар экранын толтырып біреу отыр... Әнші, әдебиетші, я саясатшы, тарихшы, әйтпесе, бірдеңетанушы — әйтеуір біреу. Әйтпесе, анау да өзі, мынау да өзі — дәуіріміздің үйреншікті дилетанты. Қысқасы, ешкім емес. Жай отырған жоқ, өзін мақтатып отыр. Жүргізуші де мақтайды, өзі де мақтанның отына майды құя түсіп, құя түсіп маздайды... Ертеңінде қарайсыз — газеттер сол біреу туралы жапа-тармағай жарыса жазады. Радионы тыңдайсыз — сол біреу. Жалпақ жұрттың аузында—және сол. Сөйлеп жатыр, сөйлеп отыр, сөйлеп тұр... сөйлеп жүр... Тағы бір күні қарайсыз: сөйлеушіміз, сөйтсек — Гулливер екен! Ол аузын ашып, шалқасынан түсіп жатады екен — ұлан-байтақ ергежейлілер елінің құмырсқаша құжынаған кәрі-жасы жабылып, атпен, арбамен, пойызбен, тікұшақпен... бөшкелеп соған мақтау тасиды екенбіз. Біз құя береді екенбіз, ол жатып семіре береді екен. Анадан тумаған алып, өстіп аяқ астынан туады екен! Ал, тұтқиылдан өрт шыққан күні әлгі мақтаған Гулливеріміз талтайып тұрып басымызға... неткеннен басқа ақыл таппайды екен... Өзімізге де сол керек! Оны енді өзі ергежейлі болып қалатын басқа бір елге елшілікке, не білімін көтеруге жібермей, буы бұрқыраған сарала суға малтығып жүргеніміз — жүрген. Адамзат жұлдызсыз өмір сүре алмайды. Шопенгауэр айтқан, Ларошфуко, Паскаль айтқан... Жә, ол кісілер тура тұрсын, Абай-ақ айтсыншы: «Единица кеткенде,— Не болады өңкей нөл?» Не болушы еді — баданадай-баданадай жұлдыздарға айналады. Сен — жұлдыз, мен — жұлдыз, ол — нөл... Жұлдыз жоқта, мақтау көп. Жоқ жұлдыз мақтап-мақтап қолдан жасалады. Ендігі өмір салты бізге алдымен осыны үйретті. Осы күні кім мақталады, кім жамандалады? Жарнамасы көптер. Мақталмаса, мақталмасын, жер өртеп болса да, көптің назарында жүру — мақсат, мақтан. Болашақ — назардан түспегендікі. Үндемей шаруа тындыратындар — өлі арыстанның орнында. Назарда өлі арыстан емес, тынымсыз тірі тышқан жүрмек... Дүниенің апиыннан басы айналып, аяғы көктен келгелі қашан?! Қазір құдай қарғағанды адам мақтайтын заман. Ол неге мақтайды?

Тағы да алдыңнан Абай шығады:

Көп тәңірі атқан мақтай ма,

Ол тәңірі атқан болмаса?

Жоқты-барды шатпай ма

Көптің өзі оңбаса?

Осы сөз айтылған уақыт пен біздің арамызда мұнартып ғасыр жатқанына кейде сенбейсің!..

Қазір жұрт немен айналысады? Бірін-бірі мақтаумен! Мақтауы асып, бағы жанғаны — жұлдыз. Жолы болмаған — нөлдердің қатарын толықтырады. Өздері қолдан жасаған «жұлдызды» күндейді. Тағы да Абай айтсыншы: «Қайран ел осыменен жүр далақтап»...

Парықсыз қауым үшін, Абай мен Әуезов, сөз жоқ, мықты. Өйткені, бәрі мақтайды. Қыңыри Қисық—мықты. Өйткені, ешкім мақтамайды. Ешкім мақтамағанды қоқсықтан шығарып, шаңын қағып-сілкіп, боқтығынан тазартып дүнием қылу да — бір мақтан... Ал, Қиқар Тотай — нағыз мықты. Өйткені өзін мақтайды, өзін мақтатады. Капиталистік өмір үлгісін жарнамасыз елестету мүмкін бе? Мүмкін емес. Ендігі атақ-даңқтың жолы — эстрада «жұлдыздарының» жолы. Ендігі атақ-даңқтың ғұмыры — эстрада көбелектерінің ғұмыры...

Заманымыздың лай тоқтауы шүпірлеген «жұлдыздарға» толы. Жалған жарығымен, алдамшы көркімен көзді арбайды. Жұрт жоғары қарауды ұмытты... Мұрнының астына қарайды. Аяғының астына үңіледі...— теңге іздейді. «Біз — теңгеміз» деп, шалшықтағы жұлдыздар жымыңдайды... Жұрт жоғары қарауды ұмытты. Қараса, үңірейген қап-қара бостықты ғана көрер еді... Қарамай-ақ қойсын. Бір-ақ рет өмір сүреміз. Қорқыныш, уайым не керек? «Жұлдыздарды» мақтайық!..

МАҚТАННЫҢ ЖӘНЕ БІР МӘНІСІ

Пенденің жүрегіндегі ізгі иман, ең терең махаббаттың көрінісі — Алла Тағаланың құдіретіне айтылған мадақ. «Бисмилла» деп бастадыңыз — мадақ, «аллаһуакбар» деп бет сипадыңыз — мадақ. Бірақ, Аллаға мақтан мен мадақ қажет емес. Мақтау, мадақ. — сіз бен бізге қажет. Демек, мақтау, мадақ, жалпы мақтан — жаратушы мен адамның арасындағы бір қашықтық. «Қолымнан келмес жоқ» деп асқақтап, өз көңілін өзі көтеретін пенде бейшара бәрібір құдай бола алмайды. Мақтан күйлеу, мақтан тілеу—адамның жетілмеген құлқының көрінісі. Адам өзінің «бос» жерін — өзіне деген сенімінің олқысын, өзінде жоқ құдіреттің орнын мақтанмен толтырады. Біздің мақтауға тоймайтынымыз сондықтан.

Мақтан — өзін толық сезінбектіктің жетілгендіктің иллюзиясы. Ал толыққан, жетіккен жаратылыста мақтанға орын жоқ. Бірақ, барлық мағынасында толыққан, жетіккен адам деген не? Ештеңе де емес. Ондай адам жаратылыста жоқ. Бар болса, ол — не құдай, не өлген адам. В. Соловьев көне діни кітаптан бір әңгімені келтіреді. Әйгілі тақуаға жас монах ізден келіп, бұл дүниедегі жетілудің жолын сұрайды.

– Бүгін түнде,— дейді шал,— бейіт басына бар да, өлгендерді тақ атқанша мақта. Сосын маған келіп, олардың не дегенін айтарсың.

Жігіт келесі күні:

– Айтқаныңызды түгел орындадым. Түні бойы өлгендерді мақтадым. Әулиесіңдер бәрің дедім, құдайдың сүйген құлысыңдар дедім, даналықтың бұлағы, жердің құты, ғаламның шамшырағы — сендерсіңдер дедім. Қасиетті кітаптардан оқыған, білген бар жақсылықты соларға таңдым,— дейді,

– Хош... Сонымен олар саған ризашылдығын не деп білдірді?

– Қайдағы ризашылық? Дым да деген жоқ, үнсіз қалыптарында қала берді...

– Бұлары қызық екен,— дейді шал.— Енді сен былай істе, балам. Осы түні сол барған жеріңе тағы бар да, өлгендерді таң атқанша боқта, шамаң келгенше, тілің жеткенше сыбап сал. Көрейін сонда қалай үнсіз қалғандарын!

– Масқарасын шығардым бәрінің,— дейді жігіт келесі күні шалға қайтып келіп.— Дінсізсіңдер бәрін дедім. Қарғылы төбетсіңдер, сайтанның ыдысысыңдар дедім. Бауырын өлтірген Қабыл, құдайын сатқан Иудасыңдар дедім. Адам баласы білетін барша жаманшылықты солардың басына үйіп-төктім...

– Иә, не болды сонымен? Олардың қаһарынан қайтіп құтылдың?

– Қайдағы қаһар? Тырс етіп үн қатпады, шіркіндер. Тіпті, моланың үстіне жата қалып, тың тыңдадым... Мізбақпайды!..

– Көрдің бе?— депті шал.— Сен бұл дүниедегі жетілгендіктің шыңына дәл сол өліктердей мақтау мен боқтауға мізбақпайтын болғанда ғана жетесің!..

Бұл дүниеде мақтау-даттауға мізбақпай шыдар кім бар? Өлгенде ғана жетер кемелдікке кім құштар? Әрине, ешкім. Жаңағы әңгіменің ғибраты да сонда. Бірақ, білген адамға мақтанның басы — алданыш, соңы — мұң. Өзің туралы естіген ешбір мақтауға лайық емес екеніңді білу — бір қайғы. Әрі сол мақтаған деңгейге ешқашан жетпесіңді түсіну — және азап. Соның бәрін біліп тұрып, мақтанбай, мақтау сағынбай бәрібір жүре алмайтыныңды ойласаң — қапашылықтың бәрі бір сенің басында. Жетілместің түпсіз мұңы, толыспастың таусылмас тілегі бұл мақтан!.. Біздің мақтауға тоймайтынымыз сондықтан...

КЕЙБІР ҚОРЫТЫНДЫЛАР 

ЖӘНЕ

ПАЙДАЛЫ КЕҢЕСТЕР

1. Жақсы адамды шын пейіліңмен мақтау — белгілі дәрежеде, өзін де жақсысың деген сөз. Өйткені, өзіңде жоқ жақсылықты басқадан көрмейсің, таппайсың.

Жақсы адамның бойынан мін іздеп, қатты үңілуге болмайды — күннің бетіндегі дақты көремін деп көзіңді қарықтырып аласың.

2. Адамның кемшілігін, жаманшылығын айтып, көзін ашам деу — бекершілік. Саңылаусызға ешбір шара жоқ. Екіншіден, біреудің кемшілігін бетіне басу үшін өзің мінсіз болуың керек. Сондықтан, біздің қолымыздан келетін жалғыз нәрсе (және ең сауап іс)—мақтау, мақтау, мақтау...

3. Шын сыйлайтын адамыңды, біліп тұрып артық мақтау — күнә. Жеткізбей мақтау — қылмыс. Екеуінде де сүйген адамыңды жәбірлейсің.

4. Артық мақтан — бар-жоқ қадір-қасиетіңді шайып кетуі мүмкін. Қалайда, сәл жеткізбей мақтану керек — мақтаушыға да өріс қалсын. Мақтанның жақсысы — өзіңнің бойыңа өлшеп мақтану (аздаған әсірелеу ештеңе етпейді — көрік береді), өзгені де көп ұяттан кетпей, тұлғасына шақтап мақтау.

5. Қайткенде де, орта жастан асқан соң мақтанға көп бой алдырмаған жөн. Әйтпесе, мақтан ұлылық шалығына (мания величия), не кенеусіз қырттыққа айналады.

6. Өзің қиыстырып мақтана алмасаң, кәсіпқой мақтаншақтарды қызығып тыңда. Сөздің қисынына қара, әсірелеу — айшықтауларға көңіл бөл, қиялдың байлығына таңдан, мақтаншақтың өзі сомдаған көркем бейнесінің нанымдылығына назар сал — эстетикалық ләззатқа бөк. Мақтаншақты тыңдаймын деп, босқа өлген уақытыңа сонда өкінбейсің.

7. Мақтан дүниесінде сенің кімді ұнатып, кімді жақтырмайтыныңды жақсы білетін жалғаншы достан жаман жоқ. Ол әлдебір есеппен (қызғанышпен, мәселен) сені білдірмей мұқатқысы келсе, ретін тауып, сенің көзіңше жауыңды мақтайды. Сенің ширегіңе келмейтін (әрине, өзің солай деп есептейтін) біреулерді жылбырап аяқ астынан мақтай қалған достан сақтан! Жауыңның бойындағы өзің де жақсы білетін қадір-қасиеттерді аяқ астынан көре қалған досты дереу маңыңнан қу! Өйткені, ол жанағы шындықтарды шындыққа сүйіспеншіліктен, әділетке ынтықтықтан айтып тұрған жоқ. Айтқысы келген кезде, яғни, сенен бір кегін алар кезде айтып тұр.

8. Өзінің орнын білген адам — адамның жақсысы. Ал, жалпы, өзінің түкке тұрмайтынын білген адам — ұлы адам!

9. Мақтаншақтық неден туады? Сенімсіздіктен. Өзгелер сенін қадір-қасиетіңді білмейді-ау деген күдіктен...

10. Әсіре мақтау естігенде, кейде бетіміздің қызара бастағанын айнаға қарамай-ақ сеземіз. Бірақ, ойлап қалмаңыз, ұялғаннан деп. Бек ризашылықтан қызарамыз!

11. Мақтау естігеннің ең тамаша жері — бойыңды өзіңе деген шексіз құрмет, зор қанағат сезімі кернейді.. Бір жасың мың болып, мәңгі өлмейтініңе біржола сенесің.

12. Жағымпаз мақтау, құл мақтау пенденің татымсыздығын, билікшінің астамшылығын күшейтеді. Әміршісін ең асырып мақтаған әріптесі, бәлкім, қара басың аман сақтап қалған шығар. Бірақ, Сталин үшін ең құнсыз бас та — сол болғанында күмән жоқ.

13. Абай айтады: «Нәпсісін тыйып, бойын тоқтатқан кісінің жаман атанып, нәпсісі билеп, мақтанға еріп пәле шығарған кісі мықты атанатұғыны несі?» деп. Рас-ақ. Мақтанбай жайымен жүргендерді бейшара деп білеміз. Сосын қайтсін, ол байғұс та мақтануға, мақтатуға мәжбүр.

Тағы да Абай айтады: «Жаттың тәуір кісісін көрсе, «жарықтық» деп жалбырай қалып, мақтай қалып, өз елінде сонан артық адам болса да, танымайтұғыны қалай?» Қазақтың қазіргі бар жақсысын бір төбенің басына жиып, арттарын түріп қойып, әлемдегі аты шулы есімдермен, немесе алдыңғы өткен ұлылардың беделімен шықпыртып, бас көтертпей сабай беретін әдет осыған жатады.

Абай: «Бір жолаушы алыс жерге барған еліне өз елін мақтаймын деп өтірікті сыбап-сыбап, қайтып келген: соң, сол барған, келген елін, жерін мақтап өтірікті сыбайтұғыны қалай?» Қазір шет елге бір барып келе салып, газеттерге қытай да қасиетті, кәріс те кәделі, маңғұл да марқасқа, жапон да жайсаң, тек қазақ сорлы, Еуропа, Америкаға қарағанда, қазақ тіпті қораш... деп жолсапар жазатындар, сондай-ақ, қазақтың салт-дәстүріне, ұлттық ұғым-түсініктеріне тантып өтірік талдау жасайтын кейбір орыс тілді «ғылыми» білгіштер — соның көрінісі. Бұлар — қазақты мақтаймын деп күлді көмешке ұрынып жүрген олақ патриоттар. Өтірікті қиыстыруға да әжептәуір талант, білік керек. Қазақты мақтау үшін, сосын мемлекеттік тілді білген жөн.

14. Сол Абайдың өзін не үшін жиі ауызға ала береміз? Мақтан үшін! Бізде де сондай кісі болған демек үшін. Әйтпесе, сөзін ұғып жарытқаннан емес.

15. Сезімнің сыртқа шықпас түсі бар ма?

Оны жасырар адамның күші бар ма? – деп, Сұлтанмахмұт айтпақшы, мақтанның масаты да адамның сырт сипатында дыбыссыз айғайдай, айғайсыз аңырағандай сұрапыл суретпен тұнып тұрады. Байқап қараңызшы. Көптің пікірі, жалпының түсінігінде абыройлы, атақты, мәнсапты делінетіндердің тобыр ішіндегі жүріс-тұрыс, сән-салтанатына, мінез-құлық, тұрпат-тұлғасына назар салыңызшы... Жеңген бұқаның айдыны мен дүмі бар емес пе?..

16. Мақтанға бейтарап көрінетін (не көрінгісі келетін) адамға сенбеңіз. Ішті кернеген тымырсық сыртқа шыққан желден әлдеқайда сұрапыл. Әлдеқалай кілтін тауып кіре қалсаңыз, замандар бойы сартап болып буылып, қамауда тұрған улы газдай қапырық мақтаннан дем ала алмай қалуыңыз мүмкін...

17. Енді бір кеңес. Әріптесің алды-артына қарамай мақтана жөнелгенде, не істеу керек, өзіңді қалай ұстаған жөн? Меніңше, ол өзін өзі ұмытып, таңғажайып мақтан дүниесіне енгенде, көзді жұмып, саған да сол әлемге қойып кету парыз. Әріптесің қыза-қыза өзіне өзі буда-буда гүл шоқтарын лақтырып, ду-ду қол шапалақтауға көміп жатқанда, саған да жер тепкілеп айғай-сүрең (овация) көтеру міндет... Өйткені, ертең сен де мақтанасың. Саған да бүгінгі дәл өзіңдей қошеметші, көтермеші керек болады. Көр де тұр!!..

Байқампаздығына мақтанып көп сөйлеп кетті деп, біреулер күңкілдемес үшін әзірге осымен доғара тұрамыз.

ЗАМАН ЖӘНЕ МАҚТАН

(Сөз соңы)

Көне заманның данышпан механигі Архимед: «Маған табан тірейтін тиянақ табыңдаршы, Жер шарын тік көтерейін!» деп бөсіпті. Тиянақ (точка опоры) табылмайтынын біліп тұрып, айтады – дағы!.. Архимедтен заманымыз озық, демек ақылымыз да артық (деп ойлаймыз). Сондықтан біз білеміз: ғаламнан Архимед таппаған тиянақ-тірек — мақтау мен мадақ. Мақтанға табанын нық тіреген адам Жер шарын тік көтермек түгіл, қақпақыл ойнатады әлі-ақ!

Заманның тілін тапқысы келген кісі, алдымен, мақтауды мақтана білуді игеруі керек.

Біріншіден, мақталмаған тауар өтпейді. Сондықтан жарнама атаулының негізгі жанры — мадақ, мақтан. Сыраға мадақ, шаштың қайызғағын кетіретін сабынға мадақ, арақ-шарапқа мадақ («Единственная реальность среди миражей — Taraz»!), ит пен мысықтың тамағына мадақ, іш киімдерге, иіс суларға мадақ... Көше толған, үйін толған, газет-журнал толған мадақ... Мақтаудан басы айналған ғалам шыркөбелек билейді!

Екіншіден, мақталмаған адам өспейді. Осы, Мыстан кемпір неге жаман болды деп ойлайсыз? Меніңше, ешкім мақтамағандықтан. Қыз күнінен мақтаумен сылап-сипап өсіргенде, одан күн астындағы Күнікей қыз шығар еді!.. Бірақ шын мақтағыңыз келсе, Мыстанның осы қалпынан да көп қасиет табуға болады: «Алтын сақадағы» мергендігі қандай, мәселен?! Жаманшылықтан шаршамайтын қажырын айтсаншы, шіркін! Қай ертегінің де дәмін кіргізер татымын қайда қоясыз? Мыстан кемпірсіз ертегі — ертегі ме, тәйірі!..

«Аюдың қасында шошқа — жылмақтай жігіт емес пе?» деп мақтапты көк есек. Біреуді мақтай алмай жаныңыз қысылса, Мыстан кемпірді еске алыңыз — дүниеде бәрі салыстырмалы...

«Мен мақтанның құлы емес» дейді Абай. Бұл — мақтанбаймын деген сөз емес. Мақтан қумаймын дегені. Рас-ақ: Абай — мақтанға емес, мақтан — Абайға құл. Осы бес күндік пәниде біз мақтау-мадақ іздеп жанығамыз — мақтау, мадақ Абайды өзі іздеп сабылады...

Дегенмен, осы мақала не үшін жазылды? Тек мақтан үшін десеңіз, қиянат болады. Түгел ақиқат — ол емес. Бірақ, мен осы, өзімше, тауып айттым-ау деген азғантай сөзіме мақтау күтемін бе, күтпеймін бе? Күткенде қандай! Ал сол «бәрекелдіңізге» сенемін бе, сенбеймін бе? Сенгенде қандай! Ал енді содан «бұзылып» кетемін бе, кетпеймін бе?..

Білмеймін... Уақыт көрсетер, сіз куә боларсыз... Бірақ, әйтеуір мақтағыңыз келсе, мақтауға татыса... іркіп қалмаңыз. Шын көңілден, адал жүректен мақтаңыз — мен қашан да дайынмын. Бір атым насыбайдан қалар қайран көңіл бір ауыз тәтті лебізге-ақ семіре салады — мақтау айтушыларға алдын ала алғыс!

Мақтап жүрейік бір-бірімізді!

author

Тұрсынжан Шапай

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...