Орыс миындағы ақаулар. (Академик Павлов неден қауіптенді)

ТАНЫМ
3590

Жау іздеу біздің қоғамдық ойдың басты үдерісіне айналды. Неге? 

Жақында мен интернеттен академик Иван Петрович Павловтың орыстың ақыл-есі туралы лекциясының мәтінін оқып, таңғалдым: өйткені оның осыдан жүз жыл бұрын бізді ылғи да алуан түрлі апаттарға ұрындыратын орыс миының ақаулары туралы айтқандары бүгінгі күн үшін де өзекті, дәлме-дәл келіп тұр. Сол себепті де болар, большевиктік жындану кезеңі басталысымен-ақ ол «орыс ақыл-есінің мінездемесі тым сұрқай, Ресейдің қазір бастан кешіп жатқан тірлігі де тым сұрқай», деген еді. 

Фото: Library of Congress/Prokudin-Gorsky Collection

Біздің орыстық ақылымыздың, дейді академик, деректерге, ақиқатқа, нақты реалды көріністерге түкіргені бар. Біз үшін ең маңыздысы – біздің не нәрсеге сенетініміз, ал ол - өзіміздің басымыздағы әлдебір ойлап тапқандарымыз. Яғни біз, орыстар, қиялмен өмір сүреміз.  Сондықтан адамзат мәдениетін не құрайтынын түсінбейміз, «ақиқатты мойындауға» алып келетін «үлкен еңбектің азабы» дегеннен, яғни «ақиқат» деген ұғымнан мүлде хабарымыз жоқ. 

Осыған байланысты Иван Павлов тап бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған бір мысал келтіріпті. Иә, тап бүгінгі күнге дейін славянофилдер Ресейдің өркениеттік ерекше миссиясы барын дәлелдейтін бір де бір дерек тапқан жоқ. Сонда да біз оған көз жұма сенетінімізді қоймаймыз. 

Бұл жерде әңгіме славянофил –патриоттардың Құдай Ресейді іріп-шіріп құрып кеткелі жатқан Батысты ақылға келтіру үшін жаратқан дейтін бір өзгермейтін түсінігі туралы болып отыр. Бұл мысал, дейді Павлов, біздің ақиқатты, шындықты, деректерді көзге ілмей мансұқ ететінімізді көрсетеді. «Біздің славянофилдерді алайық. Ресейде олар адамзаттық ортақ мәдениет үшін не істей алды? Қандай үлгі көрсетті? Адамдар болса, Ресей іріп-шіріген Батыстың көзін ашады деп сеніп жүр ғой. Бұл өзі қайдан шыққан мақтан және сенім?» Мәтіннің бұдан арғы жалғасы бүгінгі Ресейге тікелей қатысты. «Өмір ағыны біздің көзқарасымызды өзгертті деп ойлайсыз ба? Түк те! Адамзат баласының алдыңғы шебіндеміз деген мақтанды қазір де күнде оқимыз. Осының өзі-ақ біздің өмір шындығынан қаншалықты алшақ қалғанымздың, бәтуасыз құр қиялман өмір сүретініміздің бұлтартпас дәлелі ғой». 

Сұмдық-ай, Иван Павлов кезіндегі орыстық өмір сүру ақыл-есіндегі ақаулар қандай болса, бүгінде тап сондай. Бұрын қандай болса, қазір де сол  қалпы. Халықтың төңкеріске дейінгі жаппай сауатсыздығы жойылғанмен, миллиондаған советтік интеллегенция өсіп шыққанмен бұл тарапта ештеңе өзгерген жоқ. Өз пайымдарыңызға салып көріңіздерші. «Біз, орыстар, дейді академик, бір нәрсенің байыбына тереңдеп баруға құлықсызбыз, ой тұңғиығына батуды ұнатпаймыз, олай етуге тіпті қарсымыз да». Сол себепті бір нәрсені сөзбен, эмоционалды бағалаумен шектелеміз де, оның пайда болу себебін зерттеуге көшпейміз, ақырының неге әкеліп соғуы мүмкіндігіне мән бермейміз. «Орыс адамы істің түбірін табуға талпынбайды», деп тұжырымдайды Павлов. 

Қызық, бүгінгі Ресейдің әртүрлі шоуларында болып жататын жайларды Иван Павлов осыдан жүз жыл бұрын болжап кетіпті. Бізде шынайы пікірталас деген болмайды, өйткені адамдар бір-бірін тыңдамайды, әркім талқыланып жатқан мәселеге қатысты өз білгенімді айтсам деп қана үздігеді. Ақиқатты табайық деген ой ешкімді мазаламайды, әркімнің көздейтіні қарсыласты «тұқырту» ғана. Мұндай пікірталаста «бізден басқаша ойлайтындарға» да, нақ шындықтың өзіне де жақындай алмайтынымыз белгілі. 

Мистика ма, не пәле, әйтеуір, «Жаһандық фактор» біздің элитаның көзіне бүгінгі Ресейдің ең басты жауы болып көрінеді. Ал көңіл бөліп байқасаңыз, осы жаулық кесапатты дүниеге келтірген кім екенін ешкім айтпайды, онымен күресу үшін сыртқы саясатымызда бірдеңені өзгертейікші деп жүрген де ешкім жоқ. Біздің миымызға шегеше қадалған ұғым бар: біздің билік ешқашан қателескен емес, қателесуі мүмкін де емес. Солай дей тұра,  осынау «Жаһандық фактор» деп аталатын «ібіліспен» күресуді ешкім де ойламайды. Есесіне, біздің көз алдымызда әлгі «ібіліс» сакралды мәнге ие болып, өміріміздің табан тірер іргетасына айналды. Сөйтіп адамдар, егер Батыс, Құдай сақтасын, санкцияларын алып тастаса, біз құримыз дегенге шын сене бастады. Ақылымыздың мешеулігі адам нанғысыз қайдағы бір күйректік жасық көңілмен ұштасып кетті. Парадокс дегеніміз осы: Путинге деген сенім сақталып, елдің дамуына деген сенім бұрын қалай болмаған болса, қазірде де солай жоқ.

Ресей мемлекетілігінің тереңге тығылған мәселелері бетке шығып айқын көріне бастаған ең шешуші шақта «неге» деген сұраққа тыйым салынды. Бір ғана мысал. Төрт көзіміз түгел бақырайып отырғанда, орыс әлемінің кіндік ортасы ойылып түсті, бірде одақ, бірде ынтымақтастық деп аталып үш ғасырға созылған бір мемлекет қоластында өмір кешкен, бұрын кіші орыс, ұлы орыс атанған украйындықтар мен орыстардың ортақ үйі тас-талқан болды. Үш жүз жылдан астам уақыт бойы бірге соғыстық, бірге құрылыс жүргіздік, Тынық мұхитқа дейін бірге бардық, бірдей құқыққа ие болдық, әсресе СССР кезінде. Айтпақшы, иә, мұны украин ұлтшылдары мойындағысы келмейді екен ғой. Нәтижесінде, жолымыз екі айрылғаны аздай, бәлкім, тым ұзаққа созылар өзара бітіспес кекті жауларға айналдық. Бірақ «неге» деген сұрақ қойған ешкім жоқ. 

Бұрын білімді Ресей мен «Ресейдің надан шаруалары арасында» орыстық ақыл-есінде сапалық айырмашылық болған. Павловтың тұжырымдары бойынша, білімді Ресей ақиқатты ұнатпаған, болып жатқан оқиғалардың себебіне үңілуге құлықты болмаған, романтикамен ауырған, қиялға берілген.  Дегенмен жан-жағынан дұшпан іздейтін халықтық жаман мінезден бойын аулақ ұстаған. Қарапайым шаруаның мишығы бойынша, деп көрсеткен Павлов, біздің өміріміздегі барлық келеңсіздіктер жауларымыздың қастық әрекетінен, ал шаруаның басты жауы білімді де мәдениетті адам еді. Академиктің көзқарасы бойынша, халықтық ақыл-ес ойланбайды, ештеңені зерттемейді, ол тек жау іздейді, басындағы барлық қиыншылықтар солардың қысастығынан, әдейі арандатуларынан келген деп есептейді. Сол себепті олардың бұл ойы буржуйлар мен қанаушыларға қарсы марксистік жаулық түсінікке сәйкес келе кетті. «Матрос, менің қызметшімнің ағасы, дейді Иван Павлов, барлық жамандықты бужуйлардан көретін және матростар мен солдаттардан басқаның бәрін буржуй деп есептейтін. Оған буржуисыз өмір сүру қиын болатын шығар, мысалы, безгек келгенде, докторсыз не істей алар едің? - дегенде, ол мұның бәрі бос сөз, өйткені безгекті докторлардың өздері жіберетіні әлмисақтан белгілі ғой, деп жауап беретін (астын сызған И.Павловтың өзі.) Академик өзінің матрос - большевик туралы әңгімесін былай деп түйіндейді: «Тап осындай ақыл-ес туралы сөз етудің, мұндай адамға қандай да бір болмасын жауапкершілік жүктеудің не мәні бар?» 

Арада бақандай жүз жыл өткенде орыс ақыл-есінде не өзгеріс болды? Түк те! Қарапайым шаруа табиғатындағы жау іздеу құштарлығы, өздерін жаулардан келген озбырлықтың құрбаны санау, баяғы надан Ресейдің қараңғылық түсінігінен сауатты, білімді Ресейдің басына көшіп қана қойған жоқ, қазіргі уақытта, бүгінгі модный сөзбен айтқанда, «басым үдеріске» айналды. Бүгінгі Ресейде кімде кім сталиндік коммунизм мен ұлтшыл-социализмнің бір кіндіктен шыққан туысқандығын зерттеп айта бастаса, ол бірден, міндетті түрде, «Батыстың құйыршығы» деген атқа қалады. 

Біздің қоғамдық ойдың, ең алдымен саяси түсініктің, жасырын жауды тауып, оны әшкерелеуге бағытталуына көптеген жағдайлар себеп болды. Жиырмасыншы ғасырдың өн бойында миымызбен қоса мишығымызды да билеп алған марксизмнің мәнінің өзі  жауымыз деп санайтын капиталистер мен буржуаға қарсы халықтық, яғни пролетарлық күрес құштарлығы болатын. Сондықтан Иван Павлов суреттегендей, матрос – большевиктің өмірге көзқарасы советтік қоғамтанудың басты өзегіне айналды.

Академик Павлов өзіміге тән дүние тіршілігімізді толық қалпында көргіміз келмеген, соның салдарынан большевиктердің билікке келуіне жол берген орыстық ақыл - есіміздегі қиялшылдық пен жалқаулық ерте ме, кеш пе, Ресейдің түбіне жетіп тынады деп ескертеді, сол себепті лекциясының соңында отандастарын өзін өзі қолға алуға, «орыс ақыл-есіндегі ақаулардан» құтылуға шақырады. Менің орыс адамына өзінің қандай екендігі туралы шындықты айтуға тәуекел еткен себебім, дейді Иван Павлов, қалайда орыс адамының оқып білім алатындай, ақыл-есін жетілдіретіндей мүмкіндігі бар, мен оған сенемін. Тіпті жабайы жыртқышқа дейін бірер қателіктен кейін көзі ашылып, өзіне төнген қауіпті танып, одан құтылу әрекетін жасайды ғой. 

Жеке өз басыма келсем, академик Павловқа қарағанда, мендегі оптимизмнің уақыт өткен сайын біртіндеп азая түскенін байқаймын. Саясаткерлері былай тұрсын, тарих ғылымының өкілдеріне шейін есалаңданып өзіміздің «артықшылықтарымызыдан» айрылып қалатын болсақ, мәдениеті мен өркениеті бізден әлдеқайда көш ілгері Батыстың прогресінен, молшылық тұрмысынан біздегі кедейлік, жабайылық және надандық тәуелсіздігіміз әлдеқайда қымбат деп есептейтін қоғамның болашағы бар дегенге сене қою, шынында, өте қиын. 

Александр Ципко, РҒА Экономика институтының бас ғылыми қызметкері,

 философия ғылымдарының докторы.

Қазақшалаған Өтен Ахмет

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...