ТІРІГЕ – СӘЛЕМ!!!Ұлтқа қызмет ету деген не?.. Білекті сыбанып, адыраңдау ма... Әлде қазіргі уа...
ТАУ ТҰЛҒАЛЫ ТӘШЕНОВ
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қазақ ССР үкіметін басқарған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің есімі қазіргі тәуелсіз Қазақстанның тарихына алтын әріппен жазылған. Оның жарқын өмірі туралы кітаптар жазылды, есімі Астана, Алматы, Көкшетау, Петропавл және Шымкент қаласының, аудандардың орталық көшелеріне берілді. Ол тірі кезінде шын мәнінде халықтың сүйікті перзентіне айналды. Оның мәні неде?
Шайқас
Тың игеру науқанымен бірге Қазақстан басшылығы үшін қолдан жасалған ауыр кезең – Одақтас республикалардың «шекарасы болмасын» дейтін лаң пайда болды. 1960 жылдың 25 желтоқсанында «Акмолинская правда» газетінде шағын хабарландыру жарияланды: «Делегаттардың есіне саламыз: Бірінші Тың өлкелік партия конференциясы Ақмола қаласында 1960 жылдың 28 желтоқсанында ашылады…». Бұл ешкім күтпеген жағдай еді, өйткені сол кезде өлке деген әкімшілік-аймақтық құрылым атымен жоқ болатын. Тек екі күн өткеннен кейін ғана республикалық және облыстар газеттерінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1960 жылдың 26 желтоқсандағы «Қазақ ССР құрамында Тың өлкесін құру» туралы Жарлығы жарияланды. Онда былай делінген: солтүстік облыстардағы шаруашылық және мәдени құрылыстарға басшылық жасауды одан ары жетілдіру үшін және оның зор ресурстарын толық игеру мақсатында Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Президиумы қаулы етеді: «1.Қазақ ССР құрамында Тың өлкесін құру, оған Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағын қосу және өлкенің әкімшілік орталығы Ақмола қаласында болсын. 2. Ақмола облысын қысқартып, оның аудандарын тікелей Тың өлкесіне бағынатын етіп, соның құрамына беру». Өлкелік партия конференциясының қорытындысы бойынша шекараларды кең көлемде «қайта жасауды» жүзеге асыру үшін қасақана өлкелік атқару комитетінің төрағасы етіп, оған дейін КСРО ауылшаруашылық министрі міндетін табысты атқарған В.Мацкевичті сайлады.
Сол кездің өзінде Орталық Қазақ ССР Үкіметін айналып өтіп, Тың өлкесін тікелей КСРО мемлекеттік жоспарлау комитетіне бағындырғысы келді. Тың өлкесінің басшылығы 1961 жылғы жоспарлы көрсеткіштерді жыл сайынғы әдет бойынша республикалық органдарға беруден бас тартқаны белгілі болды. Осыған байланысты Ж.Тәшенов Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы ретінде дереу Ақмолаға ұшып келуге мәжбүр болды. Тың өлкелік партия комитетінің тікелей Мәскеуге бағыныштылығына қарамастан, Жұмабек Ахметович бірінші хатшы Т.Соколовтың (сол кезде ол Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің хатшысы болатын) кабинетіне кірген бойда Соколовты қыспаққа алды. «Несіне, сендер дандайсып жүрсіңдер. Келесі жылдың бюджетін құрастыру үшін Қазақ ССР Мемлекеттік жоспалау комитетіне қажетті мәліметтерді неге бермейсіңдер?
Оған Тихон Соколов асықпай ғана: Жұмабек Ахметович, мәліметтерді беруде ешқандай кедергі жоқ,1961 жылдың бірінші қаңтарынан бастап Тың өлкесінің бюджетін құрастыратын көрші республика – РСФСР-дің Мемлекеттік жоспалау комитетіне тапсырылған. Ал солтүстіктегі бес облыстардың Қазақстанға бағынуы осымен аяқталды. Маған дауыс көтермеңіз, енді мен Ресей азаматымын» деп әңгіменің аяқталғанын білдірді. Бұл жанжалды Соколов сол күні өзінше Мәскеуге, тікелей Хрущевке жеткізді. КПСС Орталық комитетінің сол кездегі инспекторының естелігіне қарағанда, Н.Хрущевті таң қалдырғаны Тәшеновтің «Тың өлкесі ешқашан Ресейге берілмейді» деген айбарлы сөзі емес, қайта Соколовқа айтқан «24 сағаттың ішінде Қазақстаннан табаныңды жалтырат» деген сөзі болды. Мұндайға қолында шексіз билігі бар Хрущев шыдай алмайтыны белгілі еді. Бірде, 1960 жылы Никита Хрущев тың және тыңайған жерлерді игеру жөніндегі бүкілодақтық науқанды қорытындылай келе көлгірси жөнелді. «Бүкіл патшалық Ресей әкімшілігі 100 жылда қазақтарды колониялық езгі кезінде жасай алмағанын жалғыз өзім іске асырдым. Қазақ ССР-дағы басқа халықтардың үлес салмағын 50 пайызға жеткізіп, жергілікті халықпен теңестірдім».
Дандайсынған Хрущев мұнымен қоймай: «Өлкелік басқаруға көшу керек… болашақта одақтас республикалардың шекаралары жойылады… мына ақ моланың бізге қажеті жоқ» (ол Ақмоланы меңзеп отыр, 1961жылы Хрущевтің қыспағымен оны Целиноград деп өзгертті). Осылайша, ол 1961 жылдан бастап Қазақстанның солтүстігіндегі өнеркәсіптік және ауылшаруашылық мүмкіндіктері зор бес облысты тікелей Мәскеуге бағындыру туралы жоспар құрды. Мұнымен қоймай, Мәскеуде Маңғыстау жарты түбегін – Түркіменстанға, сол кездегі Шымкент облысының Бостандық, Киров және Мақтаарал аудандарын көрші Өзбекстанға беру мәселелері қарастырылып жатты.
Тың өлкесін дереу құру жөніндегі Орталықтың қысастық қарқынына сол кездегі өз әріптестері – Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы – Д.Қонаев, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы – С.Ниязбеков, солтүстіктегі бес облыстардың бірінші хатшылары – Ақмолада – Т.Соколов, Қостанайда – А.Бородин, Көкшетауда – А.Трещев, Солтүстік Қазақстанда – Н.Борзов, Павлодарда – С.Елагиндердің үнсіз мойынсұнғандарына қарамастан, Жұмабек Тәшенов жалғыз өзі қарсы тұруына тура келді.
1960 жылдың соңында Ақмолада өткен кеңесте Н.Хрущев Қазақ ССР министрлер кеңесінің төрағасы Ж.Тәшеновке қарап «Шешімін созуды күтпейтін бір мәселе бар – республиканың жер көлемі. Бұл мәселе жөнінде біз Қонаев жолдаспен және облыстар басшыларымен пікір алыстық. Олар біздің ұсынысымызды қолдап отыр. Енді, Жұмабек Ахметович, осы мәселе жөнінде сіздің ойыңызды білсек». Ж.Тәшенов өзіне тән қайсарлы мінезімен атып түрегеліп, СОКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Н.Хрущевке тіке қарап: «Туған жерім Ақмола облысы. Он екі жыл бойы Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс істедім. Әке-шешем және басқа да аруақтар осы жерден жайлы орын тапқан. Енді сіз бұл жерді Ресейге бермексіз. Ойланыңыздар, жолдастар, қай қазақ мұндаймен келіседі? Тағы да ойланыңыздар, жолдастар! Мысалы, мен өзім, бұл мәселенің күн тәртібіне қойылуына үзілді-кесілді қарсымын!». «Сен кім едің, партияның (СОКП Орталық комитетін меңзеп тұр) бағытына қарсы тұратын, – деп Хрущев ашуға басты.
– Олай болса, біз сендерсіз-ақ (республика басшылығын меңзеуде) шешім қабылдай аламыз. Кеңес Одағы бір тұтас ел, сондықтан кімге қандай аймақты беруді Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңесі шешеді».
Тәшеновтің жауабы сандырақтап кеткен Хрущевті бірден сабасына түсірді. «Егер Жоғарғы Кеңес өз бетімен республикалардың аймағын бөлуге араласатын болса, онда Кеңес Одағы Конституциясының пәрменін жою керек, – деп Жұмабек Ахметұлы мәселені басқа қырынан қойып, ойын одан ары жалғастырды.
– Ел Конституциясында одақтас республикалар қалыптасқан тарихи аймақтың құқықтық иесі делінген. Егер бұл заң талабы бұзылатын болса, біз халықаралық құқықтық ұйымдарға жүгінуге мәжбүр боламыз». Мұндай батыл қарсылықты күтпеген Никита Сергеевич сасқанынан үн-түнсіз қалды. Ол кезде КСРО Конституциясына қол сұғуға ешкімнің батылы бармайтын. Жиналыстан шыққан Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаев әріптесінің батыл әрекетіне сүйіспеншілігін жасыра алмай: «Әй Жұмеке, жүрек жұтқан батырсыз-ау, арыстанша атылдың ғой»! дегеніне Жұмекең: «Елім мен халқымның мүддесі үшін қандай қияметке болсын дайынмын» депті. Жұмабек Ахметұлының осындай дәлелді де дәйекті пікірі шын мәнінде, Қазақстан аумағының тұтастығы үшін Мәскеумен текетіресті тарихтың талқысына салды. Тәшеновтің осындай батыл қарсылығынан қаймыққан Хрущев енді одақтас республикалардың аумағын бөлу мәселесіне қайтып жоламайтын болды. Хрущевтің шыдамынан шыққан тағы бір жайт, сол күні болды. Ол туралы кезінде Жұмекеңнің көмекшісі болған Жасұлан Дайырбеков былай деп еске алады: «Түстен кейін өткен республикалық мәжіліс жұмысын одан ары жалғастырды. Ешкімге сөз бермеген Хрущев бар ашу-ызасын Қонаевтан алғандай болды. Небір дөрекі сөздерді айтты… Дәл сол сәтте Хрущевтің бірінші көмекшісі Андрей Шевченко ешкімнен рұқсат алмай өз бетімен Жұмабек Тәшеновтің ұшаққа отырып, демалу үшін Қырымға бет алды. Соны біліп қойған Тәшенов рация арқылы ұшқыштармен байланысып, Ақмола аэропортына қайтып келуді бұйырды. Өз кінәсін мойындаған Мәскеу шенеунігі тізерлеп отырып Жұмабек Ахметовичтен кешірім сұрады. Жұмекең бұл туралы Хрущевке айтуды қажет деп таппады. Есесіне оны Хрущевтің көмекшісі басқа қырынан жеткізді…» Тәшеновті көндіре алмайтынын түсінген Хрущев бірінші хатшы Д.Қонаевты шақырып алып, Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасын аяусыз сынға алып, лауазымды қызметінен босату және оны төмендетіп, басқа жаққа жіберу жөнінде шұғыл тапсырма берді. Республикалық Орталық партия Комитеті бюросының жабық мәжілісінде Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы Ж.Тәшеновтің қызметіндегі «кемшіліктер» қаралды. Бюро мүшелері мәселенің мән-жайына бармастан, партиялық тәртіпке беріктіктерін танытып, Ж.Тәшеновті қызметінен босату жөнінде бірауыздан дауыс берді. Бюродағы әріптестері мен қандастарынан опық жеп, жеңіліп шыққан Жұмабек Ахметұлын шын мәнінде халқы жеңімпаз деп таныды.
Жеңімпаз мұрасы
Қызметінен алынған Жұмекең сөзсіз жеңіспен шықты. Елінің тұтастығын сақтап қалуда қандай ерлік жасағанын Жұмекең бірден түсінді ме жоқ па, ол жағы бізге беймәлім. Бірақ КСРО басшылығымен тайталасып, оның айтқанына көнбудің немен аяқталатынын Жұмабек Ахметұлы сезбеді емес, сезді және Орталықтың қандай да бір шешіміне тас түйін дайын болатын. Ең бастысы осындайда жанына батқаны, кейбір жора-жолдастар мен тамыр-таныстардың Жұмекеңнен бойларын алыстата бастағаны еді. Сонда Қазақстанның осыншама жерінің тұтастығын кімдер үшін, не үшін сақтауға басын тікті?
Бір өзін кімнен болса да, қалай болса да арашалап алуға Жұмекеңнің қауқары да, білімі де жетер еді. Жұмекең бүкіл болмысынан бірбеткей, алған бағытынан қайтпайтын нағыз қайраткер болатын, сондықтан өзі айтқандай: «Елімнің жерін таққа айырбастамаймын» деуі тегіннен- тегін айтылмаған. Бұл ұлтжанды азаматтың сөзі, өжет адамның көзқарасы, тектіліктің белгісі. Никита Хрущев Жұмабек Тәшеновпен болған тартыстан кейін КСРО географиялық картасын қайта өзгертуден мүлдем бас тартты. Тарихта қалған оқиғаларды қанша жыл өткеннен кейін саралай отырып, Н.Хрущев мынадай жағдайды да ескерген болар деген болжам жасауға тура келеді. Шексіз билігі бар алып мемлекет басшысы Хрущевке бір республиканың Министрлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов жалғыз өзі қарсылық көрсетіп, батылдық танытса, қазақтар айтпақшы «жер дауы, жесір дауы» бола қалған жағдайда қазақ халқының қаһарына ұшыраудың қандай бір ауыр жағдайға алып келетінін көзге елестету мүмкін бе еді.
Кейіннен 1979 жылы Қазақ ССР-аумағында Неміс автономиялы облысын құру және 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі туралы тарихи фактілер Никита Сергеевичтің сол кездегі қауіптенгенін растағандай болды. Халқымыздың сүйікті композиторы Шәмші Қалдаяқовтың естелігінде жазылғандай: «1959 жылы Солтүстік Қазақстан аумағын басқа республикаға береді дегенді естігеннен кейін баршамыз алаңдаулы болдық. Сол жылы белгілі ақын Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» патриоттық әніне саз жазуды ұйғардым». Кейіннен жарты ғасырдай уақыт өткеннен соң еліміз тәуелсіздігін жариялаған кезде бұл ән мемлекеттік әнұранға айналды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары бұл ән халқымыздың көңілінен шыққаны соншалық, радиотыңдаушылардың сұрауы бойынша Қазақ радиосы оны күнде беріп жатты. Жер мәселесіне байланысты Орталық пен Қазақстан арасында туған дау сол кезде республика халқының да мазасын алғаны белгілі. Осы жайтты Ж.Тәшеновтің ниеттес досы, философия ғылымдарының докторы, профессор С.Кенжебаев былайша еске түсіреді: «1954 жылы Н.Хрущев Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында республикалық актив жиналысындағы тың және тыңайған жер көтерудің көшбасшысы, инициаторы Тәшенов деп мәлімдеді. Егер осы инициатор Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге қосуға ризашылығын берсе, Хрущев мәз-мейрам болар еді. Бірақ Жұмекең атамекенді саудаға салуға, сөйтіп қазақ халқының алдында ауыр күнәға қалуға әсте бармады. КСРО басшысына жағынып, мәртебеге ие болу Жұмекеңнің бүкіл болмысына жат еді.
Жұмекеңнің қайыспай шешкен шешімі – халық мүддесін көздегендік, қазақ жерінің тұтастығына тұтқа болу». Ж.Тәшеновтің арқасында Қазақстанның құрамында қалған жер мөлшері 565,4 мың шаршы километр немесе қазіргі Қазақстан Республикасы аумағының бестен бір бөлігі. Егер сол кезде Жұмабек Ахметұлы Орталықтың айтқанынан шықпай, көрші республикаға аталған бес облысты бере салғанда, Ресей Федерациясының құрамына қарапайым есеппен 3,7 миллион адам (1999 жылғы халық санағы бойынша) кетіп қалар еді. Бұған Түркіменстанға кеткелі тұрған кенді Маңғышлақты, Оңтүстік Қазақстанның Өзбекстанға тағы да бергізгелі тұрған үш ауданын Тәшенов бергізбей, Қазақстанның құрамында сақтап қалдырғанын қоссаңыз, онда Жұмекеңнің бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасы тарихындағы рөліне қазіргі ұрпақ лайықты бағасын беруі тиіс. Егер Солтүстік Қазақстанның бес облысының сақталуын бүгінгі тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму сатысына сараптап қарайтын болсақ, Жұмекең жасаған ерлік пен қайсарлықтың мәні мен маңызын ештеңемен салыстыру және өлшеу мүмкін емес!
Соның нәтижесінде қазіргі Қазақстан Солтүстік Америка (АҚШ пен Канаданың солтүстігі), Еуропада (Франция, Украина және Ресейдің оңтүстігі), Оңтүстік жарты шар (әсіресе, Аргентина және Австралия) қосқандағы бүкіл әлемдік жетекші астықты алқап атанып, жоғары сапалы астықты дақылдарды мол өндіретін мемлекетке айналды. Республикамыздың басшылығына келіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы, Министрлер кеңесінің төрағасы болып қызмет істеген жылдарында:
– Алматыда Абай даңғылы болуын, сол көшенің басына Абайға ескерткіш орнатылуын ұсынған, қадағалап іске асырған. Мәскеудегі тізгін-шылбыр иелерін иліктіру үшін Тбилисиде Руставели, Ташкентте Науаи, Мәскеуде Максим Горький даңғылы барын көлденең тартқан;
– Қазақстан Компартиясының бірінші басшысы Жұмабай Шаяхметовтің тұсында қолға алынған, бірақ жеріне жеткізілмеген елеулі мәселені – Медеу шатқалында мұз айдынын жасауды тиянақтату үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы К.Ворошиловты қонаққа шақырып, шатқалды көрсетіп қызықтырып, ойын нық дәлелдеп, құрылысқа қажетті қаржыны алған;
– Әйгілі «халық жауы» науқанында жазықсыз жазаланып, қазаға ұшыраған арыстарымызды ақтау, кейінде қуғынға ұшырап түрмеде жатқан, айдауда жүрген қайраткерлерімізді бостандыққа шығару мәселелерімен шұғалданатын (СОКП ХХ – құрылтайының шешімдеріне сай) республикалық комиссияны басқарып, игілікті қыруар жұмыс атқарған;
– Мәскеуде Қазақстан өнері мен әдебиетінің екінші онкүндігін 1958-жылы жан-жақты жақсы дайындықпен өткізуге күш салған. Онкүндік нәтижесінде айтулы тарландарымыздың ең жоғары атақпен марапатталуына, үлкен құрмет-қошемет көруіне, бес артисімізге «КСРО Халық артисі» атағы берілуіне себепші болған;
– ҚКП Орталық комитетіндегі қайсыбір «сақ-қырағылар» Бауыржан Момышұлының «За нами Москва» кітабының жарық көруіне қарсы болса да, Жұмекең орынсыз қарсылықты жеңіп, кітапты шығартқан; – Алматының дәл ортасында, салынған 120 пәтерлік үйді қазақ әдебиеті мен өнерінің қайраткерлеріне бергізген;
– Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын Лениндік сыйлыққа ұсынуға жолбасшы болған;
– Нұрмолда Алдабергеновке Социалистік Еңбек Ерінің үшінші Алтын жұлдызын, Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын алып беру үшін Мәскеуге барып, тиісті орындарда болып, көп әрекет жасаған, бірақ хрущевшілдердің, маршал И. Коневтің қарсылықтарына тап болған;
– Жұмекеңнің бастамасымен күрішші Ыбырай Жақаев пен шопан Жазылбек Қуанышбаевтарға екінші рет Социалистік Еңбек Ері атағын алып берілді;
– Республика тіршілігінің қай саласында болсын қазақтың білімдар, жас кадрларын өсіруді бірінші кезектегі міндеті санап, орындап отырған. Министрлер кеңесіне төраға болысымен аппаратына 12 қазақты алған;
– Жезқазған геологиялық партиясының бастығы ШаҺмардан Есеновтің болашағы зор екенін болжап біліп, жас маманды республика Геология министрінің орынбасарлығына тағайындаған; – ҚКП Орталық комитетінде қазақ газеттерін аудармаға айналдыру туралы зымияндық мәжіліс өткізілгенде ашынып қарсы сөйлеген. Сол кездегі «Cоциалистік Қазақстан» мен «Қазақ әдебиеті» газеттерін аударма газет болудан қорғап қалды;
– Үйсіз жүрген Мағжан Жұмабаевтың жесіріне пәтер бергізді;
– Алматы мен Қарағандыда политехникалық, Павлодарда индустриалды институттарды ашуға мұрындық болды.
– Тоңмойындар мен безбүйректерден жәбір көріп, алдына келген адамдарға дереу көмек көрсетіп жүрген. Қарапайым адамдармен қарым-қатынаста болудан арланбаған, қайта солардың өтініштері мен арыздарына жете қараған.
Тәшенов тағылымы
Кеңес Одағын Н.Хрущев басқарған жылдары және одан кейін де қазақ халқының мүдделері ескерілмеді және басшыларды Мәскеу тағайындау жаман әдетке айналды. Орталықтың оспадар саясатына ең бірінші болып ашық қарсылық білдірген Жұмабек Тәшенов еді. СОКП Орталық партия Комитетіне хатшы болып ауысқан Л.Брежнев өзінің орнына Мәскеуден Қазақстан компартиясы Орталық комитетіне 1 және 2-хатшылыққа И.Яковлев пен Н.Журинді алып келді. Бюро мүшелерінің барлығы бірдей бұл кандидаттарды қолдап дауыс берді. Осы кезде жуырда ғана Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланған Ж.Тәшенов сөз алды да: «Аудандарда, облыстарда, министрліктердің орталық аппараттарында білікті қазақ кадрлары жеткілікті. Ортамызда Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Фазыл Кәрібжанов отыр. Оның басқалардан несі кем? Ол екінші хатшы болып істей алмай ма? Қазақ кадрларын бірінші және екінші хатшылық пен басқадай басшылыққа тағайындамау біздің ұлтымызға менсінбей қарау деп бағалаймын». Мұндай батыл сөз үлкен алқалы жиында айтылғаннан кейін Брежнев сасып қалды, бар айтқаны: «Тәшенев жолдастың ұсынысының жаны бар, ол алдағы уақытта ескеріледі, ал бүгінгі тағайындау Мәскеумен келісілген», – деп бюро жұмысын жабуға асықты. Л.Брежнев өз «өкпесін» бүгіп қалмады. «Тәшеновтің бұл ұсынысы жүрек соғуын тоқтатуға жақын қалдырды, оны оңайлықпен ұмытуға болмас» деп «қалжыңдаған» сыңай танытты. Өмір көрсеткендей, айтылған өткір сөздер Брежнев есінен кетпеді. Жұмекеңнің кейінгі жылдардағы тағдырына салқынын тигізді. Бірақ сол жиында айтылған Тәшенов сөзі аяқсыз қалмады. Көп ұзамай Ф.Кәрібжанов екінші хатшы болып тағайындалды, басқа да қазақ кадрларының өсуіне жол ашылды. Жоғарыда айтқанымыздай, биыл Жұмабек Ахметұлы 100-ге толады.
Жұмекеңнің өткен өмірін зерделеп отырсаң, сонау қазақ ауылдарын колхоздандыру кезінде 9 жасар бақташы болған Жұмекеңнің Қазақ КСР Министрлер кеңесіне жетекшілік еткен жылдары қас қағым сәттей өте шығады. Осыған байланысты халықтың сүйікті тұлғасына айналған, болашақ тәуелсіз мемлекет – Қазақстан жерін бөлшектетпей, соның тұтастығын сақтап қалған нар тұлға Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің мерейтойын қазірден бастап лайықты өткізу бүгінгі ұрпаққа жүктелетін парыз болмақ. Осыған орай Ж.Тәшенов мерейтойына арналған түрлі конференциялар мен «дөңгелек үстелдер» өткізу арқылы рухы биік, патриоттық сезімі асқақ асыл ағамыздың өнегелі өмірімен байланыстыра отырып, ұлттық тарихымызды байыта түсер едік, артында қалған бай мұрасына жастар мен қоғам мүшелерінің назарын аударып, жас ұрпақ бойында елдік пен ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға мүмкіндік туар еді. Оның жарқын мысалы Жұмабек Тәшеновтің өмірі. Осы тұрғыда билік органдары іштарлық жасамай, Жұмабек Ахметұлы Тәшеновке «Халық Қаhарманы» атағын беру мен ағамызға Астана төрінен ескерткіш орнату мәселесін шешсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Мейрам БАЙҒАЗИН