Ж. Тәшеневтің қоғамдық – саяси қызметі

СӨЗДІҢ АТАСЫ
3461

БАТЫР ТУСА – ЕЛ ЫРЫСЫ

(Ж. Тәшеневтің қоғамдық – саяси қызметі туралы)


Тәуелсіз еліміздің ақиқат тарихын, сол тәуелсіздік жолында күрескен аға ұрпақ өкілдерінің өмірі мен қызметін зерттеу - қазіргі таңда аса өзекті болып отырған мәселелердің бірі. Кез келген мемлекеттің рухани негізі – халықтық патриотизм. Болашағымыз өскелең ұрпақты ұлттық сана–сезім, патриотизм рухында тәрбиелеу туралы айтқанда нақ осы мәселенің арқауы – халқымыздың талай сын сәттерде суырылып шыққан көсемдерін айтпау мүмкін емес. Осы орайда, ақтаңдағы көп Кеңес дәуірінің 50-60 жылдарында тек қана Қазақстан емес, бүкіл одаққа белгілі болған көптеген қайраткерлердің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі әлі де толық зерттелмей келеді. Бұған себеп, Кеңестік дәуірде, халық арасында аса танымал болған мемлекет қайраткерлерінің есімдері жасанды түрде төмендетіліп, кейінгі орынға ығыстырылған болатын. Тіпті әдейі ұмыттырылды. Бүгінде бұл қасірет кімнің де болсын жанын ауыртып, жүрегін сыздатады.

Олай болса, қазақ халқы тағдырында терең де жағымды із қалдырған саяси қайраткерлердің бірі әрі бірегейі – Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің тұлғасы мен тағдырына зерттеу жүргізу осындай азаматтарға байланысты ақтаңдақтарды зерттеп, соған тарихи баға беруге жасалған ұмтылыс болып табылады. Сонымен бірге, мұның өзі өркениетке бет алған ел жағдайында тарихи қайраткерлердің өмірін тану – ел танудың, заман танудың оңтайлы тәсілі ретінде, қолдауға лайықты әбден заңды үрдіс болса керек.

Қазақстанның өтпелі де күрделі кезеңіндегі мәселелерді шешуге арналған Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің өмірі мен мемлекеттік қызметіне талдау жасап, баға беру, соңғы уақытқа дейін зерделенбей, ел сүйіспеншілігіне бөленген мемлекеттік қайраткерді еңбегіне сай бағалап, халық санасында мәңгілікке қалдыру шаралары қолға алынбай келгендігі өкінішті–ақ. Соңғы жылдары жекелеген тұлғалардың өмір жолындағы қасиетті де қасіретті қызметін арнайы зерттеу қолға алынды. Көптеген тарихи тұлғалар, асыл азаматтар тарихтағы өз бағаларын алып, бүгінде арамызға қайта оралғандай болды. Осы сияқты Ж.А.Тәшенев қызметінің Қазақстандағы өмірінің сан-қилы жақтарын ашудың ғылыми–теориялық қана емес, практикалық маңызы бар екендігін түсінеміз. Өйткені, тарихтағы жеке тұлғалардың өмірімен, қызметімен танысу, олардың кезінде халқына сіңірген адал еңбегі мен жауапты қызмет бабында жіберген кейбір кемшіліктеріне объективті түрде баға беру өткеннен тәлім алуға мүмкіндік береді. 

ТӘШЕНОВ Жұмабек Ахметұлы (1915-1986) Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Танакөл ауылында туған. Мемлекет, қоғам қайраткері. Экономика ғылымының кандидаты. Ақмола құрылыс техникумын, КОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін бітірген. Еңбек жолын 1933 жылы бастаған. 1934 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысында әртүрлі қызмет, оның ішінде мынандай басшы жұмыстар атқарады; облыстық партия комитеті хатшысының орынбасары (1944-1947), облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары (1947-1948), облыстық атқару комитетінің төрағасы (1948-1952). Кейін – Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы (1952-1955), Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы (1955-1960), Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы (1960), Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары (1961-1975). 

1956-1961 жылдары КОКП ОК мүшелігіне кандидат және төртінші сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, төртінші, бесінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1949-1961 жылдары Қазақстан КП ОК мүшесі, 1955-1961 жылдары оның президиум мүшесі болды. 1975 жылдан одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер. Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен наградталған [1]. 

Ж.А.Тәшеневтің қоғамдық–мемлекеттік қызметінің ең биік дәрежеде мойындалып, танылған мезгілі – оның республикамыздың басшылығына келуі еді. Ж.А.Тәшеневтің республика деңгейіндегі бірінші басшылардың қатарына айналуына Н.С.Хрущев пен Н.А.Булганиннің 1955 ж. Үндістанға барған сапары бірден–бір себепкер болған. Себебі Мәскеуден Шығысқа қарай ұшатын барлық ұшақтар жолда Ақтөбе әуежайында аялдама жасайтын болған. Олар тоқтаған аз уақыттың ішінде обкомның бірінші хатшысы Ж.Тәшенев облыстың барлық жетістіктерімен таныстырады. Ферроқорытпа зауытына апарып, ауыл шаруашылық озаттарымен кездестіріп, үлкен іскерлік танытады. Көп уақыт өтпей, сол жылдың көкек айында Ж.Тәшенев Қазақстан Жоғары Советі Президиум Төрағасы болып сайланады [2, 98].

Ж. Тәшеневтің іскер басшы, шаруашылықтың ірі ұйымдастырушысы ретінде көзге түсіп, Одақ көлеміне белгілі тұлғаға айналғандығы Қазақстан үкіметін басқарған жылдары ерекше байқалды. Үкімет басшылық сан-қилы қызметінің бір қырына ғана көңіл бөлсек. Ол басшылыққа келген беттен бастап, үкімет жұмысының тиімділігін арттыруға аса мән беріп қараған. Мәселен, үкіметтің өткен жылдарда қабылдаған қаулыларының орындалуынның қадағаланғандығын, соның салдарынан олардың тек қағаз жүзінде ғана қалғандығына көңіл бөлген [3].

Бұдан әрі мұндай жағдайлардың қайталанбауын батыл талап етіп отырған. Осыған дейін үкіметтің мәжілістерінде 20-30 мәселелер қаралып келген екен. Ж. Тәшенев үкіметке басшылыққа келгеннен кейін әр мәжілісте 4 сұрақтан артық мәселелер қаралмайтын болды. Өнеркәсіпке, ауылшаруашылығына, мәдениетке, қаржы немесе коммуналдық шаруашылық мәселелеріне арналған 4 ірі сұрақ қана талқыланып, олар бойынша нақты да, тиянақты шешімдер қабылданып отырған [4].

Республиканың әлеуметтік экономикалық жағдайына және мәдениетіне байланысты мәселелердің шешілуін тездететін шараларға байланысты орталық органдарға хат жазып, мәселелерді дәйектеп, олардан көмек сұрап немесе алдағы халықшаруашылығы жоспарына кіргізуді талап етіп отырған. 

Ел экономикасы мен мәдениетін дамытуда ешқашан аянбағанын атқарған істерінен көруге болады. Республика басшылығында болған 6-жылда электроэнергия қуатын өндіру – 2 есе, мұнай – 1, 6 есе, көмір қазу – 2 есе, цемент шығару -15 есе, мақтадан мата тоқу – 5 есе, тоқыма сырт киім шығару – 3 есе, минералды тыңайтқыштар өндіру – 2 есе, аяқ киім тігу – 4 есе, ет өндіру – 2 есе, қант өндіру – 1, 5 есе, мал майын шығару – 1, 4 есе, өсімдік майын шығару 2 есе өскенін көреміз. Ірі қара мал саны 5, 5 миллион, қой мен ешкі 28, 5 миллион басқа дейін өскен.

Халық шаруашылығында 125 мың жоғары білімді, 215 мың орта білімді мамандар қызмет еткен. Бес жылда 690 мың пәтер салынып, 2, 4 миллион адам жаңа тұрғын үйлерге көшкен. Халықтың тұрмыстық және мәдени қажеттіліктерін өтейтін көптеген кәсіпорындар мен мекемелер іске қосылды. 6140 кітапхана, 5140 клуб, 4777 киноқондырғылар, 25 мұражай, 19 облыстық театр жұмыс істеген [5]. Осы көрсеткіштерден халықтың әлеуметтік жағдайы, тұрмыс мәдениетінің жақсарғанын көруге болады. 

Ж.А.Тәшенев қазақ мемлекетінің аумақтық тұтастығының сақталуына да көп еңбек сіңірді. Маңғыстауды Түркіменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. «Тың өлкесіне» біріктірілген солтүстіктегі бес облысты, яғни Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарын бір орталыққа бағындырайық деген сылтаумен Ресейге беру мәселесі қолға алынғанда қарсылық көрсеткен. Москвадан келген Тың өлкесінің басшылары Т.И. Соколов, Ф. Коломиец, В. Мацкевич Қазақстанның басшы органдарына бағынғысы келмей, өлкеге қарайтын солтүстіктегі бес облысты тікелей орталыққа немесе РСФСР-ға бағындыруды армандап, КОКП ОК алдына қайта–қайта мәселе қояды. Н. Хрущев те Тың өлкесін бүтіндей РСФСР-ға бағындырудың неше түрлі амалын іздеп, саяси бюроға қайта–қайта ұсыныс жасаған. Ол кездегі Қазақстан Орталық Партия Комитетінің бірінші хатшысы Д.А. Қонаев пен Министрлер Кеңесінің Төрағасы Ж. Тәшенев екеуі Тың өлкесін РСФСР-ға беруге де, орталыққа тура бағындыруға да қарсы болған. Ж. Тәшенев А.Н. Косыгин сияқты беделді деген Орталық Партия Комитетінің Саяси бюро мүшелерінің қабылдауында болып, нәтижесінде Тың өлкесін Ресейге беру шешімі іске аспай қалған [4, 9]. Осындай жүрек жұтқан ерлігімен Қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалғанын көруге болады.

ХХ ғ. ІІ жартысындағы КПСС-тің ХХ съезі ұлы бетбұрыстың басы болған болатын. Бұл қазақ халқының қабырғасын қайыстырған 30-50 жылдардағы ұлы зұлмат құрбандарын ақтау ісі жүрген кез еді. Осы зұлматқа байланысты комиссияны Ж.А. Тәшенев басқарды. Тірі қалған тұтқындар, қазақтың белгілі ғалымдары мен мемлекет қайраткерлері абақтыдан босатылды. Олардың қатарында: тарихшы Ермұхан Бекмаханов, Бек Сүлейменов, Есмағамбет Исмайлов, Хамза Есенжанов, Зейін Шашкин, Мұхамеджан Қаратаев, Сәйділ Талжанов т.б. болды [2, 100]. Әділетсіз сотталған азаматтардың ісін ақтау, өз қамқорлығына алуы - Ж.А. Тәшеневтің ерлігінің тек бір ғана көрсеткіші.

Ж.А. Тәшенов Қазақстан Жоғары Кеңесіне Төраға болысымен аппаратты қазақтандыруға, жақсартуға үлкен күш салған. Министрлер Кеңесіне 12 қазақ жігітін қызметке тартуы қазақ кадрларына деген оң көзқарасы еді. Сонымен қатар Алматыда Абай даңғылы болуын, сол кең көше басына Абайға ескерткіш орнатылуын ұсынған, қадағалап іске асырған; Қазақстан Компартиясының бірінші басшысы Ж. Шаяхметовтің тұсында қолға алынып, бірақ жеріне жеткізілмеген елеулі мәселе - Медеу шатқалындағы құрылысқа қажетті қаржыны бөлдірткен; Мәскеуде Қазақстан өнері мен әдебиетінің екінші онкүндігін 1958 ж. жан–жақты жақсы дайындықпен өткізуге күш салған. Нәтижесінде бес әртісімізге «КСРО Халық әртісі» атағы берілуіне себепші болды; Б. Момышұлының «За нами Москва» кітабының жарыққа шығуына себепші болған; Алматы қаласындағы К. Маркс пен Калинин көшелерінің қиылысында салынған 120 пәтерлік үйді қазақ әдебиеті мен өнер қайраткерлеріне бергізген; М. Әуезовтің «Абай жолы» кітабын Лениндік сыйлыққа ұсынуға жолбасшы болған; ҚКП Орталық Комитетінде қазақ газеттерін аудармаға айналдыру туралы мәжілісте өз наразылығын білдірген. «Қазақ әдебиеті» газетін сақтап қалуда шешуші рөл атқарған. М. Жұмабаевтің жесіріне пәтер бергізген [1, 2].

Тарихи тұлғалардың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін саралағанда оларды қарастырылып отырған кезеңде қалыптасқан қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайдан бөліп алып қарастыруға мүлдем болмайды. 

Әр адам сол заманның перзенті, қалыптасқан ортасы сол заман. Бірақ олардың (тарихи тұлғаларды айтып отырмын) көпшіліктен басты ерекшеліктері – қатарынан озық туып, еліне, жұртына, ұлтына аянбай қызмет етіп, нағыз көшбасшылық дәрежеге жетуіне де, сол қоғамның идеологиялық ұстанымынан, шеңберінен шығып, дара тұлғаға айналуында дер едім. Солардың қатарынан Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің де лайықты орнын алуы заңды. 

Жұмекең елдің, халықтың жоғын жоқтап сол үшін тоталитарлық жүйе жақпай, саяси құғын-сүргін көрген алаштың біртуар ұлы, үлкен тұлға. Ол елдің бірлігін, жердің тұтастын қорғап, жалпы ұлттық мүддені ту ғып көтере білген бірден-бір азамат. Сол үшін қазақ жұрты оны қадірледі, аялады, бірақ қызыл империя оның шыншылдығынан, қара қылды қақ жарып, әділдікті тура айтатындығынан қорықты, қаймықты. 

Қоғам өзгерді, заман жаңарды. Жұмабек Тәшенов сияқты ардагер ұлдарын тәуелсіз Қазақстанның мадақтап, бүгінгі ұрпаққа оның өнегелі істерін паш ететін уақыт келді. 

Бүгінгі таңда Ж.А. Тәшеневтің Қазақ халқының өркендеуіне қосқан қызметі елінің жадында, ұрпақтарының есінде мәңгі сақтала бермек. 


ӘДЕБИЕТТЕР

1.     Кәкен А. Жұмабек Тәшенев //Егемен Қазақстан. – 2003. - 22 наурыз.

2.     Кәрішал Асан ата Шынжырда өткен жолбарыс //Жұлдыз. – 2003. - №10.

3.     1137 қор, 24 тізбе, 3 іс, 33 п.

4.     1137 қор, 24 тізбе, 2 іс, 83 п.

  1. Сағымбаев Ғ. Жұмабек Тәшенев // Түркістан. – 1997. - 14 қазан.


Ахметов Қ. Ә.

Астана қ.

author

Жұмабек Тәшенев

ҚАЙРАТКЕР

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...