Иә, иә, қазақтың түркі-исламдық таным жүйесінде ондай да кейіпкер бар. Кейіпкер болғанда да қазақ ті...
Философиялық герменевтика
Герменевтика атауы Құдайлардың әмірін адамдарға түсіндіріп, адамдардың тілек-дұғаларын Құдайларға жеткізетін грек Құдайы Герместің атынан бастау алады. Герменевтика дәстүрлері ортағасырлық экзегетикада інжіл мәтіндерін байымдау барысында қалыптастырылған. Олар өздерінің түсіндірілуіне септігін тигізіп, мәтіндерді бір дәуір тілінен басқа дәуір тіліне аудару барысында негізге алынды.
Өткен ғасырдан бастап бұл сөз рухани мәдениет феномендерінің алғышарттары, ұғыну және мағынасын түсіну процестерінің мүмкіндіктері мен ерекшеліктері («істің мәні») туралы философиялық ілімді білдіреді.
Философиялық герменевтика Ф.Шлейермахер, М.Хайдеггер, әсіресе ХХ ғасыр герменевтикасының классигі – Х.-Г.Гадамердің жұмыстарының арқасында ғылыми-зерттеудің ерекше саласы ретінде қалыптасты. Олардың зерттеулері адамның мінез-құлығы мен әрекеттерін, іс-әрекетті ұйымдастырудың ойын тәсілдерін, коммуникативтік байланыстар мен қатынастар типологиясын құруды, жалпы әлеуметтік-мәдени шындықты ғылыми үлгілеу мәселелерін шешуге мүмкіндік тудырды.
Г. Г. Гадамер – герменевтиканың негізін қалаушылардың бірі, өз көзқарастарында Хайдеггерге сүйеніп, герменевтиканы ұғыну әдістері мен механизмдері туралы ілім ретінде емес, болмыс туралы ілім, онтология ретінде қарастыруды ұсынады. Ол үшін ұғыну – әрекет етіп бағалаушы – зерделеуші адамның тіршілік ету тәсілі, адамның әлемді «тіршілік ету тәжірибесінде», «тарих тәжірибесінде» және «өнер тәжірибесінде» меңгеруінің әмбебап тәсілі.
Герменевтиканың негізгі идеясы: «тіршілік ету – басқалармен ұғынылу» (В. Дильтей). Зерттеу нысаны ретінде, әдетте, мәтін саналады. Гадамер «Ақиқат пен әдіс», «Диалог пен диалектика» жұмыстарында осы Дильтей тезисін өрбіте түседі.
Ол ұғыну табиғатын, шектері мен шарттарын зерттейді. Оның тұжырымдамасының мәні қысқаша түрде келесіде қамтылады: Адам баласы лингвистикалық тұрғыдан ресімделген тілде көрініс табатын әлемде өмір сүреді. Мұндай әлемде тіл дербес субстанция болып саналады, сондықтан ұғыну адам болмысында онтологиялық болып табылады. Ол ұғыну мен түсіндіруді тұтас процестің құрамдас бөліктері ретінде қарастыра келе, оның «көкжиектілігін», ашықтығын, тұйықталмағандығын баса көрсетеді. Ұғыну «ұғынылуы тиіс мәтінді түсіндірушінің жағдайына қарай қолданудан» тұрады және сондай болып табылады. Ұғыну да, түсіндіру де өз табиғатына қарай плюралистік әрі тарихи. Олар «МЕН және СЕН» диалогына негізделеді. Бұл диалог екі адамның – автор мен түсіндірушінің қарым-қатынасымен шектелмейді, ол түсіндіруші мен мәтін арасындағы арақатынасқа «кіріктіріледі». Түсіндіруші тарихи және әдеби мәтінге сұрақтар қояды. Мәтінмен жұмыс істеу барысында, ол оны түсініп қана қоймай, «оған жаңа түсініктемелер беруге ұмтылады. Ол мәтіннің авторына емес, тарихи және әдеби мәтінге сұрақ бере алуы тиіс. Герменевтикалық тәжірибенің, «герменевтикалық шеңбердің» (ұғыну шеңберінің) философиялық мәні – Гадамер бойынша «онда ғылыми пайымдауға келмейтін ақиқат ашылатындығынан тұрады.
Герменевтика тұрғысынан адамдардың қатынас әлемі – біз үшін жалғыз қолжетерлік, әрі аса құнды әлем. Себебі «…дәл соның ішінде мәдениеттің, құндылықтар мен мән-мағыналардың әлемі қалыптасады». Сондықтан Гадамер ұғынуды әлеуметтік болмысты ұғынудың, мәдениеттің мәні мен феномендерін түсінудің міндетті шарты ретінде қарастырады. Ұғыну процесі тану процесімен бірдей шексіз.
Алдымен Гадамер герменевтиканың ұғыну әдіснамасы ретінде қалыптасқан анықтамаларын жоққа шығармастан, Хайдеггер «тілі» мен Гегель «идеясын» («Логос») синтездеп, герменевтиканы онтологияға елеулі рөл бөлінетін философия ретінде құрастыруға әрекеттенеді. Оның герменевтикадағы орны тану субъектінің онтологиялық түсініктемесінде қамтылады. Бұл, біріншіден, герменевтикада мәтінді түсіну әдістері мен әдістемелерін әзірлеуге қарағанда, Гадамер біржақты гносеологиялық бағдарды еңсеруге ұмтылып, герменевтиканың келелі мәселелерінің қатарына өзінің ұстазы – М.Хайдеггердің іргелі онтологиясынан алынған идеялары – дүниетаным мен өмірдің мәні мәселелерін қосқандығын білдіреді. Екіншіден, Гадамер герменевтиканы түпнұсқалық (авторлық) мәтінді қалпына келтіру қабілеті ретінде емес, мәтіннің шынайы оқиғасын жалғастыру мүмкіндігі, әрбір жаңа түсіндірушінің жаңа мағынаны, іс жүзінде жаңа мәтінді қалыптастыруы ретінде қарастырады.
Уақыт өте келе, Гадамер герменевтиканы мәтінді түсіндірудің техникалық құралы – әдісі ретінде түсіндіруге көбірек қарсы шығатын болады. Мұндай герменевтиканың мағынаға ешбір қатысы жоқ. Ол герменевтиканы рухани шындықты ұғыну әдісі ретінде түсінуге, мәтінді мағынаны білу үшін ұғынуға қарсы шығады, себебі мұндай түсіндіруде де герменевтикалық мәтін сөздің нағыз герменевтикалық мағынасындағы мәтін болудан қалып, ғылыми-жаратылыс ілімінің объекті тәрізді зерттеу нысанына айналады.
Гадамер бойынша, ұғынудың мақсаты мәтіннің қажетті түсіндірілуінен, түсіндірілетіннің идеялары мен пікірлерін қайта құрудан емес, диалогтық сұрақ-жауап жүйесін қалыптастыру арқылы жеке ойлау процестерін жандандырудан тұрады. Мәтінді түсіндіру герменевтикалық тәжірибенің өнімді, шығармашылық тұсына айналады. Ұғыну мәселесіне онтологиялық тұрғыдан назар аударуға көңіл бөле отырып, Гадамер «ұғынуды болмыстың толымдығына жету мүмкіндігін ашатын күй» ретінде сипаттайды. Гадамер бойынша ұғыну ой талдауының акті емес, мәтінге қатысты ой жүгіртуге себеп болып табылады, осының барысында түсіндірушінің өзін-өзі танытуы жүзеге асырылады. Басқамен Кездесу барысында (үлкен әріппен беріледі, себебі бұл тұстағы әңгіме онтологиялық кездесу туралы болмақ), «Сен-тәжірибе» қалыптасады. Мұндай ұғыну адамның іс-әрекеттерінің, тіпті жалпы өмірінің базисіне айналады, себебі диалог барысында нағыз шынайы мағынаның қалыптасуы басталады. Мағынаның туындауы ұғынудың бастамашысы функциясын орындайды. Мағына өмірдің өзіндік құрылымына, тіпті өмірдің тереңділігі мен тығыздығына «қоса өрілген» деп айтуға болады.
Осылайша, философияда әлемге деген түбегейлі ашықтық пен соның негізінде құрылған мағына қалыптастыру процесі орын тапқан «герменевтикалық тәжірибе» терминінің бекітілуі методологиялық плюрализмнің талаптарын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
В.Ф. Петрова, М.Ш. Хасанов, Б.А. Джаамбаева
"Философия"